Бүгінгі дәуір – ақпарат дәуірі. «Дүниеде ең жылдам нәрсе не?» деп сұраса, бұрынғылар «ой» деп жауап береді екен. Ал бұл күнде ақпараттың жылдамдығы ойдың жылдамдығынан да тездеп барады. Бұл әрине, юмырлы шындық! Әлемдік ақпараттың ағысы, ақпараттық технологияның күн сайын жаңаруы, Қазақстандық ақпараттың дамуына өз әсерін тигізді. Қазақстандық ақпарат соңғы жылдары сан түрлі формалармен толықты, түрленді, тез дамыды. Оның ең айшықты бір көрсеткіші Қазақстанда «интернет журналистикасының» тез арада қалыптасуы десек, қателеспейміз. Сондықтан, бүгінгі күнде оқырман қауым, жалпы халық жылдамдықты, қолайлылықты, қол жетімділікті қалайды. Ол үшін әлеуметтік желілердің атқарар рөлі орасан.
Осындай қажеттіліктердің орнын толтыру, еліміз іші-сыртындағы қазақтардың рухани өміріне қызмет ету мақсатында «Jusan.kz» сайты өмірге келді. Сайт «Мұрат жолы» қоғамдық бірлестігінің «Елге ел қосылса құт болар» жобасы аясында, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, шылдай шашылған қазақ перзентінің мәдениеті мен өнерін, білімі мен ғылымын, жаңалығы мен жасампаздығын бір шарайнаға тоғыстыру үшін қызмет қылады. Қазақстандық БАҚ атты қара шаңыраққа зор арманын арқалап, сәлем беріп қадам басқан сайтымыздың арқалар жүгі ауыр, жолы жырақ.
Қалың оқырманмен ой бөлісер «Жусан.кз» сайтының өз күре жолы, бағыт-бағдары бар. Сайттың аудиториясы қалың қазақ қауымы. Соның ішінде тағдырдың сан қилы жолдарын басып өтіп, атажұрттан жырақ жүрген қандас бауырлардың тұрмыс-тіршілігін, өнерін, ғылымын, әдебиетін, салт-дәстүрін, ақжарма жаңалығын атажұрт жұртшылығымен қауыштырыу, насихаттау, таныстыру. Сондай-ақ, сайтымыз шет елдегі қандас бауырларды ерекше ескере отырып, Қазақстанның дамуға бет алған салихалы саясатын, Астананың ажарын, әдебиеті мен мәдениетін, туризмін, жағымды жаңалығын, шетте жүрген қандастарға жеткізіп отыруды мақсат тұтады.
Осы орайда, сайттың атауы мен ондағы айдарлардың ерекшеліктеріне тоқталып өткенді жөн деп білеміз. Сайтымыз «Жусан.кз» деп аталады. Өздеріңізге белгілі ұлы әмірші Бейбарыс Сұлтан қыпшақ даласының бір түп жусанының исіне еміреніп, сағынышын басқан деген аңыз бар. Демек, жусан – сағыныштың, ұлы аңсардың, ынтық арманның символы. Сол себепті, біз сайттың атын осы қасиетті шөптің атымен атағанды жөн санадық. Атамекеннің бір түп жусанының жұпарына шөлдеген қандастардың сағынышына сусын, аңсарына медеу, арманына жебеу болу борышымыз.
Сайттың аты «Жусан» болғандықтан оның айдарлары да соған сай болсын деген ниетпен «Ақ жусан», «Боз жусан», «Қара жусан», «Арқар жусан», «Мық жусан», «Жыр жусан» деп қойдық. Бұлай атау өзімізге түсінікті болғанымен, көптеген оқырмандарымыз «бұл қалай?» деп қалуы бек мүмкін. Сондықтан, осы айдарлардың атқарар рөлі, мағынасы жайында аз-кем әңгімелегенді жөн санаймыз.
Әуелі, «Ақ жусан» айдарынан бастайық. «Ақ жусан» айдарында жалпы ел іші-сыртындағы жағымды жаңалықтар жарияланады.
Екінші, «Боз жусан» айдарында ел іші-сыртындағы қазақы мәдени тұрмыс жазылып тұрмақ.
Үшінші, «Қара жусан» айдары қазақтың салт-дәстүрі, тұрмыс-салты туралы зерттеу, публицистикалық мақалаларды оқырманға ұсынады.
Төртінші, «Арқар жусан» айдарында елге белгілі ғалымдар, жазушылар, ақындар, зиялы қауым өкілдері туралы мақалалар беріліп тұрмақ.
Бесінші, «Мық жусан» айдары тарихқа арналады. Аты айтып тұрғандай, арғы тегіміз, тарихи тамырымыз, өскен орта мен бастан кешкен тағдырымыз осы айдарда көрініс табады.
Алтыншы, «Жыр жусан» айдары әдебиетке арналады. Ақын-жазушылардың өлең-жырлары насихатталып, оқырманға жол тартады.
Осылардан өзге, «Заман сөзі», «Жібек жолы» айдарлары бар. «Заман сөзінде» аты айтып тұрғандай, сан ғасыр өтседе өзектілігін, мән-маңызын жоймаған асыл сөздерді жариялауды мақсат етсек, «Жібек жолы» айдарында көрші мемлекеттер туралы мақалалар, аудармалар көрініс табады.
Соңында айтарымыз, «Жусан» атты сайттарыңыз ақпарат кеңістігіне жол тартты. Сайтымыз жусандай жұпар леп аңқытып, сағыныш шөлдеріңізді басып жатса, біз қуаныштамыз. Ал Сіздер тарапынан тек қолдау күтеміз. Сайтқа кіріңіз, оқыңыз, ой бөлісіңіз!
Құрметпен: «Jusan.kz» сайты ұжымы