Бүгінде Америка әдісі, жиынды (комплексті) әдісі, тәжірибелі (лабораториялы) әдісі, құлшынды-белсенді (активнодвигательный) әдісі… тағы сондайлар майданға шығып, сөз болып жатыр. Бәрінікі – білім берудің төте жолын табу. Бізде көп әдістер түгіл жөнді бір де әдіс жоқ деуге болады. Елдегі шала мұғалімдерде қандай әдіс бар? Айтыңызшы! Рас, тіпті жұрдай емеспіз: “Әліпте жоқ, би астында бір ноқат” та өз әлінше әдіс боп келді. Ел мұғалімдерінің бала оқыту әдісі де соның ағайыны емей не дейсіз?
Тап осы қалыпта басқалардың қолданып жатқан көп әдісінің бірін ала қоюға ыңғайымыз келетін емес. Оқытушымыз, аспабымыз – бәрі шалағай. Және көп әдістер біз түгіл өзге өнерлі елде де жүйеленіп жетпей жатыр. Дегенмен, “көрің қадырға” жабыса беруден мән шықпайды. Қолдан келетін, пайдалысын біз де сығалап, шымқылап ала беруіміз керек.
Бұл мақалада “мынау пәлен әдіс” деп қолақпандай қып, қолға ұстата қоярлық пәлендей тартуымыз жоқ, орыстың түрлі әдістерін қарастырып, одан, бұдан құрастырып, әзірше ойымызға келген, тәжірибе етіп, қолданып жүрген қойыртпақ әдіс сымақтарымызды біз де айтқалы келеміз. Қарап отырғанмен, бүркей бергенмен бола ма? Журналға ықшамдалған мақалада қарқ қылуға да әуелі тіл оқытудың өзін былайша жіктеп алсаң, қалай болар екен:
• жазу-сызу (емле) үйрету;
• сөйлеуге, шығарма жаздыруға төселдіру;
• тіл бақылау (грамматике);
• әдебиет жайынан кеңес құру;
Бұл мақалада бастапқы екеуі туралы сөз қылармыз. Сөйтпесек, орын жететін емес. Тегінде әдіс туралы көп жазу керек қой. Бұлардың әрбіріне бір мақала жазылса да, аздық қылады. Біздікі қысқаша, үстіртін әңгіме болар. Мұның ең қиыны – жазу (емле) үйрету болуға тиіс.
Енді Америка әдісін қолдану керек деген әңгіме көтеріліп келеді. Бүл әдістің қандай екені туралы сөз көбейтудің керегі жоқ. Үйткені, оған лайықталып жазылған бізде әліп-би жоқ. Жаңа шығатын Ақаңның әліп-биі кітабында осы әдіспен оқыту жолы да көрсетілсе керек. Сол шыққан соң, бұл мәселе қозғала жатар.
Сонда да емле үйрету жайынан бір-екі сөз айта кетейік.
Бір нәрсе туралы адамның саңылау мүшелері неғүрлы жапатармағай қызмет етсе, соғүрлы ол нәрсені тезірек, нығырақ меңгеріп алмақ. Білімнің қиқымы бейне бір суда жүзген жеміс: бес бармақты батырып, шеңгелдемесең, уысыңа түк ілінбейді, іліксе де, аз келеді. Ендеше, білім алуға қармақты түс-түсынан салу керек. Ол қармақтар – саңылау мүшелеріміз (көз, қүлақ, тіл, мұрын, қол – дене). Балаға сөйлеңіз (тыңдасын!), жазыңыз (көрсін!) айтқызыңыз (тілімен қызмет етсін), жаздырыңыз (қолымен, денесімен істесін!). Міне, тұс-тұсынан қармақ салған деп осыны айтады. Мүшелері жегілсе, оқушы тез меңгеріп, тоқып алады. Сабақ сайын оқушының есінде болатын бір мықты әдісі осы болу керек.
Танық нәрселердің атын жаздырмай тұрып, өзін, әйтпесе тұрпатын, суретін, үлгісін, жоспарын көрсету керек. Мұның бірі де мүмкін емес екен, ауызша ұқсас нәрсемен салыстырып оқыту керек. Сонда барып миына перне қонады, сонда барып перненің аты көкейінде қалады.
Бұрын емле үйретуге жатқа жаздыру сән боп жүрген. Жаңа хат танып келе жатқан адамға хатқа жаздырудан да кітаптан не тақтайдан қарап жазған пайдалырақ. Өйткені, саңылау мүшелеріміздің ішіндегі ең шалымдысы көз болады. Ескі молдалар араб сөздерін қатасыз жазуды кітап көшірумен білетін. Көз деген — жақсы айна. Көркем жазуға да жол беру керек емес. Оны көркем жазуды көшіріп жүріп үйренгені жақсы. Хат жазу соңғы кездерде емле тексеру үшін ғана керегі болар. Онда да көп бола бермесін! Жазу үйрету туралы айтатынымыз осы-ақ. Енді сөзге төселдіру жайынан.
Сөзге төселдіру ә дегеннен басталу керек. Бісімілдесі – сұрау, жауап. Дұрыс қойылған сұрау дұрыс жауап алу керек. Дұрыс жауап бере алмаса, әуелі жолдастары, одан қалса, оқытушы түзетіп отырсын. Оқытушының түзетуі берілген жауаптың мәнісін түзету болмасын, сөйлемнің қырыс, қисынын түзету болсын, тілі жетпей түрған жерін жөндесін.
Қазақ баласының бір әдеті: “бәлен етіп, сонымен кетіп, содан сүйтіп… ” деген тәрізді нүктесіз шұбата береді. Сөйлегенде де, жазғанда да қысқа сөйлеуге уағдалана беру керек. Ұзын әңгімені аз сөзбен қысқартып айтқызу – сөзге төселдірудің бір керекті жері. Бала түгіл, әлеумет қызметкері боп жүрген кейбір азаматтардың топтарда орыс сөзін қазақшаға аударғанын тыңдасаң, олақтығы көрініп тұрады: қысқаша мазмұнын өз ойымен айтып бере алмайды, сөйлеушінің сүрлеуімен түгел айтып шығам деп әуре болады. Кетеусіз, татымсыз көпсөзділікке тұрмыс үйретеді ғой. Одан пайда да бар шығар, әйтсе де, зияны басым болар. Түбінде көпсөзді адам берекесіз келеді. Аз, дәмді, тиімді сөздің қадірін қазақ та білген ғой, білмесе, “ердің құнын екі ауыз сөзбен кеспей” деп, мақтамас еді. Қазақ баласы бұлдыратып, түссіз қылып сөйлейді: ақтан тигізіп, тапбасар сөйлейтін адам кем болады; көбінесе құба жондатып, тайғалақтатып, бетін қырпып, жалпы сарынға салып отырғаны. Сотта жауап берген кейбір қазақ бұлтақтатып, құйрығын ұстатпай қояды; жауабын олай да, бұлай да ұғынуға болады. Қызылдар, ақтар елге кезек келіп, ығыр болған кезде қай келгені қыр қазағынан: “Қызылды жақсы көресің бе? Ақты жақсы көресің бе?” деп сұрайды білем, сұрап тұрғаны ағы екенін, қызылы екенін қайдан білсін. Жауабы қайшы келіп қалса, өлгені ғой. Сонда қазекең тұрып: “Сізді жақсы көреміз. Сізді жақсы көреміз” деп құтылады екен. Әрине, мұндай тапқыштықта пайда да бар. Бұл — мақтарлық нәрсе. Ал үнемі бұлдырата беру ойды дұрыс шығармайды. Ой дұрыс болмаса, білім табылмайды. Оқытушы осы жағын баса аңду керек.
Жалғасы бар…
Жүсіпбек Аймауытұлы.