Home Ұстаз үні Математиктер айтысына “төрелік”

Математиктер айтысына “төрелік”

4

Математиктер айтысып жатыр дегенге дүйім ел елең ете қалды. Елең ете қалды дегеннен шығады. Шалдар айтысып отыратын еді. Баяғыда Шегем Түркменбай палуанның қартайған шағы болса керек. Ар-намысқа шауып топқа түсіпті. Палуанның баласы «алқаны кеңнен салыңдар, алқаны кеңнен салыңдар» – деп құрға қарата айғайласа керек. Сонда бір кәкеміз. «Ай, енеңді ұрайын. Балаңды күрестіріп қызықтайын деп жатыр ма едің? Әкең күресіп жатыр. Өй көргенсіз» – деп зекіпті. Сол айтпақшы, кейбір делқұлы жастар елегізіп пост сала бастапты. Бұлар айтысса елдік үшін айтысады. Әкелерің ғой. Елегізе бермеңіздер. Айтысып жатыр дегеннің бірі, «Қайтсек, елді ел етеміз деп жүрген» қоғамдық белсенді, өңірімізге ұлт жанашыры ретінде танымал ағам – Ордалы Қосай. Өзі ардагер ұстаз. Тәрбиені білімнен жоғары қоятын әл Фараби жолын ұстанушы. Бір Ордалы емес, ұстаздардың дені Фарабиге жүгінеді. Салт-дәстүрдің сақшысы. Көзқарасы «консерватор» деуге келіңкірейді. Ордалы Қосай ағамен өмірімде бір-ақ рет сапарлас болдым. Бірде Қарақия ауданы бойынша ардагерлер кеңесінің жиналысына облыстан өкіл болып келді. Ардагер ұстазға қосшылыққа аудандық білім бөлімінен мені қосты. Содан кейін сапарлас та, сұхбаттас та болмадық. Ал екіншісі «шоқ шайнап, от бүріккен» академик Асқар Жұмаділдаев. Он жылдың ар жағында, Асқар Жұмаділдаевпен бір рет телефоннан хабарластым. Үйіндегі телефонға соққанымда – тап болдық. Математика ғылымы бойынша нөл турасында философиялық ойларымды тыңдап болып: «Сен жолы болғыш жігіт екенсің. Телефоннан мені көп адам ұстай алмайтын еді. Аксиома құрып ал. Аксиомаларың бір-бірін терістемесін. Топологияны оқыңқыра», – деді. Оқыс ұрымтал пайымдарын оқып жүргенім болмаса – кездескен адамым емес. Акедемиктің қасында математикадан жіп есе алмасым басы ашық нәрсе. Сонымен бірге Ордалы Қосай ағаның қасында ұлттық код, ұлттық жады туралы ләм-лим дей алмаспын. Алайда бұл менің ғылымға деген құрметім. Ұлтшылға деген құрметім. Ал, елдік туралы азаматтық көзқарасымды білдіруге олармен тең құқылымын.

Ағалардың айтысына төрелік етер деңгейдемін дей алмаймын. Елдік туралы аз-кем толғайын. Осы бүгін ұлтты сақтап тұрған бірден-бір жоралғы ол – салт дәстүр. Тілің анау. Дінің мынау. Ең бай тіл қазақ тілі дейміз. Сол бай тіліміз көнеріп барады. Тілдің тірегі – өнер-кәсіп.

Біздің геніміз бен жадымызға бабаларымыздың ісмерлігі мен шешендігі қанмен берілген. Қолға қалам алған ақынымыз , «семсер серт, қайқы қылыш, білтелі мылтық, хаһім» болып келеді. Беглер бегі, дуанбасы деп сөйлеуге шақ қалып жүрміз. Ұлтты құнары салт-дәстүр болса, тіл құнары қол өнер бұйымдары. Мысалы, «Мәймөңкелеме» дейміз. Мәймөңке дегеннің өзі не? Мәймөңке бұйым. «Сүйегі ағаш қайқы бас жіпті қайытатын біз», – дейді Google. «Сабақты ине сәтімен»-дегі сабағың мануфактура өнімі болса, инең ұстаның бұйымы. «Тоқпағы күшті болса киіз қазық жерге кіреді». Толып жатқан бұйымдар. Өнім мен тілдік қор құтаймаса, жұтамайды.
Мұндайды мыңдап санап беруге болады. Техника атаулары мен тілдік қор үнемі толығып отырмаса болмайды. Әйтпесе, ашық қалған бостықты басқа тілден енген атаулар толықтырып отырады. Егер ұлттық қолөнер мен индустрияны дамыта алмасаң тіл жұтаңдайды. Тілдің ұлтаны – техникалық бұйымдар. Бұл академиктің көзқарасының дұрыстығын дәлелдейді.

Бізде ғылым да, өнерде болды. Ғылым түркілерге арабтар арқылы келді. Арабтар арғы жағы мысыр, қытай, үнді, гректерден тамыр алған болуы керек. Әл-Бируни ту оныншы ғасырда Америка материгінің орнын есептеулер арқылы білген. Европалықтар 500 жылдан кейін Американы ашты. Колумбтан бұрын викингтер, Араптар ашты деген жорамалдар айтылады.

Шыңғысхан шапқыншылығы ғылым-білім, өнерді ойсыратып кетті. Шыңғысхан кім болса о болсын. Біреу монғол дейді, біреу қазақ дейді. Осы Шапқыншылықтан кейін дала ғылымнан біржолата басы бүтін айрылып қалды. Көшпеліден ғылым қашты. Ғылымнан көшпелі қашты. Негізгі мектеп математикасын дамытқан түркілер. Ғылым шапқыншылықтан үркіп европаға ауып кетті. Ақсақ Темір қанша айтқанмен ғалымдарды молдаларды, қолөнершілердің еңбегін бағалай білген. Кесенелер салдырған. Қалаларды абаттандырған. Сол кеткеннен мол кеткен ғылым әлі қайрылған жоқ.

Бұған не айтуға болады? Қаныш Сәтпаев ашып берген ғылыми академияны жауып тастаған өзіміздің де обалымыз жоқ. Жалпы үкімет осы ел өркендесін деп жүрген жоқ-ау деймін. 2018 жылы облыс әкіміне өтініш жаздым. Ол өтініште институт қамқорлығында ғылыми зерттеу сыныбын ашайық, өтірік ғылыми жобаны қояйық. Мектеп пен ғылым орталықтарының тінін жалғайық. Осындай бағытта ғылыми жобаларды жандандырайық. Қауіпсіздігімізді нығайтайық дедім. Сондағы басқарманың ауызша жауабы мынау болды: «Университет пен мектеп екеуі екі бөлек-бөлек саладан қаржыландырылады. Сондықтан бұл жобаны қолдай алмаймыз», – деді.

Қазіргі қоғамда өтірік мақтан басым. Пандемия болып айдалаға той жасап, ақша шашу бәсеңсіді. Кез келгенімізде идея бар. Оны қолдайтын үкімет жоқ.

Қазақты ел ететін «өнері» дейміз. Дұрыс-ақ. Қазақты ел ететін «технократия» дейміз. Дұрыс-ақ. Тіл қару. Дін қару. Қазақ тілі бәсекеге қауқарсыз қару болып тұр. Әңгіме осыған тіреліп тұр. Екі түрлі пышақ сатуға шығарылды делік. Бірі өткір, бірі өтпейтін пышақ. Есі дұрыс адам өтетінін алады. Оны қойшы, 2 500 теңге тұратын кітап пен жаңа сойылған сиыр еті тұр делік. Келіншегіңе қайсысын таңдайсың десең міндетті түрде етті таңдайды. Дұрыс жасайды. Сұранысқа қайсысы ие «сол өтімді» болмақ. Ұялы телофонды таңертеңнен кешке тіпті ұйықтағанға дейін қолымыздан тастамаймыз. Бұл өтімділік. Бұдан бас тарта алмайсың. Қытайдың бұйымы болмақ түгілі, ата жауыңның бұйымы болсын бас тарта алмайсың. Егер, қазақ тілін вирустан таза сақтаймыз десек ұтыламыз. Өз қолымызбен өзіміз тұншықтырамыз. Араб тілінен енген кітап, қалам, хадис, намаз, т.б сөздер лексикамызға сіңісіп кетті ғой?. Ал кейде «түркі түркі емес, моңғол Түркі ме?» деп қаласың. Сенбесең, Рабиға Сыздықты оқы. Қазақ тілі өзге тілден енген атаулар мен сөздерді өзіне сіңірген. Қай тілде солай. Өзінен екі-үш есе үлкен затты жұтып жатқан жылан көз алдыңа келеді. Тіл терминді сіңіруден қорықпау керек. Олай болса технократтың тілімізге пайдасы болмаса зияны жоқ.

«Ел болмаспыз» дегенді көбірек айтады деп, Ордалы Қосайдың «акедемикті» күстаналағаны дұрыс. Бауыржан Момышұлын оқып отырсаң, көзге көрінбей, өз қазағын ұлықтап отыратын бір сыншымен үнемі кездесіп қала бересің. Ізгілік мектебі монахтардың Тибетін қытайдың әскерлері 1950 жылы басып алды. Монахтар ізгі болғанымен, ешқандай өнім шығармайды.
Ізгі дін «Мұсылман діні» дегенімізбен, будда діні мұсылман дінінен «анағұрлым ізгілеу ме» деп ойлайсың. Осы дінді ұстанатын елдер бықып көбейіп кеткен. Себебі будда шыбын екеш шыбынды өлтіруді күнә деп есептейді. Сондықтан буддистердің көңіл күркесінде айналадағы жәндікке дейін өлтіруге болмайды деген қағида үстемдік етеді.

Христиан дінін ұстанушы өндірушілер, ғылым техникалық революция жасайтын ортасы бар халыққа айналған. Біз жүрміз сақал жапсырып алып, сен «пәлен итсің, сен түген итсің, сәлефитсің, пәлепитсің, атыс шабыс» деп. Қан қасап…

Ұлттық мүдде тұрғысынан келгенде бір жақты кетпей, дамыған елдердің қалыптасқан дағдыларының арифметикалық ортасын алып пайдаланған тиімді деп ойлаймын.
Ордалы Қосай математикалық бағытта айтысайық деген жоқ. Ұлттық болмыстың критерийлері туралы диалогқа шақырды емес пе? Әңгіме есепте емес. Есеп шығар. Мүмкін шықпас. Академиктің есеп құрастырудағы мысқылы ешкімнің мысын баспайды. Ордалы Қосай Асқар Жұмаділдаевтың есебіне, не болмаса математикадағы жетістігіне күмәнмен қараған жоқ қой? Әңгіме кезінде депутат болған, Н.Назарбаевтың еңбек ақысын есептеп шығарған қоғамдық пікір қалыптастырып жүрген қоғам белсендісінің көзқарасымен келіспеуінен туындап отыр ғой.

Меніңше, академикпен ардагер ұстаз «сынды» дұрыс қабылдай білуі ләзім. Сонымен бірге «қайтсек ел боламыз» бағытындағы көзқарастарын дәйектілікпен дәлелдеуі керек. Өз басым осыны күтемін. Әйтпесе, бала құсап «мынау жетіншінің есебі, мынау сегізіншінің есебі» деген айтыстың болғанынан – болмағаны жақсы.

Қабыл Әбдірахманұлы жоғары санатты, педагог –зерттеуші математика пәні
мұғалімі.
ҚР журналистер одағының мүшесі,жазушы

4 COMMENTS

  1. Ал орынды ұсыныс тастапсың ағаларыңа!?
    Ағалар не дейді екен?

  2. Керемет. Менде уайымдап жур едим. Не болады екен деп. Айтканынызга толыктай келисемин

  3. Не деген мылжың сөз. Математикке емес, журналистке тән нәрсе ғой

  4. Сәлеметсіз бе Қабыл, пікіріңіз елдің болашағын толғайды,ел дамыса онымен бірге математика, тағы басқа жағы да дамиды.
    Айтыс бір- бірін сынауға емес,өркениетті елдіктің жолына арналу керек.
    Математикада абсолют чемпион атағы болмайды,өйткені бұл бокс емес.
    Егер математик журналистке мылжың деп қараса,онда ол журналистің мамандығын құрметтей алмағаны болар,сондықтан ойланып сөйлеген дұрыс болады.
    Айтылған ойды жете түсінбеген жағдайда біреу үшін ол мылжың болады,бірақ әрине,барлығы бірдей олай деп ойламайды.
    Шындық-ол бір жағынан математиктерше аксиома,ал қандай да бір теореманы дәлелдеуде белгілі бір аксиоманы қолданамыз,олай болса,аксиомамен теоремамыз,яғни шындығымыз көп болсын!

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version