Home Ұлылар ұлағаты Санжар Аспандияров. ҒЫЛЫМ НЕ БЕРЕДІ?

Санжар Аспандияров. ҒЫЛЫМ НЕ БЕРЕДІ?

0

«Шолпан» журналында «Білім бөлімі» деген бөлім бар. Бұл бөлімде әртүрлі ғылыми нәрселер жазылып тұрмақшы. Қолдан келгенше әртүрлі пәндерден мағлұмат беріліп тұрмақшы. Мұны істегендегі мақсат не? Ғылым — адамзатқа не береді? Ғылымның керектігі қандай? Ғылым адамзатқа керек нәрселердің ішінде қандай орында, бірінші орында ма, болмаса екінші, үшінші орында ма? Бұл сұрауларға жауап беру үшін жеке алғанда, әрбір кісінің, жалпы алғанда, бүкіл адамзаттың тіршілікте іздейтіні не екенін айту керек.
Дені сау, есі дұрыс кісілердің бәрі де өмір бойы дамыл таппайды, әр қайсысы әртүрлі іс істеп жүреді. Қарап жүрген бір кісі де жоқ, жұрттың бәрі де әрекетте, жұрттың бәрі бір нәрсені іздеуде. Ол жұрттың іздейтіні немене? Жұрттың бәрінің де іздейтіні — тірлігін сақтау һәм ол тірліктегі тұрмысты жөндеу. Онан соң жұрттың бәрі демесек те, шын кісілік дәрежесіне жеткендердің тағы бір іздейтін екі нәрсесі – білім және әдемілік.
Тіршілік сақталу дегеніміз – көп жасау, мүмкін болса, тіпті өлмеу.
Тұрмысты жөндеу дегеніміз – керек болған нәрселердің бәрі де табылып тұру, әрі ол нәрселер мүмкін қадірінше аз уақытымызды алып, мүмкін қадірінше аз еңбекпен табылып тұру.
Кісінің өмір бойы дамыл таппай әрекет еткендегі мақсатының ең үлкені – тірлікті сақтау һәм ол тірліктегі тұрмысты жөндеу болса, бұл мақсатқа жету үшін не керек? Өнер-білім керек. Екінші түрлі айтқанда, мәдениет керек. Мәдениет адамзаттың керегінің бәрін тауып беріп, асырап, әлпештейтін, адамзатты әртүрлі жауынан, әртүрлі бәледен қорғайтын азаматы, қорғаны. Азамат әуелі жоқтан бар болады, яғни, туады, онан соң, күннен-күнге өседі, ер жетеді. Сол секілді мәдениет те әуелі туады, онан соң күннен-күнге, жылдан-жылға өседі, ержетеді.
Азаматты өсіретін әртүрлі тамақ, тамақсыз азамат өспейді, өледі. Мәдениетті өсіретін ғылым, ғылымсыз мәдениет өспейді, өшеді. Ғылымы, білімі көп жұрттың мәдениеті жоғары. Ғылымы, білімі аз жұрттың мәдениеті, еш ғылымы, білімі жоқ жұрттың мәдениеті де жоқ. Европадағы жұрттар әртүрлі ғылымды көп білетін жұрттар. Сондықтан олардың мәдениеті жоғары, Азиядағы жұрттардың көбі ғылымды аз біледі. Білімді аз. Сондықтан олардың мәдениеті де төмен. Африкадағы, Америкадағы және Австралиядағы бір сыпыра жұрттар ғылым дегеннің не екенін білмейді. Түк білімдері жоқ. Сондықтан олардың түк мәдениеті де жоқ.
Ал, енді дүниеде қандай жұрттың тұрмысы жақсы? Мәдениетсіз жұртқа қарағанда, мәдениетті жұрттың, мәдениеті төмен жұртқа қарағанда, мәдениеті жоғары жұрттың тұрмысы жақсы. Мәдениетсіз жұрт егін ексе, жерді таяқпен шұқып егеді. Оған көп уақыт, көп еңбек сарп етеді. Өндіріп көп іс істей алмайды. һәм еккен азғантай егіні де жөнді шықпайды. Мәдениетті жұрт егін ексе, жерді көліксіз, табиғаттың күшімен жүретін машинамен жыртады. Аз уақытта жаны қиналмай, аз еңбекпен өте көп жұмыс бітіреді. һәм еккен егіні де өте жемісті болады. Шығысы өте жақсы болады. Мәдениетісіз жұрт жақсы жерге ғана егін еге алады. Мәдениетсіз жұрт ашаршылықты, жұтты көп көреді. Мәдениетті жұрт мұндай нәрселерден тым онша қорықпайды. Мәдениетсіз жұрттың малы уақ, күшсіз, етсіз, сүтсіз һәм басқа пайдалары да кем болады. Мәдениетті жұрттың малы ірі, күшті, етті, сүтті әрі басқа пайдалары да мол болады. Мәдениетсіз жұрттардың қора секілді, аң жататын апан секілді, көр секілді үйлерінің жанында мәдениетті жұрттардың үйлері жұмақ секілді деп айтуға болады. Надан жұрттар әртүрлі ауруға шалынып, іріп-шіріп қырылып жатқанда, мәдениетті жұрттар ол аурулардың көбін білмейді. Олардың арасында ауру, өлім деген надан жұрттарға қарағанда өте кем болады. Кейбір аурулар мәдениетті жұрттарда тіпті болмайды. Мәселен, сүзек деген ауру Германияда еш уақытта болмайды. Бір жерден бір жерге бару керек болса, мәдениетіне қарай бір жұрттар жаяу жүреді. Бір жұрттар хайуанға мініп жүреді, бір жұрттар хайуанға арба жегіп жүреді (арбалар да мәдениетіне қарай түрлі-түрлі болады). Бір жұрттар от-арба, автомобиль секілді көліксіз табиғаттың күшімен жылдам жүретін машиналарға мініп жүреді. Кейде құс секілді аспанмен ұшып кетеді. Яки, теңіздің бетімен де, астымен де балық секілді жүзеді. Мәдениеті жоғары жұрт мәдениеті төмен жұртты бағындырады. Құл қылады, мал орнына жұмсайды. Қанын сорады не болмаса, жұтып қояды. Яки, орнын тартып алады, елі көп болғандықтан емес, мәдениеті жоғары болғандықтан. Ағылшындар өзінен әлденеше есе көп, мәдениеті төмен жұрттарды бағындырып, қанын сорып отыр. Тарихтан білеміз, талай жұрт басқа жұрттардың ішіне кіріп, араласып жоқ болып кеткен. Яғни, өнерлі, мықты жұрттар нашар жұрттарды жұтып қойған.
Европадағы өнерлі жұрттар Америка, Австралия секілді жерлердегі жабайы жұрттарды ата-бабаларынан бері қарай мекен еткен. Өсіп-өнген қонысынан қуып шығып, жерлерін тартып алды. Жерлерінен айырылған соң, тұрмыстары өзгеріліп, ол сорлы халықтар қырылып, жылдан-жылға соңы кеміп бара жатыр. Сөйте-сөйте ол халықтар бір заманда мүлде жоқ болып кетуі де ықтимал. Мәдениет жолында артта қалған қазақ-қырғыз халқы да орыстың тырнағына іліккен жұрттардың бірі еді. Барлық жақсы жерін тартып алып, өзін жаман жерге айдап шығып, оның үстіне ол қылып, бұл қылып, қанын сора бастағанына қанағат қылмай, орыстар бұрынғы үкіметі, қазақ-қырғыз деген атын өшіріп орыс қылып жіберу жағын, жұтып қою жағын қарастыра бастап еді. Дүниедегі халықтар бір-бірімен аңдаспаған, арбаспаған реті келсе, бір-біріне зорлық қылмаған, бірін-бірі жеуге тырыспаған уақыт болған жоқ және болмайды. Осылай бір халық бір халықпен кездесе қалғанда, мәдениет керек. Мәдениеті төмен халық мәдениеті жоғары халықтардан өне бойы зорлық көрмек, қорлық көрмек, оларға құл болмақ, жем болмақ, кейде аты өшіп жоқ болмақ.
Мәдениетсіз халықтың тұрмысынан мәдениетті халықтың тұрмысының артықтығы, мәдениеттің адамзатқа керектігі толып жатыр. Оның қайсы бірін айтып бітіруге болады? Сол мәдениетті тудыратын әкесі де, сол мәдениетті өсіретін тамақ та – ғылым. Ғылымды мәдениет тудырмайды, мәдениетті ғылым тудырады. Мұны еш ұмытпау керек. Европа жұрттары ғылымды көп білгендіктен мәдениетті.
Жұрттың бәрі болмаса да, шын кісі деп айтуға сыятындардың тірлікті сақтаумен, тұрмысты жөндеуден басқа тағы бір іздейтін ескі нәрсесі – білім және әдемілік деп едік. Білім дегенде, тіршілік үшін, тұрмыс үшін керек болатын білімді айтамыз. Кісінің кісілік дәрежесін өсіретін білімді айтпаймыз. Жалғыз тірі жүруден басқаны ойламайтын адамды кісі деп айтуға да қиын. Ондай адамның сыртқы түрі кісіге ұқсағанмен, ішкі рухы кісіден гөрі хайуанға жақынырақ. Себебі, хайуан да тірі жүргісі келеді. Бұл жағына келгенде, ондай адамдардың хайуаннан артықпын деп көкірегін көтеретін де жөні жоқ. Хайуанның тірі жүруден басқа керек қылатыны, іздейтіні жоқ болса, мұндай адамның да тірі жүруден басқа керек қылатыны, іздейтіні жоқ. Мұндай адамдардың хайуандардан жалғыз ғана артық жері – хайуандардың тұрмысына қарағанда адамдардың тұрмысы жеңілірек, тынышырақ. Шын кісі деп айтуға сыярлық болу үшін адам бүкіл дүниедегі заттардың не екенін білуге, яғни бүкіл табиғатты тануға һәм ол табиғатта болатын әртүрлі өзгерістердің себептерін білу тиіс. Бұл қолынан келмеген кісі осыған құмар болуға тиіс. Сонда ғана адам хайуандық дәрежесінен жоғары көтеріледі.
Хайуандықтан өтіп, кісілікке жеткен адам табиғатты тануы бір табан ілгері басқан сайын көңілі көтеріліп, олжа тапқандай болып қалады. Сондықтан ондай кісі табиғатты тануға, табиғаттың сырларын білуге құмар болады. Бұл құмарлық әркімнің кісілігіне қарай түрлі-түрлі болады. Кісілігі көп кісіде көп болады, кісілігі аз кісіде аз болады. Сүйінерлік бір нәрсе – хайуандық дәрежесінен аса алмай жүрген адам аз.
Сондықтан жұрттың көбі тіпті жабайы жұрттар да табиғатты тануға, табиғаттың сырларын білуге құмар. Мәселен, жұрттың көбі көктегі күн, ай, жұлдыз дегендер немене екенін, не себептен біресе күн, біресе түн, біресе жаз, біресе қыс болатынын, не себептен найзағай жалтылдап, күн күркірейтінін және басқа толып жатқан осы сияқты нәрселерді білуге құмар. Мұндай нәрселерді көзге көрсетіп, қолға ұстағандай анық қылып айтып беретін – ғылым.
Адамзаттың өмірінің бастапқы дәуірлерінде, ғылым жоқ кезде, болса да нашар болып жаңа туып келе жатқан кезде кісі көп табиғи нәрселерді не екенін анық білмегендіктен, яғни табиғатты жете танымағандықтан Құдай деп білген. һәм табиғатта болатын әртүрлі өзгерістердің, әр қайсының өз алдына Құдайы бар деп ойлаған. Мәселен, ол кезде кісі табиғатты дұрыс тани алмағандықтан күнге де, айға да, жұлдыздарға да, отқа да, жыланға да, өгізге де әр басқа бірсыпыра мақұлықтарға да Құдай деп табынған. Әуелгі кездегі кісілер табиғаттың сырын білмегендіктен күнді күркірететін бір Құдай бар. Жаңбыр жаудыратын бір Құдай бар, жылдың бір Құдайы бар, күннің бір Құдайы, түннің бір Құдайы, жаздың бір Құдайы, қыстың бір Құдайы бар, ағаштың бір Құдайы, судың бір Құдайы бар, тағы басқа сол сияқты толып жатқан Құдайлар бар деп ойлаған. Осылайша, табиғатты тани алмағандықтан һәм табиғаттың сырын білмегендіктен мәжусилер, яғни, Құдай көп деп білушілер діні туады. Мәжусиліктің қалдығы осы күнге шейін бар. Мәселен, аққудың, судың орманның иесі, теміршінің, дүкеннің иесі деген һәм басқа осы сияқты сөздер бар. Бұл мәжусиліктен қалған жұрнақ, сөйтіп, табиғатты танымаған кісі, яғни ғылым білмейтін надан кісі Құдайын да жөнді танымаған.
Тірлікті сақтау, тұрмысты жөндеу һәм білімнен басқа кісінің тағы бір іздейтіні – әдемілік деп едік. Әдемілік дегеніміз – бояумен салған әртүрлі суреттер (әртүрлі кесте, ою сияқты нәрселерді де осыған қосуға болады). Балшықтан, тастан, шойыннан және басқа сол сияқты нәрселерден істеген әртүрлі суреттер. Үйді әдемілеп салу, ән, домбыра, қобыз, сырнай – керней, айтылған яки жазылған әдемі сөздер, поэзия тағы басқа көз арқылы яки, құлақ арқылы ләззат беретін әдеміліктер. Әдемілікке жету үшін де ғылым керек. Ғылымсыз әдемілік болмайды. Ғылым болмаса, мәдениет болмас еді. Мәдениет болмаса, кісінің тұрмысы қиын болар еді. Барлық уақыты тамақ іздеумен өтер еді. Әдемілік іздеуге уақыты болмас еді. Сондықтан әдемілік беретін әртүрлі өнерлер ілгері баспас еді.
Ал енді сөздің қорытындысына келсек, кісінің өмір бойы дамыл таппай әрекет қылғандағы іздейтіні — тірлікті сақтау, тұрмысты жөндеу, білім және әдемілік. Бұлардың бәрі де ғылым арқылы ғана табылады. Сөйтіп, ғылым не береді десек, ғылым кісінің іздегенінің бәрін беретін болып шығады. Олай болатын болса, әрбір жұртқа алдымен керек нәрсе – ғылым. Ғылымға әуес болу ілгері басатындықтың белгісі, ғылымды керексінбеу кері кеткендіктің белгісі.
Ғылым алатын жер – мектеп, медіресе, журнал арқылы мектеп, медресенің беретін ғылымын түгел беру қиын. «Шолпан» журналының білім бөлімінде қазақ-қырғыз тұрмысына керекті, оқушыларымыздың көбіне түсінікті һәм қызықты ғылыми мәселелер ғана жазылып тұрмақшы. Оқушыларымыз өздерінің қандай ғылыми мәселелерді керек қылатынын «Шолпан» басқармасына білдіріп тұруларын өтінеміз. Алдымен қолдан келгенше оқушыларымыздың сол керек қылатынын жазып тұрмақпыз.

Алаш көсемсөзінің І томынан алынды.
kazbilim.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version