Жуырда қолымызға «Қазақфильм» жасаған («Grushik» студиясымен бірігіп) қысқаметражды «Тастүлек» (сценарийін жазған – Ербол Бораншы, режиссерлері – Тұрдыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы) атты мультфильм түсті. Алғаш көрер тұста көңілімізде әлдебір сенімсіздік болды. «Алдаркөсенің» айналасындағы қаптаған шалажансар кейіпкерлер мен бірінен бірі аумайтын, қимылында мешелдік, ойында мешеулік бар дүбәра дүниелердің бірі болмаса екен деген үміт-күдік аралас ой санамызда қалқып шықты. Қателесіптік, әуелгі көрінісінен-ақ ішіне еніп кеттік.
«Тастүлек» – бүркіт туралы мультфильм. Мұндағы әр детал қазақы тірлікті, көшпелілер өмірін өрнектеген. Әу баста ертеде барша құс жиналып, құстар патшасын сайлауды ұйғарыпты. Аспанмен таласқан бәйтерекке құс біткен қонақтап, Тәңірден аң патшасын сайлар уақытты асыға күтеді. Күннің аптап ыстығына шыдай алмай құстың небір төресі естен танып құлай береді. Тек Қыран ғана шыжыған күннің нұрына өткір жанарын тосып, міз бақпай отырады. Оның шыдамдылығы мен тектілігі Жаратқан иені тәнті етіп, құстардың патшасы атанады. Бұл аңыз мультфильмнің басталар тұсына берілгендіктен, көркем туындыны көруші жұртшылықты бірден өзіне баурап, ары қарай оқиғаның өрбуіне жол ашады. Бізді тәнті еткені, мультфильмнің көркемдік деңгейі: қазақ сахарасы, көшпелі тіршілік, құсбегі шалдың әңгімесі, жас баланың қыранға ынтық болмысы, кейіпкерлердің (бақсы, айдаһар, жын соққан адам, бүркіт, тазы, малшы) қимыл-әрекеті мен сөз мәнеріндегі этнографиялық жад, мифтік түйсік. Тор құрып, бүркітті шырғаға түсіру сәтінен бастап, қыранды қолға үйрету, баптау, аңға салу барыстары арқылы өткен замандағы қазақ құсбегілерінің осы бір түздің ерке құсымен қалай қарым-қатынас орнатқанын, құсбегілік өнердің айрықша мәдениет екенін бағамдап, ой елегінен Ұлы Даланың біздің санадан жырақтай бастаған жұмбағымен қайта жолығасың. Мысалы, айдаһар туралы ертегі де, аңыз да көп ел арасында. Мультфильм айдаһар образы арқылы қазақтың мифологиялық танымын айқындауға жол ашқан. Жайлаудағы жұрттың шетінде ақбас шың тұр. Онда бір жұмбақ үңгір бар. Оған жақындағанның бәрін үңгір жұтып қояды. Бүркітші жас немересіне сонау ерте кезде сиыр бағып жүрген жігітті осы үңгірдің жұтып қойғаны туралы айтып, содан кейін ол маңға адам баласы жуымайтындығын, арнайы белгі қойылғанын ескертеді. Бірақ, бұл құбыжықтың не екенін ешкім де білмейді.
Өзінің қолына түсірген Ақиықтың бабын жаратып, оның киелі құс екенін айтып отырады. Күндердің бір күні айдаһар оянып, жер-көкті зілзала етіп, тау басын жарып шығады. Айналаны түнек басып, қараңғылық жайлайды. Ауылды дауыл тербеп, жұртты үрей билейді. Ақсақалдың зәре-құты қашып, құбыжықтың оянғанын сезеді. Бұдан қалай құтыларын білмеген бүркітші тек ақиығына сенеді. Осы шақта қыран құс көкке көтеріліп, тауға қарай заулайды. От шашқан айдаһарды алтын тегеуірінімен көзін қос көзін ағызып, өлтіреді де, ауылды аман-есен сақтап қалады. Асылы, ел арасында мұндай аңыз да бар. Мультфильмге жаңадан сюжет іздегеннен гөрі, халық арасындағы рухани әңгімелерді, аңыз-әфсаналар мен ертегі-миф кейіпкерлерін тірілтсек, ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. «Тастүлектің» соңы қамырықты мұңмен аяқталады. Бір кебісті бір кебіске кидіріп, жолындағының бәрін ұрлап-жырлап құмар біреу құсбегі өліп, оның асына сойылған атының қазысына тояттауға келген ақиықтың қасына барып, алтын тегеуірінін жұлып алады. Адамдардың опасыздығына, сатқындығына төзбеген қыран зау көкке самғап, құсбегінің моласына соғылып өледі. Қыранның тектілігі жанарға жас үйірерліктей.
Бұған дейін де бірнеше қазақ мультфильмін көргенбіз. Соңғы жылдары бұл салада аздап болса да жандану байқалады. Өкініштісі, көбінің кәсібилігі жоқ. Тапсырыспен асығыс жасалған дүниелер екені, тендер алып, қазақ ертегілері мен батырларының образдарын шалажансар дүниеге айналдырғаны жанды ауыртады. Ал мына мультфильм кәсібилігімен де, көркемдік деңгейімен де елдің көз қуанышына айналарына шүбәсіз сенеміз. Егер дәл осы жастар буынын қолдап, толық метражды мультфильм түсіруге жағдай жасар болса, әлі-ақ қазақ мультификациясының көкжиегі кеңейе түсер еді. Небары 23 минуттық «Тастүлектің» өзінде қат-қабат желілер, оқиғалық штеленіс, кейіпкерлер мінезі мен болмысы сәтті сомдалғанына тәнті болмай тұра алмайсыз. Біз «Тастүлектің» оқиға өрімін тұтастай қамтуды қаламадық, мұндай жаңа дүниелерді халық өз көзімен көріп, ондағы әрбір детальға жіті назар аударғаны абзал.
Т. ӨСКЕНБАЙ.
ОЙ ТАСТАР…
«Балапан» телеарнасы қазақ балаларының мәдени танымын, ой өресін, қазақы мінезін қалыптастыруға күш салатын бірден бір арна болғандықтан, «Қазақфильмнің» әрбір мультиrтерін кеңірек насихаттағаны абзал. «Тастүлек» көгілдір экран арқылы көрерменге тезірек жол тартса, бүгінгі қазақ мультфильмінің даму бағдарының өскендігіне жұрттың көзі жетер еді. Былтыр дайын болған «Тастүлектің» экранға жол тартпай, тартпада жатқандығы түсініксіз…