Енді ерекше білім беруді қажет ететін 150-ден астам бала басқа қатарластарымен бірге оқи алады.
№97 мектеп-гимназияда ашылған осындай жаңа сипаттағы инклюзияны қолдау кабинетінің бірін «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен аралап көрді. Жаңа сипаттағы тиісті сыныптар №22 мектеп-гимназияда, №36 орта мектепте, К.Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейде, Ә.Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейде жабдықталды. Игілікті іс «Charity Samruk Marathon» қайырымдылық марафоны кезінде жиналған 126,7 миллион теңгеге атқарылғанын атап өткен жөн. Бұл қаражатқа мектептерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар, жиһаз бен оқу-әдістемелік кешендері сатып алынды, мамандар даярланды.
«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды кешенді түрде қолдап келеді. Ел өңірлерінде 42 оңалту орталығын, 10 спорт кешенін аштық. Бейімделген спорт секцияларына 1000-нан астам бала қатысады. Мүгедектігі бар жастарды цифрлық кәсіптерге оқытуды бастадық. Осылайша, адамдарға туғанынан бастап көмек көрсетіп, олардың қоғамда әлеуметтенуіне барлық жағынан ықпал етеміз», деді Нұрлан Жақыпов.
Инклюзияны қолдау кабинетінің үлгісін Қор инклюзия саласындағы сарапшылармен бірлесіп әзірледі. Сыныптар екі бөлек кеңістіктен тұрады: психолог, дефектолог, логопед және қыш бұйымдарын жасау кабинетіне open space түріндегі кең бөлмелер, сонымен қатар емдік дене шынықтыру кабинеті (физикалық терапия). Дәрісханалар аумағы кемінде 60 шаршы метрді құрайды. Бұл сәйкесінше балаларға ыңғайлы да жайлы жағдайда сабақ өткізуге мүмкіндік береді.
«Сіздер керемет жұмыс жасадыңыздар. Сіздердің арқаларыңызда ерекше балалар қарапайым балалармен бірге оқуға мүмкіндік алды. Қазір менің ұлым бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Мұғалімнің нұсқауларын орындауды үйренеді, ортаға қосылады. Аутизмі бар балалар үшін әлеуметтену өте маңызды», деп ризашылығын жеткізді мектеп оқушысының анасы Мария Айдарханова.
Оқытушылар мен мамандар оқудан өтіп, оларға жыл бойына әдістемелік қолдау көрсетіледі. Инклюзияны қолдау кабинеттерін құру жобасын «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қоры жүзеге асырды.