Home Керекті кеңес Мылқауларға арналған музыка сабағы

Мылқауларға арналған музыка сабағы

0

Қоғамда іштегі мұңын, сырын, шынын жұртқа жеткізе алмай, не қажет екенін, неге мұқтаж екенін айта алмай, қолдарымен «сөйлеп», онысын біреу ұқса, біреу ұқпайтын адамдар бар. Олардың өмірі – тұнған тыныштық. Араласатын ортасы да шектеулі: тек ым-ишарамен сөйлеп, ұғысатын кішкентай кеңістік.

Мылқау жандар да мектепке барады, көркем шығарма оқиды, сурдоаудармамен кино көреді. Ол асқан шебер, ісмер немесе талантты суретші, ұтқыр шахматшы болуы мүмкін. Егер өмірдің бір өкініші болса, ол жүректі қозғап, көңіл толқытар музыкасыз ғұмыр кешу дер едік. Ал есту қабілеті нашар жандар музыка тыңдайды деп ойлайсыз ба?.. Осы сауалдың ізімен астанадағы есту қабілеті нашар балалар оқитын №65 мектеп-гимназиясына барып, музыка сабағына қатысып қайттық.

Бағдарлама бар, оқулық жоқ

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде есту қабілеті нашар және мүлдем естімей­тін 30 мыңнан аса мүгедек азамат бар. Оның ішінде 5 782 адам мылқау. Бүгінде осы санаттағы балаларға арнал­ған он жеті мамандандырылған мектеп-интернат жұмыс істейді. Онда қазір үш мыңға жуық бала білім алуда.

Ал Нұр-Сұлтан қаласында есту қабі­леті бұзылған мүгедектер саны – 1 208 адам болса, оның ішінде 18 жасқа дейін­гі 405 бала бар. Біз арнайы барған №65 мектеп-гимназиясы астанадағы есту қабілеті нашар балаларға арналған түзету сыныптары бар жалғыз оқу орны.

Мұнда қазір есту қабілеті бұзылған 106 оқушы оқиды (оның 3-і мүлдем естімесе, қалғаны нашар еститіндердің қатарында). Нашар еститін балалар он жыл оқыса, мүлдем естімейтіндер он бір жыл білім алады. Олар Білім жә­не ғы­лым министрлігі бекіткен оқу бағ­дар­­ла­ма­сындағы есту қабілеті нашар бала­ларға арналған жеңілдетілген бағыт­та оқытылады.

Айта кетейік, медицина саласындағы кейінгі уақытта пайда болып жатқан игіліктердің нәтижесінде есту қабілетінен айырылған адамдарға кохлеарлы имплант отасы жасалуда. Аталған мектепте де 52 оқушы осы отаны жасатқан. Олар сол арнайы аппаратпен және оңалту жұмыстарын дұрыс жасаған жағдайда айналаны жақсы естиді. Мектеп мұндай балаларды сөйлеуге үйретіп, қалыпты оқушылардың қатарына қосуды мақсат етіп отыр. Мәселен, жыл сайын сөйлеуі жақсарған бірнеше бала қалыпты сынып­қа ауыстырылып келеді.

Ал мұғалімдер сабақ барысында Дактиль әліпбиін, яғни қолмен сөйлеу әдісін көп қолданбайды. Аталған мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Нағиеваның айтуынша, ол әдіс тек 4-сыныпқа дейін немесе қосымша құрал ретінде ғана қолданылады. Өйткені оқушымен тек ым-ишара арқылы тілдесу оның сөйлеу қабілетін дамытпайды.

«Балалардың көбісінде кохлеарлы имплант және есту аппараттары бол­ған­дықтан мұғалімдер ым-ишара­мен түсін­дірмей, сөйлеп, дыбыстап айтуға тырысады. Тек кей жағдайларда ғана көмекші құрал ретінде ым-ишара қи­мыл­­дарын қол­да­нады. Одан бөлек ерін­нен оқу әдісі бар. Яғни оқытушылар ернін қызық далаппен бояп, балаларға сөй­лейді. Сонда олар есті­месе де ерін­нің қозғалысынан сөйлемді түсінеді. Өйт­кені бұл балалар сурдопедагог пен дефектологтың сабақтарында ерін­нен оқуға арнайы үйренеді», дейді Г.Нағиева.

Есту қабілеті нашар және мүлдем естімейтін оқушылар бекітілген жалпы білім бағдарламасына сай, бірақ санатына сәйкес қысқартылған бағдарламамен оқитынын жоғарыда атап өттік. Яғни ерек­ше білім беруді қажет ететін бұл оқушы­ларға министрліктің бекіткен арнайы бағ­дар­ламасы бар. Алайда оқулығы жоқ. Зерттеп қарасақ, елімізде есту қа­білеті бұ­зыл­ған оқушыларға арналған оқулық бұған дейін де жасалмаған. Атал­ған мектептің дирек­торы Нұргүл Елекееваның айтуын­ша, бұрын олар оқулықты Ресейден сатып алып отырған. Қазір бағдарлама ауысқандықтан ресей­лік кітаптар қажетсіз болып отыр. Ал мұғалімдер жалпы білім беруге арналған оқулықтармен жұмыс істейді. Яғни қыс­қар­тылған бағдарламаға сәйкес оқу­лықпен салыстыра отырып, сабақ өтеді.

«Есту қабілеті бұзылған оқушылар ақыл-есі сау болғандықтан оларға арнайы оқулық жасалмайды. Ал жалпы мектептерге арналған жаңартылған бағдарлама есту қабілеті нашар, яғни ерекше білімді қажет ететін балаларға тым ауыр. Біз жыл сайын министрлікке оқулық туралы ұсыныстар айтып, хат жазамыз. Бұл оқушылар ақыл-есі дұрыс болса да әрқайсының қабылдау деңгейі әртүрлі. Сондықтан оларды арнайы оқулықпен оқыту керек», дейді мектеп директоры.

Бұдан бөлек мектепте есту қабілеті нашар балаларға арналған түзету сыныптарында мұғалім жетіспейді.

«Бүгінде ерекше білім беретін бала­­ларға мамандар тапшы. Жалпы, білім беретін мұғалімдер түзету сыныптарына сабақ бере алмайды. Ол үшін ар­найы әдістемелік курстардан өтіп, білік­тілікті арттыру қажет. Қазір 106 балаға 42 мұға­лім сабақ береді. Оған қоса, өкінішке қа­рай, жыл сайын есту қабілеті нашар балалардың саны өсіп келеді», деді мектеп директоры.

 …Біз де ән-күй тыңдаймыз

Адам бәрінен шаршағанда һәм жа­лыққанда себепсіз музыка тыңдағысы келеді. Баяу әуен жаныңды қоңыр тір­ші­ліктен бір сәт алыс, аяулы мекенге алып баратындай. Сонау бір шақтарда қал­ған жып-жылы естеліктермен мезгіл­сіз қауыштыратындай. Еркін құстай зең­гір көк аспанда қалықтап ұшуыңыз мүмкін. Яки теңіз жағасында ақ көбік­тенген толқындармен бірге Күнді шыға­рып салыңыз. Күннің қызарған шуағына бетіңізді тосып, іштен жақсы тілек ай­тыңыз. Сезімтал жанның жүрегін жұба­тып, ой-қиялын осындай әдемі сәттер­ге тек музыка ғана жетелей алады. Музы­каның күшіне, музыканың әсеріне өлшем жоқ: таңғажайып.

Ән өнерінің құдіреті туралы қалай тебіренсек те қоғамда музыка тыңдай алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар да бар екенін білеміз. Әрине, «музыкасыз қалай өмір сүруге болады?» дерсіз. Бәлки, ым-ишарамен орындалған әнді көрмеген боларсыз. Әлқисса.

Біз мектепке барғанда есту қабілеті нашар балалар оқитын 4-сыныпқа музыка сабағы өтіп жатты. Әр баланың қолында шулы аспаптар – дыбыс беруші сылдырмақ бар. Олар сол арқылы әуеннің ырғағына қосылып отырады. Яғни әсіресе музыка сабағында ка­бинетте әуеннен басқа ешқандай дыбыс шықпауы керек. Балалар «ди­ри­жер» – мұғалімнің нұсқауымен сыл­дырмақтарын қозғалтып, Нұрғиса Тілен­диевтің «Аққуын» орындап берді. Музыка пәні мұғалімінің айтуынша, кохлеарлы имплант отасын жасатқан оқушыларда қазір едәуір нәтиже бар. Ырғақты түсініп, ұстап отырады дейді.

Ал жоғары сыныптың қыздары са­бақ­та үйренген патриоттық әндерді орын­дады. Сөзімен. Әрине, толық дұрыс дыбыстай алмайды. Бірақ біз олардан ән айтуда мұндай нәтиже күтпеген едік. Аздап таңғалдық. Бұдан бөлек олар әнді ым-ишарамен де орындайды. 8-сы­нып оқушысы Аружан Асқарова му­зы­каны жанымды тыныштандыру үшін тыңдаймын дейді. Иә, бәріміз де музы­каны жанымызды тебіренту үшін, кейде өз-өзімізбен оңаша сырласу үшін тыңдаймыз.

Өнерлі оқушылар республикалық байқауларда да орын алып жүр. Мәселен, кабинеттің мадақтама бұрышынан ХІV халықаралық балалар шығармашылығы фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсе­тіп, ым-ишаратпен ән айту аталымы бойынша алынған марапатты, одан басқа да мадақтама қағаздарын көріп қалдық.

Музыка пәнінің мұғалімі Нұркен Байзуллинова мұндай санаттағы бала­ларға музыканың қаншалықты пайдалы екенін айтады.

«Бұл балалар балабақшаға барған уақыттан бастап ең алдымен дыбыстауды үйренеді. Содан кейін шулы аспаптарда, фонетикалық ырғақпен әріптерді айтып отырып, қимыл-қозғалысты бірік­тіріп, есту, сөйлеу қабілеттерін жақ­сар­тады. Бұл – өте ұзақ процесс. Бұ­ған мұғалімдер мен сурдопедагогтар, дефектологтар атсалысады. Пән мұға­лімдері де сабақтарында дауыстап айтылатын жаттығулар, ойындар, әннен шағын үзінділер беріп отырады. Міне, осының бәрі баланы музыкаға алып келеді. Олар әуенді естуді, қабылдауды үйренеді. Одан соң музыкадан түсінген бейнесін суреттермен бейнелейді. Ал әннің сөздерін қолмен көрсетуді өзіміз үйретеміз», дейді мұғалім.

Сондай-ақ ол бұл балалардың үйдегі өмірінде де музыка болуы керек екенін, теледидар көріп, ата-аналары театрға, концерттерге апарып тұруы керек деп кеңес берді.

Біз оқытушыдан музыка сабағы қалай өтетінін сұрап көрдік.

«Сабақ негізінен ритм мен буыннан тұрады. Мысалы, аяқпен секіріп баланың атын айтамыз. «Жі-гер». Осын­дай әдіспен фонетикалық ырғақ қа­лыптастырамыз. Әнді бастағанда «ааааааа-ооооооо-ууууууу» деп, сосын созып барып әндетеді. Кейін тақпақ­тар, үзінділер үйренеді. Қазір балалар қызықты, ритмі жақсы заманауи ән­дер­ді ым-ишарамен орындап жүр. Түрлі байқауларға да апарып тұрамыз. Жүлделі орын алған оқушылар бар», дейді мұғалім.

Мектеп сурдопедагогы есту қабілеті бұзылған балаларды бірқалыпты күйге, ешқандай өзгеріссіз, дамусыз өмір сүруге үйретуге болмайтынын айтты.

«Біздің негізгі мақсатымыз – бала­ның есту, сөйлеу қабілетін дамыту. Кохле­арлық ипланттан кейінгі балаға оңалту жұмыстары тұрақты жүргізілсе, ол сөйлеп кетеді. Алайда өкінішке қарай, ата-аналар балаларына бұл отаны кеш жасатып жатады. Сол себептен де олардың сөйлеу деңгейі әртүрлі. Біз бұл балаларды «мылқау» деп атай алмаймыз. Өйткені оқушылардың көбісі аздап болса да дыбыстап сөйлейді. Жалпы, арнайы аппаратпен жүрген баланың сөйлеп кетуі үшін көп уақыт және еңбек кетеді. Осы жолда түрлі мамандардың жаттығулары мен музыка сабағының әсері көп», дейді ол.

 Сурет – тілсіз поэзия

Ел астанасындағы №2 Өнер мекте­бінде сазсырнай, киімді көркемдеп үл­гі­леу, фортепиано, домбыра, жетіген, театр, көркемсурет курстарында инклюзияда оқитын 26 оқушы бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларды өнерге баулу мақсатында қолға алынған бұл жоба 4-5 жылдық оқу бағдарламасымен оқытылады. 2020 жылы қыркүйек айынан бастап №65 мектеп-гимназиясында есту қабілеті нашар балаларға арналған №2 Өнер мектебінің театр, көркемсурет бөлімдерінің филиалы ашылған болатын. Қазір театр бөлімінде – 12, көркем­сурет бөлімінде – 7 оқушы оқиды.

Театр бөлімінің оқытушысы Ай­жан Шарипова есту қабілеті нашар бала­лардың театр өнеріне бейімі жоғары екенін айтады.

«Олар басқа балаларға қарағанда эмоцияны, іс-әрекетті, көзқарасты жақ­­сы береді. Қазір менде 1-сынып, мұн­­д­а негізінен этюдтармен жұмыс іс­тей­міз. Сөзге әлі көшкен жоқпыз, тек ым-ишарамен үйренеді. Яғни қи­мыл-қозғалыстарға негізделген видео-сабақтар, видео-тапсырмаларды қол­данамын. Тақырыптарға сәйкес кар­точ­калар жасалады. Сондай-ақ ритм­дік, координациялық-тренинг жатты­ғулармен де жұмыс істейді. Ал екінші сыныпта ертегілер, үшінші сыныпта шағын үзінділер, ал төртінші сыныпта дипломдық спектакль қойылады», дейді оқытушы.

Ол сондай-ақ қазір тәуелсіздікке байланысты қойылым (шағын үзінді) қойып жатқанын баяндады.

«Біз республикалық Махамбет Өтеміс­ұлына арналған театрландырылған қойы­лымдар байқауына дайындалып жатырмыз. Шағын үзіндіде балалар­дың іс-қимылына сырттан дауыс қосы­лып қойылады. Яғни сыртқы дауыс қосылғанда балалар аузын қимылдатып ілеседі. Мұндай конкурстар балалардың қоғамға араласуына септігін тигізеді. «Мылқау балаларға театр сабағы не үшін керек?» деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда ол балаларға эмоциясын шығару үшін, көңіл күйін білдіру үшін жақсы мүмкіндік», дейді А.Шарипова.

Ал сурет сыныбында, жоғарыда айт­­қа­нымыздай, есту қабілеті нашар жеті оқушы оқиды. Аталған №2 өнер мектебінің оқытушысы, Суретшілер одағының мүшесі Қайрат Жәйірбектің айтуынша, ол балалар отыз оқушының арасынан сурет салуға бейімді, қызы­ғушылығы бар деп іріктеліп алынған. Кей жағдайда баланың сурет салуға ынтасы болса да ата-аналары келіспей жатады дейді.

«Мылқау балалармен жұмыс істеу өте ауыр. Сондықтан оқушының сурет салу деңгейіне қарай жеңілдетілген, сызықпен салынатын оңай сызбаларды үйретемін. Тақтаға бір сурет салсам, оны толық аяқтау жұмысы 4-5 басқыш бойынша орындалады. Яғни бірінші кезекте басы, кейін кеудесі, аяғы салынады. Осылайша бір суретті әр кезеңге бөліп үйретемін. Сонда балаларға қабылдау жеңіл болады. Күрделі суреттерді оқушылар сала алмайтын болған соң көбінесе мультфильмдердегі образдар, өздері білетін анимациялық кейіпкерлерді саламыз. Оқу бағдарламасының талабы бо­йынша перспективалық қағидаға сай суреттерді салуды да оңай жолмен үйретемін. Дегенмен талантты балалар жоқ болса да кішкене бейімді оқушылар бар. Мысалы, екі оқушының жұмыстарында бұрынғыға қарағанда нәтиже бар. Басында олар менің айтқан суреттерімді салмайтын. Өздерінің қала­ған бейнелерін сызып көрсететін. Қазір оқытушының ыңғайына көніп, так­тикасына үйреніп келеді. Бір жағы­нан, оқушыларға мынаны сал деп жел­ке­лей алмайсың. Олардың жан-дүние­сінде өздерінің көңіл күйлері болады. Сондықтан сол көңіл күйді ұстап отырып, жетектесек, нәтиже шығады. Яғни ең алдымен мылқау балалардың психологиялық жағдайын ескеру керек», дейді суретші.

Саңыраулар қоғамы басшысының айтуынша, естімейтін және нашар ес­ти­тін балалар мен жасөспірімдердің сауаттылығының төмендігі күрделі мәсе­леге айналып отыр.

«Саңырау баланы жылдар бойы «естуге», дыбыстарды айтуға үйретті. Бұл – өте баяу процесс. Бізге ауызша сөй­леуді үйретуге, есту аппараттарын қол­да­нуға, есту қабылдауын дамытуға, логопедпен интеллекттің дамуына зиян кел­тір­меу керек. Өкінішке қарай, ымдау тілін білетін саңырау мұғалімдер жетіс­пейтіндіктен, олардың білімі тө­мен, көп нәрсені түсіне алмайды. Есту кемістігіне байланысты саңыраулардың ана тілі ымдау тіліне айналған. Мұндай мамандандырылған мектеп бітіргендер, тіпті өз бетінше бастауыш өтініш жаза алмайды (мысалы, жұмысқа қабылдау туралы, т.б.) Осы сауатсыздықтан мыл­қау азаматтар толыққанды және кәсіби білімі болмағандықтан, жалақысы аз жұмыс орындарына баруға мәжбүр», дейді С.Омарханова.

 «Қалам сатып аласыз ба?»

Күнделікті өмірде, әсіресе қоғамдық орындарда – пойызда, асханада, автобустарда қалам сатып жүретін мылқау адамдармен жиі ұшырасамыз. Олар неге қала аралап, тіпті пойызға мініп, ұзақ жолға шығып, 150-200 теңгеге қалам сатады? Әрине, қазір қоғамда сөзге шешен, жақсы еститін жастарда да жұмыссыз жүргендер көп. Десек те бұл жұмыссыздықтың өз себебі бар. Ал мылқау жандардың жұмыссыздығы – мылқаулығынан.

Иә, есту қабілеті бұзылған азамат­тар­ды, негізінен әлеуметтік мәселе алаңдатады. Оларға қоғамда ұсынатын жұмыстың да тізімі шектеулі. Маман­дардың айтуынша, көбінесе мылқау ер-азаматтарға аяқ киім шебері, ал қыз-келіншектерге тігіншілік жұмыс қана ұсынылады.

Бұл топтағы жандардың құқығын қор­­ғап, жұмыспен қамтамасыз ету мақ­са­тын­да Қазақстанның саңыраулар қоға­мы жұмыс істейді. Бүгінде қоғамдық бірлес­тіктің республиканың әр өңірінде 19 маман­дандырылған оқу-өндірістік кәсіп­орны, 16 корпоративтік қор, 16 аймақтық филиалдары бар. Онда есту және сөйлеу қабілеті шектеулі 2 500-ден астам азамат еңбек етеді.

Аталған қоғам толықтай оқу-өн­діріс­тік кәсіпорындарының өндіріс­тік қызметінен алынған кірістен қар­жы­ландырылады. Яғни бұл оқу-өнді­рістік кәсіпорындар есту және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарды жұмыспен қамтумен айналысады. Жұмыстың негізгі бөлігі «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 51-бабына сәйкес мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері арасында жүзеге асырылатын, әлеуетті өнім берушілердің жекелеген санаттарының мемлекеттік сатып алуларына қатысу туралы ере­жені қарастыратын портал арқылы қабылданады.

Саңыраулар қоғамының президенті Сайлаугүл Омарханованың айтуынша, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуіне байланысты 2019 жылдан бас­­тап оқу-өндірістік кәсіпорындарының жағдайы қиындай бастаған.

«Байқаудың (аукционның) бір лотына қатысумен конкурстық өтінімдерін жаппай қабылдамау басталды. Тиісінше, 19 қоғамдық бірлестіктің бір ғана кәсіп­ор­ны мемлекеттік сатып алу конкурсының (аукционының) бір лотына қатысуға құқылы, ал қалған 18 оқу-өндірістік кә­сіп­орын өтінімдері қабылданбайды. Яғни мемлекеттік сатып алу порталында барлық оқу-өндірістік кәсіпорындары аффилиирленген тұлғалар ретінде мем­лекеттік тіркеп, сатып алудың WEB-пор­талындағы «Заңды тұлғалар» мемле­кеттік деректер базасына енгізілген және жүйе конкурстың (аукционның) бір лотында екі немесе одан да көп оқу-өндірістік кәсіпорындары бір уакытта конкурсқа жібермейді, өйткені олардың жалғыз құрылтайшысы – «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі болып отыр. Бұл «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңында кеткен қателіктер сияқты», дейді қоғам президенті.

Жұмыс көлемінің жоқтығы оқу-өнді­рістік кәсіпорындарында қаржылық жағ­дай­дың нашарлауына алып келген. Сол себептен де мүгедектер мар­дым­сыз еңбекақы алады, ал ең төмен­гі жалақының өсуіне байланысты қоғам­дық бірлестік мылқау азаматтарды тіпті белгіленген ең төменгі жалақымен қамтамасыз ете алмай отыр.

«Қазақстанның барлық өңірін­де орна­­ласқан оқу-өндірістік кәсіпорын­дары 4 000-5 000 мүгедекті жұмыспен қам­тамасыз етуге қауқарлы. Маман­дан­дырылған оқу-өндірістік кәсіп­орын­дарының тиімді жұмыс істеуі өте маңызды: ол қоғамға ғана емес, соның ішінде есту және сөйлеу қабілеті төмен мүгедектердің қаржылық жағдайына, олардың әл-ауқатына көмек болар еді. Ал оларға мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мөлшері 43 200 теңге. Бүгінгі нарықта бұл сомамен өмір сүру мүмкін бе?..», деді С.Омарханова.

Енді есту қабілеті бұзылған азамат­тарға мемлекет тарапынан көрсетілетін игіліктерге де тоқталып өтейік. Денсау­лық сақтау және әлеуметтік даму ми­нис­трлігі бекіткен Ережеге сәйкес, ес­ту қабілеті бұзылған мүгедектігі бар тұлғалар есту аппараттары, веб-каме­расы бар ноутбук, көп функциялы сигнал жүйелері, мәтiндiк хабар беретін және хабарды қабылдайтын мобильді телефондар, саңырау және нашар ести­тін адамдарға арналған сағаттар, кохлеарлық импланттарға сөйлеу процессорлары, дауыс шығаратын аппараттармен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ олар жылына 60 сағат ымдау тілі маманымен жұмыс жасайды. Жылына бір рет 14 күнге санаторлық-курорттық емделуге барады. Бұдан бөлек оларға төленетін жәрдемақы бар.

P.S. Есту қабілеті нашар балалардың сабағына қатысып отырып, екіұдай күй кешесің: қолдарымен бір-біріне көңілді әңгіме айтып, бір-бірін түртіп, музыка сабағының сылдырмақтарына таласып, мектеп қабырғасындағы қалыпты оқушылардан ешқандай айырмашылығы жоқтай көрінеді. Кейін олардың болашақта қандай мамандық игеріп, қалай нан табатынын ойлайсың. Мектептен кейінгі өмірдің сыныптағыдай көңілді болмайтынын балалар сезе ме екен?.. Ақиқатында, кімнің аяқ киім жөндейтін шебер болғысы келеді? Кімнің тігінші болғысы келеді? Бәріміз де жақсы жұмыс істеп, жақсы өмір сүруге талпынамыз. Ал ең өкініштісі, алдағы өміріңде тек осы жұмыстар ғана күтіп тұрғанын біліп һәм ол мардымсыз айлыққа, шамамен қалай күн көретініңді іштей сезетінің. Өмір әділетсіз бе, әлде қоғам ба?..

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version