Сенбі күні елордадағы Оқушылар сарайында Тұңғыш Президент күні мен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Ұлттық мектеп пікірсайыс турнирі өтіп жатыр.
Турнир Нұрсұлтан Назарбаев қоры «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының бастамасымен және қолдауымен өтуде. Ұйымдастырушы – ҚР Білім және ғылым министрлігінің Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы (РҚББОӘО).
«Пікірсайыс білім беру технологиясы ретінде жастардың, әсіресе мектеп жасында әлеуетін арттыруға, сондай-ақ жаңа буын көшбасшыларын өсіруге ықпал етеді. Соңғы 15 жылда елімізде ұлттық деңгейде оффлайн форматта оқушылар арасында пікірсайыс турнирі өткізілген жоқ», – деді РҚББОӘО-да.
Мәлім етілгендей, турнирге 34 команда қатысады. Олар өз өңірлерінде өткен іріктеу ойындарында жеңіске жетіп, 40 мыңнан астам оқушы арасында үздік атанған. Өңірлердің намысын тек облыс орталықтарынан ғана емес, шағын қалалардан, елді мекендерден және тіпті ауылдардан шыққан командалар қорғайды.
Жас спикерлер америкалық парламенттік формат ережелері бойынша үкімет пен оппозиция командалары болып, турнирдің жалпы тақырыбы – ел мен қоғамның қалыптасуының 30 жылдық жолына стратегиялық және жан-жақты көзқарасты талқылайды.
Ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы, «Елбасы Академиясы» КҚ басқарушы директоры Мұрат Жұманбай, ҚР БҒМ РҚББОӘО директоры Раиса Шер, «R4 Technology & Research Center» білім беру-зерттеу орталығының директоры Айдын Тусюбжанов және басқалары қатысты.