Home Ұстаз үні Әп-әдемі әліппені есер жазып қор қылған…

Әп-әдемі әліппені есер жазып қор қылған…

0

Бұл әліппені бізге белгілі ақын Алмат Исәділ әкеліп берді. «Мынаны сіздерге таныс апайым беріп жіберді. Баласына оқытпақ болып сатып алған екен. Бірақ кітаптағы сорақылықтарды көріп, жағасын ұстапты. «Ұланға» жариялап, бір шара қолдансаңыздар екен деп маған аманаттады», – деді Алмат аға. Шынында да, әліппенің ішінде қып-қызыл қате өріп жүр.

Әліппе дегеніміз – «Сәбилерге арналған әліппе – Букварь для малышей» деген бүлдіршіндерге арналған оқулық екен. Қарағандының «Полиграф-Проэкст» баспасы шығарыпты. Авторларының аты көрсетілмеген. Тек қаптаған суретшілердің ғана тізімі беріліпті. Кітап қазақ және орыс тілдерінде жарыққа шыққан. Мұқабасының төбесіне «жақын арада мектепке» деп жазып қойыпты. Алайда, бұл кітапты мектепке таратуға болмайды. Себебі, кітаптың өн бойында сорақылық тұнып тұр.
Алғашқы «А» әрпінен бастайықшы. Бұрынғы әліппелерде «А»-дан басталатын сөз көп еді ғой. Алма, алмұрт, ата… Мыналар «А»-дан басталатын қазақтың сөзін таппай қиналғанға ұқсайды. «А»-ға апарып, «қауын», «қарбыз» сөздерін мысалға келтіріпті. Жарайды, ішінде әйтеуір «А» бар деп ойлаған шығар. Бірақ, ең сорақысы, қауынның орнына ананастың суретін беріпті. Сол сияқты жуаның орнына пияздың суретін басыпты. Осы әліппені оқыған бір бүлдіршін ертең ананасты қауын, жуаны пияз деп жүрсе қайтеміз?
Ары қарай парақтайық. 5-бетте құлынның суреті тұр. Бірақ, астына «тана» деп жазып қойған. Ол аздай аруананы атан деп беріпті. Құдай-ау, құлын мен тананы айыра алмайтын мыналар кімдер өзі?
8-беттегі «ала» деген сөзде де осындай. Зат есім таппай, сын есімді қолданғаны аздай, «ала» сөзіне иттің суретін беріпті. Иттің суреті ала болса, тағы ренжімейсің ғой. Әлгінің түсі – қоп-қоңыр. Соған қарағанда, кітапты құрастырған адамдардың бар ойы баланың санасын алжастыру ғана болған сияқты. Әйтпесе, бұлай етер ме еді?
042«Шай» деп жазып жанына атаның (қолында кесесі бар екен) суретін беріпті, қасындағы «ағай» деген сөзге да атаның суретін салып қойыпты. Екі атаның да басында бөркі, иегінде сақалы бар. Сонда қайсысы ата, қайсысы ағай? Сол беттегі «шар» сөзіне әуе шарының суретін беріп қойыпты, ал кітап мұқабасындағы «әуе шары» сөзінде керісінше, жай шар тұр. Бұл не деген шатас-тыру?
«О» әрпінен басталатын дұрыс сөз таппаған ба, «ол» деген сөзді мысалға келтіріпті. Жарайды, «ол» бола берсін делік, бірақ суретінде кішкентай бала тұр. Сонда бұл бала «ол» ма? «Қайда?» деген сөзге де қолына балық ұстаған баланың суретін беріпті. «Қайданың» балаға қатысы қанша? Бұл кітапта балалардың суретін баттастыра бергені анық байқалады. «Т»-да – Талғат, «Қ»-да – Қанат, «Д»-да – Дулат пен Дана, «Б»-да – Болат пен Бота. Бұлардың қайсысы Қанат, қайсысы Бота екенін қайдан білеміз? Талғатқа – Талғат Бигелдинов, Дулатта Дулат Исабековтің суреті тұрса, таныр едік, ең болмаса солай да келтірмеген ғой.
«Суыққа» тағы да баланың, «ырысқа» қыздың суретін беріпті. Баланың басында бөркі бар, тоңып тұрғаны байқалады, ал қыздың «ырысқа» қандай қатысы бар екен? Осы сурет келесі бір бетте «гүл» болып кеткен. Қолында ұстаған гүлі болғасын, солай еткен шығар. «Жақсы» деген сөзде әженің суреті тұр. Жақсы әже дегенді айтқысы келген болар? Бірақ, «Ж»-дан басталатын зат есім көп еді ғой. Енді дәл сол әжені апарып «күміс» деген сөзге көшіріп басыпты. Әженің күміске қатысы қанша, түсінбейсің. Қолындағы білезігі күміс шығар деп ұқтық. Бірақ, балалардың бәрі біз сияқты ойламайды ғой.
«Тамақ» деген сөзде де – баланың суреті. Қолында бос ыдыс. Сонда тамақ қайда? Тамағын тауысып жеп қойған шығар деп түсіндік. Дәл осы баланы «жуан» деген сөзге тағы да көшіріп басыпты. Жуан қайда, бала қайда? Соған қарағанда, кітапты құрастырушылар апыл-ғұпыл асығыс кіріскен сияқты. Оларға баланың болашағы маңызды емес. Кітаптан не түсінеді, не түйеді, ол да ойландырмаған. Бар ойлары осы кітапты тезірек басып шығарып, саудаға салу болған. Мұқабасындағы «жақын арада мектепке» деп жазуына қарағанда, мектептерге де сатып, ақша таппақ болған шығар. Басқа не?
Тағы да парақтай түсейік пе? Кейінгілері бұдан да сорақы. «Ұ» әрпіндегі «Ұлан» деген сөзге сауыт-сайман киіп, жауға шапқан батырлардың суретін беріпті. Батырлар ұландар болғаны ғой сонда? Батырды бергісі келсе «Б»-ға бермей ме екен? «Ұланға» лайықты сурет таппаса, «Ұлан» газетінің суретін-ақ бере салсын. Өйткені, «Ұланды» балалардың бәрі біледі.
«О» әрпіне ойнау деген сөзді мысалға келтіріпті. Дұрыс-ақ делік. Бірақ суретінде ойнап отырған бала, не ойыншық жоқ. Бір ата жетіген шертіп, жанында бір топ бала ұйып тыңдап қалған. Сол сияқты «мата» сөзінде де мата жоқ. Бір әже ұршық иіріп отыр. Сонда мата деп нені айтқысы келді екен? Әженің ақ орамалы да, үстіндегі көйлегі мен камзолы да, астындағы құрақ көрпесі де матадан тігілген ғой. Бәлкім, соны айтқысы келген болар. Бірақ, «М»-дан басталатын сөз көп еді ғой. «Мақта», «мүсін», «мысық»… толып жатыр емес пе, суреттері де оңай табылатын еді.
«Е»-де «шебер» тұр. Кітаптың түсіндіруінше, шебер дегеніміз қағаз-қалам ұстаған қыз екен. Меніңше, ол қыз шебер емес суретшіге көбірек ұқсайды. Осы «шебер» 28-бетте «өнерге» айналып кеткен. «Өнер» сөзінде де сол қыз.
Бұдан түсінгеніміз, мына кітаптың құрастырушы-авторларының салақтығы аздай, суретшілері де жалқау ма деп қалдық. Әйтпесе, бір суретті қайталап көшіре бергеннен не ұтты? Мына әліппені қарап отырып бала түгіл, өзің шаршайсың. Шаршатқаны аздай, басыңды айналдырып жібереді екен. Біз шыдай алмай тұрғанда, бала қайтіп шыдасын?
«І»-ге кісіні беріпті. Тағы да қыздың суреті. Қай қазақ кішкентай қызға «кісі» деуші еді? «Ә» әрпінде «әдемі» деген сөз мысалға келтірілген. Мұнда да қазақша көйлек киген қыздың суреті. Сонда қалай, қазақша көйлек кисе, әдемі болып шыға келе ме? «Қыз», «Гүлжан», «айна» деген суреттерде – қазақша көйлек киген қыздар. Қазақша көйлек кигеннің бәрі қазақ деп кім айтты? Бізде сондай түсінік бар, қазақтың бір дүниесі шықса болды, келсін-келмесін қазақша киіндіріп, тым болмаса ою-өрнек жабыстырып қоямыз. Ол жараса ма, жараспай ма, онда шаруамыз жоқ. Мына кітапта да солай болып тұр, қазақша әліппе ме, демек, ішіндегі қыздар да қазақша «киінуі» керек. Анық қорлау ғой бұл деген!
«І» әрпіндегі «ірі» деген сөзде пілдің суреті тұр. Пілдің ірі екеніне дауымыз жоқ, бірақ оның ірі екенін көрсету үшін қасында қоян сияқты уақ жануардың суреті тұрмай ма? Әйтпесе, оның ірі екенін қайдан білеміз?
Енді әліппеде келтірілген мәтіндер мен өлеңдерге тоқталайықшы. Кітаптың 31-бетінде мынадай өлең беріліпті.
Ұя жасап шалғайдан,
Талға апарып байладым.
Жыл құсының шаттанған.
Ал, не түсіндіңіз? Төртінші тармақтағы «Күттім қашан сайрауын» деген тіркесті қоспаған. Осындай салақтық жасауға бола ма екен? Балаға өлең-тақпақ үйреткісі келсе, бір шумақты толық бермей ме?
«Сүю» деген суретке сүйіскелі тұрған қыз бен жігіттің суретін берген екен. Әлгіні көріп бұл кітаптың әліппе екеніне күмәнім болды. Кітап «сәбилерге арналған», олай болса мына сурет неге берілген? Балаларды бұзу үшін бе? Сүйісуге таңғалып тұрғанда, тағы бір сорақы суретке тап болдық. Ханның алдында бір адам отыр. Енді бір адам қылышын сермеп әлгінің басын шапқалы жатыр. Басқа кітап болса бір жөн, сондай суретті есі дұрыс адам әліппеге баса ма? Масқара емес пе бұл деген!
«Шахтер», «монтер», «экипаж», «рельсы», «матрешка» қазақтың сөздері ме? Жарайды, шахташы деген сөз барын ұмытып, шахтер деген шығар. Бірақ матрешкасы несі? Әліппеде «матрешка» қайдан жүр? Бүйте берсек, бір күні домбыраның орнына балалайканы беретін шығармыз. «Рельсы» емес, «рельс» болуы керек.
Балаларға берілген мына мәтінді бірге оқиықшы. «Қазақ халқы – қаһарман халық. Оның Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сияқты батырлары болған. Гауһар, Әлия, Мәншүк сияқты қаһарман қыздары да көп». Мынаны жазып отырған адам қазақ емес-ау! Әйтпесе, «оның» емес «біздің» деп, «батырлары» емес «батырларымыз», «қыздары» емес «қыздарымыз» деп өзіне қарай тартып жазбай ма? Мына жерде керісінше, мәтінді сыртқа теуіп жазғандай әсер қалдырды.
P.S. Мынадай әліппе неге шыққан? Және бұл кімдерге арналған? Білім және ғылым министрлігі бұл кітап жөнінде біле ме? Алдағы уақытта мектептерге таратылатыны анық па? Егер мектептерге таратылар болса, үлкен қауіп болғалы тұр. Сондықтан, балдырғандарымыздың танымы бұзылмасын десек, мынадай кітаптардың баспадан шығуына жол бермеуіміз керек. Баланы бүлдіреді, елді бүлдіреді. Бүлдіретін дүниенің бізге не керегі бар?

Серікбол ХАСАН
(«Ұлан», №47 25.11.2014)

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version