Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушылары «Болашақ геофизикасы-2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференциясында бірінші орын алды.
Инна Ким мен Далила Қуанышова «Тау жыныстары мен минералдарын адамның шаруашылық қызметінде қолдану» бағытында жоба ұсынған. Жетекшісі – география пәнінің мұғалімі Жанар Байметова. Оқушылар «Қарағанды облысының өнеркәсіп салаларында көмірді пайдалану» тақырыбын зерттеген. Аймақта көмірдің пайда болуындағы геологиялық ерекшеліктерді ескере отырып, заманауи технология ұсыныпты.
«Мұндай ауқымды конференцияға алғаш рет қатыстық. Біздің бағытта 14 жоба ұсынылды. Қазақстаннан жалғыз топ болдық», – дейді Инна Ким.
Олар конференцияға екі айға жуық дайындалған.
«Мен теория бөлімінде, ал Инна тәжірибеде жұмыс істеді. Қуанышымыз шексіз. Алдағы уақытта зерттеуімізді экологиялық аспектіде жалғастыруды жоспарлап отырмыз. «Көмір өнеркәсібін экологияға кері әсерсіз дамыту» тақырыбын ашсақ деген ойымыз бар», – дейді Далила Қуанышова.
Конференция ұйымдастырушылары – Ресейдің Дубна қаласындағы мемлекеттік университеті, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы, Ресей геология қоғамы және В.И. Вернандский атындағы мемлекеттік геология мұражайы.
Жеңімпаздар дипломмен және естелік сыйлықтармен марапатталды.