Көрнекті жазушы, Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың: «Балаға бастауыш сыныпта білімді тек ана тілінде беру қажеттігін» қадап айтқаны бар. Табалдырықтан биік нәрсе жоқ. Бала үшін табалдырық дегеніміз не?
Ол – мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, бойға құяр білім нәрі. Бастауыш сыныптың есігін алғаш ашқан баланы мұғалімдер әліппемен қарсы алады. Ал бүгінгі әліппе баланың талғамына сай келе ме?
«Тарыдай болып кіретін» баланың әліппесінің де сиқы кете бастапты. Неге бұлай айтып отырмыз? Себебі соңғы күндері баспасөзде айғай-шуға айналған мәселенің бірі – Сәбилерге арналған әліппе оқулығы болып тұр. Аталмыш әліппені Қарағандының «Полиграф-Проэкст» баспасы жарыққа шығарыпты. Тіпті әліппедегі авторлардың да аты-жөні беймағлұм. Тек қаптаған суретшілердің ғана тізімі көрсетілген.
Қазақ және орыс тілінде басылған бұл кітап қалайша мол таралымға шығып кетті? Тіпті мұқабасының төбесінде «жақын арада мектепке» деп жазылыпты. Демек, бұл әліппе мектеп оқулықтарының санатына енгізіледі деген сөз. Сонда қатесі бастан асып жатқан әліппемен мектеп балалары білім алмақ па? Бұл сорақылыққа кім жол берді?
Әліппені парақтаған журналист оның әр бетінің қатеге толы екенін ашына жазады.
Ә деп алғашқы бетін ашқаннан бастап, кітапты шығарушылар «А» әрпінің өзінен қателескен. Қазақта «А» әрпінен басталатын сөздер көп емес пе? Ал әліппе авторы ондай сөздің бірін де есепке алмаған. Алма мен алмұртты, ана мен апаны еске алмағанына қарағанда, оқулықты орыстілді автор жазғаны көрініп тұр.
Құлынды тана деп, аруананы атан деп шатастырған автор неге көрсетілмеген? Құлын мен тананы ажырата алмаса, олар «бала тілінде» неге сөйлеуге құмартты екен? «Әліппенің» ең сорақысы – «Сүю» сөзін алғандығы. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған балаға сүюді үйретіп, суреттің астына сүйіскелі тұрған қыз бен жігіттің суретін беру арқылы тәрбиелегісі келгендер не ұтпақ? Бұл да сананы улаудың жаңаша көрінісі ме?
Қазақтың оқулығында неге қате көп? Кез келген оқулық министрлік тарапынан бақыланып отырады делік. Онда Қарағандының «Полиграф-Проэкст» баспасы әзірлеген әліппесі неге таралымға шығып кетті? Сауатсыз, қате басылған оқулықты баспаға әзірлеп ұсынған кімдер? Оны неге министрлік қадағалауға алмаған?
Оқулықтардың қателікке бой алдыруының тағы бір себебі, асығыстықта жатыр. Оқулықтарға жыл сайын тендер бөлінеді. Тендер бойынша ұтып алған баспа қысқа мерзім ішінде оқулықты әзірлеп, жарыққа шығаруға тиіс. Асығыста дайындалған кітаптың шалағай болып шығатыны бесенеден белгілі. Әрі асыққан баспагер авторға ұзақ оқулық дайындауына мұрша бермейді.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Төкен Жұмажанованың: «Оқулықтың асығыс жазылмаған күні жоқ. Жаңа буын оқулығын екі айда жазып бітіріңдер дейді. Біздің беретін сабағымыз бар, жұмысымыз бар. Босатпайды.
«Ешкім шығармашылық демалыс алып, оқулық жазып көрген жоқ» деп шырылдауы тегін емес. Әрбір оқулық кемінде бір жыл дайындалуы қажет. Әрі бір ізге салынған әліппені жыл сайын өзгертудің де қажеті шамалы.
Бүгін әліппе, ертең қазақ тілі, арғы күні әдебиет оқулығы саудаға салынбасына кім кепіл?! Көкпарға саламыз деп, оқулықтың да құнын төмендетіп алған жоқпыз ба? «А» деп алманы емес, өгізді үйретсек, «Б» деп базарды шарлап кетпейік!
«Тәрбиешіге Отанның келешек өмірін тапсыруға болады, себебі тәрбие нәтижесінде ақылды адам көбейсе – Отанның күзетшісі, қорғаны» деген Аймауытов. Біз бүгінгі қоғамда Отанның күзетшісін, қорғанын қатеге толы әліппемен тәрбиелей аламыз ба?
Міржақып Дулатов: «Балаларды оқыту өз алдына бір ғылым. Ғылым – педагогика. Жас баланы оқыған нәрсесі хақында ойлануға, оның мағынасын, қасиетін сездіруге қалай үйретпек керек?» деп өткен ғасырдың басында неге ой толғайды?! Жас баланы саналылыққа үйретудің басты жолы әліппеде жатқандығын Алаш қайраткерлері жақсы сезінген. Сондықтан да осы жолда ғұмырларын сарп етті.
Ал біз тәуелсіз мемлекет құра отырып, ұрпақты білімсіздікке итермелеп отырмыз. Оқулықтың, әсіресе, әліппенің сауатты болғаны абзал. Сауатты әліппе – сауатты ұрпақты тәрбиелейді. Балдырғандардың танымын бұзбауымыз үшін, шала дайындалған, сауатсыз кітаптың таралымына жол бермеуіміз қажет. Мұндай кітаптар балалардың танымын былғайтынын, ой-санасын кемітетінін ұмытпайық!
Серікбол Хасан, ақын:
–Баланың ең алғашқы кітабы – әліппе. Сондықтан, бала әліппеден не үйренсе, болашақта сол үйренгенін өміріне азық етпек. Өкінішке қарай, қазір бізде неше түрлі әліппе шығарылатын болды. Бұрын әліппе дегенді бір баспа ғана шығарушы еді. Қазір аты бар да, заты жоқ баспаның бәрі әліппе шығарғыш болып алды. Әліппені шашауын шығармай, әп-әдемі, тап-тұйнақтай етіп шығарса, тағы өкпелемес едік. Шығарған әліппелері толған қате. Балаға деп мысалға келтірген мәтіндері мәнсіз. Соған қарағанда, кітап авторлары ертең ол кітапты бала оқитынын қаперіне де алмайтын сияқты. Әйтпесе, әліппені әлем-жәлем қылып шығара ма екен?
Сосын әліппенің суреттері сын көтермейді. Түсініксіз, әдепсіз суреттер басылған әліппелерді көрдім. Әріптерге қандай сөздерді мысалға келтіру керегін білмейді. Суретте бір басқа, атауында мүлдем басқа. Сонда мұндай сауатсыздықты не үшін жасаймыз. Меніңше, мұндай топырлатып әліппе шығарудың астарында мүлдем басқа мәселе жатыр. Ол – әліппеден ақша жасау. Баспалар әліппені өзара бөлісіп, соны сатып, пайда табуды көксейді. Ал ол әліппені кімдер оқиды, одан не түсінеді. Ол жағы ойландырмайды. Сондықтан бұл мәселені жауапсыз қалдырмауымыз керек. Баласының болашағына алаңдайтын ата-ана мынадай сорақылықтың алдын алмаса болмайды екен.
Гүлзина БЕКТАС