Home Ұстаз үні Мырзахметова Майра. Мен «Абай жолын» қалай оқыттым?

Мырзахметова Майра. Мен «Абай жолын» қалай оқыттым?

0

«Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын?»

Абай Құнанбайұлы

Осыдан 2 жыл бұрын Алматының жаңадан ашылған мектебінде ұстаздық жолымды жалғастырған едім. Сол сәттен бастап, қала мектептерінің оқушыларына сабақ үйрете жүріп, өзімнің де үйренерім көп болды. Мамандығымның қыр-сырын алдымда отырған оқушыларыма ұқтырғым келетін. Әсіресе қазақ тілі  мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне сабақ барысында ешқандай ағаттық жіберуге болмайтынын да жетік түсінген болатынмын.

Сабақ барысы әдеттегідей балаларды түгендеумен, журналды толтырумен басталады. Жоспар бойынша 9-сынып оқушыларына әдебиет пәні сабағында ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы бөлімін өтетін болдық. Бұл сыныпқа әрі ұстаз әрі жетекші болғандықтан, олардың жан-жақты терең білім алуларын қадағалайтынмын. Зергер жазушының аталмыш шығармасы тілдік құрылысы күрделі, мағынасы идеологиялық тұрғыдан терең туынды деп білемін. Сондықтан «Абай жолын» мазмұндау барысында Ұлы ақынның қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетінде ойып алар орны бар екенін баяндап өттім. Осындай туындымен әлемге аты шыққан суреткерді  Абай ақынмен не байланыстырады деген сұраққа да тоқталдым. Екі тұлғаның арасындағы шығармашылық туыстығы мен өзара ұқсастығы, ұлы Семей топырағында дүниеге келуімен де байланыстарғанды жөн көрдім.

Әрине, сыныбымда 23 оқушы болса, барлығы да «Абай жолын» қызығушылықпен оқып, мазмұнын баяндап берді деп айта алмаспын. Жақсы оқушының жанында міндетті түрде жалқау, нашар оқитын шәкірттер де жетіліп артылады. Ондай оқушылардың  ынты-шынтыңмен сабақ түсіндіріп, санасына қандай да бір ілім сіңдіруге тырысқаныңды  қабылдамайтыны қынжылтатын.Тіпті  кітаптың бірде-бір рет бетін ашып көрмеген оларға басқа тәсіл қолданбасқа болмады. Сабақтан соң 5-6 ұл баланы қалдырып, оқытуға мәжбүр болдым. Көздері жәутеңдеп, кітапқа шұқшиып отырып, кітап мазмұны түгілі кейіпкерлердің есімдері де оларға түрпідей көрінетін. Алғашқы бетін оқып болған соң, мазмұнын айтып, тезірек үйлеріне қайтқысы келетін. Сол оқып біткен кітап бетінен кейіпкерлер туралы сұрақтарға жауап берген оқушыны ғана бағаладым.  Бір аптаға жалғасқан осындай әрекеттерден кейін олардың кітапқа деген қызығушылығы артты.  Мүмкін осы мұғалім бәрібір сабақтан соң алып қалады деген қорқынышты ойлар мазалады ма, білмеймін, қазақтың бас ақыны қай өңірдің тумасы, қай рудан шықты, әкесі Құнанбайдың іс-әрекеттері Абайға қалай әсер етті деген сұрақтарға оңай жауап бере алатын жағдайға жетті. Сонда бір оқушымның: «Ұстаз, сізге осының барлығы не үшін керек, сізге не пайда осы әрекеттерден» деген сөзіне: «Жаным-ау, сен болашақта кім болсаң да, қандай мамандық иесі болсаң да, өз ұлтыңның мақтаныштарын, шыққан тегіңнің әдебиетін білмеу деген ең сорақылық, сүйегімізге таңба болады» деп жауап қайтарумен болдым.

Қазақ халқы –дана халық қой, шіркін! «Кімде-кім халқынан алмаса тәлім, оны үйрете алмас ешбір мұғалім», деп  Ж.Баласағұн атап өткендей, өз халқының өркендеуіне, рухани дамуына септігін тигізген ұлыларды танып алмай, ұстаздың жүз жерден үйреткені себеп емес. «Мен еш уақытта өз оқушыларыма еш нәрсе үйретпеймін ~ тек қана олардың оқуы үшін жағдай жаратамын» деп  ұлы Альберт Эйнштейн айтқандай, талапты дамыту үшін  оларды жетелеу керек, жол көрсету керек деп есептеймін. Ал бүгінде ұстаздықтан басқа салаға ауысқан жағдайым бар. Бірақ сол оқушыларымның мен үйртеткен ілімім  кішкене болса да  өмірлік сабақтарда үлгі болар деп ойлаймын.

Мырзахметова Майра

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version