Бүгін Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков дарынды балалармен – елорда мектептерінің оқушылары, республикалық және халықаралық олимпиада, конкурстар, ғылыми жобалардың жеңімпаздарымен кездесті, – деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Кездесу бейресми жағдайда өтті. Шараның тізгінін де оқушылар өз қолдарына алды.
Жас физиктер, математиктер, информатиктер, архитекторлар, суретшілер, экологтар мен спортшылар елорда басшысына өздерінің табыстары мен жетістіктері жайында әңгімелеп, болашақ жоспарларымен бөлісті.
Ұмырбекова Аида, №6 гимназияның оқушысы, Оңтүстік Кореяда өткен «Жас ғалым» ғылыми жобалар конкурсының Гран-при иегері, «Үздік инновациялық еңбек» сыйлығының иегері, «Экоқала» жобасын таныстырды:
«Астана – менің қалам! Мен оның ең әсем, таза, жайнаған қала болғанын қалаймын. Менің жобам «Экоқала» деп аталады. Онда мен энергияны желден және күннен алу жолдарын қолдандым».
Әбдірахманов Әнуар, №6 гимназияның оқушысы, географиядан Республикалық олимпиаданың және ғылыми жобалар конкурсының жүлдегері, «Бірыңғай Энерго-Ақпараттық жүйесі» зерттеуін таныстырды.
Рычко Артем – географиядан Республикалық оқушылар олимпиадасының жеңімпазы, ҚР құрамасының мүшесі, Әділбек Жақсыбековтен өзімен бірге селфиге түсуге рұқсат сұрап, сол үшін «достарымен бәстескенін айтты». Артем бұл бәсте жеңіп шықты.
Әкім қызыққа толы кездесу үшін балаларға алғысын білдіріп, көптеген сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ спортпен, дене шынықтырумен шұғылданудың олардың денсаулығы мен қалыпты дамуына әсері мол екенін естеріне салды.
Қала әкімі жас көшбасшыларды қол жеткізген нәтижемен шектелмей, одан әрі алға басуға шақырды.
– Біздің жастардың арасында Билл Гейтс сияқты инноваторлар, Абай Құнанбайұлы сияқты философтар, Қаныш Сәтбаев сияқты ғалымдар, Мұхтар Әуезов сияқты жазушылар жүруі мүмкін.
Сендердің оқып, білім алуларың үшін, жетіліп, дамуларың үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Елбасының тапсырмасына сәйкес бірегей Оқушылар сарайы салынды, білім беру гранттарының саны артты, шәкіртақының көлемі ұлғайды, әлемдік деңгейдегі университет бой көтерді, интеллектуалдық мектептер салынды, «Болашақ» бағдарламасы қабылданды, бұл бағытта әлі де қыруар жұмыстар жүргізілетін болады.
Сендер Елордамыздың жарқын өкілдерісіңдер, Еліміз сендермен мақтануы керек. Бүгінгі таңда 67 мыңнан астам астаналық оқушы түрлі деңгейдегі ғылыми-шығармашылық сайыстар мен олимпиадаларға қатысуда. Астана қаласының оқушыларынан құралған топ 7 жыл қатарынан бірінші орындар мен атақтарға ие болып келеді. Оған қоса, жақында өткен О. Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада біздің балалар математика мен физика, информатикадан жүлделі орындар алды. Сендердің болашақтарыңның жарқын болуы – бұл қаламыздың, тұтас еліміздің болашағының жарқын болуы деген сөз.
Сөз соңында Ә. Жақсыбеков «Сендерге тек сәттілік пен жеңістер тілеймін!» – деп жас жеткіншектерге өз тілегін білдірді.