Home Ұстаз үні Мәуіт Рысбек. дарынды бала тек, дарынды мұғалімнен шығады.

Мәуіт Рысбек. дарынды бала тек, дарынды мұғалімнен шығады.

0

– Бұл күні республикада ағалап алға шыққан Зерде мектебінің таңдаулы ұстаздарының бірісіз, өз жетістіктеріңізбен бөлісе отырсаңыз.
– Негізгілерін айтсам, 2011 және 2012 қатарынан екі жыл Білім және ғылым министрлігінің құрмет грамотасымен марапатталдым. 2012 жылы «Жыл мұғалімі» байқауында бірінші орын иелендім. Республикалық үздік авторлық бағдарламалар конкурсында 2011 жылы екінші орын және 2013 жылы екінші орын алдым. «Логикалық есептер» атты қалалық математика мұғалімдерінің конкурсында бірінші орын алдым. Бергісін айтпағанда, оқушыларым халықаралық олимпиадалардан екі алтын, он шақты қола, күміс жүлделер алды. Қалалық, республикалық олимпиадалардан қаншама жеңістер әкелді. 2011 жылы 10 оқушым Назарбаев университетінің түлегі атанды. Математикалық олимпиадаға байланысты бірнеше оқу құралын, біраз мақалалар жаздым. Қала көлемінде, республика көлемінде талай мәрте онлайн сабақтар, конференциялар өткіздім.

– Білім және ғылым минстрлігінің екі мәрте құрмен громотасы – биік марапат, бұл деңгейге қалай жеттіңіз?
– Әлі де үлкен жетістіктерге жеттім деп айта алмаймын. Ал, аз болса да жетістікке жету үшін табан ет, маңдай тер керек қой. «Берсең аласың, ексең орасың» деген қазақта тамаша сөз бар. Екінші жағынан «Зерде» мектебіне келген бес-алты жылда үлкен бір университет бітіргендей болдым деп үнемі айтып жүрмін. Маңайда жүрген ұстаз ағаларымнан көп нарсе үйрендім. Үшіншіден, мықты оқушылармен жұмыс жасау сізді жоғары деңгейге жетелейді. Бүкіл дүние жүзі қатысатын халықаралық математика олимпиадасы ІМО-дан екі марте қола медал, Балқан елдер олимпиадасынан, Батыс қытай олимпиадасынан алтын медал алған Амангелдин Әкежанды тәрбиелеуім мені жоғары деңгейге жеткізді. Бұл күнде шынымды айтсам, Әкежан маған емес, мен Әкежанға үлкен алғыс айтсам болады. Алғашқы «құрмет грамотасын» алуға себепші болған. Оны тәрбиелеген мен ғана емес, басқа да ұстаздардың, әсіресе, 5-сыныптан тәрбиелеген Бекболат, менімен бірге сабақ берген Күшай ағайлар бар еді. «Құрмет грамотасын» қайсы ұстазыңа береміз деп министрліктегілер сұрағанда мені көрсеткен сияқты. Білімімнің өсуіне себепкер болды дейтінім, оған кейде түнгі сағат екі-үштерге дейін отырып есеп дайындайтынмын. Кейін сол есептерді жинақтап, «Олимпиадалық есептерді дәлелдеу мен шешудің кейбір ерекше тәсілдері» деген оқу құралын да шығардым. Кейбір мұғалімдер Зердеге дарынды балаларды жинап алса, олар олимпиададан шықпағанда қайтеді дейді. Бірақ, жоғары деңгейдегі оқушыны дайындау үшін тіпті де жоғары деңгей керек екенін түсінбейді. Жоғары деңгейдегі олимпиадалық есепті қойып, оқулықтағы В деңгейдің кейбір есептерін шығара алмай отырсаңыз, қалай оқушыны терең білімге бастай аласыз? Оқушыны өзіңе мойындата алғанда ғана және қызықтыра алғанда ғана үлкен жетістікке жеткізе аласыз. Сол Әкежанды 10-сыныптан ары қарай тәрбиелей алмадым. Оның ІМО-дан алтын медал алатын мүмкіндігі бар еді. Соған кейде өкінемін. Өзім де білім жетілдіруге, ары қарай оқуға тура келді. 2011 жылы Еуразия университетіне оқуға түсіп, екі жыл магистратура оқып шықтым. Қазір бесінші сыныптан бастап өзім алып тәрбиелеп жатқан оқушыларым бар, биыл сегізінші сынып болды. Арманым соларды ІМО-дан алтын медалға жеткізіп, қазақтың мерейін асырсам деймін. Оның алғашқы жемістерін көре бастадық. 7-сыныпта жүріп-ақ Нарбаев Бақдәурен қалалық Ли олимпиадасынан 10 сыныптар бойынша бірінші орын алды. 7-сыныпта жүріп-ақ Мейрам Серікболсын 9-сыныптар арасында Республикалық олимпиаданың ІІІ кезеңінде громота алды. 2013-2014 оқу жылдарындағы қалалық жас математиктер олимпиадасында 7-сыныптан 4 оқушым бірдей бірінші орын алды. Биыл Жәутіков олимпиадасы қатарлы біраз Халықаралық олимпиадаларына жіберем деген ойым бар.

– Ұстаз мамандығын таңдауыңызға не себеп болды? Кезінде жасаған сол шешіміңізге қазір қалай қарайсыз?
Біз оқып жүргенде Қытай үкіметінде «Дарынды бала дарынды мұғалімнен шығады» дейтін бағдарлама болды. Педколледждерге негізгі мектепті бітіре салып, ең жоғары ұпай алған оқушыларды жоғары шәкіртақымен оқытатын. Біз сол бағдарламаға іліндік. Негізі мектепті бітіргенде әр пәннен 100 ұпайдан 6 пәннен тапсыратынбыз. 600-ге жақын ұпай орындап, аймақ бойынша алдыңғы қатарда шықтым. Сонымен педколледжге түстік те кеттік. Екіншіден, адам тәрбиелеп жас ұрпақтың жүрегіне нұр себу бала кезден арманым еді. Сыныптастарым мұғалімнен түсіне алмай қалған жерін менен сұрайтын, мен ыждағаттылықпен түсіндіріп беретінмін. Олар сен мұғалімнен артық түсіндіресің деп разы болушы еді. Басқаларға түсіндіру барысында өзім де көп нәрсені қайталап алатынмын және басқаларға көмек жасай алғаным үшін қуанатынмын. Қазірде солай оқытушы болғаныма еш өкінбеймін.

– Қазіргі ұрпақ тәрбиесі мен білім беруге көңіліңіз тола ма? Ең басты олқылығы неде?
Егеменді ел болып, етек жеңімізді түзеп жатырмыз ғой. Еліміз аз уақыттың ішінде Елбасының бастауында елеулі істер тындырды. Бірақ, әттеген-айымызды айтпай жомпарлаған жерімізге жете алмайтынымыз да айдан анық қой. Біріншіден, ұлттық тәлім-тәрбиеміз олқы. Ұрпаққа ұлттық тәлім-тәрбиені, ұлттық болмысты қалай сіңіреміз дегеннің орнына шетелге еліктеуіміз, жалтақтауымыз көбейіп кетті. Расында, біз өзгеден озамыз дейді екенбіз, бұрынғымызды бүгінгі үшін, шетелдікін өзіміз үшін пайдалана білуіміз керек. Бірақ соның бәрін екшеп отырып, ұлттық қасиетімізге, экономикалық жағдайымызға, ең бастысы ұлттық мүддемізді бірінші орынға қоя отырып алуымыз керек деп ойлаймын. Мысалы, Америка дамыған алпауыт ел, біздің мұғалімдердің айлығы мен әлеуметтік жағдайын олармен салыстыруға мүлде келмейді. Сондықтан, «Аттыға ілесем деп жаяудың таңы айырылыпты» демекші, олардың істеп отырған нәрсесін өзімізге талғаусыз таңуға келмейді ғой. Қағазбастылық, таусылмайтын есеп беру, тіпті соңғы кездері кірген электрондық журнал онсыз да жауыр болып жүрген мұғалімдердің жүгін ауырлатып жіберген сияқты. Екінші, оқулықтарымыздың олқылығы, оқушылар пайдаланатын қазақша материялдардың кемшілдігі, оқулық тілінің оқушылар түсінігіне, жас ерекшелігіне сай емес ауыр болуы, тіпті ғылыми қателіктердің болуы жүрегіңізді ауыртып, қарныңызды аштыртады. Сосын, біздің оқулыққа қосымша дидактикалқ материялдарымыз аз болып қана қоймай, жалаң бір жақтылы. Балалардың жан-жақты ойлау қабілетін ашып бере алмайды. Әлі көне сүрдекпен келе жатқан сияқтымыз. Қазақша материялдардың жетіспеушлігі қазақ тілінің қолданыс аясының тарылуына әкеліп соғады. Біздің қазақ халқы ертеден-ақ қарыс, сүйем, елі, құлаш, иық қатарлы ұзындық өлшемдерін қолданған. Мұны көп оқушылар мүлде білмейді, тіпті, қазақша оқып жүрген оқушылар арасынан қою, сұйық сияқты қарапайым сөздерді білмей жатқан талай оқушыларды кездестірдік. Ал, қазақша материялдар көп болса, кейбір қажеттіліктерден қолдану барысында, қазақша сөздік қорының молаюына көп көмегі болады. Үшіншіден, әлеуметтік жағдайларға байланысты ер мұғалімдер санының аз болуы, мұғалімдік кәсіпте жастардың аз болуы, мұғалім сапасының төмендеуі қатарлы факторларда тәлім-тәрбиеге үлкен әсерін тигізеді. Бір қуанарлығы, мемлекеттің мұғалімдерге бағдарламалармен үй беруі, әлеуметтік жағдайларын жасай бастауының арқасында мықты жастар мұғалімдікке келе бастады.

– Мұғалімнің қоғамдағы орны мен оқушылар алдындағы беделі неге төмен?
Ең алдымен мұғалімдердің экономикалық жағдайы себеп. Ел мініп жүрген джиптерді мініп жүрген қай мұғалім бар? Ел қатарлы демалысында шетелдің жақсы жерлеріне барып демалып келіп жүрген қай мұғалім бар? Ал джип мініп, демалыс сайын шетелге ұшып барып, саяхаттап келіп жүрген оқушы мен ата-ана жаяу жүрген мұғалімді қалай менсінсін? Екінші, бүкіл қоғам болып, ел болып мұғалім мәртебесінің көтерілуіне атсалысуымыз керек. Бұрынғдай емес қазір балалардың жаны аяулы нәзік болып кетті. Балаларының барлық істеріне араласып, шыр-пыр болып жүгіріп жүрген кейбір ата-аналар мұғалімнен кінә іздегісі келіп тұратын жағдайлар да бар. Бұрын ата-бабаларымыз молдаға баласын бергенде «сүйегі менікі, еті сенікі» деп береді екен. Осы бір ауыз сөз-ақ мұғалімге деген құрметті, сенімді барлығын көрсетіп тұрған жоқ па? Отбасындағы мұғалімдерді жамандайтын, кіналайтын сөздердің барлығы балаға әсер етеді де, оқушылардың ойында да сондай түсініктер қалыптасып, мұғалімді менсінбейтін, құрметтемейтін жағдайлар қалыптасады. Кейбір интернетте мұғалімдерді масқаралайтын нәрселердің болуы, ақпарат құралдарындағы мұғалімдер туралы жағымсыз хабарлар, бұлардың барлығы ұстаздар беделіне әсер жасайды. Үшіншіден, расында да кейбір мұғалімдер сапасының төмен болуы оқушлармен, ата -аналармен дұрыс қарым-қатынас жасай алмауы, тіпті, кейбір ұстаздардың ұстаздыққа тән моралінің болмауы, адамдық қасиеттерінің аз болуы «бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің» кебін келтіріп, мұғалім беделіне әсерін тигізуде. Ұлағатты ұстаздар әрине, әлі де халық құрметінде. Халық құрметіне бөленген ұстаз болу осы мұғалімдік кәсіптегі ең үлкен бақыт. Себебі жирма отыз жыл мұғалім болған адамның алдынан қаншама шәкірттер түлеп ұшады, шартарапқа кетеді. Сол шәкірттер әркез алдынан шығып, ұстазы үшін құрақ ұшқанда, ұстаз болудың машақатының бәрін ұмытып, өзіңізді қаншама бақытты сезінесіз. Шәкірт жүрегінен терең орын алған осындай ұстаздардың талайын көрдік. Төртіншіңден, жергілікті билік орындары мен жергілікті білім беру орындарының мұғалімдер құқығын дұрыс қорғамауы, орынсыз істерге жұмсауы көбейіп кеткен сияқты. «Өзіңді-өзің сыйласаң жат жанынан түңілер» демекші біз мұғалімдер еңбегін бағалауымыз керек. Егер олимпиадаларға, басқа да жұмыстарға адам керек болса мектептерден шақырылған мұғалімдер таңнан кешкі сағат 9-10-дарға дейін жүріп тегін жұмыс істеп жатады. Бір басшыны алдауға немесе бір жерлерге адам шоғырын молайтып, көрермендер санын толтыру керек болса, мұғалімдерді жұмсаймыз. Айтатын сылтауымыз сені мектептегі сабағыңнан босаттық. Ал сол сағатың үшін ақша төленіп жатыр. Кейбір республикалық конкурстарға, семинарларға барғанда да мұғалімдердің жол шығынын, іссапар қаражатын өндіріп беру туралы айтылса да, кейбір жергілікті орындар, мектептер бұл конкурс немесе семинар өзіңнің ертең категориаңыз үшін керек, сондықтан өз ақшаңды өзің төлейсің,- деп онсыз да айлығы мәз емес мұғалімдердің қынжылып отырғанын да көрдік. Міне бұлардың барлығы мұғалімдер еңбегін бағаламау, олардың құқығының аяқ асты етілуі, құрметсіздік болып табылады. Бесіншіден, мұғалімдер еңбегін бағалау демекші, жақсы мұғалімнің еңбегі халық жүрегіндегіні дәп басып айтып, халық руханиятын көтеріп жүрген ақындардан кем емес. Жақсы мұғалім еңбегі халықты тамаша әндерімен сусындатып, эстетикалық ләззат бағыштап жүрген жақсы әншілерден кем емес. Жақсы мұғалімнің еңбегі қазақтың көк байрағын аспанда желбіретіп, Әнұранын асқақтатқан олимпиада жеңімпаздарының жетекшілерінен кем емес. Себебі, жақсы мұғалім ел ертеңіне қажетті жақсы шәкірт тәрбиелеп жатыр. Олар да өз шәкірттерін халықаралық олимпиадаларға жіберіп мемлекеттің намысын қорғап, абыройымызды аспандатып жүр. Бірақ мұғалімдерімізді дәріптеп, беделін көтеретін ақпарат құралдарындағы хабарларымыз әлі де жеткіліксіз. Қайдағы бір шоу бағдарламаларға миллиондап ақша шығарып жатсақ та, республика көлеміндегі мұғалімдердің бір шығармашылық конкурсы немесе басқа да бір марапаттаулар болсын қараулап қалады екенбіз, ары кетсе фотоаппарат, планшет сияқты ұсақ-түйек бір нәрселер алып жатады біздің мұғалімдер. Біздің ақындарымыз, әншілеріміз, палуандарымыз мініп жатқан машинаны неге мұғалімдерге мінгізбеске? Оларды да ақпарат құралдарында көрсетіп, неге көпке жар салмасқа?! Осы арқылы біз мұғалімдер беделін көтере алар едік қой.

– Білім сапасын арттыру үшін ұстаздардың жалақысын көтеру керек деген ел арасында пікір бар. Жалақыны өсіру мен осы мәселені шешімін табады деу қаншалықты қисынға келеді?
Әлеуметтік жағдайының жақсы болуы әрине ұстаздар сапасына оң әсерін тигізеді. Өйткені, ұстаздарға төленетін жалақы жақсы болса, ұстаздарға қойылатын талапты жоғарлатуға болады. Ұстаздыққа келгісі келетіндер саны көбейіп, оларды конкурстарымен қабылдау арқылы ұстаздар сапасын арттыруға болады. Осы кәсібімнен айырылып қалмасам екен деп жанталасып істейтін болады. Бір жағынан мықты мұғалімге деген сұраныс күшті. Қазіргі заманда кәсібіне мықты мұғалімнің табысы да жаман емес. Жағдайы жақсы көп ата-аналар жақсы мұғалім тауып, баласына қосымша сабақ бергізгісі келеді. Осыдан көптеген мұғалімдердің үкіметтің аз жалақысына қарап отырмай, жеке өз алдына шығып кететін жағдайлары да көп. Бірақ, тек жалақыны өсіру арқылы ғана білім сапасын көтеруге болады дегеннен аулақпыз. Оқытушылар қосынының сапалы болуы білім мен тәрбиенің сапалы болуының маңызды кепілдерінің бірі.

– Ұстаздыққа үздік оқушыларды тартудың басты амалы не?
Менің ойымша, алдымен ұстаздыққа үздік оқушыларды тартуды ауылдарға бағыттау керек. Не үшін? Себебі, қаладағы оқушылардың көбінің шарт-жағдайы жақсы, кейбіреулері тіпті шетелге дейін шығып оқи алады. Ал, олар жалақысы аз, әуресі көп оқытушылық кәсіпке келе қоймайды. Тағы бір жағынан кейбір ауылдарда шарт-жағдайдың дұрыс болмауы, оқытушылардың жетіспеушілігі салдарынан оқушы ҰБТ-дан жақсы көрсеткіш көрсете алмауы мүмкін. Бірақ, адамдардың негізгі потенциялы болады ғой. Потенциялы жоғары, ақыл-ой қуаты жақсы оқушыларды бұрын дұрыс білім ала алмаса да, бірнеше жыл ішінде жақсы маман етіп тәрбиелеп шығуға болады. Немесе кәсіп барысында өте тез уақытта ондай адамдар өзін-өзі жетілдіріп, тәрбиелеп шыға алады. Сондықтан, мемлекет арнайы бағдарлама дайындап, ауылдардан ақыл-ой тесттері арқылы дарынды оқушыларды қабылдап алып, жоғары шәкіртақы төлеп оқыту керек және шетелден келетін (қандас) оқушылар да біз үшін үлкен күш. Сонан соң жоғарыда айтып өткеніміздей, педагогикалық мамандықтарға шәкіртақыны жоғарылату, оқытушылар жалақысы мен беделін жоғарылату дегендерді айтуға болады.

– Естідік, ақыл-ой дамыту орталығын ашыпсыз, не түрткі болды?
Ата-аналардың ұсынысы ғой. Қазір көп ата-аналар баласын жақсы оқытқысы келеді, балаларының ақыл-ойын дамытқысы келеді. Көптеген мектептерде ақыл-ойын дамытуға мүмкіндігі бар балалар көп. Соған дұрыс жақсы мұғалімдер кезікпей қалып жатады. Баласының мүмкіндігін білген ата-ана жүгіріп мұғалім іздейді. Бізде көп жағдайда мектепте уақытымыз болмай қалып жатады және бос уақыт болғанның өзінде кабинет болмайды, рұқсат етпейді дегендей. Ата-аналардың көңілін қимай көмектесейін деп ойласаңыз да болмай қалады. Кейбіреулері тіпті қояр да қоймай үйге іздеп келіп жатады. Сонымен, көптеген ата-аналар орталық ашсаңыздар болады екен деген ұсыныс жасады. Екіншіден, қалада қазір талпынысы жақсы, қабілеті мықты жас мұғалімдер шығып келеді. Олар да келіп бізден үйренгісі келеді. Тәжірибе алмастырғысы келеді. Сол жастарға білгенімізді үйретсек, ол жастардың да өзіндік артықшылықтары бар, бірлікте тәжірибе алмастырып үйренсек, сол арқылы білгенімізді оқушыларға үйретсек, бұл қандай тамаша болар еді. Осы ойымды жігіттерге айтып едім, қуана құптады. Үшіншіден, қазір қазақ мектептер көбейді. Бірақ, қазақша материалдарға деген сұраныс қанағаттанбай отыр. Көкейімде сайрап тұрған көптеген нәрселерді жазғым келеді, ортаға салғым келеді. Бірақ, жоғарыда мұғалімдердің жағдайын айтып кеттік, уақыт құрғыр жар бермейді. Сондықтан сол жастарды және үздік мұғалімдерді ұйымдастырып, дидактикалық, олимпиадалық материалдар құрастырсақ деген ой болды.

– Бағыты мен алдағы жоспары туралы бөліссеңіз?
«Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы математикалық жаратылыстану бағытында. Математика, химия, физика, биология, география пәндерінен олимпиадалық дайындық, ұлттық бірыңғай тестке дайындық, “Алтын белгі” үміткерлерін дайындау, “НЗМ”, ”КТЛ”, ”Зерде” мектептеріне бағдарлы дайындық, күнделікті сабаққа дайындық, ҰБТ, олимпиадаларға арналған арнайы материалдар, шахмат, логикалық ойын түріндегі арнайы сабақтар өтеді.
Қазақ тіліндегі олимпиадалық, дидактикалық материялдарды дайындап, еліміздегі қазақша материялдарға деген сұранысты аз да болса толтыру әрі сол арқылы мектептердің базалық мазмұнын дамытуға үлес қосу. Бізде жұмыс жасайтын ер мұғалімдер, сол арқылы ер ұстаздардың қосынын қалыптастырып, ел ертеңіне үлес қосу.

Мәуіт Ырысбек,
Астана қаласы дарынды балаларға арналған
№9 «Зерде» мектебінің математика пәні мұғалімі
Әңгімелескен: Жақсылық Орынбасар

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version