«Айқынның» биылғы 8 сәуірдегі санында белгілі публицист Нұртөре Жүсіп «Мораторий – мұғалімдерге керек» деп ұсыныс тастады.
Бұл байлам депутаттар тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Кеше Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті әлеуметтік сала ұйымдарын тексеру мәселесіне арнап, жеке жиын өткізді, оған Үкіметтегі барлық жауапты құрылымдар басшылары шақырылды. Отырыста төбе шашты тік тұрғызар көптеген сорақы жайттар белгілі болды.
Отырысқа дайындық барысында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті арнайы зерттеу жүргізіпті. Оның нәтижелерін әріптестеріне Мәжіліс депутаты Қамал Бұрханов баяндады. Бір айта кетер жайт, Парламенттің сұрауына меморгандар нақты статистикалық деректерін жолдаған. Алайда «ревизорлық сапарлардан» ығыр болған, еңселері жаншылған ұйым басшыларынан бір сөз тарту өте қиын болып шықты.
– Әлеуметтік сала объектілерінің барлық басшылары тексерістердің нақты саны, түрлері, сондай-ақ тексеруші органдар мен тексерушілердің аты-жөндері туралы ақпарат беруге құлық танытпады, – деді Қ.Бұрханов. – Сондықтан әлеуметтанушылардың күшімен аталған басшылар арасында анонимді сауалнама жүргізілді. Әйтпесе, олар аты-жөндерін және ұйымның атауын көрсетпесе ғана нақты, адал жауап беруге келісті. Тексеруші органдардан әбден зәрезап болып, қорқып қалған…
Әлеуметтік сауалнамамен барлық облыстар, Астана мен Алматы қалалары, мектептер, колледждер, ЖОО-лар, ауруханалар, емханалар және мәдениет нысандарының басшылары қамтылған. Депутаттың айтуынша, сауалнама нәтижесі жаға ұстатар жайттарды әшкереледі: әрқайсысы жылына 10-15 рет тексерілетін көрінеді. Ұйым басшылары бұл санның «ресми органдарға арналған көрсеткіш» екендігін айтыпты. Олардың нұсқауынша, шынында, тексерістер саны кем дегенде, екі есе көп! Демек, әрбір білім мекемесінде жылына 20-30, әр ай сайын 2 тексеріс жүреді.
– Бұл ретте барлық ұстаздар тексерушілерге қызмет көрсетуге міндеттенеді, – деді депутат. – Оларға ақылға сыймайтын көлемде құжаттар жинауға тура келеді. Мұның сыртында бешбармақ, қарсы алу, шығарып салулар ұйымдастырулары тиіс. Тексерістердің 2 күннен, тіпті 1,5 айға дейін созылатынына назар аударған жөн. Бұл ретте әртүрлі нұсқаулықтармен және қаулылармен көрсетілген ережелердің бәрін бірдей орындау мүмкін емес. Келген тексерушілер бәрібір бұзушылық табады, айыппұл салудан «құтқармайды».
Қамал Низамұлы тексерістердің көбін аудандық және облыстық білім басқармалары жүргізетіндігін мәлім етті: «Олар көбіне білім ұйымына тексеріспен келетіндері туралы бірнеше сағат қалғанда, телефонмен хабарлайды. Ол ол ма, бұл тексерушілер не қызметтік куәліктерін, не тексеріс ұйымдастыруға негіз болған құжатты көрсетпейді. Артынан тексерістің қорытынды құжатын да бермейді. Тексеру органдары жол беретін осындай заң бұзушылықтар кесірінен тексеруші мәртебесін қандайда бір алаяқ немесе аферистің пайдаланып кетуінің қаупі бар!»
Сауалнама көрсеткеніндей, тексерушілердің қолында ұлықсат етуші құжаттың болмайтындығы былай тұрсын, сондай-ақ тексерістің өзі кемшіліктер және оларды жою мерзімдері көрсетілетін актілерді толтырусыз аяқталады екен. «Бір сөзбен айтқанда, білім беру ұйымдарын тексеру жүйесінде тексеруші шенеуніктердің нағыз вакханалия, бассыздығы үстемдік құрған!» деді Мәжіліс депутаты.
«Бізді бәрі тексереді, бізге бәрі бастық, бәрі ревизор!» деп кейіпті ұйым басшыларының бірі. Масқарасы сол, осы әлеуметтік сала нысандарын әртүрлі ондаған инстанция тексере алады. Қ.Бұрханов: «Олардың арасында аудандық білім беру бөлімі, облыстық білім басқармасы, төтенше жағдай, санэпидемқадағалау басқармасы, прокуратура, әкімдік, тіпті Ардагерлер кеңесі бар!» дегенде, жиналған қалаулылардың бәрі таңғала бас шайқады.
«Тексерушілердің бірінің кезекті сапарынсыз өткен әрбір апта біз үшін өзіміздің тікелей міндеттерімізбен айналысуға мүмкіндік беретін шағын бір сәттілік!» дейді ұйымдардың бірінің директоры. Мына қызықты қараңыз. Тағы бірінің мойындауынша, кейбір тексерушілер келе сала: «Біздің ештеңе таппауымыз мүмкін емес, әйтпесе, басшылығымыз түсінбейді, ендеше ұзақ қопармауымыз үшін ненің дұрыс еместігін өздерің айта қойыңдар, біз соны протоколға түрте салайық. Ең төменгі айыппұлды төлейсіңдер. Сендер де тиышсыңдар, бізді де мазаламайды» дейді екен.
Депутат тағы бір кең таралған сорақы жайтты нақты мысалмен келтірді: «Мәселен, мектептердің бірінің директорына төтенше жағдай қызметкерлері өртке қарсы қауіпсіздік нормаларын сақтамағаны үшін соңғы 5 жыл бойы айыппұл салумен келеді! Себебі мектептің төбесі кәдімгі қамыспен, сабанмен жабыла салған екен. Ол сонау кеңес кезінен қалыпты. Талап бойынша ондай шатыр ең болмағанда, жыл сайын арнайы материалмен өңделуге тиіс. Директор аудандық билікке бірнеше рет өтінішпен жүгінген, бірақ олар ешқандай ден қоймапты. Бюджетте ондай өңдеуге қаражат қарастырылмайды. Алайда ТЖ органы, жоғарыдағы биліктің бұл проблеманы шешпейтіндігінен жақсы хабардар бола отырып, тексерістерін және мектеп пен оның директорына айыппұл салуын тоқтатпайды».
Директор жағдайды түсіндірмек болса, олар «ТЖ-ны да прокуратура тексереді, егер көз жұма қарасақ, бізді коррупция көрінісі үшін жазалауы мүмкін» деп бас шайқайтын көрінеді. Осы орайда Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары мектеп басшысын жазаламай, мәселені шешуді аудандық-облыстық білім органдарынан, тіпті Білім және ғылым министрлігінің өзінен талап етуді, егер кесілген мерзімде орындамаса, соларды жауапқа тартуды ұсынды.
Ең қорқыныштысы сол, жауапты шенділер «сен салар да, мен салар» деп сырғытып жүргенде, қамыспен жабылған мектепті жалын жалмауы ғажап емес. Балалар әлі күнге қауіпті ғимаратта оқуларын жалғастыруда.
Қамал Бұрханов кейбір ревизорлардың тексерістері «қарақшылыққа» теңесетіндігін жасырмай айтты. Олар бейберекет тексерістерге қыруар бюджет қаржысын шығындайды. «Біз салалық және басқа да тексерістерді айтарлықтай қысқарту бойынша шаралар қабылдау керек деп санаймыз! Сондай-ақ тексеруші органдардың штаттық саны мен бюджетін 2 есе қысқартуды ұсынамыз. Жалпы, дұрысы 10 есе азайту керек! Бірақ әзірге ең болмағанда 2 есе кемітуден бастайық». Мәжіліс Үкіметке әлеуметтік сала нысандарын тексерістердің негізделгендігіне, сапасына, ең бастысы нәтижелілігіне назар аударуды ұсынды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрайымы С.Айтпаева да біраз жайттың басын ашты: «СЭС органдары әлеуметтік салаға 5 мың 858 тексеріс жүргізген, соның ішінде 2 мың 591-і білім беру саласына келеді! Төтенше жағдай органдарының білім беру саласына қатысты бізде 5 мың 68 тексеріс тіркелді. Олар денсаулық сақтау мекемелерінде 357 тексеріс жүргізген. Егер тиімділігіне келетін болсақ, биылғы төтенше жағдайлар бойынша тексерістердің 35 пайызы босқа жүрген. Мектептер мен ауруханаларды Салық комитеті де тексереді, оның тексерісінің тиімділігі небәрі 56 пайыз».
Заң бойынша тексерушілер келгенде, өзінің қызметтік куәлігін, тексерісті тағайындау туралы актіні көрсетуге тиіс. «Қызметтік куәліктің де жарамдылық мерзімі болады. Кейде тіпті ондағы фотосуреттің басқа, ал оны көрсетуші адамның басқа болған жағдайы да кездеседі. Біздің ұтқыр топтар ондайларды анықтады. Сосын актіде бір тексерушінің аты-жөні жазылады, бірақ тексеруге мүлдем басқа, тіпті тексеруге уәкілеттігі жоқ адам келеді» деді С.Айтпаева.
Осыған орай Бас прокуратура БҒМ-ға «Тамыз конференциясында» тексерушілерге қатысты мәселелер бойынша ұстаздар арасында түсініктеме жүргізуді ұсынды.
http://aikyn.kz/