Home Жаңалық Елдос НАБИОЛЛАҰЛЫ. Мұғалімді сабақ жоспарын жазу міндетінен босату қажет.

Елдос НАБИОЛЛАҰЛЫ. Мұғалімді сабақ жоспарын жазу міндетінен босату қажет.

0

ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының ортасына келдік. Біздің еліміздегі білім беру жүйесі қандай күйде? Бұл сұраққа «жақсы деңгейде» деп жауап беруге болады. Мемлекетіміз халқының білім алуына барынша жақсы жағдай жасауда. Қазіргі халқымыздың күнкөрісі, негізінен, мемлекет беретін ақшаға қатты тәуелді. 1-2 ай тиісті еңбекақысын, зейнетақысын ала алмаса, қарапайым халықтың тіршілігі қандай күйге түседі? Ойлаудың өзі қорқынышты. Ал мемлекетіміз ақшаны қайдан алады? Негізінен, мұнай, газ тәрізді шикізаттарымызды шетелге сату арқылы. Шикізат қорымыз таусылған кезеңде халқымыз сауатты, білімді, тәрбиелі болса, тіршілік етудің, мемлекеттілігімізді сақтаудың бір амалын табар деген үміт бар. Сондықтан болар, қазіргі күнде мемлекетіміз білім беру жүйесіне ерекше көңіл бөлуде.
Осындай сәтті кезеңді пайдаланып, білім беру жүйеміздің жақсару қарқынын арттыруға болады ма? Әрине, болады. Ол үшін білім беру жүйесінің ең төменгі сатыларынан бастап, ауыл тіршілігі мен қала тіршілігін қатар салыстыра алатындай, әсіресе, оқушыға сабақ берудің мол өтілін өзінің жеке бас тәжірибесінен өткерген білімді, ойлы, патриот педагогтердің пікірлерін көптеп жинап, олардың ұсыныстарын ескере отырып, икемді өзгерістерді енгізуге болады. Еліміздегі білім берудің 7 деңгейінің алғашқы төртеуін өз қабырғасында сусындататын мекеме мектеп болып табылады. Сондықтан да мектептегі оқу-тәрбие сапасы жақсартылса, қалған деңгейдегі білім беру сатылары автоматты түрде ілгері басатыны анық. Олай болса, кез келген қарапайым мұғалім басынан өткеретіндей төмендегідей жағдайларды баяндалық.

Сабақ жоспары

Мұғалім өз пәні бойынша аптасына 18 сағаттық жүктемемен сабақ жүргізеді делік. Оған әр сағаты үшін сабақ жоспарын жазуға тура келеді. Тәжірибелі мұғалімнің өзі 1 сабақ жоспарын дайындауға 1 сағат уақытын жұмсайды. Демек, 18 сабақты өткізеді және оны өткізу үшін кемі 18 сағат дайындалады екен, нәтижесінде 18+18=36 сағаты осылай өтеді. Сабағынан тыс тағы қанша тапсырмалар орындайтыны, оларды орындауға қанша уақыты жұмсалатынын бөлек есептеуге болады. Енді мәселеге келесі қырынан келелік, сабақ жоспарының жазылуы формальды түрде түрлі деңгейдегі тексерушілер үшін мұғалімнің сабағына дайындығын тексеретін атрибутқа айналған. Мұғалім – өз пәнін оқушы күнінде өзгелермен салыстырғанда, жақсы оқыған, университетте 4-5 жыл білім алып, теориялық және әдістемелік бағытта қалыптасқан, білімін байытқан тұлға. Өмірін осы пәнді игеруге арнаған адамнан тағы қандай дайындықты талап етеміз? Қолында пәніне және сыныбына тиісті оқулығы бар болса, сабағының мазмұнын білетін болса, неліктен әр қадамын жоспарлап жазуға тиіс? Мұғалімдік қызметтен басқа салада ешбір маман иесі өзінің күнделікті әрекетін қадамдарға бөліп, жоспарлап, уақыт алып, қағазға түсіріп отырмайды. Әдетке айналған қызметі үшін «менің мақсатым мынадай, міндеттерім осындай» деп кірісетін өзге маман иесін көзге елестете аласыз ба? Мысалы, маршруттық аутобус, такси жүргізушісі, полиция қызметкері, кәсіпкер, журналист, басшылық қызметтердегі лауазымды тұлғалар, осылардың қайсысы өзінің ойлаған әр жоспарын бірнеше компьютерлік бетке теріп (ескеріңіз, аптасына 18 жоспар), қағазға түсіреді? Көп адамға етене таныс ауыл тіршілігінен мынадай мысал келтіруге рұқсат етіңіз.
Ауылдағы тұрғын мал ұстайды. Қыста мал қораға тоқтаған күннен бастап, оларды таңертең «жайғау» керек. Мал жайғайтын адам «Мен қораның есігін ашамын да, қолыма айырды алып, шөп босатамын; шөпті әр малға деңгейіне сәйкестеп бөліп беремін де, астын тазартамын т.б» деген жоспарларын жазбаса, бір тексеруші қораның есігі алдынан шығып, «Осындай жазба жоспарың болмаса, қораға нендей мақсатпен кіресің, міндеттерің қайсы?» деп мал жайғайтын адамды қадағалайтын болса, жұмыстың сиқы кетер еді. Мысалды тым қарабайыр деп қабылдамаңыз, адал еңбекпен атқарылатын болса, жұмыстың бәрі де тең күшті.
Түсінігі бар адам мұғалімнің бір ғана басты мақсаты бар екенін, өз пәні бойынша санаулы міндеттері бар екенін ұғынуы да, мойындауы да керек. Әйтпесе, толған мақсат пен сансыз міндеттер мойнына артылған мұғалім іс жүзінде олардың қайсысын да нашар деңгейде орындауы әбден ықтимал.
Ең бастысы, мұғалімнің уақыты мен энергиясын осындай бағытта қағаз жаздыртуға жұмсауға ешкімнің де моральдық құқы жоқ екенін барша педагог түсінетін уақыт жетті.
Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының басқарма төрағасы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А. Құсайынов «Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы» деп аталатын монографиясында (Алматы, 2013. – 196-б.) әлем бойынша білім беру жүйелерінің 5 деңгейі бар екенін көрсетеді. Яғни білім беру жүйелері «1», «2», «3», «4», «5» деңгейлеріне бөлінеді екен. Дүние жүзінің педагог ғалымдары әр деңгейден келесі жақсырақ деңгейге өтудің шарттарын зерделеп, негізгі амалдар кластерін анықтаған. Мысалы, «1» ден «2»-ге көшу үшін 9 шара, «2» ден «3»-ке көшу үшін 5 шара, «3» тен «4»-ке көшу үшін 7 шара, «4» тен «5»-ке көшу үшін 5 шара, барлығы 26 әсер ету шаралары көрсетілген. Біздің ағымдық жағдайда әр педагог кездесіп жүрген, біздің елімізде де қолға алынған шаралар осы 26 шараның ішінде молынан кездеседі.
«1» ден «2»-ге көшу үшін нұсқалған 9 шараның алғашқысы – мұғалім жұмысын жеңілдетіп, бағыт беру үшін сабақ жоспарлары мен оқу материалдарын әзірлейді.
«2» ден «3»-ке көшу үшін нұсқалған 5 шараның алғашқысы – мектеп қызметкерлерінің жауапкершілігін арттыру үшін есеп берушілікке мән беруді ұсынады. Яғни әр мұғалімге есеп бергізу арқылы саналы түрде өз іс-әрекетінің дұрыстығын тексеруге мүмкіндік туғызады.
«3» тен «4»-ке көшу үшін нұсқалған 7 шараның алғашқысы – педагогикалық және басшылық құрамды іріктеуді жолға қою мәселесін көрсетеді. Келесі шаралары – коучинг, оқыту бағдарламасын таңдауда мұғалімге еркіндік беру, педагогтердің біліктіліктерін арттыру тәсілдерін ұсынады.
«4» тен «5»-ке көшу үшін нұсқалған 5 шараның алғашқысы – педагогикалық қоғамдастықты енгізуді сипаттаса, келесілері табысты еңбек еткен мұғалімдерге педагогикалық еркіндік беру, инновацияны енгізуге көмек беру тәрізді мәселелерді анықтайды.
26 шараның 4 мысалын келтіру арқылы кез келген мұғалім басынан өткеріп келе жатқан науқанды қызметтердің бір парасын байқауға болғанымен, жалпы картинасын алу қиын. Бір ескеретін жағдай – біздің елімізде осы 26 шара түгелімен, бір мезетте жаппай атқарылуды талап етілген формада жүргізілуде. Және де басты қиыншылығы – мұғалімге жеңілдік пен дамуға мүмкіндік беретін тұстарын аттап өтеді де, оларға міндеттер қоятын тұстары күшейтілген қалыпта енуде. Мұның өзін осы талаптарды енгізушілердің әсіре науқаншылдығы мен іс жүзіндегі атқарылуы қажетті шараларды көре алмауларының салдарлары деп бағамдар едім.
Оқулықтың тапшы кезеңінде біздің елімізде Ұлы Отан соғысынан кейінгі уақыттан бастап мұғалімдер жазуға, дайындауға тиіс болған сабақ жоспары қаншама өзгерістер мен дамудың болғанына қарамастан, мұғалім мойнынан түспей келеді. Ол кезеңде қажеттілігі болған шараның қазіргі күнде артық жүктеме ғана екенін түсінуімізге не кедергі? А.Құсайынов еңбегінде айқын баяндалған ең нашар деңгейдегі білім беру жүйелеріне қажетті жолға қоюға тиісті 1-шара сабақ жоспарын дайындау мәселесі болса, біздің білім беру жүйеміз ол нашар деңгейден әлдеқашан өтті.
«Бәрібір көпшілік мұғалімдер осы сабақ жоспарын дайындамайды да» деген уәж айтады көптеген тексерушілер. Мұғалім оны орындамаған күнде де уақыты үнемделеді деуге болмайды, ол орындауы тиісті бір міндетті жасай алмағаны үшін тексерушінің алдында да, өзінің алдында да «айыпты» адамдай қымсынып, сенімсіздік күйге түседі. Психологиялық тұрғыдан орнықсыздық сезінеді. Осының бәрі оның кәсіби деңгейде дамуына кедергі туғызады. ҚР «Білім туралы» Заңында сабақ жоспары туралы ұғым жоқ. Ол әдістемелік бағыттағы ерікті қызмет түрінде педагогикада ғана айтылады. Дегенмен қадағалаудың басқа мәнділеу түрін ойлап таба алмайтын тексерушілер үшін осыны мектептің ішкі ережесіне енгізіп, тексерудің ең қуатты құралына айналдыруы – біліксіздіктің бір түрі ғана.
Сондықтан да мұғалімді сабақ жоспарын жазу міндетінен босату қажет.

Жазба Рахмановтың блогынан алынды.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version