Home Ұлылар ұлағаты Ыбырай Алтынсариннің атасы туралы тың деректер

Ыбырай Алтынсариннің атасы туралы тың деректер

0

Ресей этнографиялық музейінің қорында қазақ тарихына қатысты бір сырлы сурет сақтаулы. Мұражайшылар: «Қазақтардың топтық портреті. 1840 жыл­дардың соңы. Кат №22» деген шарт­ты атаумен белгілеген көп жә­ді­гер­дің бірі. Қағазға басылған емес, темір тақташаға химиялық әдіспен бедерленген көрікті топтың келбеті. Фото өнердің дагеротип деп аталатын тұңғыш жарық жазба мұрасының бірі саналатын туындыда қазақтың ығай мен сығайлары Петербург төрінде салтанат құра жайғасқан.

Суретші-акварелші Иосиф Венин­гер Петербургке 1843 жылы келіп, жел­тоқсан айында дагеротип ательесін ашқан екен. Оған дейін Лейпциг, Прага, Стокгольмде осы өнермен шұғылданып, «жарықпен жазуды» жолға қоюға енді Ресей астанасына келген аустриялық маманның ісі оңға басқан. Газеттегі жарнамасында: «Венадан келген портретші, кескіндемеші және химия магистрі, өзінің жаңаша әдісімен әр көлемде дагеротип портретке тартады» деп елді елеңдеткен. Жаңалығына жұртты тәнті еткен шебер Петербург элитасының жеке, отбасылық, шағын топтық бейнелерін қалақшаға күміспен күптеген.

Дагеротипшіні дәріптеп отырғаны­мыз, біз әңгіме етпек ерекше топтың да «бейнелі айнасын» жасаған сол еді. Ресей астанасына сол тұста қазақ даласынан барған депутациялар сапарларын саралай келгенде, бұл сурет 1850 жылы түсірілген деген сенімді ойға тоқтаймыз. Сыртқы бетінде француз тілінде Peintre de Portraits maison Person Teint or Portraits деген этикет жапсырмасы да сақталған.

Ал сурет болғанда қандай! Адам­дар­ды композициялық орналастыру, салтанатты сипат, бекзаттық келбет, ұлттық ерекшелік айқын үйлесім тап­қан портрет Венингердің таңдаулы түсірілімі са­налады. Сондықтан да дагеротип зерт­теушілеріне оның өнер туындысы ретіндегі сыртқы құн­дылығы, шеберлік көркі көбірек керек, тұлғалардың дерегіне дендеп жатпайды.

Тосын тәбәріктің құпиясын ашу үшін ХІХ ғасырдың дәл орта тұсының оқиғаларына оралып көрейік. Бұл орайда бірде ресейлік және қазақ дерекшілерінің аталған сурет туралы қылаң берген Жәңгір хан туралы жорамалдарын қабылдау қиын. Біріншіден, Жәңгір Петербургке барып І Николай патшаға кіретін 1839 жылдың жазында Ресейге әлі фото түсіру өнері келген жоқ. Бұған дейінгі дүбірлі оқиғалар, патшалардан бастап ақындарға дейін­гі әйгілілер портреттері талантты кес­­кіндемешілердің қылқаламынан шыққан. Суретті Жәңгірге телуші­лер­­дің өзі ақыры оның ақиқатын аша алмай, ке­рісінше – шытырманды-ша­тыс­ты «су­рет сыры», «ғасыр құпия­сы», «фото­графиялық детектив» жанрын­дағы таңғалысты топшылаулар төңі­регінен аспады.

Бұл болжамға бола ханның қасына ерген нөкерлерін атап-түстеп те жатпаймыз, себебі жоғарыда айтқандай, ол жылы Ресей астанасы адам бейнесін жарықпен бейнелеу дегенді әлі есті­меген, Еуропаның өзінде енді-енді еніп жатқан жаңалық. Рас, Жәңгір мұрагері – тоғыз жасар Сақыпкерейді де ала барған еді. Сарапшыларды ой шырмауынан шығармай отырған осы жайт, яғни жанындағы жас бала кәміл Сақып екендігі! Біріншіден, кезінде белгісіз суретші салып, кейіннен А.Му­ренков фотокөшірме жасаған Жәң­­гірдің портреті жұртқа таныс, са­лыс­тырып қарағанда дагеротиптегі адам­ның ол емес екендігін аңғару қиын­ға соқ­пайды. Ондай қиял­ға ерік бер­геннің өзінде 1839 жылы Ве­нингер­дің әлі Петербург­ке келе қой­ма­ғаны бұл болжамды бірден жоққа шығарады. Суреттің сыртында Grande Moskove деген мекенжай көрсетілген. Венингер кеңсесінің Васильев аралынан Үлкен Мәскеу көшесіне көшкені 1844 жыл, ал 1839-жылдан кейін Жәң­гір­дің Нева жағалауына қайтып жолы түсе қоймаған.

Венингер Петербургте 1844-1857 жыл­­дар аралығында жұмыс істеді. Ен­деше, қазақ елінен осы аралықта кел­ген депутациялар дерегіне дендеу керек. 1847 жылы Баймағамбет сұл­танның Александр патшаға бар­ған­­дағы сапарластарының аты-жөні, кес­кін-келбеті, жас шамасы, әлеу­меттік лауазымы, өмірбаяны барынша аян. Мысалы, М.Тәукин мен М.Бай­мағам­бетов сұлтандар бұл сурет­те жоқ. Бізге жеке салынған екі пор­тре­тінен белгілі Баймағамбеттің өзі де топ ішінен танылмайды. Әрі ол жылы Ай­шуа­қовтың 57 жастағы қартаңдау кезі.

Яғни суреттің Жәңгір хан сапарына да, Баймағамбет сұлтан депутация­сына да қатысы жоқ. Келесі кезекте Орынбор өлкесі Шығыс бөлігінің сұлтан-правителі Ахмет Жантөриннің 1850 жылдың қыс айларындағы Ресей ас­танасындағы қыдырыстары тұр. Жан­төриннің барғаны архив құ­жат­тарында тәптіштеліп жазылған, жолсапар күнделігі дерлік қаттаулы (ҚР Орталық мемлекеттік архиві 4-қо­рының 3519-ісі, Ресей мемлекеттік тарихи архивінен көшірме 1291-қор). Қасындағылар туралы да толық мә­лімет берілген. Қысқаша тоқталсақ: 1) 53-дистанцияның бастығы есауыл Сүлеймен Жиһангеров – 40 жаста, 2) жоғары шекті руының басқарушысы зауряд-хорунжий Қазбек Шегенов – 37 жаста, 3) төменгі шектінің билеушісі хорунжий Биген Жазиев – 45 жас­та, 4) қыпшақтың ұзын бөлімшесін басқарушы би, сотник Балғожа Жаң­быр­шин – 50 жаста, 5) Ахметтің ұлы 11 жасар Сейітхан. Қостаушы үш се­ріктері Шоң Атанов, Жүрдек Баубеков, Қосылбай Сатыбалдин, пристав-жолбасшы штабс-капитан Мұхамедшәріп Айтов, атқосшылар Рысбай Ниязғұлов пен Өтебек Тутиев, қорғаушы урядниктер Фома Беляков пен Гаврила Свиридов делінеді.

Дагеротипке түскендерді осылар ішінен түстеп көрейік. Бізге Ахмет Жантөриннің жеке түскен тағы бір портреті белгілі – ол бейнесі (2-сурет) 1896 жылы шыққан «Оренбургский Неплюевский кадетский корпус» атты кітапта басылған. Топ ортасында отырған Ахмет сұлтан десек, оның келбетіне Петербургке аттанар алдында өкімет шенеуніктері жолдаған мінездемедегі сырт сипатынан қаныға аламыз. Орта жастағы, дімкес, көкірек аурулы, жүдеу, атжақты солғын жүз­ді, жанары айқын кішігірім қой көз­ді, қара қасты, шағындау жазық маң­дайлы және жирен сақал-мұртты адам (түпнұсқа мәтінде: мужчина сред­него роста, чахоточный, худой, с продолговатым бледным лицом, с небольшими серыми выразительными глазами, с черными бровьями, небольшим круглым лбом, рыжими усами и бородою) деп кейіптеледі. Жасы 41-дегі кезі.

Екі портретін салыстырғанда ұқ­сас­тық көп әрі ресми сипатталған түр-тұлғасынан алшақтық таппаймыз. Тек көппен түскен мына суретінде жүзінен бір сырқатты сәті екені аңғарылады. Жантөриндер Петербургте қаңтар-наурыз – үш айдай кідіргені белгілі.

Топ қатарынан бізді қызықтыратын тағы бір тұлға – Ахметтің қасында отырған сұлтан қалпақты адамды Сүлей­мен Жиһангеров деп танимыз. Мі­нездемедегі: «жасы қырықтар шамасында, орта бойлы, жазық бет, аққұ­ба, қорасан ізді болғанымен жүзі жа­ғымды, қой көзді, қырлау мұрынды және кішігірім қара сақалды адам» келбеті фотодағы Сүлейменге келіп тұр. Сүлейменнің осы оқиғадан тоғыз жыл өткенде басқа бір депутация құрамында Петербургке екінші рет жолы түскен еді. 1859 жылғы фотода (1-сурет) әскери старшина шеніндегі С.Жиһангеровтің аздап толысқан, қыр мұрынды бет әлпеті Ахмет нөкеріндегі бей­несінен көп өзгере қоймаған. Екі фотода да иығында бір шапан, басында сол мұрақ екені байқалады. Мына дагеротип-айнадағы Ахмет пен Сү­лейменнің басына киген мұрақтары да екеуінің сұлтандық дәрежелерін ерекшелеп тұр.

Сүлейменнің оң қол жағында отыр­ған адамға архивтік құжаттағы кейіп­теумен көз салсақ: «50 жаста, орта бойлы, аса жуан денелі («весьма толс­тый»), шағын да толық дөңгелек жүзді, жақ сүйектері семізше бетінен шы­ғыңқы, кішігірім дөңгелек иекті және келте қара сақалды, біршама биік маң­дайлы, қалың қара қабақ жапқан кіріңкі орналасқан кішілеу көзді адам» тү­сіруші жаққа ойлы жүзбен қарап қалыпты.

Осы айтылғандар фото өнерінің да­геротип делінетін таңсәрі тұсында Пе­тербург төрінде маңғаз жайғасқан қыр билеушілерінің басқа емес, нақ Ахмет сұлтан Жантөриннің депутациясы екеніне күмән қалдырмайды. Ендеше, тәкаппар топтың ортасында барша көрік-келбетімен, қазақи болмысымен жайғасқан жайсаң жанның Балғожа екеніне де шүбә келтірмейсің. Қыпшақ руының ұзын бөлімшесін басқаратын беделді би, сотник Жаңбыршин осы болмақ. Мығым денелі, мол сал­мақ­­ты, кең отырған даланың дарқан тұл­­­ға­сы қазақтың бірлігін, ел мен ағайын арасының ынтымағын ой­ла­ған, қара қылды қақ жарған әділ де кө­реген жан болғаны тарихтан бел­гілі. Ал әулеті үшін – 1844 жылы ауы­лын шап­қан Кенесары қолынан баласы Алтын­сары қаза тауып, артында қал­­ған неме­ресі Ыбырайды қатарға қоссам деп армандаған қамкөңіл ата.

Петербургке барған қазақ өкілдері­нің бұдан кейінгі екі сапары 1859 және 1860 жылдары жүзеге асты. Ал­ғаш­қысы – арасында хан тұқымынан Дәулеткерей күйші, қарадан Есет батыр бар Кіші жүз бен Ішкі орда жай­саңдары бас қосқан қыдырушылар. Олар туралы осы мақала авторының кезінде «Егемен Қазақстанда» шыққан зерттеуінде кеңінен баяндалған еді (Т.Боранғалиұлы, «Санкт-Петер­бург­тегі сұлтандар серуені», «ЕҚ», 2001, 12 шілде). 1860 жылы қазақ офицері Әлмұхамед Сейдалин тілмаш болып қостаған атақ-даңқтылардың ұжым­дық барыс-келіс баяны да архивте молынан хаттамаланған. Екі сая­хаттан да суреттер сақталған. Ал­ғашқы топтың сәнді-келісті отырыс­тары «Иллюстрация» журналында (авторы А.Муренков) жарияланса, А.Шпаковский түсірген келесі депутация мүшелері бейнеленген фотосурет Санкт-Петербург Антропология және этнография музейінің қорында сақтаулы. Венингердің Ресейден бұл оқиғалардан үш жыл бұрын еліне қайтқанын айтсақ, суретке түскен тарихы мәлім төрт жолсапардың ішінен Жантөрин – Жаңбыршин тобын біздің әңгімеміздің ыңғайына даралай түседі.

Дагеротипке депутация мүшелері­нен тағы кімдер түскен? Ахметтің сол жағында тұрған: «шағын бойлы то­лықша, ашаң, аққұба жүзді, жақ сүйегі сәл шығыңқы, сүйір иекті, келтелеу қара сақалды, кішігірім жазық маң­дай­лы, кішілеу қара көзді» 32 жастағы хорунжий Қосылбайға келіп тұр. Оның алдында шетте отырған: «бітімі мығым, батыр тұлғалы, қараторы, науқасты жүзді, тұнжыр қой көзді, кішігірім қара сақалды» адам Қазбек Шегеновке ұқсайды. Осы суреттегі кез келген тұлғаның өмірбаянына сәл дендесек, талай сыр-шежіре жетелей кетпек. Бірақ ол баяндар бүгінгі әңгіме тақырыбынан тыс болған соң Қ.Шегенов те Балғожаға бөтен емес – немересі Ыбырайдың нағашысы, анасы Айманның туған ағасы деумен шектелейік.

Ахметтің алдында отырған он бір жасар ұлы Сейітхан. Орынбор Неплюев кадет корпусының екінші курсында оқып жүрген кезі. Зейінді жастың келер болашағы жарқырап тұр! Кейіннен зерттеушi, фольклоршы, экономикалық зерделеуші, қазақ жылқысының қа­сиетін энциклопедиялық дәлдікпен баяндап кітап жазатын білгір – Им­пе­раторлық Орыс географиялық қоға­мының толық мүшесi, полковник болып кемелденбек. Ал мына жолы өзіне сәлем бере кірген «Сеид Ахметов» өренге Николай патша алтын сағат сыйлаған еді (ҚР ОМА, 4-қор, 3519-іс, 137-138 б.)

Бір сәт архив тәптішінен бас көтеріп, бейнелерге қазақы көзбен зер салсақ ше! Бәрімізге таныс Ыбырай ұстаздың келбеті суреттегі атасының әлпетіне әбден келіп-ақ тұрған жоқ па?

Мен ыбырайтанушы емеспін, дегенмен ұлы ағартушының 180 жылдық мерейтойына орай «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарияланған кейбір жайттарға өз қолымдағы нақты деректермен үн қосуды парыз санаймын. Әсіресе, оқырманға «Балғожа бидің бейнесі» мақаласы (27.08.2021) арқылы ұсынылған суретші М.Рахалиевтің туындысы Балғожаның шын әлпетіне жақын екенін айтқымыз келеді. Ал мақалада «Балғожаның туған жылының өзі әр деректе әрқалай айтылады, қайтыс болған жылы әлі белгісіз» деген уәжге дәлелдерім нақпа-нақ. Орталық архивтің 4-қорындағы 2303 және 2512-істерде Балғожаның жасы туралы мәліметтер әлденеше қайта кезігеді. Ең сенімдісі – 1844 жылдың 13 желтоқсаны күні билеуші-сұлтан Ахмет Жантөриннің өзі қол қойған құжатта «Балғожа Жаңбыршин 44 жас­та» деп көрсетілген.

Балғожаның қайтыс болған жылы да немересі Ыбырайдың Орынбор шекара комиссиясының төрағасы В.Григорьевке жазған мына хатында айқын тұр: «По окончании курса наук в Киргизской школе в 1857 году я был отпущен в Орду, к деду моему, управляющему Узун-Кипчакским родом, войсковому старшине Балгоже Ямгурчину, у которого занимался письменными его делами; это обстоятельство не позволило мне просить начальство о допущении меня к какому-нибудь роду служебных занятии. По кончине же упомянутого деда, случившейся в феврале сего года, наследовав все его житье я должен был иметь личный надзор под оним» дей келіп, енді ағайын-туыссыз атадан қалған дәулетті сеніп тапсыратын адамы жоқтығын мұң еткен. Хат соңына «зауряд-хорунжий Ибрай Алтынсарин. 25 июля 1859 года» деп қол қойған. Орталық архивтің 4-қоры 2867-ісінің 15-бетінде тұрған бұл құжат ғылыми айналымға түспегені ғой, әйтпесе, музей қызметкерлеріне Балғожа бидің 1859 жылдың ақпанында дүние салғаны белгілі болар еді.

Балғожа бидің мөрін жаңғыртуда мұражайшылар біраз еңбектенген екен. Жазуы өшкен қадым-қаріптерді ажырату қиындығы мамандарға мәлім жайт. Алайда бас архивіміздің қорында сақталған Балғожаның айқын басылған мөрі ыбырайтанушылардың көзіне түспей келгені ме? 1846 жылдың көктемінде Шекара комиссиясы жанынан қазақ балалары үшін мектеп ашылады деген хабар тарағаннан кейін қырдың көзі ашық адамдары өз баласын оқуға беру үшін Орынборға асығады. Махамбет ақынның он жасар баласы Нұрсұлтанды алып келетіні, Күсепқали Орманов сұлтанның екі ұлы Сақыпкерей мен Әділгерейді жіберетіні, Балғожаның бес жасар Ыбырайды болашақта оқуға бермек болып Ладыженскийге рапорт жазатыны осы жолы. Осы баянат хаттың көшірмесі Қостанай музейінде тұрған болды. Соңына қойылған мөрінің «өте көмескілігін» айтуларына қарағанда, мұражайшылардың қолына оның сапасы төмен бірнеше мәрте көшірме нұсқасы тиген сияқты. Біз ұсынып отырған бедері тікелей архивтегі түпнұсқадан түсірілген.

Ең бастысы, «өкінішке қарай, Балғожа Жаңбыршыұлының ешбір суреті сақталмаған», «бидің өз су­ре­ті әзірше табылмай тұр» деген мұражайшылар алаңына осы ша­ғын зерттеу мақаламызбен жоқты тапқан­дай сүйіншілі көңіл күйдеміз.

 

Тілекқабыл БОРАНҒАЛИҰЛЫ
“Егемен Қазақстан” газетінен алынды

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version