Home Керекті кеңес ЕР АДАМДАРДЫҢ АМАНДАСУ ӘДЕБІ

ЕР АДАМДАРДЫҢ АМАНДАСУ ӘДЕБІ

0

Қалыптасқан салт бойынша бір-бірімен кездескен екі адамның (таныс не бейтаныс болсын) кішісі үлкеніне «Ассалаумағалайкүм» деп оң қолын ұсынып сәлем береді. Қариялар мен сыйлы кісілерге қос қолын беріп амандасады. Бұл сөз – сізге АЛЛАның рахымы жаусын деген ізгі тілек.
Егер біреу сізге «Ассалаумағалайкүм» деп сәлем берсе, сіз «Уағалайкүмассалам» деп ұсынған қолын алып сәлемін қабылдайсыз. Қазақ халқы «сәлеміне қарап салауатын байқа» деп адамдардың аман-сәлеміне қарап, оның қандай адам екендігін, қандай тәрбие алғандығын бағамдап отырған. Кісіге сәлем бермеген немесе басқалар берген сәлемді сызданып зорға алған адамдарды тәрбиесіз, көргенсіз деп қатты жек көрген.
Қазақ халқында сәлемдесудің өзіндік үлгі-өнегесі бар. Мысалы, ерлер мен әйелдер, жігіттер мен қыздар бір-бірімен амандасқанда: «амансыз ба, сәлеметсіз бе, есен-саусыздар ма?»- деп сыпайы амандасқан, ал замандас, құрдас, құда-құдағилар қауышып амандасады. Үлкен кісілер балалардың маңдайынан иіскеп, беттерінен сүйеді. Әдетте шаршы топ ішінде сәлемдескенде, оң жақ алдыға кім бұрын жақын келсе, сонымен амандасуды бстап ары қарай ретімен жалғастыра береді. Көп ішінде адамдардың жасына, атақ-даңқына, жынысына қарай сәлем беремін деп алдындағы адамдардан аттап өту – өте білімсіздік саналады. Көп адам отырған үйге кіріп сәлемдескенде, үйге кіре сала төрдегі кісілерге қарап: «Ассалаумағалайкүм!» деп сәлем беріп, оң жақтағы ең төмен отырған адамнан бастап қол алысып, төрге қарай жалғастырады. Егер оң жақта әйелдер қауымы отырған болса, онда сол жақ іргедегі адамнан бастап қол алысу керек. Үйдегілер тамақ жеп отырса, тек сәлем береді, қол алыспайды. Бөгде діндегі адамдарға сәлем бермей, тек қол беріп есен-саулық сұрасады. Төс қағыстырып(қауышып) амандасуда алдымен қос қолдарын ұсынып сәлемдесіп, одан соң алақандарын-алақандарына тиістіріп тұрып құшақтарын жәйіп, оңға бір, солға бір рет қағыстырады.

Аман-сәлем дағдысында: үлкенге кіші, әйелге ер адам бұрын амандық білдіреді. Алайда бетпе-бет келгенде, бір-бірінің үлкен-кішілігін ажырата алмаса, онда жолы кішісі – жолы үлкенге бұрын сәлем беру, жолдарының үлкен-кішілігін ажырата алмаса, мұртсызы мұрттысына, сақалсызы – сақалдысына бұрын сәлем беру керек. Аттыға – жаяу, отырғанға – тұрғаны сәлем береді. Үйдегі адамға – сырттан келген адам, алыстан келген адамға – ауыл адамдары, жатқан адамға – тұрған адам, ауру адамға – сау адам, көп адамға – аз адам бұрын сәлем беруі керек. Алайда отырған, жатқан, ауырған адамдардың жасы кіші болса, өзіне сәлем берген адамдарға мүмкіндік болса орындарынан тұрып немесе бастарын көтеріп сәлем берулері керек.
Топтық адамдарға қол беріп амандасу тәртібі: екі адам болса үлкенінен бастап амандасады. Үш адамнан асқан соң, ол топтық адам саналып, алдына ең жақын келгенінен бастап амандасады. Ал қоралай отырған адам болса, онда оң жақта шетте отырған адамнан бастап – солға қарай ретімен қол алысып шығады. Топ адамдардың үлкенінен бастап сәлем беремін деп біресе төрге, біресе төменге ел аралап жүгіріп жүру – өте әбестік саналады. Аман-сәлемде мәнсап, лауазым емес, жас пен жол қуылады.
Адам баласы бір-біріне бір күнде бір рет сәлемдесіп тұру – парыз есептеледі. Күнде көрсең, күнде сәлем беру – бұлтартпас міндет деп қараған.

Пайдаланылған әдебиет:
Нүсіпоқасұлы А. Ағаш бесіктен жер бесікке дейін. – Үрімжі, 2002ж, 46-47бб

Ұлас.кз

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version