Home Жаңалық Білім туралы заңнама 5 жылда 29 рет өзгерген

Білім туралы заңнама 5 жылда 29 рет өзгерген

0

Тәуелсіздік жылдары еліміздегі ең көп реформаланған сала – білім беру саласы болды. Бұл пікірді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы айтты.

«Осы кезге дейін білім саласында біз еліктемеген ел қалған жоқ шығар. Бірақ олар қоғамға қажет пе, мүддемізге сай ма, оған бас ауыртпадық. Нәтижесінде тәуелсіздік жылдарында еліміздегі неғұрлым реформаланған сала – білім беру саласы болды. Тек соңғы 5 жылда білім туралы заңға 29 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, мемлекеттік білім беру стандарты 2000-2017 жылдары 7 рет өзгерді. Әр өзгеріс сайын оқулықтың мазмұны жаңарып, қыруар қаржы бөлініп, жаңа оқулықтар басылып жатады. Дамыған елдерде, мысалы Жапонияда мемлекеттік білім беру стандарты бірнеше жыл талқыланып, соңғы рет 2010 жылы бекітілді, содан кейін өзгеріске түскен жоқ», деді депутат Сенат отырысында.

М. Бақтиярұлы орта мектепте де жаңартылған білім беру бағдарламасын жасауда тым асығыстыққа жол берілгенін айтты.

«Айналдырған төрт жылда 3,5 млн оқушыға білім беру реформасын жасап тастап, олардың шексіз реформалардың тәжірибелік алаңына айналдырдық. Бірақ реформалардың нәтижесі мен олардың қандай білім алғанына ешкім жауап берген емес. Соңғы 30 жылда Қазақстанның білім беру жүйесінен 10 млн адам өтіпті. Осы тұста біз тұлға қалыптастырушы орта мектептерге ерекше назар аударуымыз керек еді. Өйткені жаңа ұрпақтың өзіне деген сенімінің төмендігіне, маман, тұлға ретінде тиісті дәрежеде қалыптаса алмауының салдары мен қайшылықтарына біз де жауаптымыз. Бір-бірінен алшақ әлеуметтік топтардың болуы, олардың бір-біріне ашық қарсы шығуы, қатыгездік пен озбырлыққа баруының түп тамыры білімде жатыр. Себебі шын мәніндегі сапалы білімге қолы жететін орта бізде жеткіліксіз», деді Сенат депутаты.

Аяна Тоғанбек
“Егамен Қазақстан” газетінен

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version