Home Ұлылар ұлағаты Ибраев Нурлан. Түлектер (Әңгіме)

Ибраев Нурлан. Түлектер (Әңгіме)

0

Ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы күні. Қала мектептерінің түлектері институттың бас ғимаратында 125 тест сұрақтарына бес пән бойынша жауап беруде. Институт ғимаратының кіре берісін бір қауым жұрт, мектеп бітірушілердің ата-аналары, ағайын-туысқандары, дос-жарандары қоршап тұр.
Басында БҰТ, одан соң ҰБТ болып қазақшаланғанымен де қазақ арасына ЕНТ болып тараған бұл іс шара ерте ме кеш пе әйтеуір бір әрбір шаңырақтың басты мәселесіне айналатын түрі бар. Институт ғимаратының алдындағы дүйім жұрттың да сөзі ҰБТ. Ентелеп тұрған жұртты құқық қорғаушылар, институт қызметкерлері кері серпіп сабырға шақыруда. Бір сәт тыпыршыған халық қозғалақтап, гу-гу етіп қалып, қол шапалақтап, біреулері ысқырып барып басылды. Іштен тест тапсырушылар шыға бастаған екен. Есіктен шыға бере күтпеген қошеметке кезігіп, абдырап қалған мектеп бітірушілердің кейбіреулері, сасқалақтап, сүрініп, еріккен жұртты күлкіге қарық қылды.
Беті бал – бұл жанып, дауысы қатты – қатты шығып сөйлеп тұрған бір жас өспірімге ағайын туыстары болса керек, қаумалаған жұрт сұрақты жаудырып жатыр.
– Тест сұрақтары оңай ма ? Қиын ба?
– Сауатсыз сұрақтар болған жоқ па?
– Сен өзің қалай жауап бердің? Дұрыс сұрақтарың қанша?
Мектеп бітірушілердің барлығы шығып болғанша, жиналған жұрт та біртіндеп тарай бастады. ҰБТ – ның нәтижелері түстен кейін жарияланып, дұрыс жауаптар мен ұпай сандары сыртқа ілінетіні хабарланды. Балаларын ерткен ата – аналар түстен кейін қайта келмек болып, үйді – үйлеріне тарап жатыр. Енді біреулер қалған екі, үш сағатты осы маңда өткізуге бекінгендей, асықпай басып, Ертіс жағасына беттесе, тағы біреулер ағаштың көлеңкесіндегі орындықтарға жайғасыпты.
Ағаштың көлеңкесінде отырған жүзі шаршаңқы отағасы: «Үш жарым мың долларға келістім. Алдамайтын шығар. Енді қайтем. Заманы сол болған соң» , -деп күбірлейді жанындағы танысына. Сөздерінің ретіне қарағанда әңгіме мәшиненің құны жөнінде болмаса керек.
Өмір бойы мұғалім болып келе жатқан бір келіншек құрбысына мұңын шағып барады. «Құрысын. Қызым ҰБТ – ға дайындаламын деп шидей болды. Міне бір жыл, тест сұрақтарынан бас алмай дайындалғанына. Әйтеуір, алдын ала тестілеуден 110 – 120 балл алып жүр. Не болса да түстен кейін көрерміз.»
Түстен кейін институт алды қара құрым халыққа қайта толды. Екі студент жүргізуші оқытушылардың атын атап, сөз беріп, ән айтушыларды жариялап тұр. Жұрт алдына шыққан оқытушылар институт жетістіктерін хабарлауда. Әншілерден де, сөз алған оқытушылардан да бір асығыстық байқалады. Жүргізуші бір ақсақалдың атын атап шақырып, таба алмаған соң, «Бата берем деп еді, қайда жүр өзі» деп қойып, ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым бар» өлеңін оқып кетті. Сірә, асабалық әдетіне басқаны шығар.
Біресе ата-аналарға, біресе жасөспірімдерге барғыштап, қолдарындағы буда – буда жарнамалық қағаздарын таратып жүрген өзгеше бір топ бар. Бірде төрт – бестен бір жерге жинала қалып, бірде жандарынан өткен жасөспірімдердің шалғайына жабысады. Бұлар – орта арнаулы оқу орындары, кәсіптік лицейлердің оқытушылары. Арнайы, бұлжытпас бұйрықпен өздерінің оқу орындары жөнінде мектеп бітірушілерге кәсіби бағдар беріп жүр. Үлкендер жарнамалық монологты көңіл жықпастықпен тыңдайды. Мектеп бітірушілердің көбінің жауабы, ең сыпайы дегенде «Менің баллымда қанша шаруаңыз бар. Мен бәрібір институтқа түсемін» дегенге саяды. Ал оқытушылар болса колледжге түскен жағдайда, оқуды бітіріп шығатындарына 100 пайыз кепіл беріп әбігер.
Аяқ астынан үдеген жел мен бірге күтпеген жерден ЕНТ нәтижесін жариялаушы шыға келді. Мектептің нөмірін атап алып, оқушылардың аты – жөндерін оқып, алған балладрын жариялап тұр. Ата- аналар, ұпай санын ести сала, қайталап: – Не дейді? – Қанша ? ,- деп бір – бірінен сұрап жатыр. Басында жүзден асқан баллға ел қол соғып қошемет көрсетіп тұрып, жүз балл қалыпты жағдайға айналып бара жатқан соң оны да қойды. Жел мен жарыса, естіген баллдарын дәл қазір әлдекімдерге жеткізбесе төмендеп кететіндей, ұялы телефонмен айғайға басып жатқан жұрт.
– Жүз жеті балл. Иә, иә. Жүүз жеееті алдық. Үйге, үйге келіңдер.
Ұзын бойлы, денелі, қара көзілдірік киген жігіттің күні бойғы салмақтылығынан жұқана да қалмапты. Телефонына айғайлап, әлдекімдермен сөйлесіп әлек.
Кенет жұрт жапа тармағай қол шапалақтады. Бір мектеп бітіруші 123 балл алыпты. Ата – аналар аты жөнінен таныса керек, бұл өте озат оқушы, жанашыры жоқ жетім бала. Оның бағы жанып тұр, өз күшімен алды десті. Мұғалім келіншектің моп – момақан қызы тұр. Құрбылары бетінен сүйіп құттықтап жатыр. – Жүз он бес баллмен қалаған оқу орынына түсесің,- деседі. Қыздың жүзінен осылай болатынын алдын – ала білгендей өзіне деген бір сенімділік байқалады. Мұғалім келіншектің буыны құрып орындыққа отыра кетті. – Құрысын. Асықпашы. Тіпті осы жерден кеткім келмей отыр.
Жүзі шаршаңқы отағасына да қимыл қозғалысы ширақ ұлы келіп, бір – бірін құшақтап қуаныштарын жасыра алмады. – Жүз он сегіз. Жақсы болды. Әйтеуір ұятқа қалмадық.
Сірә, мектеп бітірушілер болуы керек, дүйім жұртты қақ жарып, түстен бері ерсілі – қарсылы жүрген екі қыздың жүздерінен селқостық пен немқұрайдылықтан басқа ештеңе байқалмайды. Олардың жанында ата – аналары да жоқ. Құлын мүшелерін әлем – жәлем киіммен әйгілеп қойған қыздарды тәрбиелеуден ұстаздар тұрмақ әке – шешелері де әлдеқашан күдер үзген тәрізді. Қашан жетіп алғандары белгісіз, мектеп бітірушілердің бір тобы Ертіс жағасында шулап жүр. Бұлттанған күнге, себезгілеген жаңбырға қарамастан атойлап келіп, суға секіріп жатыр. Оларға қолдарындағы бөтелкелерін бұлғаңдатып, қыздарын қолтықтап тағы бір топ жақындап барады. Кешкі ауа жасөспірімдердің барынша үлкендерге ұқсап айғайлауға тырысқан дауыстары мен дарақы күлкілеріне тұнып тұр.
Аялдамаға жақындаған халықтың ішінде шешесінің қолынан ұстап, ақырын сөйлеп келе жатқан бір бала бар. Дауысы салмақты, төртбақ мығым денелі жасөспірім. – Мама сіз ренжімеңіз.Уайымдамаңыз. Бары сол 35 балл. Мен енді азамат болдым ғой. Алла жар болса қандай жұмыс істесем де бір сізді асырауға денсаулығым да, қабілетім де жетеді. Баласының сөзін құптаған шешесі: – Е, балам, жасыма. Өмір сыны әлі алдыңда, – деді.
ҰБТ – ның әлегімен шаршаған жұрт үйді үйлеріне тарап барады.

Ибраев Нурлан. Семей қаласы Бизнес колледжі Қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version