Home Керекті кеңес Мен Ресей университеттеріне не үшін қарсымын?

Мен Ресей университеттеріне не үшін қарсымын?

7

Президент білім саласына түбегейлі реформа жасағысы келетінін айтты. Нақты өз сөзімен келтірсек: “Мен жалпы елдің білім беру саласын қайта құрғым келеді. Біз экономистер, заңгерлер, менеджерлер т.б. гуманитарлық бағыттағы мамандарды тым көп шығарамыз. Бізге қазір білімді техникалық бағытқа бұру қажет. Біз “Болашақ” бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, соның ішінде Ресейге жібереміз. Бәлкім, бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық оқу орындарына жіберетін шығармыз”, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан тыс Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы  2025 жылға қарай елде танымал жоғары оқу орындарының кемінде 5 филиалын ашу керегін атады. Оның ішінде үздік жоғары оқу орнының бірі батыс аймағында орналасуы және техникалық бейіні болуы тиіс деп тапсырма берді.

Осы сөзден кейін іле-шала белсенді шешімдер қабылданып, биылдан бастап техникалық мамандықтарға бөлінген грант саны 5 мыңға артты.

Іле-шала ҚР Білім және ғылым министрлігі Ресейдің кейбір техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарының филиалын Қазақстанда ашу бағытында келісcөздер басталып кеткендігін айтты.

Оған ілесе «Болашақ» Халықаралық бағдарламалар орталығының Басқарма Төрағасы болып М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі Әнуар Жанғозин тағайындалды. Бұл “Болашақ” бағдарламасының болашағына байланысты шешім екені онсыз да түсінікті.

Иә, соңғы кездегі “Қасіретті қаңтар” оқиғасынан бері «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың маңына топтасуымыз керек. Президентке ел болып қолдау көрсетуіміз керек» деген жаппай ұрандар көбейіп кетті. Бірақ ел президентіне қолдау көрсету деген не? Ол не айтса да, уралап тұра жүгіру ме? Жоқ!

Ол, ең алдымен, ел президентіне дұрыс ақпарат беру, дұрыс мәліметтер беріп, дұрыс кеңес айту. Сол арқылы дұрыс шешім шығаруына көмектесу. Әйтпесе салалық мәселенің әрбірінің мән-жайын президент біле бермейді ғой. Дәл осы жоғарыдағы сөзі мен шешіміне ел президентіне кеңесті кім бергенін білмейміз, бірақ дұрыс шешімдер емес.

Дәл осы сәтте білім саласының сарапшысы ретінде, ұлт жанашыры ретінде үнсіз қалу елге де, президентке де қастық секілді. Сондықтан жоғарыдағы шешімдерді нақты талдап көрсетіп берейін.

Президенттің бірінші сөзі:

Біз экономистер, заңгерлер, менеджерлер мен тағы басқаларын тым көп шығарамыз. Бізге қазір білімді техникалық бағытқа бұру қажет.

Бұл туралы 27 қаңтар күні өткен ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында 2022 жылға қойылған міндеттерді талқылау кезінде де айтылып өтті. Атап айтсам, биылғы оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беретін колледждердегі грант саны 120 мыңға жеткізілетіні  (өткен жылғыдан 25 мыңға көп), ЖОО-ларға бөлінетін гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінетіндігі баяндалды.

Нақтысын айтқанда, бұл – бұрыннан біздің елдегі біраз қауымның аузынан шығып келе жатқан жалған ақпарат. Соңғы он жылдағы цифрларға қарасақ, гуманитарлық ғылымдарға қарағанда техникалық ғылымдарға бөлінген грант қаншама есе артық. Мысалы, 2019-2020 оқу жылында бөлінген 53875 гранттың 47%-дан астамы техникалық мамандықтарға, 1615-і өнер және гуманитарлық ғылымдар саласына, 2183-і әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика саласына бөлінген. 2020-2021 жылы бөлінген 54 мыңдай гранттың жартысына жуығы тағы да техникалық  мамандықтарға берілсе, өнер және гуманитарлық ғылымдар саласына – 1510, әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика саласына – 1846 грант бөлінген. 2021-2022 оқу жылында да бұл көрсеткіш аса өзгере қойған жоқ, өнер және гуманитарлық ғылымдар саласына – 1397, әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика саласына – 2183 грантты құрап отыр. Соның ішінде IT мамандықтарына бөлінетін грант саны жыл сайын саны еселеп артып келе жатыр. Тек былтырдың өзінде бір ғана “Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар” білім беру бағдарламасы тобына бөлінетін грант 3815-тен 6187-ге артты. Инженерлік өңдеу, құрылыс салалары бойынша да жыл сайын асып қалатын грант саны қаншама. Соның нәтижесінде шекті балл ғана жинап, грантқа түсіп кетеді. Ал 140-тан 50 балл алып оқуға түскен адамнан қаншалықты сапалы маман шығады?

Дәл қазір бізге кім керек? Дәл қазір бізге сапа керек! Кім болса да сапалы маман керек. Шыны керек, біздің елде жұмыссыздық мәселесінен біліксіздік мәселесі әлдеқайда ауыр. Заңгер көп шығар, бірақ сауатты заңгер жоқтың қасы. Экономист көп шығар, бірақ сауатты, сараптама жасайтын, шын экономист саусақпен санарлық.

Ал техникалық мамандықтардың күні де соның айналасы. Қызығы, қазір техникалық мамандық оқығандардың көбі екінші мамандық ретінде педагогикалық мамандық оқып алып, мектепке келіп жатыр. Неге? Себебі оқыған мамандығы бойынша жұмыс жоқ.

Электр техникасы және энергетиканы бітіріп, физик болып, биотехнологияны оқып, биолог болып жүрген қауым жетерлік. Бірақ соларға бөлінген экономика өзін ақтай ма деген сұрақ бәрімізді қынжылтады.

Бір күн зертхана көрмеген технарлар болашақта сапалы маман бола ма? Сапасыз топырлаған технарлар кімге керек?

Бірінші біздің университеттердің техникалық базасын жаңартып, ең кемінде барлық университеттің техникалық базасын Назарбаев университетінің деңгейіне жеткізбей ешқандай сапалы кадр, сапалы технар шықпайды. Нақтырақ айтқанда, біз кімді тәрбиелесек те сапалы маман тәрбиелемек керек. Ол үшін…

Президенттің екінші сөзі:

Біз “Болашақ” бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, соның ішінде Ресейге жібереміз. Бәлкім, бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық оқу орындарына жіберетін шығармыз!

Немесе Техникалық университетінің филиалын Қазақстаннан ашу туралы сөзі.

Болашақ бағдарламасына Ресейдің университеттерін қосу – таза кері шегіну. Біз бұл жерде Ресейге қарсы емеспіз, егер соған сай сапа болса!

Біріншіден, Ресейде әлемдік топ 100 университет қатарына кіретін бір де бір университет жоқ! Ең әйгілі Мәскеу мемлекеттік университетінің өзінде бүгін әлемдік бедел де жоқ. Ал ол университеттің бізде филиалы 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі бұрын отырған үлкен ғимаратты оларға сыйға тарттық. Бірақ 20 жылда дәл сол универсиеттің бізге берген нәтижесі қаншалық? Қаншалық сапалы кадр берді? Сараптайтын жан болса…

Екіншіден, Ресейдің ғылымы, баяғы ұраны жер жарған өз ішіндегі өтірік статистикаларына қарамай әлемдік рейтингке қарасаң, Ресейдің ғылымы біздің арғы-бергі жағымыз. Бізге үйретер түгі жоқ.

Бұл туралы PhD ғалым, Назарбаев университетінің қызметкері Жексен Тоқтарбай былай дейді: ” Қазақстанның ғылымын көтерем десек, Әлемдегі ең үздік ғылыми технологиясы бар елдерден үйренуіміз керек. Солардан үлгі алуымыз керек.

Ғылыми журналдар рейтингісін жариялайтын SJR сайты бойынша Ресейдегі №1 ғылыми журнал – “Eurasian Mining” журналы. Ал осы журнал Әлемдік рейтингте 3944-орында. Ресейдегі №2 ғылыми журнал “CIS Iron and Steel Review” журналы Әлемдік рейтингте 4693-орында. Ал осы журналдардың H-index бір қарап қойыңыз тағы. Әлемдік рейтингте тіпті алдыңғы 1000-ға кіретін бір де ғылыми журналы жоқ елді, ғылымы дамыған деп айта аламыз ба?

Ғылымды бағалайтын тағы бір көрсеткіш – H-index немесе Хриш индексі. Ал Ресейдің H-index 652 екен. Енді осы санды Америка, Германия, Жапония сияқты елдердікімен салыстырып көріңіз.(Суретте берілген). Кейде бұл көрсеткішке жан саны да әсер етіп кететіні бар. Себебі жан саны көп елдің ғалымдары да көп болады да, ол да H-index-тің өсуіне ықпал етеді. Ал енді Ресейдің жан саны мен жан саны одан әлдеқайда төмен, 5-10 миллион ғана халқы бар Израиль, Сингапур, Белгия, Норвегия сияқты елдермен салыстырыңыз.

Сонда ойлаңызшы, қай елдің ғылымы дамыған? Қай елдің ғылымын үйренуіміз керек?

Ал бұл – ғалымның сөзі, маманның пікірі. Жүйеге жығылмасқа шара жоқ.

Ал осындай елдің университетін Болашақ бағдарламасының тізіміне қосуды немесе ол университеттің филиалын Қазақстаннан ашуды қалай қолдауға болады?

Болашақ бағдарламасы қандай да бір елге тәуелді болмақ керек. Ол тек әлемнің ең озық 100 универсиетіне бағытталуы керек, ол қандай елдің универсиеті болса да әлемдік бәсекеге сай университет болуы керек.

Ал елімізде шетелдің техникалық университетінің филиалын ашу керек болса, онда да әлемдік топ жүздікке кіретін университеттің филиалын ашу керек. ТПУ-дың емес MIT-дің филиалы ашылсын. Әлемде ғылым-техникасы дамыған елдерге, олардың тірлігіне де бір қарайықшы…

Оның үстіне, біздің тіл, білім, ғылым онсыз да орыс тілінің құрсауынан тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде шыға алмады. Ал әлі де құбыламыз Ресей, таңдауымыз орыс болса, онда қазақ тілі де, қазақ ғылымы да әлемдік бәсекеден ешқашан орын алмайтыны ақиқат.

Жалпы ғылым мен білімге саясатты араластыруға болмайды. Ғылым адамзат үшін. Оның дамуы әлемдік дамуға бағытталуы, содан үлгі алуға міндетті. Ал білім ұлт үшін, ол ұлттық идеология негізінде құрылуы керек. Сонда ғана ел дамып, ұлт өркендейді. Еліміз тәуелсіздігін, ұлтымыз болашағын сақтайды.

«Біз президентпен біргеміз» деу үшін президенттің әр сөзіне «ура!» емес, президенттің әр сөзіне елге жанашырлық бағытта пікір білдіріп, кәсіби көзқарасымызды көрсетуіміз керек!

Біздің болашақ білім саласында, ғылым саласында. Онда бұл істі әлі де ойланып, реттеген дұрыс!

Аятжан Ахметжанұлы.
Қайым Мұхамедханов атындағы
№90 гимназия директоры. PhD химик.

7 COMMENTS

  1. Ия Ресей ғылымы әлемде мықты деп саналмайды қазір. Теориялық ізденістер әрине бар кейбір салаларда,дегенмен технологиялық-қолданбалы бағытта кенже қалғаны анық (әскери өндірісті айтпағанда). Батыс оқу орындарында оқуға бөлінетін грантты Ресейге бұру тиімсіз деп ойлаймын

  2. Ия Ресей ғылымы әлемде мықты деп саналмайды қазір. Теориялық ізденістер әрине бар кейбір салаларда,дегенмен технологиялық-қолданбалы бағытта кенже қалғаны анық (әскери өндірісті айтпағанда). Батыс оқу орындарына оқуға бөлінетін грантты Ресейге бұру тиімсіз деп ойлаймын

  3. Өте дұрыс пікір. Оқи отырып, өзімнің санамнан зерделенген пікірмен үндес екенін түсіндім. Керемет, Аятжан мырза өте терең статистикалық мәліметтер менен талдау жасапсыз. Ресей жоғары оқу орындарының филиалы бұрыннан бар ғой. Бірақ, сол филиалдар тек теориямен шектеліп жатыр, тәжіриье жоқ. Екіншіден, материалдық-техникалық базасы төмен… Үшіншіден, сол филиалдарда Ресейдің ғалымдары сабақ бермейді… Сонда біз өзімізді алдап жүрміз. Диплом – Ресейден, білім өзімізден. Қөзбояушвлық бастамалардан ьас тарту керек! Оданда өзіміздің Отандық техникалық ЖОО материалдық базасын күшецтуге күш салу қажет.

  4. Qazaq eli жерінде КСРО – 2 десанттарын жасамас үшін сол Рессейге жіберу керек диаспораларды.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version