Иә, бірден айтайын, бұл мақалам біраз адамға ұнамауы мүмкін. Бірақ эмоцияны қайырып қойып, ақиқатын айтайық. Бүйту керек, сөйту керек деген құр айғайдан нәтиже шығатын болса, осыған дейін Ресейдің шовинист атқамінерлері айтқандай, нағыз тек қазақша сөйлейтін қазақ еліне айналып кетер едік. Өкінішке қарай, әлі орыс мектебіміз дәурендеп тұр.
Бір ғана қаладағы, жай солтүстіктегі қалалардың бірі емес ел астанасындағы 149 мектептің 99-ы мемлекеттік, олардың жайы мынадай:
– 35 мектеп (35%) қазақша,
– 56-сы (57 %) аралас,
– 8-і (8%) таза орыс тілінде оқытады.
Қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114 442 (54,8%),
Орыс тілінде оқитын оқушылар саны – 93 312 (44,7%),
соның ішінде ұлты қазақ балаларының саны – 62 398 (63%).
2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа 25 349 бала қабылданды.
Қазақша оқитыны – 13 092 (52%),
Орысша оқитыны – 12 257 (48 %)
Міне сандар көрсеткендей екі түрлі ауыр трагедия бар.
Біріншіден, баласын орыс сыныбына беретін қазақтар әлі де тым көп.
Екіншіден, баласын орыс сыныбына беру үрдісі соңғы жылдары барған сайын ауырлап барады.
Шыны керек, баласын орыс сыныбына сүйреу науқаны 2017 жылдан бастап, кәдімгідей күш алып кетті. Біразыңыздың есіңізде шығар 2017 жылы баласын орыс мектебіне беретіндерге жаным ашиды деп дабыл қағып мақала жазып, біраз шовинист сотқа сүйреп еді. Ол кездегі жағдай шынымен басқа еді. Бүгін жағдай алға ілгерілеудің орнына керісінше ушығып кетті.
Неге? Себебін талдап көрейік, неге жұрт баласын орыс тілді мектептерге беру қарқын алды.
Бірінші, Сәрінжіпов-Сағадиевтің үш тілділік реформасының тіке нәтижесі. Үш тілде оқыту реформасы басталғаннан кейін жұрт қазақ тілінен үміті азайды. Онсыз да мектебінде екінші сортты мемлекеттік тілі үшінші сортқа ығысады, мектепте пәндерді өзге тілде оқыса, баламызды қазақ тілінде оқытып не істейміз дегендер көбейді.
Оның үстіне экс-министр Сағадиев орыс мектебіндегі қазақ тілін дамыту деген атпен Қазақстанда күйреуге айналған орыс мектептерін жаңа деңгейге көтеруге 2 миллиардтан астам қаржы салып, орыс мектебіндегі қазақ тілін емес, орыс мектебін дамытып кетті. 2016 жылдың соңында 22%-ға түскен орыс сыныбының үлесі бүгінде 28%-ға дейін көтерілді.
Сағадиевті министр етіп ұжымға таныстыруға әкелген кезде сол кездегі премьер министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның тіке тапсырмасы осы еді, – дейді білетіндер. Ол тапсырма орындалды.
Екіншіден, латын әліпбиіне көшеміз деген шешімінің кері әсері.
Латын әліпбиіне көшу бастамасы онсыз да қазақ тіліне қырын қарап жүргендерге, болашағына сенбейтіндерге жақсы сылтау болды.
Қазақстанда қазақ тілі латын әліпбиіне ауысады, орыс тілі ауыспайды. Балаларымыз онсыз да орыс тілді, қиналмасын. Ертең ол латынның болашағы қайдан болады, 30 жылда қазақша сөйлемеген елге, қатты керек болмаған елге болашақта дамиды деп сенбеді.
Латынға көшуді қазақ тілін құлдыратады, әліпби ауыстыру өте үлкен қорқыныш ұялатты. Баласын орысшаға беретін жұрт онсыз да тек орыс тілді ақпараттармен ғана сусындайтын жұрт бұл науқанда орыс пропагандасының жетегінде кетті.
Үшінші, мемлекеттік биліктегі мемлекеттік тіл орнының шынайы жағдайы.
Иә, дәл қазір орыс тілін білмесең, үлкен жетістікке жету қиын, билікке жолау мүмкін емес. Ал қазақ тілін білмесең, министр де, әкім де бола аласың кедергі жоқ.
Орыс тілінің статусын Конституциямен бекітіп, болашағын әр жолдауда айқындап тұрған мемлекетте ешкім қазақ тілін шынайы мемлекеттік тіл деп сезінбейді. Күнделікті орыс тілінде сөйлейтін, орыс тілінде ғана іс-қағаз жүргізетін шенділер мен мекемелер көптігінде баласын жетектеп қазақ мектебіне жұрт апармайды.
Оның үстіне Қазақстаннан Ресей техникалық университеттерінің филиалын ашу, Болашақ халықаралық бағдарламасы тізіміне Ресей университеттерін қосу секілді мемлекеттік шешімдер баласын орыс мектебіне беретіндер санын кемі 20%-ға көтереді. Сондықтан жоғарыдағы цифрлар алдағы күндері еселеп артатынына күмәнім жоқ, өкінішке орай.
Жә, бағытым басқа жаққа кетіп барады. Сынамайын десем де, осылай боп кетеді, көріп тұрып үндемеуді ар көтермейді. Негізі аралас мектеп туралы жазып жатыр едім, соны жалғастырайын.
Аралас мектеп керек пе? – деуден бұрын бір кіріспе.
Заң бойынша баласын қандай тілді мектепте оқытуды ата-ана өзі шешеді. Оны зорлап қазақ тілді мектепке бергізе алмайсың, міндеттей алмайсың. Себебі ол – конституциялық құқы. Сондықтан Білім басқармаларына аралас мектеп ашпа деп айта алмайсыз. Бес ата-ана орыс сыныбына өтініш жазып тұрса, департаменттің ашпауға заң бойынша құқы жоқ. Ол үшін не істемек керек? Сәлден соң қайта оралам бұл мәселеге.
Ал біреу менен аралас мектеп керек пе? – деп сұраса, керек деп жауап беремін. Басқа бізде таңдау жоқ. Егер аралас мектеп ашпасақ, онда біз орыс мектебін ешқашан жоя алмаймыз. Орыс мектептері дами береді керісінше. Ал бұл мемлекетте орыс тілді әлем мен қазақ тілді әлемнің екі бөлек өмір сүруі екі бөлек ойлануын жалғастыра береді. Бұл – бір тұтас ел болуға үлкен қауіп. Сондықтан бір бірінші аралас мектептің емес, орыс мектептерінің санын азайтумен, орыс мектептерін аралас мектепке айналдыруға күш салуымыз керек. Басқа таңдау әзірге жоқ.
Өкінішке, ата-аналар арыз жазса да, орыс мектебін қазақ мектебіне өзгертпей отырған, соның кесірінен баласын қазақша оқыту үшін басқа ауылға көшкен немесе тасып оқытып жүрген ата-аналар бар. Бұндай мектептерді нақты анықтап, қазақ сыныбын ашқызуымыз керек. Ол үшін Білім басқармаларына мемлекетшілдік сана мен ұлттық таным һәм мінез керек. Қатты армандап кеттім бе, біздің шенділерде болмайтын нәрсені армандап…
Енді жұрт неге аралас мектепті жек көреді?
Неге аралас мектептің қазақ сыныбы да орысша сөйлеп шығады? Енді осыны талдап көрейік.
Ең сорақысы біздің аралас мектептегі іс-шараның бәрі мемлекеттік тілде емес, орыс тілінде өтеді. Бұл жерде басты кінә мектеп әкімшілігінде, нақты айтқанда, мектеп директорында.
Нұр-Сұлтан қаласындағы біраз аралас мектепті зерттеген кезімде мектеп директоры қандай тілді мектеп сондай тілге басымдық беретінін көрдім. Орыс тілді директор іс-шараның бәрін орыс тілінде өткізеді, мектептің педагогикалық кеңесі, әдістемелік кеңесі, тәрбие іс-шаралары толық орыс тілінде өтеді. Қазақ сыныптарына орыс тілді мұғалімдер сабақ береді. Ол жердегі қазақ сыныптары жетімнің күйін кешіп отыр. Мәселе дәл осында. Астанада бір аралас мектепті білемін, директоры бүкіл іс-шараны қазақ тілінде жүргізеді. Ана мектептің орыс сыныбының оқушылары да қазақ тіліндегі іс-шараға белсенді қатысады. Аралас мектепке дәл осындай директорлар тағайындалуы керек.
Өкінішке орай, біздің елде тіпті тек орыс тілінде сөйлейтін таза қазақ мектебінің директорлары да көптеу. Ал орыс мектептерін, аралас мектептерді басқаратын таза шовинист директорлар да жетерлік.
Енді не істемек керек?
Ең бірінші, әрине, билік қазақ тіліне ресми бет бұруы керек. Бірақ оны бәріміз білеміз. Басқа қандай шешімдер керек.
Біріншіден, мектеп директорларына қойылатын талаптарға “Аралас мектептің және мемлекеттік тілді мектептің директоры қазақ тілін білуі міндетті, бұндай мектепке директор болу үшін қазақ тілінен емтихан тапсырады” деген тармақ керек.
Екіншіден, аралас мектептегі іс-шараны мемлекеттік тілде өткізуге, ең болмағанда екі тілде өтуіне, оның ішінде қазақ тілінің үлесі ең кемінде 50%-дан жоғары болуын міндеттеу керек.
Үшіншіден, Тілдерді дамыту басқармасы еліміздегі бүкіл мектепті ресми тексеріп, мектеп іс-қағаздары, кабинеттердің безендірілуіндегі мемлекеттік тілдің үлес салмағын нақты тексеріп, заңды бұзып отырған мектептерді ресми жазалауы керек. Бүкіл мектептегі іс-шара барысында, іс-қағаздарында, кабинет безендіруде мемлекеттік тілдің орнына байланысты нақты бұйрықтар беру керек.
Төртіншіден, жоғарыдан мектептерге түсетін іс-қағаздардың да мемлекеттік тілде болуына ресми нақты бұйрықтар керек. Өкінішке мектеп директоры ретінде айтарым жоғарыдан келетін қаншама есептерді толтыру кезінде келген кестені аударып, қазақша нұсқасын өзіміз жасайтын кездер тым көп.
Нақты айтқанда, біз бұл мәселеде бірінші таза өзге тілді мектептерді аралас мектепке өзгертуден бастап, мектепте мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейткеннен басқа таңдау жоқ.
Аятжан Ахметжанұлы
Нұр-Сұлтан қаласы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 гимназия директоры.
Аралас мектепке мен қарсымын ♂️. Таза қазақ тілінде оқыту керек, бұл түрімізбен Ана тілімізден айрыламыз, өйткені аралас мектепте барлығы орысша сөйлейді оның тек аты ғана аралас. Қазақ елінде тұрып неге біз басқа елдің тілімен оқуымыз керек соған түсінбеймін,бұлай жасай берсек ешқашан Қазақ болмаймыз ♂️♂️
Радуга привлекает взор людей своими яркими ,разноцветными красками. Так почему же наши дети не должны изучать русский язык? Корифей казахской литературы Абай прекрасно владел как родным , Так и русским языком. Одно не мешает другому.
Таза орыс тілді мектептерді тым болмаса аралас мектепке көшвру керек. Халықпен балаларын қазақ мектептеріне беру туралы телевидение, әлеуметтік желілер, баспасөз арқылы көбірек жұмыс жасау керек. Қазіргі жастар газет оқымайды, телевизор көрмейді, сондықтан мұндай жұмыста басымдықты әлеуметтік желілерге беру керек