Home Жаңалық Әсел ӘНУАРБЕК. «Болонсыз» білім болмай ма?

Әсел ӘНУАРБЕК. «Болонсыз» білім болмай ма?

0

Білім беру жүйесін ортақтастыру Еуропа елдерінде жетпісінші жылдардан-ақ бастау алған. Ал әлемдегі озық үлгідегі университеттердің ұлы хартияларының бірі – «Сорбон» декларациясы 1998 жылы 25 мамырда қабылданды. Арада бір жыл өткенде Еуропаның 29 мемлекеті қол қойған «Болон» декларациясы қабылданып, жоғары білім беру жүйесінде Болон процесі деген түсінік қалыптасты. Қазақстанның Болон үдерісіне қосылғанына да бес жылға жуық уақыт болды. Еуропа елдері арасында кең тараған Болон үдерісі дегеніміз не? Осы уақыт аралығында жоғары оқу орындарындағы бұл үдеріс отандық білім саласына қандай жаңалық әкелді? Қарапайым халық арасында әлі күнге дейін бұл сауалдарға толыққанды жауап табылмады. Сол себепті, біз қазақстандық білім жүйесіне енгізілген Болон процесінің қыр-сырын зерделеп көруді ұйғардық.

Болоньяда қабылданған «Болон»

Болон үдерісі алғашқы еуропалық университеттің отаны Италиядағы Болонья қаласының құрметіне аталған. 1999 жылы 19 маусымда Болонья қаласында білімге жауапты жиырма тоғыз еуропалық министрдің Бірінші конференциясы өтті. Осы конференцияда «Болон» («Еуропалық жоғары білім аймағы») дек­ларациясы қабылданды. «Болон» декларациясы – Еуропа елдерінің ортақ білім беру жүйесін құруды мақсат етіп, жоғары білім саласындағы халықаралық ынтымақтастық бойынша қабылданған декларация. Болон үдерісі де осы декларациядан бастау алған. Болоньяда алғаш бас қосқан министрлер «Болон» декларациясын қабылдағаннан кейін, екі жыл сайын тұрақты түрде бас қосуды күн тәртібіне қойды. Білім министрлерінің кездесуі 2001 жылы – Прагада, 2003 жылы – Берлинде, 2005 жылы – Норвегияның Берген қаласында, 2007 жылы – Лондонда, 2009 жылы – Лувен-ла-Невада, 2010 жылы – Будапеште, 2012 жылы – Бухаресте өткен болатын. Министрлердің жыл сайынғы кездесуінен кейін Болон процесіне қосылған елдердің қатары арта бастады. 2003 жылы Берлиндегі білім министрлерінің бас қосуында Болон декларациясына қол қойған мемлекеттер саны қырыққа жетті. Араға екі жыл салып, 2005 жылы Бергенде өткен басқосуда Болон үдерісіне көшуге бұрынғы Кеңес Одағының алты елі келісім берген. Қазіргі кезде Болон үдерісіне әлемнің 47 елі қосылған.

Жалпы, Болон процесі дегеніміз – жоғары білімнің еуропалық жүйесінің құрылу процесі. Болон үдерісі еуропалық білімнің бәсекелестікке қабілеттілігін жоғарылату, ұлттық білім жүйелерін жақындастыру, көпдәрежелі жоғары білімді енгізу, академиялық кредиттер жүйесін қабылдау, білім сапасын бақылау және студенттер мен оқытушылардың мобильділігін кеңейтуді көздейді. Болон үдерісі жоғары білім беруді бакалавр, магистратура, докторантураға негізделген үш саты бойынша бекітеді. Еуропалық жаңа үдеріс бойынша оқу процесін ұйымдастыру және студенттердің білім үлгерімінің қорытындысын бағалау еуропалық кредиттік жүйе арқылы жүзеге асады, жоғары оқу орындарында халықаралық аттестаттау мен акредиттеуді дамытады. Болон үдерісі бойынша білім беретін оқу орындарының студенттері мен профессорлары Еуропа елдері мен университеттері арасында еркін алмасуға ие бола алатындығы да процестің бір игілігі болып саналады. 2005 жылдан бастап «Болон» декларация­сына қол қойған мемлекеттердің жоғары оқу орнын бітіруші барлық түлектеріне бакалавр және магистр дипломдарына бірдей үлгідегі тегін еуропалық қосымша берілуде. Еуропалық үлгідегі қосымша беру – Болон үдерісінің негізгі параметрлерінің бірі. Бұл қосымша Еуропалық комиссия, Еуропа кеңесі және ЮНЕСКО бірлесіп дайындаған бірыңғай стандарттық құжат. Бұл құжат жоғары оқу орнының түлектері оқуын жалғастыруды көздеген жағдайда шетелдік университеттерде, жұмысқа орналасу кезінде шетел компанияларында мойындалады.

Білім мазмұнын дайындық бағыттары бойынша үйлестіру, студенттерді өздері таңдаған курстары арқылы оқыту, модульдік жүйе, қашықтықтан оқыту және электронды курстар – Болон процесінің негізгі өлшемдері. Міне, осындай өлшемдер арқылы жұмыс істейтін Болон үдерісі жоғары оқу орындарының автономдығын қуаттайды. Қазіргі уақытта әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің көпшілігінде автономды басқару моделі қалыптасқан. Автономды басқару моделі ғылыми зерттеулердің тиімділігі мен білім беру үдерісінің сапасын қамтамасыз етуді көздейді. Ол – жекешелендіру емес, жоғары оқу орындарының басшыларына құзырындағы мәселелерді өздігінен шешуге мүмкіндік беру.

Әлемнің көптеген елдерінде түрлі кредиттік оқыту жүйелері бар. Бұл жалпы оқыту жүйесін сипаттайды, яғни, студент белгілі бір мамандық алып шыққанға дейінгі оқу процесінің негізін көрсетеді. Ал Болон үдерісі бойынша жоғары білім беруде ECTS кредиттік жүйесі қолданылады. ECTS кредиттік жүйесі – халықаралық қолданыстағы өлшем. Дегенмен, әр мемлекет халықаралық стандарттағы өлшемді қолданса, ол өз еліндегі ұлттық білім өлшемінен бас тартсын деп міндеттелмейді. Тек қана студенттердің білім деңгейі ECTS кредиттік жүйесі арқылы есептеледі. Аталған кредиттік жүйеге көшу студенттердің өздігінен білім алуына жағдай жасау үшін әзірленген. Студенттердің өз бетімен білім алуы үшін бос уақыт беру арқылы олардың оқуға деген көзқарасын, өз біліміне деген жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік беруді көздейді. Кредиттік оқыту технологиясы – оқытудың бағытсыз жүйесі. Яғни, білім беру процесінің жеке жоспарлау мүмкіндігі болады. Оқыту жүйесінің бұл түрі студенттерге оқытушыларды таңдау еркіндігін де береді. Осы арқылы оқытушылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мүмкіндігі туындайды. Бұл тұрғыдан қарастырғанда, оқытушылар студенттердің сұранысын қанағаттандыратын және олардың білім деңгейі қазіргі заманның талаптарына сай үнемі жетіліп отыруы тиіс. Кредиттік жүйе бойынша міндетті пәндер мен таңдау пәндеріне арнайы кредит бөлінеді. Әр кредиттің белгіленген құны бар. Болон процесіне байланысты кредиттік оқыту жүйесі дамыған еуропалық елдердің көпшілігінде қолданылуда. Бұл жүйе жалпы пәндерді оқытуда тиімді болғанымен, қазір жоғары оқу орындарында мамандықтың ерекшелігіне сай классикалық бағалау түрлері қатар жүзеге асады.

Болон процесінің негізгі мақсаты – ортақ білім кеңістігін құру арқылы Еуропа елдерінің ұлттық білім беру жүйесіне жоғары оқу орындарында қолданылып жүрген үздік тәжірибелер мен озық ғылыми жаңалықтарды енгізу және дарынды студенттер мен білікті мамандарды тарту.

Болоннан Қазақстан да қалмады

Қазақстан Болон процесіне 2010 жылдың 11 наурызында Будапеште өткен Білім министрлерінің форумында қосылып, еуропалық ортақ жоғары білім беру жүйесіне енген Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет атанды. Еуропалық білім беру кеңістігіне толық құқықты қатысушы Қазақстан Болон декларациясына қосылу арқылы отандық білім жүйесін дамытуды көздегені белгілі.

Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы отандық жоғары оқу орындары мен студенттер үшін көптеген мүмкіндіктер береді екен. Біріншіден, отандық біліктіліктер мен академиялық дәрежелерді мойындау. Екіншіден, бірлескен білім беретін бағдарламаларды құру. Үшіншіден, отандық білім беру бағдарламаларының оқу жоспарын еуропалық стандартқа сәйкес келтіру. Төртіншіден, студенттер мен оқытушылардың академиялық мобильділігін қамтамасыз ету. Бесіншіден, шетелдік университеттердегі қазақстандық жоғары оқу орындары студенттерінің несиелерін қайта сынақтан өткізу. Алтыншыдан, отандық дипломның еуропа деңгейінде мойындалуы. Сондай-ақ, еліміздің еуропалық үлгідегі бұл үдеріске қосылуы қазақстандық жас түлектердің әлемнің кез келген елінде қызмет етуіне жол ашқанын айтпай кетуге болмас. Бұл – жастарға берілген үлкен мүмкіндік.

Қазақстанның Болон үдерісіне қосылудағы қол жеткізген жетістіктерінің бірі – академиялық ұтқырлық. Академиялық ұтқырлық – Қазақстандағы кез келген жоғары оқу орнында білім алып жатқан студенттің оқу орнын, оқу бағдарламасын, оқытушыны еркін таңдауына мүмкіндік беру. Сондай-ақ, оқу кезеңінің аралығында білім алушының белгілі бір оқу бағдарламасын еліміздегі немесе шет мемлекеттердегі университеттерде игеруге мүмкіндік алуы. «Болон» декларациясына қол қойған елдер арасындағы жоғары білім беру бағдарламаларының өзара үйлесімділігі, кредиттерді есептеудің бір жүйеде болуы білім алушылардың академиялық ұтқырлығына жол ашты.

Болон үдерісіне қосылу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отандық білім беру жүйесін дамыту туралы пәрмендерін орындау мақсатында жүзеге асырылған шара. Бұл шара – Қазақстанның Еуропалық жоғары білім аумағына кіруінің бастамасы. Елбасының тапсырмасы бойынша, Қазақстанда 2020 жылға дейін білім беру кредиттерінің бірыңғай жүйесі енгізілуі тиіс. Венгрия астанасы Будапештегі Білім министрлерінің форумында сөз алған Қазақстанның сол кездегі Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев: «Қазақстанды Болон үдерісіне қосу туралы оң шешімнің қабылдануы біздің елімізде жоғары білім саласында жүргізіліп жатқан реформаларға еуропалық академиялық топтар тарапынан берілген жоғары баға болып табылады», – деген болатын. Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуына мемлекеттің Еуропалық одақпен жақсы қарым-қатынаста болуы да ықпал еткен. Сонымен қатар, жаһандану кезеңінде ешбір мемлекеттен оқшауланудың тиімсіздігі де Болон процесінің отандық жоғары білім беру жүйесінде қолданылуына өз әсерін тигізді. Бастысы, еуропалық елдердің ғылыми-техникалық саласы мен білім беру жүйесі едәуір дамығандығы ақиқат. Сол себепті, озық тәжірибелі елдерден үйренудің еш әбестігі жоқ. Қазақстанның Болон процесіне қосылудағы көздегені де «жақсыдан үйрену» болатын дейді кейбір сарапшы мамандар. Қазір еліміздегі жоғары оқу орындарында Болон процесінің барлық міндеттері жүзеге асырылуда. Білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, Болон процесінің біздің еліміз үшін тиімділігі жоғары. Мұны оқытушылар мен студенттер де қолдап отыр.

Динара Қиялова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы:

– Бүгінгі күні ҚазҰУ-да жоғары білімді мамандарды даярлау көп сатылы оқу жүйесі бойынша жүргізіледі. Ол дегеніміз, бакалавриат, магистратура, және PhD докторантура. Яғни, университеттегі білім беру ісінде Болон реформасына сәйкес оқытудың кредиттік жүйесі толық күшіне енген. Кредиттік оқыту жүйесі – білім беру траекториясының таңдамалылығы және білім ауқымын кредиттер түрінде есепке алу негізінде өз бетінше білім алу және білімді шығармашылықпен игеру деңгейін арттыруға бағытталған. Демек, әр студент оқу жоспарындағы пәндерді өзі таңдап, жеке оқу жос­парын жасауға қатысады. Осыған орай, оқыту бағдарламасы икемделіп, таңдау курстары көбейген. Студентке пәнмен қоса, оқытушыны да таңдау еркіндігі берілген. Өздік жұмысының (СӨЖ) үлесі артты. Ол оқытушы қатысуынсыз жүргізілетін СӨЖ және оқытушы жетекшілігімен жүргізілетін студенттің өздік жұмысы (ОСӨЖ) болып бөлінеді. Білімді бағалау әр 7 апта сайын қадағаланып, 1 семестрде, яғни, 15 апта бойы игерілген білім емтиханда бағаланады. Демек, бұрынғыдай сынақ жоқ. Ал білім беру кезінде интерактивті, инновациялық әдістерді кеңінен қолдану мүмкіндігі артты. Менің ойымша, жүйенің басты артықшылығы әр талапкерге өздері қалаған жерде білім алу мүмкіндігінің берілуі, кез келген ұлттық білім беру жүйесімен сәйкестендірілуі және дипломдардың жалпыеуропалық дипломдарға теңесуі. Әлемдік білім беру жүйесіне қосылу, яғни, Болон үрдісі, еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде түбегейлі өзгерістерді енгізді. Менің ойымша, бұл өзгерістер оң нәтижесін береді.

Перизат Құлтасова, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың студенті:

– Еліміз Болон процесіне қосылғаннан бері, үдерістің талаптарына сай кредиттік оқыту жүйесімен білім алудамыз. Кредиттік жүйемен оқыту студент үшін өте тиімді. Себебі бұл жүйе студенттің өздігінен ізденуіне және талаптануына, шыңдалуына мүмкіндік береді. Аз уақыт ішінде ауқымды материалдарды өз бетімен игеріп алуға тырысады. Оқытушының түсіндіргеніне қарағанда, өзіміздің ізденіп оқығандарымыз есімізде көбірек сақталады. Бізді кредиттік оқыту жүйесі жеке жұмыс жасауға үйретеді. Сонымен қатар, Болон процесінің бізге берген тағы бір мүмкіндігі бар. Аталған үдеріске қосылғанымыздың арқасында бізге шетелде білім алуға, тәжірибе алмасуға, жұмыс істеуге еш кедергі болмайды. Университеттен алған дипломымыз да еуропалық деңгейде мойындалады.

Болон үдерісі ұлттық ерекшелікті ескере ме?

Жоғары оқу орындарындағы білім бағытына жол сілтейтін Болон процесі Еуропаға жол ашты. Бірақ, еліміздегі жоғары білім беру жүйесі еуропалық деңгейге жетті деп айтуға әлі ерте. Өйткені отандық білім саласында олқылықтардың көп екені күн сайын айтылуда. Жаңа бастамаға қадам басқан сайын сүрінетін білім саласы Болон процесіне өтуде де барлық мәселелердің түйінін тарқатты дей алмаймыз. Қазір үш сатылы оқыту жүйесі бойынша, PhD докторанттарына «Thomson Reuters», «Scopus» рейтингтеріндегі журналдарға мақала жариялау міндеттелген. Ал оқытушылардан республикалық ғылыми жобаларға қатысу үшін де осы сынды мақаланың болуы талап етіледі. Мұндай мақаланы жариялаудың ақысы да қомақты. Ал жалақысы мардымсыз оқытушылар үшін бұл ауыртпашылық туғызатыны ақиқат.

Еліміздің Болон үдерісіне енуіне сәйкес, Қазақстанда білім беруді дамытудың 2015 жылға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Осы тұжырымдамада «Болон» декларациясының негізгі ұстанымдары мен білім берудің халықаралық стандарттық жіктелуіне сәйкес бірқатар өзгерістер көрініс тапқан. Ол өзгерістердің ең бастылары мынадай: 12 жылдық орта білім беру, магистратураны жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейіне көшіру, PhD докторлық бағдарламасы негізінде жаңа үлгідегі ғылыми, ғылыми-педагогикалық кадрлар әзірлеу, жоғары оқу орындарындағы білім беру жүйесін кредиттік жүйеге көшіру. Аталған маңызды мәселелердің барлығы білім саласындағы түйткілі шешілмей келе жатқан тақырыптар. Айта кетейік, оқытушылардың қағазбастылығын да тудырған осы Болон үдерісі. «Болон үдерісін білім берудің ең оңтайлы жолы деп дәріптеп жүрміз. Бірақ оның сорақылығы сол, құжаты түзу, қағазы стандартқа сай оқытушы ғана білікті болып саналады. Студенттерге не беріп жатқаныңда ешкімнің шаруасы жоқ. Шәкірттерге үйрететін әніңнің мәтіні сабақ жос­парында үш тілде бірдей көрсетілуі керек. «Қарғам-ау, сен қалайсың мен дегенде, Құриды ынтызарым сен дегенде. Аршын төс, алма мойын, беу қарағым, Бал татыр сілекейім шөлдегенде» деген шумақты мықты деген бірнеше аудармашыға көрсеттім. Ешқайсысы аудара алған жоқ. Өйткені қазақ тілінің астары мен бояуын дәл беру өте қиын. Бұл бір ғана шумақ. Ал екінші, үшінші курс студенттеріне қаншама ән жаттатамыз. Олардың бәрін аударып отырсақ, ұстаз емес, аудармашыға айналып кетпейміз бе?» – деген ҚР еңбек сіңірген әртісі Рамазан Стамғазиев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында.

Қазақстанның Болон үдерісіне қосылғанына 5 жылға жуық уақыт болды. Алайда Болон процесі отандық жоғары білім беру жүйесіне әлі де өзінің оң ықпалын толық тигізе қойған жоқ. Еуропалық ортақ білім жүйесіне көшуді көздеген білім саласының басшылары Болон үдерісін халыққа толық түсіндіріп те болмаған сыңайлы. Тіпті, Болон үдерісін әлі күнге дейін түсіне алмай жүрген қазақстандықтардың саны тым көп. Болон процесімен білім алып жатқан студенттердің өздері де кредиттік оқыту жүйесі мен жыл сайын өзгеріске ұшырайтын бағалау тәртібін толық меңгеріп кетпегндігі де жасырын емес.

Міне, өзгенің қаңсығын таңсық көруден жалықпайтын отандық білім саласы Болон үдерісін енгізу арқылы тағы да талай мәселені иығына артып алды. Еуропалық елдердегі білім жүйесі әлі де біртектіліктен алыс. Сондықтан, дәстүрлі білім жүйесін бір мезетте басқа жүйеге ауыстыруға асығудың қажеттілігі шамалы екенін айтушылар әлі де жетіп артылады. Жаһанданудың екпінімен бір елдің ұлттық білім жүйесін жойып тастауға болмайды. Кез келген жағдайда, Болон үдерісінің құжаттары білім жүйелерінің ұлттық ерекшелігін ескеруі қажет.

Әсел ӘНУАРБЕК

«Түркістан» халықаралық газеті

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version