Шығыс Қазақстан облысындағы Геологиялық барлау колледжі қазақстандық, сондай-ақ шетелдік геологиялық барлау компанияларымен әріптестік орнатқан. Соның нәтижесінде, оқу орнының жүздеген студенті мен түлегі Қазақстанда ғана емес, Батыс Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия, ТМД, тіпті Африка елдерінде жұмыс істеп, өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр.
Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, Геологиялық барлау колледжінің түлектері жұмысқа орналастыру деңгейі 96%-ды құрайды. Мұндай нәтиже оқу орнындағы жүйелі жұмыстың жемісі іспетті. Себебі аталған колледжде Кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру және мониторинг бөлімі жұмыс істейді. ТжКБ ұйымдарының жұмыс берушілермен қол жеткізген келісімдерінің нәтижесінде түлектер жұмысқа орналастырылды, ал колледж студенттері елімізде және шетелде еңбегі төленетін практикадан өтеді. Жыл сайын колледжге Қазақстанның барлық өңірінен екі жүзден аса талапкер оқуға түседі.
Геологиялық барлау колледжінің директоры Ардақ Әділжанов: «Колледж өз студенттерінің тәжірибеден өтіп, одан әрі сол жерде жұмыс істеуі үшін ірі компаниялармен байланыс орнатады. Бүгінгі таңда 250-ден аса геологиялық кәсіпорын біздің тұрақты серіктестерімізге айналған және ұйымдар арасында практиканттар мен жас мамандарға деген сұраныс өте жоғары. Тәжірибеден өтушілердің 90%-ы жалақы алады. Шетелдік қызметкерлерді қазақстандық мамандармен кезең-кезеңмен ауыстыруды көздейтін Кадрларды ұлттандыру бағдарламасына сәйкес, колледж ел аумағында жұмыс істейтін халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатып отыр», дейді.
Колледж серіктестерінің қатарында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Қазақмыс», KazMinerals, Aurora Minerals Group, Rio Tinto, Schlumberger, «Казцинк» және басқа да кәсіпорындар бар.
Тағы бір ескеретін дүние, аталған оқу орны жұмысқа орналасқаннан кейін де колледж түлектерімен байланыста болады. Бұл кәсіпорын жабылған немесе кадрлар қысқарған жағдайда колледж студенттерін одан әрі жұмысқа орналастыру үшін қажет.
Колледж әкімшілігінің ақпаратына сүйенсек, 90 жылдық тарихында кәсіптік білім беретін оқу орны 18 мың білікті орта буын геолог мамандарын даярлап шығарған. Көптеген түлек ірі компаниялардың, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты ұйымдардың басшылық лауазымдарында қызмет етіп жатыр.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ