Home Жаңалық Білім алу гранттары, бос жұмыс орны туралы мобильді қосымша жасалмақ

Білім алу гранттары, бос жұмыс орны туралы мобильді қосымша жасалмақ

0

Қазақстандық жоғары сынып оқушыларына арналған мобильді қосымша әзірленеді. Бұл туралы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы хабарлайды.

Қосымша жастарға республиканың оқу орындары, мемлекеттік және басқа да гранттық бағдарламалар туралы толық ақпарат алуға, сондай-ақ өңірлердегі бос жұмыс орындары туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығында «Кәсіптік бағдар беруге, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы ақпараттандыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру» жобасы таныстырылды. Ол болашақ мамандықты таңдау барысында жастарды қолдауға бағытталған.

Қазақстан Студенттер альянсының президенті Ілияс Түстікбаевтың айтуынша, гранттық жоба аясында елімізде алғаш рет талапкерлерге қажетті ақпарат жиналған қосымша пайда болады.

«Бізге талапкерлер тарапынан ЖОО, колледж сайттарына шағымдар көп келеді. Жастар өздеріне қажетті ақпаратты таба алмайтындығын, кейбір сайттардың құрылымы өте күрделі екендігін айтады. Осыны ескеріп, біз биыл жаңа қосымшаны әзірлеуді ұйғардық. Онда еліміздің жоғары оқу орындары, колледждері, мемлекеттік және басқа да білім беру гранттары, стипендиялар, сондай-ақ, аймақтардағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынылады. Қосымшаны әзірлеу мақсатында біз «Атамекен» ҰКП, ҚР Білім және ғылым министрлігі, университеттер, колледждер, білім басқармалары, өңірлердің жұмыспен қамту орталықтарының мамандарын жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз. Біздің қосымшамыз жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандығын, оқу орнын таңдауға көмектеседі деп ойлаймыз», – деп атап өтті Ілияс Түстікбаев.

Жаңа қосымша мемлекеттік және орыс тілдерінде қолжетімді болады. Жобаны ұйымдастырушылар оны алдағы бір-екі ай ішінде іске қосуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, «Кәсіптік бағдар беруге, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы ақпараттандыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру» жобасы 2022 жылдың соңына дейін жалғасады.

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version