Home Ұстаз үні Аралас мектептен «адасқан» бала шығады

Аралас мектептен «адасқан» бала шығады

0

Аралас мектеп сонау кеңес заманынан бүгінге дейін талқыланып, шешімі табылмай келе жатқан өзекті мәселелердің бірі. Бұлай жазуымыздың себебі, біріншіден, аралас мектептерге баратын балалардың көбісі қазақ балалары. Ал орыс сыныптарына баратын балалардың саны аз болғандықтан, қазақ сыныптарында орындық, парта жетіспеушілігі аралас мектептердің көбінде кездесетін жайт. Осының салдарынан оқушылар үш ауысымды мектепке баруға мәжбүр. Екіншіден, аралас мектептер ана тіліміздің өз деңгейінде қолданылуына кедергі келтіреді.

Он қазақтың ішіне бір орыс келсе, он қазақ та орысша сөйлейтіндігіне көзіміз бұрыннан жеткен. Ал тұтастай бір мектепті қазақ-орыс мектебі қылып араластырса, қазақыландыру тіптен қиынға соқпайды ма? Аралас мектептегі таза қазақ сыныбына баратын оқушылардың қазақ тіліне шорқақ екенін байқаймыз. Өйткені ондағы қазақ тілі 45 минуттық қана тіл. Сондай-ақ кейінгі кездері көп ата-аналардың балаларын таза орыс мектептеріне, не аралас мектептерге беруге құштар болуы жиілеп кетті. Бұл тірідей қазақтың өзін-өзі сатып кетуімен, әрі өздерін өзге ұлтқа жығып беруімен бірдей саналады.  Осы мәселені статистика бойынша, саралайтын болсақ, елімізде жалпы 7514 орта мектеп бар. Оның ішінде қазақ мектептерінің саны 3845 болса, орыс мектептерінен 1673, өзбек мектебінен 65, ал қалған 14 мектеп ұйғыр тілінде білім береді. Ал қазақ-орыс араласқан мектептердің саны 2083-ке жетеді. Жарайды, өзбек, ұйғыр мектептері өз алдына бөлек білім берсін делік, ал қазақ мектебіне орыс тілді білім беретін мектептерді араластырудың не қажеті бар? дейміз.

Аралас мектеп дегенде бірінші ойға орыстанған өлкелер мен қаладағы мектептер бірден ойымызға оралады. Оған тек орыстанған өлкелерді кінәлаудың да қажеті жоқ. Себебі, оңтүстік өңірлерде де аралас мектептердің саны жетіп артылады. Бірақ оңтүстік өңірлерде аралас мектептер көп болғанымен, онда өзге тілде білім беретін мамандар жоқтың қасы. Сол себепті, ондағы мектептер зейнетке шыққан мұғалімдерді қайта шақыруға мәжбүр. Ал орыстанған өлкелерге келсек, тәуелсіз ел болсақ та, Солтүстік, Батыс, Шығыс өңірлерде таза қазақ мектептерінің тапшы болуы  қынжылтады. Көршілес Ресейге жақын өңірлерді орыстанған десек те, онда балаларын қазақ тілінде оқытқысы келетін ата-аналардың бар екендігін назарға алғанымыз жөн. Мәселен, Көкшетау қаласында қазақ тілінде не орыс тілінде білім беретін мектептің алды екі жыл бұрын ғана салынған көрінеді. Онда да қазақ тілін қалайтын ата-аналардың талабынан. Ал оған дейін тек аралас мектептер ғана болған. Бірақ Көкшетаудағы басты мәселе – ондағы оқушылар орын жетіспеушіліктің салдарынан үш ауысымда оқуға мәжбүр. Үш ауысымды мектептер де қазіргі таңдағы ең ауқымды мәселелердің санатында.

Сондай-ақ орыс мектебі араласқан мектеп қазақтың тілімен қоса менталитетіне де кері әсер етеді. Қазақ не дегенмен еліктегіш халықпыз ғой. Ертеңгі күні кішкентай оқушыларымыз да орыстың тәрбиесін, менталитетін бойына сіңіріп өспейтіндігіне кім кепіл? Орыс мектептерінің ауласына қарасаңыз, оқушы қыздары құдды мектеп түлегі емес, түнгі клубтың қыздарына ұқсайды. Ауыздарында электронды темекі, бұттарында тізеден жоғары белдемше. Ойларында білім алуға келдім, білім ордасын сыйлайық. Соған сай дұрыс киініп, әдебімді сақтайын» деген ой миларына кіріп шықпайтын секілді. Ал мұндай тәрбие келешек ұрпақты тәрбиелейтін қыздарымыздың тұтас ұлтқа балта шабуы болып саналмайды ма?! Тағы бір мәселе, орыс мектептерінде қазақ ұлтының әдебиеті, тарихы, салт-дәстүрі тереңдетіліп оқытылады дегенге күмәніміз бар. Себебі, орыс мектеп түгілі, аралас мектептерде оқыған түлектер қазақтың ұлы тұлғалары түгілі, салт-дәстүрлерімізді білмейді, танымайды. Бұған әбден көзіміз жеткен. Ал тіл мәселесіне келсек, қоғам қайраткері, қазақ тілінің жанашыры Асылы Осман орыс тілі басым болып тұрғанда,аралас мектептің қажеті жоқ екендігін айтады.Сондай-ақ ол «баланың бойына ұлттық тәрбие мен ұлттық рухты тек ана тілі арқылы ғана дарыта аламыз» дейді.

–Аралас мектеп туралы сонау кеңес үкіметі кезінен бері айтып келе жатырмын. Сол уақыттарда да «аралас мектептерді ауылды жерлерде орыстілді бала қазақ тілін, ал қазақ тілді бала орыс тілін үйрену үшін қажет» деп айтқан болатынмын. Ал қалада аралас мектеп дегеннің ешуақытта бірден бір мысқалдай пайдасы жоқ. Қалада онсызда бәрі орыстілді болғаннан кейін,  аралас мектептерде қазақ тілді сыныптардағы балалардың өзі орысша сөйлейді. Яғни орыс тілі басым болады. Біздің биліктегілер дабыл қағып айтуын айтқанымен, бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Егер мемлекеттің тілі шын мәнінде өзекті болып тұрса, ұлтты ұлт етіп көрсететін тілі болса, неге біз осы тілге ерекше мән бермейміз? Тіл ұлттың жаны, рухының тілі, ең құнды мұрасы болғандықтан, барлығын да осы тіл арқылы айтып жеткіземіз. Тілді білмеген адамнан өз басым ештеңе сұрамаймын. Еш нәрсе сұрауға да болмайды. Егер сіз қай тілде сөйлесеңіз, сол тілге, сол ұлтқа қызмет еткен болып есептелесіз. Мемлекеттің иесі де, киесі де қазақ болып тұр. Сол үшін де қазақ тілі мемлекеттік тіл болып есептеледі. Мемлекеттік тілді Ата заңда да, тіл заңында да Қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазады. Бірақ оған қарап жатқан ешкім жоқ. Не себепті мемлекеттік тілді көтермелеп, талап қойып, өз тұғырына қондырмаймыз? 30 жыл Тәуелсіз ел болсақ та қазақ тілі өз тұғырына қонбай келеді. Осы мәселені көп жылдан бері көтеріп келе жатырмын. Шындығында, тілді саясатқа құрбан етіп отырмыз. Басшылардың тілі бір басқа, қарапайым халықтың тілі бір басқа. Қарапайым қазақ қазақша сөйлесе, биліктегілер қандай жиын болсын орысша сөйлейді. Мемлекеттік тілімізді көтермелеу үшін не мектепте болсын, не оқулықтарымыздың жазу тілін дұрыстап, ерекше көңіл бөлуіміз керек. Мемлекеттік тілге талап қойылса, барлығы да қазақ тілінде сөйлеуге тырысады. Мәселен, ең қиын тіл хинди тілі мен қытай тілі. Егер баламызды сол елдерге оқуға жіберсек, бір жылдан кейін сол елдің тілдерін үйреніп келеді. Не үшін? Десек, ол елдерде мемлекеттік тілдеріне қатаң талап мықты болғандықтан, мәжбүрлікпен үйренеді. Егер сол елдің тілін білмесе, оқи алмайтынын түсінеді. Сұраныс пен талап бар болған соң, ниет те болады. Ал бізде не қажеттілікті арттырмаймыз, не сұрамаймыз, не талап етпейміз. Сондықтан да ешкімде ниет те болмайды. Бұған қазағымыздың өзі де немқұрайлы қарайды. Өзге ұлттың өкілдері маған «азаннан кешке дейін «қазақ, қазақ тілі» дей бересің, бірақ олардың өздері қазақ тілін қаламайды ғой» деп айтып жатады. Бұл дұрыс емес. Неге біз барлық жерде тіліміздің қажетін асырмаймыз. Мәселен, жұмысқа, оқуға қабылдарда «Қазақ тілін білесің бе?» деп талап қоймасқа. Бізде тек тілді жақтағандарды шеттетуді біледі. Өзім қазақ тілін жақтасам, ассамблеядағылар мені «қазақ» десе, кейбір шала қазақтар «әзірбайжан» деп шеттетіп жатады. Сонымен екі ортада жүріп қалдым. Бірақ қазақ елінің топырағын басып, нанын жеп жүрген соң қазақ тілін құрметтеймін. Қазақ тілі туралы қаншама жерде айтылып жатқанымен, ешқайсысы іске асырылып жатқан жоқ. Қазақ тілі өз дәрежесінде болмағандықтан, қазақ өзінің таза қазақы, жасандылығы жоқ мінезінен ажырап барады. Сол үшін қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін балабақшадан, мектептен бастап, балалардың бойына қазақ тілінің құдыреттілігін сезіндіріп, ұлттық тәрбиемен өсуі үшін ана тілімен дарыта білген жөн. Ана тілін, ұлттық тәрбиені, ұлттық рухты баланың бойына дарытуымыз керек. Сол себепті, тәрбиеміз – ұлттық, тіліміз – әлемдік болуы керек, – дейді тіл жанашыры Асылы Осман.

Ал мектеп директорлары не дейді? Дегенге келсек, қоғамда өзінің ойын ашық айтып жүрген, Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры Ахметжан Аятжанұлы қандай мектеп болсын, ең алдымен барлық мектеп директорларына мемлекеттік тілді жоғары дәрежеде білуі тиіс деген заңды норма енгізу керектігін айтады. Сондай-ақ ол «Мектеп тұрғысында өзге тілді мектеп және қазақ тілінде білім беретін мектеп деген сөзге нақтырақ тоқталуымыз қажет. Соның ішінде бірінші кезекте өзге тілде білім беретін мектептерді құртқан жөн. Ал аралас мектептерге қазақ мектебін араластырмай, өзге тілді орыс, өзбек, ұйғыр, дүнген, татар мектептерін біріктірген дұрыс. Оған таза қазақ мектептерін араластыруға болмайды. Онда тек артқа шегінгендік болып саналады. Сондықтан қадамды дұрыс басқанымыз жөн. Екіншіден, телеарналарда ақпарат таратудан арнайы заңдық нормалар бар. Мәселен, телеарналар кемінде 50 пайыз мемлекеттік тілде хабар таратуға міндетті. Тура сол сияқты өзге тілді мектептер мен аралас мектептердегі тәрбие іс-шаралары кемінде 70 пайыз қазақ тілінде жүруі керек. Яғни мектептегі педагогикалық кеңес пен концерттер, іс-шаралардың барлығы таза өзге тілді мектеп болсын, аралас мектеп болсын қазақ тілінде жүргізілгені дұрыс деген заңдық норма қажет. Үшіншіден, директорларды тағайындау конкурсына «мектеп директорлары мемлекеттік тілді жоғары дәрежеде білуі тиіс» деген талап негіздегі норма да енгізілсе деймін. Себебі, мектеп директоры қай тілге басымдық берсе, сол мектептің мұғалімдері де, оқушылары да сол тілде сөйлейтін болады, әрі сол тілде іс-шаралар да өткізіледі. Орыс тілінде сынып сұрайтындардың арасында «Біз демократиялық мемлекетпіз, таңдау өз еркімізде» дегенді желеу ететіндер де бар. Бірақ оларға айтарым, Конституция заңында «Біз демократиялы құқықтық зайырлы мемлекетпіз». Олай болса, тілімізге деген құрметті құқықтық мемлекет ретінде барлығын заңмен шешіп реттейік, – дейді Аятжан Ахметжанұлы.

Негізінде, аралас мектептердің елімізде пайда болуы ХІХ ғасырдың соңында орыс-түзем ретінде мектептер ашыла бастаған. Бірақ аралас мектептің саны тұрақталмай, жыл сайын саңырауқұлақша көбейе түскен. Ал шындығына келсек, орыс мектептері мен аралас мектептерде білім алатындардың басым бөлігі қазақ балалары екендігін ешкім жоққа шығара қоймайды. Сондай-ақ аралас мектепті құртып, орыс мектептерінің де санын шектеу қажет. Себебі, Ресейдегі жағдайға байланысты елімізге соңғы 3 айда Ресейден Қазақстанға 204 947 адам көшіп келген. Бұл қорқынышты статистика. Ертеңгі күні сол орыстарға арнайы орыс мектептерін ашып, төбемізге көтерудің де қажеті шамалы. Онсыз да орыстың тіліне жығылған халық ертеңгі күні қазақтың тілін ұмытары сөзсіз. Оның орнына қазақ тіліне деген сұранысты арттыра отырып, оқығысы келген баласын таза қазақ мектебіне беруін талап етеміз. Бұны ұлтараздыққа баламай, ұлтымызға деген құрметімізді арттыру деп қабылдағанымыз жөн. Сондай-ақ ғалым Мекемтас Мырзахметұлы айтпақшы «Аралас мектеп ада қазақтар мен шала қазақтардың жыл асқан сайын еселене көбеюінің фабрикасына айналып кетті» деп дабыл қағуының да жөні бар. Ғалым айтқандай, аралас мектептердің көзі жойылмай, орыс мектебінің саны кемімесе, ертеңгі күні болашақты мәңгүрт ұрпақтың жайлары сөзсіз.

Р.S. Елімізде мектептердің аралас мектеп болуына қарсы болып, таза қазақ мектеп болуын талап етіп, атсалысып, үлес қосып жүрген азаматтарды да жаза кеткеніміз дұрыс. Мәселен, газетіміздің оқырманы Мырзахан Қабасов есімді азамат пен бірнеше зейнеткерлер Талғар ауданындағы 1200 орындық жаңадан салынған мектептің аралас болуына қарсы болып, соңында таза қазақ тілді мектеп етіп ашылуына жол ашты. Енді ақсақал №98 мектеп пен №100 аралас мектептер бір-біріне қарама-қарсы қатар орналасқандықтан, біреуін таза қазақ тілді, екіншісін орыс тілді мектеп болса деген арманы мен ұсынысын айтады. Өйткені ол мектептер аралас болғанымен, онда қазақ балаларының саны көп екендігін, әрі қазақ сыныптарына парта жетпей, қиналып жатқандығын айтады. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табар деп үміттенеміз.

Бифат ЕЛТАЕВА

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version