Home Ұстаз үні Жақсылық Орынбасар. Ұстаздықтан ұлы кәсіп жоқ, бірақ…

Жақсылық Орынбасар. Ұстаздықтан ұлы кәсіп жоқ, бірақ…

0

Шілде айының 5-6 күндері Астана қаласының 16 жылдығына орай өткізілген Республикалық айтыста айтыс ақыны, сайтымыздың шеф-редакторы Жақсылық Орынбасар ұстаздардың бүгінгі хал-жағдайын Қадырғали Көбентайдың «Өнер адамы» әнінің әуеніне салып былай толғаған еді.

Естеріңізге сала кетейік, осы жұп айтыстағы екі ақын, бірі Ержеңіс Әбді математика пәнінің мұғалімі болса, енді бірі Жақсылық Орынбасар физика пәнінің мұғалімі. Ұстаздың жырмен өрілген үнін қаз-қалпында сіздерге ұсынуды жөн көрдік.

Біздер, біздер бақшадағы бағбанбыз,
Біздер, біздер жарқыраған шамдармыз.
Елу мыңдық айлықпенен күн көріп,
Жүз мыңдарға пәтер жалдап алғанбыз.

Біреулерге биік-биік шыңдаймыз,
Біреулерге қу медиан құмдаймыз.
Міндеттеуге келген кезде құлдаймыз,
Құрметтеуге келген кезде жұрдаймыз.

Қайырма:
Алдымызда жалт-жұлт етіп от, шырақ,
Әне-міне айлық өсед деп тұрад.
Ұстаз болу ұлы міндет дегенмен,
Ешкім бізді шын сыйлаған жоқ, бірақ,
Ешкім бізді шын сыйлаған жоқ, бірақ.

Жарымай-ақ шапағатқа, шапанға,
Біздер жүрміз ең жапалы сапарда.
Ұл-қыздарын тәрбиелеп жатсақ та,
Ешкім бізді қоса алмай жүр қатарға.

Гүрілдетіп джипыңды да мінбейміз,
Анталия, Анкараңда жүрмейміз.
Өзі жанып айналасын жылытқан,
Біз кәдімгі жанған отпен бірдейміз.

Қайырма:
Алдымызда жалт-жұлт етіп от, шырақ,
Көңілдерге ұялайды көп сұрақ.
Қазақстан “елу елге” енсе де,
Мұғалімге неге жағдай жоқ, бірақ?
Мұғалімге неге жағдай жоқ, бірақ?
Мұғалімге неге жағдай жоқ, бірақ?

Қап-қараңғы аспаныңа күн болған,
Сұлтанмахмұд алашқа адал ұл болған.
Мағжан, Ахмет, Ыбырайлар сап кеткен,
Біз ешқашан шегінбейміз бұл жолдан.

Қайырма:
Алдымызда жалт-жұлт етіп от, шырақ,
Мен ойымды кетем былай топшылап.
Қоғам қанша қораш санап жүргенмен,
Ұстаздықтан ұлы кәсіп жоқ, бірақ,
Ұстаздықтан ұлы кәсіп жоқ, бірақ!!!

kazbilim.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version