Home Ұлт діңі Мейірбек Сұлтанхан. Мектепке сағыныш

Мейірбек Сұлтанхан. Мектепке сағыныш

0

Мектепке сағыныш

Қашқанда да сабақтан бір қашатын,
Бақылауда көңілін мұң басатын.
Бала күннің ақтарып альбомдарын,
Сыныптастар қайдасың сырласатын.

Бәрі өзгеріп өзіңмен қатарлардың,
Есіңде ме оқушы атанған күн
Қолымыздан жетектеп қыркүйекте,
Ата-анамыз мектепке апарған күн.

Есік жаққа елеңдеп көздеріміз,
Қоңыраудың боларын сезгеніміз.
Қызық еді-ау кешігіп қалмау үшін,
Жүгіретін сабаққа кездеріміз.

Қандай қызық шынайы күлгеніміз,
Бестік алып, белсеніп жүргеніміз
Кезектесіп шаң сүртіп,еден жуып
Кезекшілік атқарған күндеріміз.

Мен айтам деп сабақты санасатын,
Бағам аз деп басқамен таласатын.
Қу қыздар-ай мектепке ерте келіп,
Ең соңынан асықпай тарасатын

Қолын қойып партаға сызып кеткен,
Оқушыны деуші едік бұзық неткен.
Қара бала кеңседе ақталып тұр,
Сары қыздың бантигін үзіп кеткен.

Деп қуансаң бұл апта енді бітті,
Еске салар ағайлар сенбілікті
Қандай сабақ болса да соңғы парта,
Жалқаулардың орны жергілікті

Сабақ сұрар уақыттың жеткендігі
Мұғалімнің түрінен беп-белгілі
Үйіп-төгіп уәденi құтылушы ек
Үй жұмысын ұмытып кеткен күні

Жұмсақтығын сездірмей сирек күлген
Ұстаздарға басымды имекпiн мен.
Ұрғаннан да бетер боп ұялушы ек,
Ұрыс естіп тұрғанда директорден

Сабақ үсті көп сөйлеп мазалайтын,
Оқушыны бұрышта жазалайтын.
Апайлар-ай есеп көп, уақыт аз деп,
Алақанмен тақтаны тазалайтын

Жаза алмайтын қыздар да дұрыс атын,
Староста болсам деп тырысатын.
Ұйымшылдық жағынан бірін-бірі
Ұлдар едік бірінші ұғысатын

Кіп-кішкене сөмкеге иықтағы,
Кітап, киім кетеді сыйып бәрі
Сол күндердi сағынсам,тосыламын
Жол таппаған адамдай тұйықтағы

Артта қалған естелік оның бәрі
Талай қызық күтіп тұр жолыңда әлі
Бұл өмір де бір күні таусылады
Мұғалімнің борындай қолындағы.

Артық емес анаңнан телефоның

Ұқсап жүрміз тордағы тотыға біз,
(Ұнамаса пікірім оқымаңыз)
Дастарханның басына жиналсақ та,
Телефонға телміріп отырамыз.

Қонағыңды көрсең де бүгін келген
Байқамадым жылылык түріңнен мен.
Ауызымыз бармайды әңгімеге,
Саусағымыз сенсорға жүгіргенмен.

Құлағына сіңіріп қоңыр әнін,
Құлыным деп иiткен омырауын.
Қарап көрші,соңғы рет қашан екен,
Анашыңа соғылған қоңырауың.

Қабағынан түсінген бала сырын,
Ана шығар ең жақын жанашырың.
Хабарласып сұрап қой хал-жагдайын,
Даусын естіп марқайсын баласының

Тастамаған кедейдей көне тонын,
Босамайды Айфоннан неге колың.
Алтынменен апталып жасалса да,
Артық емес анаңнан телефоның.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version