Ауылдық жерлерде тұратын қазақстандықтар үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламасына арналған квота сақталады, деп хабарлайды Халықаралық бағдарламалар орталығы.
Ауыл тұрғындары жеңілдетілген шарттармен «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурстық іріктеуге қатыса алады.
Ережеге сәйкес, халықаралық квоталық стипендияға соңғы үш жыл бойы ауылда тұрған үміткерлер ғана өтініш бере алады. Олар сондай-ақ, соңғы екі жылда ауылдық жерде жұмыс істеуі керек.
Сонымен қатар, GPA – ауылдық квота бойынша үміткерлер дипломының орташа балы 4,00-дің ішінде 2,67-ден кем болмауы қажет. Сондай-ақ мемлекеттік тілден В1 деңгейінен кем емес, шет тілі бойынша IELTS-ты 9,0 балдан кемінде 6,0 балл алғаны туралы сертификат болуы міндетті.
Ауыл тұрғындары құжат тапсыру кезінде шетелдік ЖОО-ына өз бетінше түсуге міндетті емес. Ауылдық квота бойынша стипендиаттар тіл курстарынан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама бойынша ұсынылған ЖОО тізімінен оқу орнын таңдай алады.
«Ауылдық квотаға түскен стипендиаттың кепілге қоятын мүлігі болмаса, бес кепілгер ұсынылуы мүмкін. Ол 50 жасқа толмаған, соңғы 12 айда тұрақты табысы бар Қазақстан Республикасының азаматы бола алады. Сонымен қатар, ауылдық квота бойынша үміткерлер үшін жұмыстан босатуға жеңілдіктер қарастырылған.
Өңірлерге жұмысқа баратын түлектер үшін жұмыс мерзімі қысқартылды. Олар 5 жыл емес, 3 жыл жұмыс істеуі керек. Бұл шара өңірлерге барып, ауылда жұмыс істейтін болашақтықтардың үлесін арттырады деп сенеміз», – деді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Айта кетейік, құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процесі толығымен автоматтандырылды. Бұл халықаралық стипендия сыйлығының ашықтығын қамтамасыз етті. Өтініш берушілер eGov мемлекеттік қызмет көрсету порталы арқылы өңірден шықпай-ақ өтініш беріп, іріктеудің барлық сатыларынан өте алады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына магистратура, докторантура және резидентураға оқуға қабылдау 14 қазанға дейін жалғасады. Тағылымдамадан өту үшін құжаттарды қабылдау 5 қыркүйекте басталып, 2022 жылдың 14 қазанына дейін жалғасады.
2022 жылы магистратура мен резидентураға 385 шәкіртақы, докторантураға 60 шәкіртақы бөлінді.
«Болашақ» бағдарламасының шарттарына сәйкес мемлекет студенттерге оқу ақысын, екі жаққа бару рейсін, сондай-ақ медициналық сақтандыру мен ай сайынғы стипендияны төлейді. Шәкіртақы мөлшері белгілі бір елдегі қалаға және өмір сүру деңгейіне байланысты өзгереді. Мысалы, Нью-Йорк пен Лондонда ай сайынғы шәкіртақы 2 мың АҚШ долларынан асады.