Өткен аптада ғана ҚР Ғылым және жоғары білім министрі лауазымына тағайындалған Саясат Нұрбек балаларын неге шетелде оқытқанын түсіндірді.
«Сіздің балаларыңыз Кипрде оқып жатыр. Неге осы уақыт бойы балаларыңыз шетелде оқыды? Олардың Қазақстанға оралатын жоспары бар ма? Келсе, қандай мектепке барады?» деп сұрақ қойды тілшілер министрге Үкімет кулуарында.
«Оның үш себебі бар, ең алдымен жұбайымның денсаулығында кінәрат бар, оған нақты медициналық ұсыным да бар. Екіншіден, балаларымды Қазақстандағы жеке мектептерде оқытуға қаражатым жетпеді, үшіншіден, Кипрде британдық форматтағы жақсы ағылшын мектебі болды. Бірақ уайымдамаңыздар, 26 маусым күні балаларым Қазақстанға ұшып келеді, сіздерге фотоесеп жіберемін», – деп жауап берді Саясат Нұрбек.
Сонымен бірге, тілшілер «министр атанған соң балаларды елге қайтаруды ұйғардыңыз ба?» деген сұрақ қойды.
«Менің министр болғаныма бір-ақ күн болды. Бұл аралықта бірдеңені өзгерту мүмкін емес. Бұл шешімді жыл басында қабылдағанбыз. Балаларым Қазақстандағы қатардағы мектепке барады», – деді Ғылым министрі.
Сонымен бірге, Саясат Нұрбек діни наным-сенімі туралы сұраққа жауап берді.
«Құдайға шүкір, мұсылманмын. Салафизмге ешқандай қатысым жоқ. Білесіздер, атам мен әжемнің қолында өстім. Атам Нұрбек Семей қаласында Тыныбай мешітінде имам болған. Сондықтан кішкентай кезімнен ислам дініне жақын адаммын. Бірақ ешқандай радикалды ағымдар, секталар, салафизмге қатысым жоқ. Оны ашық айтуға болады», – деді министр.