Мектептегі психологиялық қызметтердің жұмысын жақсарту үшін бірыңғай ережелер енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты.
«Бүгінгі таңда 6,5 мың мектеп парламенттерінде оқушылар өзін-өзі басқаруды дамытып, мектепті басқаруға қатысуда. Коммуникация және командалық жұмыс дағдыларын қалыптастыру мақсатында мектептерімізде 120 мыңнан аса оқушыны қамтитын 5 905 дебат клубы ашылды, соңғы 5 айда оған 16 мыңнан аса бала қосылды.
«Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасы аясында балалар арасында оқырмандар қозғалысы жандандырылды. Мектеп кітапханаларының кітап қоры 2,2 млн дана жаңа көркем, балалар әдебиетімен жаңартылды», – деді ол. Оның атап өтуінше, балалардың құқықтарын қорғау саласындағы волонтерлік қозғалысқа серпін берілді. Үйде оқитын балаларға көмек көрсетуге 63 мыңнан астам волонтер қатысты.
5-11 сыныптарға жаңа оқу жылынан азаматтық, адалдық, парасаттылық, этика, медиасауаттылық, қаржылық сауаттылықты қамтитын «Патриотизм және жаһандық құзыреттер» курсы енгізіледі. «Мектеп-ата-ана қарым-қатынасының форматы өзгертілді. Әдеттегі ата-аналар жиналыстарының орнына педагогикалық-ата-ана консилиумдары баланың оқу жетістіктерін, тәртібін, қызығушылықтарын жеке кездесулерде жүйелі қарайтын болды. Мектептегі психологиялық қызметтердің жұмысын жақсарту үшін биылдан бірыңғай ережелер енгізіледі», – деді Шолпан Каринова.