Ілкідегі жәдігерлерді парақтағанымызда алдымыздан көп ұшырасқан көмескі түсініктің бірі – ОН ЕКІ ПӘН ұғымы. Дүр Қашағанның домбыраны адақтап «…Пернесін күнә десеңіз, есебі ол ПӘННІҢ ОН ЕКІ» деп Есқали сұпыға сөйлегені, яки болмаса «Бір кезде Бұқара шәріпке оқуға жіберілген Талас баласы Науан табан аудармай он жыл оқып, ОН ЕКІ ПӘНДІ тәмам ғып, туған еліне қайтып келді»деп, Сәбит Мұқанов келтіретін деректердегі осы бір ОН ЕКІ ПӘН ұғымы нені білдіреді?
Алғашқыда ӘЛІП (оқу мен жазу), ӘБЖАТ (есеп), ӘДЕП (гуманизм), ӘРКЕН (эстетика), ӘПТИЕК(Құранға түсу, бұған қоса араб, парсы, түрік тілдері, (Шәкәрімнің «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» дейтіні осы) қоса оқытылады). Одан әрмен ТӘФСИР (Құранға түсіндірме беру (интерпретация), ТӘРЖІМӘ (аударма өнері), МҮСӘННАФТАР (көркем әдебиет), МҮНӘЖЖІМ(астрономия), МҰХТАСАР (шариғат), ӘДІЛЕТ (заң, шешендік, адамтану мәселелері), ӘЛЕУМЕТ (ел басқару, жертану, өсімдіктану, дәрі жасау (фармацептика) дем салу, сынықшылық секілді салалар) болып күрделене түседі. Бұл пәндерді оқытудағы ең негізгі мақсат – АЛЛА мен АДАМ арасындағы рухизат қатынасты түзу. Ендеше осы ойымызды ҰЛЫ КІТАПТЫҢ төмендегідей деректерімен бекіте түсейік. Адамзатқа Алла тарапынан түсірілген алғашқы ақпар «ОҚЫ» бұйрығы. «Оқы, жаратқан Раббыңның атымен оқы. Ол қалам арқылы адамға білмегенін үйретті…» деп келетін аяттың Құран-Кәрімнің Әл-Алақ сүресі екендігі баршамызға мәлім. Ыбырай Алтынсары баласының «Бір Аллаға сыйынып, кел, балалар, оқылық. Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық» деп келетін қарапайым ғана ғазалы осы аяттың қазақы төл түсінікке негізделген тәпсірі екендігі рас. Бізде бүгіндері осы бір оймақтай ойды көгөрім шәкірттердің көкірегіне бәдіздеп бере алатындай МЕКТЕПТІҢ МЕТОДИКАСЫ бар ма, МӘСЕЛЕ СОНДА. Ал біздің бұл жердегі БІР АЛЛА ұғымына салмақ түсіре жазуымыздың өзегі мен әдібінде әжәптәуір әңгіме жатыр.
Сонымен хош делік…
Қазіргі Қазақия қоғамындағы жең ұшымен жалғасып жатқан қылмыс пен көргенсіздік көрінісі күн санап неге көбейіп барады? Мәселенің мәніне тереңірек үңіліп көрелік. Бұған берілер жауап та жалқы болуы тиіс секілді. Біздің пайымдауымызша – ОҚУДЫҢ ТЕРІСТІГІ. Дүниені тек диплом мен аттестат құтқаратыны рас болса төбедегі келеңсіздіктер қайдан туындап жатыр?
Көз алдымызда күнде қылмысқа байланысқан «оқығандарымыздың» бұл оспадарлығын не деп түсіндіре алады екенбіз.
ЕНДЕШЕ МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІ оқудың атында емес затында (мазмұнында) болып отырған секілді. Марғасқа Мағжанның «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болу да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі» дегені осы ойымыздың ондығы. Алды хазірет, арты медіресе көрген кешегі XX ғасырдың басындағы саңлақтарымыздың алашшыл (елшіл) болуының бір сыры Алланы етене тануында жатыр.
Бүгінде Құдайдан қашық оқу методикамыздың кемшілігін мыңдаған деректермен дәлелдеп беруге де болар еді. Сонда да оқырман нанымы үшін бір, екеуіне аз-кем ат шалдыра кетейік.
Мәселен, ОН БІР ЖЫЛДЫҢ мұғдарындағы мектеп өмірі мен ТӨРТ ЖЫЛДЫҚ университет бедерінде ИМАНҒА (Алла мен адамиятқа) байланысты бірде-бір дәріс тыңдамаған түлектің үлкен өмірге араласуына қалайша қорықпастан жолдама беруге болады?
Қоғамға материалдық залал келтірген кісінің бірден тұтқындалып, моральдық дінді айтпағанда, тіл мен ділден махұрым пенденің ( бұл жерде шенеуніктің десек те болады) ешқандай да жауапқа тартылмауын нендей қисындармен түсіндіруге болады?
Қисабы мен зады қылмысқа пар бұл сұрақтардың тууына АДАМДЫҚ АР ҒЫЛЫМЫНЫҢ ОҚЫТЫЛМАУЫНАН өзге ешқандай да себеп көріп отырғанымыз жоқ. Олай болса адамға ең алғаш үйретілуге тиіс дәріс АР ҒЫЛЫМЫ болуы керек.
Бұл біздің жеке көзқарасымыз емес, он сегіз мың ғаламды жаратқан ҰЛЫ ЖАРАТУШЫНЫҢ үкімі. Бұдан шығатын пәтуа байламы АЛЛАСЫЗ АРДЫҢ (ғылымының) ешқандай да мағынасы мен тиянағы жоқ.
Ар дегеннен шығады, мұндай пәннің қарт құрлықта қызмет еткендігіне сандаған ғасырлардың жүзі аунапты. Негізін 1834 жылы Джереми Бентам қалаған ( бұл кісі сондай-ақ Лондон университетінің де іргетасын қалаушы ғалымдардың бірі болған) «Деонтология ғылымы» грек тілінен аударғанда deon (deontos) – парыз деген ұғым берсе, logos – ілім (ғылым) деген мағына береді. Әгәрәки, қос ұғымды қосақтап айтқанымызда «парыз ғылымы» деген сөз шыққан болар еді. Бұл Шәкәрім қажының «Адамдық борышың, халқыңа қызмет қыл» дегізген АР ҒЫЛЫМЫНЫҢ негізгі МИССИЯСЫ екендігі еш шүбәсіз.
Әлхисса…
Ендігі сөзді ҒАЛЫМНЫҢ табиғатына қарай бейімдесек. Ғалымның дәрежесі доцент, доктор, профессор, академик секілді адам қолымен жасалған қатырма қағаздармен емес, АР, ҰЯТ, АҚЫЛ, МІНЕЗ іспетті ҰЛЫ ҚҰДАЙЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРМЕН бағалануы тиіс еді. Абайдың «…. Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Адамшылықтың алды – МАХАББАТ, ҒАДЕЛЕТ, СЕЗІМ. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол – жаратқан тәңірінің ісі. …Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ҒАЛЫМ, сол – ҒАҚИЛ» дейтіні осы. Хакімнің: «…сол Алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады» пайымы Құран – Кәрімнің « … Сендердің бір-біріңнен артықтығың несібелеріңмен емес,тақуалықтарыңмен есептеледі» деген Хужурат сүресінің 13 – аятының тәпсірі екендігі шүбәсіз. Бұл жерде қолданылып тұрған «тақуа» сөзі иманды, парасатты бір сөзбен айтқанда «толық адам» ұғымының жиынтық атауы. Бұдан шығатын қорытынды НАҒЫЗ ҒАЛЫМ ДЕГЕНІМІЗ – филология немесе философия ғылымының докторы емес (етікші етік тігудің қыры мен сырын жетік білетіні секілді, бұл адамдар да бар болғаны бір саланың кәсіби майталмандары ғана ғой), ЕКІ ДҮНИЕНІҢ СЫРЫН ЕРКІН БАҒАМДАП, ТӨРТ ҚҰБЫЛАНЫ ТҮГЕЛ ТАНЫҒАН АДАМДЫ ҒАНА ҒАЛЫМ ДЕЙДІ ЕКЕНБІЗ. Бұдан түйгеніміз ҒАЛЫМ мен ҒЫЛЫМ қамшының өріміндей тұтас ұғымдар екен. Демек ғалым жалған болса ғылым да міндетті түрде жалғандыққа салынады. Бүгінгі таңда ғылымды қатаң сынға алып жүрген жәмиғат мұның түпкі сырының басқада болып отырғанын еш түсінгілері келмейді.
Ғылым – қасиетті де қастерлі ұғым. Ол кім көрінгеннің бас сауғалап, ұпай түгендейтін тұрағы емес. Қазір ғылымның иісі мұрынына бармайтын әсіреқызыл біреулер білім саласының басына қонжиып, білген қойыртпағын баттастырып жатыр. Соның кесірінен қазақ ғылымы «қайда? қашан?» деген сұрақтарға ғана жауап беретін кроссвордқа (сөзжұмбаққа) айналып барады. Біздің өзек өртер ең өкінішіміз де осы АҚПАРАТ пен ТАНЫМДЫ, ҒЫЛЫМ мен ІЛІМДІ өзара шатастырып алдық. Басқа емес қазақ қауымын тек ұлттық жаралымға негізделген ІРГЕЛІ ТАНЫМ мен ҰЖДАНДЫ ҒЫЛЫМ ғана құтқара алатынын әмәнда ұмытпағанымыз жөн.
Имам Ғазыралы есімді ғұламадан: «Боқшаларда, ыдыстарда сақталған ғылым емес, кеуделерде сақталған ғылым» деген уәзипә қалыпты. Рас, біздің ғылым әзірше «адам кеудесіне хикмет»дарытатындай, «бойға қуат, ойға көз» бола алмай тұр. Ғұламалар пайымынан түсінгеніміз ғылым дегеніміз біз ойлағандай мансапқа жетудің баспалдағы емес, РУХАНИ НҰР екен. Білімнің мақсаты пендені шен мен шекпенге жеткізу емес, керісінше иманы саламат кәміл адамиятқа көтеру. «Би болу, болыс болу өнер емес» дейді, – Абай жарықтық. Себебі рухани нұр (сәуле) сіңген кеудеде қараңғылық (жаһилдік) тұрақтамайды. Ғылымның объектісі «Іштегі кірді қашыру» болса, нәтижесі– «Адамның кеудесін хикметке» айналдыру.
ТӨЛ СӨЗДЕН (дербес түсініктен) көрі ТӨЛЕУ СӨЗДІ көбірек айтқызатын біздің оқу орындарымыз Әл-Фарабидің «БІЛІМДІ БОЛУ ДЕГЕНІМІЗ – ЖАҢАЛЫҚ АШУҒА ҚАБІЛЕТТІ БОЛУ» қағидасына қызмет қылуға әзірше асықпайтын сыңайлы. Дәл қазір «өзгеде не шаруам, өзім аман болсам болғаны» дейтін адреске ғана қызмет ететін тәкәппар, чиновниктік шикі оқудың жолы болып-ақ тұр. Ет жүректі езетіні де осы.
Біз бұл деректерді ауадан алып отырғанымыз жоқ. Бес жылдың бедеріндегі ұстаздық тәжірибеміз бен алдымыздағы студенттеріміздің әлеуетінен алып айтып отырмыз. Ең бастысы, «Сын түзелемей мін түзелмейді» деген ұлы өлшем қағидасы тұрғысынан…