Алматы облысы Жамбыл ауданы Еңбекшіарал ауылындағы мектептің қабырғалары жарылып кеткен.
Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Бейнежазбадан іргетасы сөгіліп, қабырғалары жарылған мектепті көруге болады.
«Бұл мектепте балалар қалай оқиды? Мектептің қабырғалары құлайын деп тұр. Бұл жерде мыңнан астам бала білім алады. Олардың өмірі не болмақ», – деп жазды желі қолданушысы.
Аталған жағдайға қатысты Алматы облысының әкімдігі түсінік берді.
«Сейсмикалық белсенділіктің салдарынан 2024 жылдың ақпанында облыстың сегіз мектебі мен бір колледжінде әртүрлі ауырлық дәрежесіндегі зақым келді. Соның ішінде қабырғадағы жарықтар мен іргетастың ішінара бұзылуы тіркелді. Олар: Іле ауданы Түймебаев ауылында №20, Боралдай ауылында №40 орта мектеп, Еңбекшіқазақ ауданы, Қаипов ауылындағы Қазақстан орта мектебі, Жамбыл ауданындағы Еңбекшіарал орта мектебі, Қайназар ауылындағы №2 орта мектебі, Ұйғыр ауданы Хамраев атындағы, Шырын, Дардамты орта мектептері, Шонжы политехникалық колледжінің шеберханасы», – деп хабарлады Алматы облысының әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қаржы төтенше жағдайларға арналған резерв қаражатынан бөлінеді.
«Қазір барлық зардап шеккен білім беру объектілері үшін техникалық қорытындылар мен жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр. Олардың негізінде күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Жөндеу жұмыстарын қаржыландыру төтенше жағдайларға арналған резерв қаражаты есебінен жүзеге асырылады», – деп атап өтті әкімдіктен.