Home Жаңалық Қыран баптап, тазы өсірген 13 жастағы қызылордалық оқушы

Қыран баптап, тазы өсірген 13 жастағы қызылордалық оқушы

0

Қызылорда облысы Шиелі ауданының 13 жастағы тұрғыны Саянбатыр Тәліпов кішкентайынан жүйрік баптап, құсбегілікке әуес болған. Қазіргі уақытта жас өрен қазақтың ұлық тұтқан өнеріне мықтап ден қойғанын айтады.

Саянбатырдың әкесі Бағдат оны екі жасынан бастап атқа мінгізіп, жылқы малына жақын болуына баулыпты. Өсе келе оны сан алуан ұлттық ойын-сауыққа қатыстыруға ниет танытқан. Бүгінде Саянбатыр көкпар мен бәйгенің шабандозы болып, көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп жүр.

Әкесінің айтуынша, баласы кішкентайынан жылқы малын жақсы көріп, даладағы еркіндікті сезініп өскен. Атқа мінсе арқаланып кететін перзентін ол осылайша жүйрік баптап, оның қыр-сырына қанығуға жақын етіп өсірді. Қызығушылық танытқан ұлына қазір білгенін үйретіп, ұлттық дәстүрді ұлықтауға баулып келеді.

Сондай-ақ Саянбатыр құсбегілік өнерге де жақын екенін аңғартып отыр. Көкте қалықтаған құстың тілін табуға ұмтылған жеткіншек бұл өнерге деген әрбір дерекке көз салып, ой-танымын кеңейтуге ықылас танытады. Перзентінің осындай қызығушылығын байқаған әкесі Бағдат оған ұядағы қыран құстың балапанын әкеліп берген. Қазір Саянбатыр әкесімен бірге аңшылыққа шығып, құс баптаудың қыр-сырын үйреніп жүр. Құмай тазыны қасына ертіп, қыран құстың аңға түскенін көріп, олжасын түз даладан іздеуде.

«Ұлттық салт-дәстүрді зерттей жүріп, жылқымен байланысты спорт түрлеріне назар аудардым. Кейін әкем ұядан қаршығаның балапанын әкеп берді. Оқыған және естіген мәліметтерді тәжірибе жүзінде іске асыруға мүмкіндік туды», – дейді Саянбатыр.

Қыран баптау – отбасылық үрдіс. Бұған дейін де әкелі-балалы ұядан балапан әкеліп, қолға үйретіп, кейін еркіндікке жіберетін болған.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version