ХІ халықаралық Жәутіков олимпиадасында респубикалық физика-математикалық мектеп-интернатының командасы жеңімпаз атанды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алматыда өткен додада олимпиада тарихында бірінші рет респубикалық мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернатының командасы бас жүлдені жеңіп алды.
Марапаттау салтанаты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да өтіп жатыр.
5 күн бойы әлемнің 15 елінен келген 58 команда, 391 қатысушы математика, физика және информатика пәндерінен ең үздікті анықтау үшін бақ сынады.
Бірінші орынға – 7 рет Жәутіков олимпиадасының жүлдесін алған ресейлік команда, екінші орынға – армениялық Ереван физика-математикалық мектебі мен болгариялық София математикалық мектебінің командасы,үшінші орынға №31 Челябі математикалық лицейінің командасы, Грузиядан келген №199 Тбилиси мектебінің командасы, Беларусь мемлекеттік университетінің лицейі табан тіреді.
1-орын иелеріне бейнекамера, 2-орын – фотоаппарат, 3-орын ұялы телефондар табыс етілді. Бас жүлде иелеріне ноутбук сыйға тартылды.
Олимпиаданың алтын медальдары 29 қатысушыға, оның ішінде 4 қазақстандық қатысушыға, күміс медалі 60 адамға (19 қазақстандық), қола медалі 87 қатысушыға (50) қатысушыға бұйырды. Жалпы, Қазақстан құрамасы 176 медальді қанжығасына байлады.
Сондай-ақ, 50 қатысушы Назарбаев университеті мен Қазақстан Британ техникалық Университетінің гранттары табыс етілді.
Болашақ ғалымдардың білімін бағалаған халықаралық қазылар алқасының құрамында әлемнің 9 елінің: Қазақстан, Әзербажан, Армения, Ресей, Болгария, Грузия, Беларусь, Украина және Өзбекстан ғалымдары жұмыс жасады. Қазылар алқасының төрағасы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Мұтанов Ғалымқайыр Мұтанұлы. Қазылар алқасының тең төрағасы ҚР ҰҒА академигі Жұмаділдаев Асқар Серқұлұлының айтуынша, биылғы олимпиадаға қатысушылардың да, төрешілердің де білім деңгейі өте жоғары болды.
Білім додасы Алматы қаласы әкімдігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен жүзеге асырылды.