Home Жаңалық Мұғаліміне балағат сөздер айтқан оқушының анасына айыппұл салынды

Мұғаліміне балағат сөздер айтқан оқушының анасына айыппұл салынды

0

15 наурызда Талдықорғанда сот отырысы өтіп, биология пәнінің мұғаліміне балағат сөздер айтқан оқушының анасына айыппұл салынды.

Барша жұрттың жағасын ұстатқан жағдай 11 наурызда Талдықорғандағы No4 мектепте видеоға түсіп қалған болатын. 9-сынып оқушысы биология сабағында дөрекі сөздер айтып, әйел мұғалімге айғайлады. Осы оқиғадан соң мұғалім полицияға арызданған.

Құқық бұзушының орнына оқушының анасы жауап беруге келген. Заң ата-ананың біреуіне балаға жауапты тұлға ретінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Ұлын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін анасына ҚР ӘҚБтК-нің 3-бөлігінің 127-бабы «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша 42 мың теңге айыппұл салынды.
Әйел мұғалімнен кешірім сұрап, ұлының ұстамдылық танытпағанына қынжылатынын білдірді.

«Ана ретінде сізді түсінемін, кешіремін, бірақ ұстаз ретінде мен қатты қорландым. Ұстаз мәртебесі аяққа тапталды», – деді мұғалім сотта.
Сыныпта болған жағдайға оқушының анасы тікелей кінәлі болмаса да, оның әрекетінде әкімшілік құқықбұзушылық құрамының объективтік жағы бар, яғни ол баласына дұрыс тәрбие бере алмаған. Оқушының барлық сыныптасының алдында осындай мінез-құлыққа жол бергенін ескерсек, бала тәрбиесінде үлкен олқылықтар болғанын айтуға болады.

Еске салсақ, оқушы 14 наурызда ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі «Ұсақ бұзақылық» бойынша жазаға тартылып, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Баланың жұмыс істемейтінін және табысының жоқ екені ескеріліп, ол айыппұл да анасының мойнына жүктелді.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version