Home Жаңалық Депутат мектептерде мұғалімдерден қаражат жинау жүйесін жоюды талап етті

Депутат мектептерде мұғалімдерден қаражат жинау жүйесін жоюды талап етті

0

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наурыз Сайлаубай мектептердегі сыбайлас жемқорлық мәселесін көтерді.

«Тарихы терең білім ордаларындағы жомқорлық және бүлдіршіндердің тамағына таласқандар қазіргі таңда шәкіртке тұлға бола алмай тұр. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әрекеті мектепке қарапайым еден жуушы, күзетші және аула сыпырушы болып жұмысқа тұрайын десең де жағаңнан алып, тығырыққа тірейді. Ұстаз болып, шәкірт тәрбилеймін десеңіз оның ставкасы бөлек әңгіме. Жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істегісі келетін жас маманның сағы сынып, осының кесірінен басқа салаға кетуге мәжбүр. Мәселен, биыл Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық соты «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» ММ басшысы, бас бухгалтері және 24 мектептің бухгалтерлеріне жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін үкім кесті. Бұл бір аудандағы әшкере болған әрекеттердің бірі ғана», – деді Н. Сайлаубай Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар депутат білім ошақтарындағы бүлдіршіндерге берілетін ыстық тамақтың жағдайы жиі сынға ұшырайтынын еске салды.

«2023 жылы осы жемқорлықтың кесірінен 192 қылмыстық іс қозғалып, 13 миллиард теңге жымқырылған. Ірі жымқырулар Жетісу, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында орын алды. Бұл жердегі жемқорлық схемасы 1 жылдық емес, ондаған жылдар бой жұмыс істеп келе жатқан үлкен бір жүйе», – деді ол.

Бұл тұрғыда Наурыз Сайлаубай бірнеше ұсынысын жариялады. Біріншіден, есеп-қисап жүйлері арасындағы байланысты түзету керек. Бұл жерде білім бөлімі басшысы, директор мен бухгалтердің арасындағы сыйбайластығын жоюға назар аудару маңызды.

«Екіншіден, мектептерде мұғалімдерден қаражат жинау жүйесін жою керек. «Белгісіз фондтарға» керекті құрал-жабдықтар аламыз деген бастамамен ақша жиналады. Негізінде, білім ордасына керек кеңсе тауарларына Үкіметткен тікелей қаражат бөлінбей ме? Бұдан бөлек, облыс, аудан, қала арасындағы бюджеттік жоспар мен бөліністің ашықтығы және осы жүйені цифрландыру арқылы ақпараттық ашық болуы қамтамасыз етілуі тиіс», – деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл сәуір айында Жаңақорғанда білім бөлімі басшысы мен 24 мектептің бухгалтері сотталды.

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version