ҚР Оқу-ағарту министрлігімен Білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес елімізде инклюзивті білім беруді дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Ақмола облысының төрт ауданында инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері ашылды. Атап айтқанда Бурабай, Бұланды, Сандықтау және Жақсы аудандары.
Инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттерінің негізгі мақсаты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларға оқу кезінде психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету.
«ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті білім беруді дамытуға басымдық беруде. Бүгінгі таңда жалпы білім беру мектептерінің 86%-дан астамында қазірдің өзінде инклюзивті білім беру бойынша жағдай жасалды, 9,7 мың арнайы педагог психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу жүргізуде. Сондай-ақ 2,5 мыңнан астам педагог-ассистент енгізілді, олар білім алушыларға қолдау білдіруде маңызды рөл атқарады», – дейді инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева.
Қазіргі уақытта елімізде мектептер жанынан 1051 инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті және 22 ресурстық кеңес беру орталығы жұмыс жасауда. Бұл шаралар барлық балаға қолжетімді және инклюзивті білім беру ортасын құруға бағытталған.