Адам және оның қасиеттері, көңіл–күйі туралы ойлар
- Сабырлықты адам өзі тудырмаса, ақылды бола алмайды, себебі бұл қасиет біреуден сұрап алатын зат емес.
- Қателесу – адамның төл қасиеттерінің бірі.
- Кемшілік жасырынып тұрмайды, бірақ өзіміз бүркемелеуге тырысамыз-ау.
- Адам біреу туралы пікірді келістіріп айтады, ал өзі туралы пікірді сезінбегендей болады.
- Жалқау адамда арман көп, себебі еш нәрсе бітірген жоқ.
- Адамды ұлы демесек, қателескен болар едік.
- Ашуың келсе,өзіңнен ұял, сонда ғана оны тоқтата аласың.
- Міндет және міндетті орындау – бойкүйез үшін бөлек дүние.
- Мен олақпын деп ешкім айтпас, бірақ өз ісін де ұқсата алмас.
- Борышыңды өтеуге талпынып көр, бойыңда не қасиет бар екенің білесің.
- Жансақ айтпа, жалтақ боласың.
- Кемшілікке шыдай-шыдай сырымды жұттым, көре-көре көзімді құрттым.
- Шын сыншы сыр да, мін де табады.
- Сезімталға қуандым,
- Сезімсізден ұялдым.
- Адамның жүрегіне кіру қиын, шығу оңай.
- Қу қулығын істемесе, құты кетеді.
- Маңсапқор сөйлесе, міндеттілер аш қалыпты.
- Сабырдың да шегі бар, асығыстың да ебі бар.
- Азамат! Әр кез сабырлықтан кенже қалма, ол ауыр толықсығанда да, мәз қуанғанда да қажет.
- Басқадан өзіңді асырма,
- Шын сөзді бүгіп жасырма.
- Төзімшіл болсаң, өзімшіл болма.
- Жылы жүрек өзін ғана жылытпайды, басқаны да жылытады.
- Қызғаншақ адам өзінің дәрменсіздігін көрсетеді, себебі басқа көрсететін ештемесі жоқ.
- Уды у ірітпес болады.
- Өркөкіректік – білімсіздік.
- Адамда үш парыз бар: ата-анаға, досқа, кітапқа.
- Жамағат қамшылықта болмаса, өз қамыңды ойлап не керек?
- Қуанған адам қуана бергісі келеді.
- Адам құмарлық сезімін мөлшерлей білгені дұрыс.
- Адам болсын, жан-жануар болсын, бәрі бір қуаныш сезімін сыртқа әртүрлі
- қимылдармен, дене қозғалысымен көрсетуге бейімделген.
- Адамдар табиғаты өте қызық: жақсы десе қуанамыз, жаман десе қысыламыз,
- ештеңе демесе жұбанамыз.
- Көпшіл болмай, көңіл тазармайды.
- Күнде көрген адамыңнан бір ерекшелік табасын, біріңді-бірің көруге асығыңдар.
- Өсек терген адам әр саңылауды күшейткіш ретінде пайдаланады.
- Адам жұмбақ сырға толы: әр кез ақылды шешім күтіп тұрғандай “тап, тап” дейді.
- Мақсатсыз адам – шабылған шөп сияқты, көпелей салуды күткендей, сондықтан иненің көзіндей мақсат болса да, іске асыруға талпыну керек.
- Сенім – үміттің ұясы.
- Жақсы мінез – бақыт баспалдағының бірінші сатысы.
- Қандай жыр жазсаң да, оның қаңқасы адам.
- Жалқаулық – жолы жоқ ауру.
- Атомның сырын біліп, сипатын ұқтық, адамды түсіне алмай келеміз.
- Жаңа ұғымсыз кемшілік жойылмайды.
- Қайсыбір пендеге қолыңмен бергенді, аяғыңмен іздейсің де, алған соң рахмет айтасың.
- Бәз-бәз арақ ішкендерде есті жын болады, салынып ішкендерде ессіз жын болады.
- Қырсықтан да қыңыр жаман.
- Кешірім сұрағанға рақымшылық жаса, себебі өз қателігін түсінген адам ғана кешірім сұрайды.
- Жүз ойланып, мың тексермегендіктен кемшілік көріп жүрміз.
- Үлкендер бірін-бірі түсініспей жүргенде, балалар қалай түсініседі.
- Солқылдақ бас жанып шоқ, жалындап жалын бере алмайды.
- Ашулы адам тұтылған күн сияқты, бір ши де бөгет болады.
- Жағымпаздың өзгермейтін мүшесі бар ма, сірә!
- Жат мінезіңді жою – өз сана сезіміңе байланысты.
- Өзіңді-өзің түсінбей, басқаны ұғуың қиын.
- Өзім сездім, басқа сезбейді деу – надандық.
- Сыйластық мәні біреуден туады.
- Түсінбеген адамға сыр шерткенше, қорылдап ұйықтай бер.
- Бір көрген пендеңді екінші де көретініңді ұмытпа.
- Борышқа еңдің, мұқтаждық көрдің.
- Көйлегі кірлеген жүдемейді, көңілі кірлеген жүдейді.
- Дүниеқор болсаң, мінезімді түзеттім дей бер.
- Жүрекпен бірге туған от болса, көрінбей қоймайды.
- Тентек сыйлауды бірінші дәрежеге қояды.
- Екі өкпесін қолына ұстап келетін қулар бар, оларға айтарым, өкпеңе суық тидіріп алма.
- Адамға көп сендім, бірақ өз ойымдағыдай істі тындырғанын көре алмадым.
- Сенім ақталса – қуаныш,
- Ақталмаса – жұбаныш.
- Арман алыс емес, арманды алыстату арман.
- Түлкі қулығын қойса, жойылып кетер еді, ендеше қулық та өмір қажеттілігінен туады.
- Бейқам болдым, кемшілікке толдым.
- Қудың ісі бірде қуантады, бірде өкіндіреді.
- Адам жасыса, балқып кетеді, сондықтан беріктілікке шыңдал.
- Әлбетте көп ұмытатынымыз – кішіпейілділік.
- Адам мінезі сыртқы жағдайдың шеті, суреті.
- Қатты балқиды, балқыған қатаяды.
- Тәккапарлық дерт,
- Қойыспа онымен серт.
- Ұрысқақ болма, құтың кетеді.
- Адамның кім екенің ертерек білсем, басқа жолмен кетер едім.
- Әр адамның табиғатында басқаға белгісіз бір нәзік ән жан жүйесін аралап жүреді, бұл әр адамның өзінің әні, басқа оны естімей кетуі ғажап емес, адам өзімен керемет сырларды жасырып ол дүниеге ала кетеді. Адамды оқы, түсін, сыйла, ол – ғажап құрылыс.
- Жүрегімде ме, миымда ма, әйтеуір бір жақсы істің, ізгі ниеттің сезімі бар, бірақ қалай көрінерін білмей, ұялып, балаша сығалап жүр. Жас кездегі ұялшақтық есейгенде де аяғыңа тұсау болады екен.
- Әрекетсіз жан бейқам болады.
- Жағымпаздың жанына отырғанша, қолыңа таяқ алып малға шық.
- Құныққанның алды ор, арты тұңғиық.
- Жалқаулықты білемін, бірақ жоя алмаймын.
- Жалтақ болма, жанға ауыр.
- Мінез – шыны, сындырып алмауды ойла.
- Сыншы бір сөйлесе, мінші бес сөйлейді.
- Елемеген адамың өкінішке душар етеді.
- Біреу туралы пікір айту үшін, деректердің ақиқаттығына толық көз жеткізу керек, сонда ол адам алдында ұялмайсың.
- Нағыз адамды алыстан іздеме, қасыңда жүр.
- Өзіңді өзің жасытсаң, жаси береді екенсің, сондықтан бұндай сезімді бойға ұялатуға болмайды.
- Әр адамның жеке даралығы – оның құдіреттілігі, оны жасына қарамай-ақ бағалай білуіміз керек.
- Сығалап кірген – қуып шығар,себебі ол көрінбей келген дерт сияқты – алмай қоймайды. Тым жұмсақ болсаң, жұта салады, тым қатты болсаң, шауып тастайды. Сондықтан болаттай серпінді бол.
- Әркім өз арманын қол созым жерге қойғандай.
- Армаңдасаң жұбана да алмайсың.
- Көңіл-күй – шабыттың кілті.
- Түлкі түгің бар ма, ылғи сорланып жүресің.
- Адам адамнан ғана таралған, басқа жолы жоқ, бар болса, жақсылыққа әкелмейді.
- Адам қателесуге өте бейім, ендеше оған үміт артуға болады.
- Кекесіні жоқ күлкі – жан дүниенің тынысы.
- Тісің батпаса, балта ұста.
- Өзіңді өлтіретін жерден басқаның барлығына бар.
- Адам болсаң, алыстан көрінесің,
- Адамсымақ болсаң, жақыннан да көрінбейсің.
- Бұзықта бір-ақ ой бар – қирату.
- Биіктің де биігі бар, үлкеннің де үлкені бар, аласаның да аласасы бар,кішініңде кішісі бар,сондықтан тіршілікте осылардың бірі болып жүресің.
- Көршіңді білмей, өзіңді түсінбейсің,сондықтан көршімен жиі-жиі араласу керек.
- Көзден мөлдір, көзден ыстық нәрсе жоқ, адамның ғажайып ойын да, сырын да көзінен байқауға болады.
- Ақымақтың бір белгісі: заңды көбейту.
- Өзіңді-өзің білу өзіңнең, бірақ соны біле тұра кілтін таба алмай жүрсің.
- Адамға мүйіз берсе, теспейтін жер қалдырмас, бірақ өміршім біліп бермепті.
- Алтын тісті көріп қуанба, оның басқа тістері де түскелі тұр.
- Көзқарастың тура қарау, қия қарау, кесе қарау, сүзе қарау деген түрлері бар, жұрт айтып жүр. Қайсысы саған ұнайды өзің айт.
- “Қай жерің ауырады, жаның сонда”,- дейді, ол рас, жанның да ауырғысы келмейді, сондықтан ол ауырумен күрес жүргізеді, жанның ауырып қиналатыны осының салдары.
- Қайсы біреулер жамандауға келгенде, жалындаған оттың ыстығын да сезбейді.
- Адамды сөзінен әркім ұғады, сөзінсіз ұғып көр.
- Қу адамға барыңды беріп құтылған жөн, себебі ол алмай кетпейді.
- Елдің бәрі бірдей деп санағаным, өмірде талдау жасамағаным екен.
- Шындықты айтсам өкпелейді, өтірік айтсам көкелейді, неткен күрделі күдікті адамдар?!
- Көз көрумен, құлақ естумен жүреді, бұған таңдаңба, табиғи нәрсе.
- Жан тыныштықты іздемейтін адамды көрмедім.
- Ақылдыға кездессең арымсың,
- Ақылсызға кездессең сорымсың.
- Жағымпазда төрт бет, төрт тіл болады.
- Біз бірде күлеміз, бірде жылаймыз, бірде жырлаймыз, бірде күйінеміз, бірде сүйінеміз, бірде қуанамыз, бірде өкінеміз, ақырында үнсіз тынамыз.
- Қиындық келсе басыңа,
- Басыңды ұстап жасыма.
- Өз ой-парасатыңды басқаның ой-парасатымен салыстыра білуге үйрену керек, сонда өз қажеттілігіңді тани түсесің.
- Адал адамды айыптаған, соңынан өзі азап шегеді.
- Мойының қызара бастаса, жүйкенің тозғаны,сабырлылыққа бой ұрғаның дұрыс.
- Қанша мақтаса, сонша жіңішкер, әйтпесе жуанданып кетесің.
- Өзіңді бақытты сана, сонда басқа адамдар сенің өміріңді армандайды.
- Көздеген талап-тілегіне жетпеген соң, көңіл, шіркін, ұялшақ бола береді.
- Әділетті адам жемқорлармен жолдас болмас.
- Мақсатсыз адам көзін жұмып келе жатқан сияқты, әне-міне дегенше, қабырғаға басын соғатын болады.
- Қақпа бас болма,
- Қалыпты бас бол.
- Бәріміз ақылды болмасақ та, ақымақтан безетіндей ақылымыз болсын.
- Көре-көре көңілін білесің, жүре-жүре жүрегін түсінесің, сөйлей-сөйлей сөзін ұғасын, сүйтіп жүргенде де адамды ұқпай кетуің мүмкін, сондықтан, адамды өмір бақи танып білудеміз.
- Адам табиғаты ұшаң теңіз, ізденгеннің үстіне іздене бересің, сондықтан да адамды ұлы дейміз.
- Адам бірде жадырап жаз болады, бірде тоқырап күз болады.
- Қайсыбір адамдар жақсы бол, басыңнан төмен қарай алтын құямын деп қуанады, нәтижесіне мән бермейді.
- Қайсыбір адамды мақтасаң, армаңына жеткізеді,
- Қайсыбірін мақтасаң, ар- ұяттан бездіреді.
- Жақсы адамның белгісі:
- Қайғылыны уатқан,
- Ақылдыны жұбатқан,
- Ақылсызды қуантқан.
- Жаман адамның белгісі: сараңдық, парақорлық, ел бүлдіргіштік, қала берсе өсекшілік.
- Асыл адамның белгісі: тоқсанға келіп, тобықтай болып отырса да, сөз атасын топтатады.
- Адамдардың іс-әрекетін, тіршілік-күйін жаратқан талқыламайды, біз өзіміз талқылаймыз, ендеше адам біріне-бірі жаратқан екендігін ұмытпасын.
- Адамда сан түрлі күлкінің табиғаты бар, соны білсең оны тани түсесің, күлкіңді түзеуге тырыс, онда ашылмаған мәндер көп.
- Көңіл түбі тесік ыдыс секілді, толуды білмейді.
- Өзіңнен зор шықса, кім екеңінді танисың, сондықтан кішіпейілділікті өлшем еткен дұрыс.
- Кейбір адамдар жеңіл көліктің рулін ұстағанына бүкіл жер шарын өсінен айналдырып бара жатқандай мәз болады.
- Дәмеленіп көр, күдігіңді білесің.
- Ауырып көр, жаныңа батса, әзиз жаным-ай дейсің, ал тыныштықта бәрін ұмытасың.
- Көлеңкесі бардың өзі де бар, бірақ осыны біреу көреді, біреу көрмейді.
- Адамдар бірін-бірі сыйлауға ұмтылады, бірақ оған ойланып мән бермейді,
- сыйласу міндет пен әдетке айналған дағды болсын.
- Ақылдының ақылсыздан бір жері артық секілді, бірақ оны істес болғанда білесің, ал жай кездерде айыру қиын-ақ.
- Мінез – адамның дене құрылысы сияқты, өзгерту қиын.
- Адам бір арманы орындалса, екіншісін армандайды.
- Адам елемеген ауруға кез болып, емін таба алмай кетеді, өкінішті-ақ!
- Өз ойың, өз денең, өз сөзің өзіңе жау екендігін ұмытпа!
- Мен адамнан әр кез қателесемін, себебі бірінен-бірінің артықшылығы төбе- төбе болып көрінетін сияқты.
- Әр адамның бір құпиясы болады, ол оны ешкімге паш етпейді, сол құпиясында оның барлық жан дүниесі бар ма деймін!?
- Адам қиын жағдайға ұшырағанда, көкірегіне бірдеме кіріп отырғандай сезінесің, құтылудың жолын іздейсің.
- Адам адамды жасады, адам адамды жояды, адам біріне-бірі құдай. Басқа еш жерден құдайды іздеп басыңды ауыртпа. Құдай өз басында, өз қасыңда, адам бол дейтініміз сол.
- Ғылымға сенесің, адамға келгенде қобалжисың, себебі жағдай билеп адам тез өзгеруі мүмкін, сондықтан сенім туған жерде сенімсіздік туады.
- Көз көреді, жүрек сезеді, бірақ ақыл щешімін айтады. Ал күнделікті өмірде көз бен жүрекке ерік беріп, шешім құшағына еніп жүрміз, сондықтан барлық туған сезімді акылға жүгініске жіберген жөн.
- Көзде тою жоқ, себебі көзден көркем сұлу жоқ. Көңілде тежелу жоқ, себебі ойланудың шегі жоқ.
- Адамның бақытты өмірі ұмытылып, бақытсыз өмірі әр кез жадысында жүреді, ол адамның адамдық қасиеті.
- Көңілдегі қуанышқа толы сезімін іске асырмаған адамды жайсыздық билейді, бірақ өзіңе-өзің тоқтау жасап, ой түбіне кетесің.
- Көңілдің көзі — көл.
- Шауқымен жүретін адамдардың табиғаты ерекше, өзгертем деп әуре болма.
- Көңіл шектелсе, тіршілік тарылды дей бер.
- Адамды білгін келсе, мінез-құлқынан баста, ісі өзі көрсетеді, сонда оны түсіне бастайсың.
- Ақымақтан құтылып көр, кеткеніне өкінбейсің!
- Алпыстан ассаң, жетпісті көксейсің, жетпістен ассаң… адам көңілі деген осы.
- Адам көрсе де, көрмесе де, көңілі бір нәрсені тілеп тұрғандай.
- Неге қолымыз жетпесе, соны армандаймыз, оған қолымыз жете ме, жоқ па оны ойламаймыз.
- Қол жеткен жетістікті бақыт деп сана, аз деп өкінбе, көп деп көпірме, бақыттың тұрақтылығы – сабырлықта.
- Кімде арман жоқ дейсің! Өліп бара жатқанда да арманың көз алдыңа келе ме деймін.
- Көз көрмесе миға жалыныштымыз, бірақ көздің көруі миға тәуелді екендігіне тіпті де мән бермейміз.
- Көздің куәсі — ми, айт десе айтасың, айтпа десе айтпайсың.
- Көз көргеніне ұятты емес, көзді көруге жұмсаған ми ұятсыз.
- Көңіл тояды сабырлық болса,
- Көз тояды ойшылдық болса.
- Жел жетпегенге, көңіл жетеді.
- Ашу үстінде айтқаныңды, ақылың келгенде өтініп кешірім сұра, оны да, өзіңді де жеңілдетесің.
- Күнәліге кешірімпаздық жаса, бүгін – ерте, ертең – кеш болады.
- Саналы болмасаң, оқығаныңнан не пайда?
- Көз көрмесе де, көңіл құлқижи береді, құбыла соққан жел сияқты.
- Кекшілдік пен кесепаттықтан сақтан, құтыңды кетіреді.
- Үміттенген үкімге бағынбайды.
- Көңіл табысу – сенімнің болғандығы.
- Мақсатсыз қыдырмашылық ер жігітке жараспайтын қылық.
- Жұбана берме, алданасың, Іздене бер, аласың.
- Өкініш — түзелмейтін қателік.
- Қателесем – түзелем деме, жаман үйренесің.
- Тілек айтқан да көмектің бір түрі.
- Тарыдай жасыма, тар көңіл болма.
- Көңілдің жұлқынысына төтеп берер қамал жоқ.
- Шерлі адам шен сұрамайды.
- Адамның құпия сырының көптігі сондай, өлгенде екі жамбасының шұңқыры толып кетеді.
- Сенім мен төзім – өзіңнен басқа әкеп беретін зат емес.
- Сенім нық болмай, көңіл толмайды.
- Түн караңқылығы таң шапағымен кетеді, көңіл қараңқылығы өміріңмен кетеді.
- Іштегі қуаныш пен шер көз жаспен жуылып шыққандай.
- Кұдайға да, адамға да рахмет айткың келсе,жетімге қол ұшыңды беруге асық.
- Сенімді ақтау – жан берумен бірдей.
- Біздің бақытсыздығымыз – білмегенді біле тұра, білуге талпынбағанымызда.
- Біреу қателеспесе, екінші бақытты бола алмайды.
- Ақша қардай көңілдері таза жандар көп-ақ, бұлар адамзаттың шын бақыты.
- Адам мақсатына талпынғанда, жолында боз тұмандай кедергілер кездесіп, нысанасын көрмеуі мүмкін, текті адам болса, тұманда да нысанаға дәл жүреді, бұл тектілігінің белгісі.
- Көзің мен көңіліңді жүдетпе, сонда көтеріңкі жүресің.
- Адамдар өзіне де, басқаға да өмір сүруге жағдай жасап, тіршілік ету керек, бұл адамдықтың ең жоғарғы қасиетін көрсетеді.
- Адам жоқты бар етуге үміттеніп жүреді, бұл өте дұрыс.
- Ашудың арты әр кез — өкініш.
- Суын есепсіз ала берсең, көл азаяды,
- Күнде сұрай берсең, көңіл қалады.
- Өз көңілшектігің өз өміріңді мақсатсыз өткізуге бейімдейді.
- Адамда ғана төзімділіктің шегі бар.
- Қырсық адам өз бақытына өзі тұсау салады.
- Үш арсыз бар: көңіл арсыз, атақ арсыз, байлық арсыз.
- Үш арлы бар: кедей арлы, білімді арлы, мұғалім арлы.
- Адамсыз әлем қараңқы болып кетер еді. Адаммен таң атып, күн батып жүр. Адам
- табиғаттың шын еркесі де, бақилық құлы да.
- Жоқтықтан сабырлық етесің, бар болса, сабырлықты ұмытасың да, барда бар етуге талпынасың, тіршілік қорегі деген осы.
- Адам көлеңкесі түседі-кетеді, сөз көлеңкесі ми қабында қалады.
- Өзіне-өзі сұрақ қойып жауап беру, керекті дәлелді табу, оқып, тыңдап, көріп білу, сабырлықпен тоқтамдық жасап ой қорыту, содан соң барып, нәтижелі сөз арқылы өте қысқа да ұғымды етіп жеткізу – ақылдан кенже болмаған адамның белгісі.
- Бұл не деген адам, қандай сыр бермеймін десең де, біліп қояды!? Не нәрсе құпия болса, соғұрлым оны білуге құмартады.
- Қызығын көргеннің күйігін де көресің, бірақ біз асығыстық жасап, мән бермейміз.
- Жүрегің жылы, сезімтал болсаң, барлық адамдық қасиетке ие боласың, ондай адамға әр үйдің есігі ашық, дастарханы жаюлы.
- Адал болсаң – ауырмайсың, себебі өзіңді-өзің ішіңнен жемейсің, ішің де, сыртың да таза мөлдір бұлақтай боласың. Осындай адаммен жолдас болуға асық, ырысты боласың.
- Нәпсіңді тыймасаң, одан күштіге кездесіп, мерт боласың. Нәпсі сені жетекке алмасын, сен нәпсіні жетекке ал, қысылғанда байлап тастап аласың.
- Біреуге қолыңнан келген пайдаңды істемесең, адамдықтан ары кеткенің.
- Жаман мінез дертпен тең, әуелі елді қинайсың, ең соңында өзіңді қинайсың, жақсы мінезді бол дейтініміз осыдан.
- Адамға деген «ішкі шелегің» таза болса, сеннен бақытты адам жоқ, ешқандай қулық ойламасаң, алаңсыз өмір сүресің.
- Өз мінін біліп түзеткен нағыз ақылды адам. Бұл мыңнан біреу ғана ма деп қорқамын?!
- Басқада қандай жатымсыз міндер барын әйелдерден сұраңдар, қателеспей дәл басып айтып береді. Ал еркектер бұл жағынан шорқақтау келеді.
- Кейбір адамға сәлем берген сайын жақсылық істеуің керек, сонда ғана жағасың.
- Әлсіз айтады да қояды, күшті айтады да жояды.
- Әлсіз болсаң, тынарсың,
- Күшті болсаң, жығарсың.
- Ақылдылықтың бірінші белгісі – үндемеу. Екінші белгісі – орайы келгенде дәлелді сөйлеп, мәселенің нақты шешімін көрсете білу.
- Адамды сыйлап барып пікір айт, әйтпесе жауы болып шығасың.
- Малыңды сатсаң сат, керегіңді аласын, бірақ арыңды сатпа! Сатылған малдың орнына мал аласың, ал сатылған арыңды қайтарып ала алмайсың.
- Ерлік жеңіске, шындыққа жеткізетін ең күшті сезім, ол кім көрінгеннің жүрегіне ұялай бермейді.
- Кішіпейілділік ақылдылыққа тура пропорционал, өзімшілдікке кері пропорционал тәуелділікте болатын адам қасиеті.
- Ойыңда әділдік борышы жүрмесе, істе әділдік жасай алмайсың.
- Жақсы демалыс жасаймын десең, әр кез әділетті бол.
- Адалдықтың бісмілләсі: шындық, шындық және шындық.
- Тәуекел дегеніміз плюс пен минус.
- Жағымпазды көре тұра, біле тұра ештеңе істей алмайсың. Ол ешкімге жол да, жөн де нұсқамайды, соңында қатардағы момындар зардап шегеді.
- Есті ісімен, ессіз қылығымен көрінеді.
- Мінез оттан, талант ойдан туады.
- Адам туралы тек жақсы сөз айтылсын. Жаман сөзді біз естімейтін болайық. Сөйтіп, жер бетінде жақсы адамдар көбейсін. Жақсы адамдарсыз өмірдің сәні мен мәні болмайды.
- Байлық: келеді, кетеді, келеді..
- Абырой: кетеді, келмейді.
- Ерлік: тұрақты.
- Адам болған соң: тірімізді ардақтап, өлімізді қастерлеп тіршілік жасау ата- бабалық борышымыз, ұрпақтан-ұрпаққа ерекше айтар өсиетіміз. Бұл тарихи қалыптасқан ұлттық қасиетіміз.
- Кейде ойымдағы түсінігім шексіздікке кетіп бара жатқандай сезінемін де, тоқтай қаламын.
- Адамның адамгершілігі ғана жоғары этиканы жасай алады, зұлымдықпен шұғылданған адам қандай жоғары этикалы болмақшы, ойлаңдаршы!
- Ғасырдан ғасырға адамдардың біріне-бірі көрсететін жақсылығы көркейіп, мәні кеңіп, құшақ жайып келеді, ал жаманшылық кеміп, семіп, солып барады, міне адамзат тарихы бізге осыны айтады.
- Мен кейбір адамдардың сөзін, ойын, пікірін таң қалып тыңдаймын, тұла бойы асыл қазынаға толы неткен жандар деп ойлаймын. Егер осы адамдар түбегейлі қолына қалам алып жазса, кемеңгер адам болып, ұрпақтың кәдесіне жарарлық көп-көп мұра қалдырар еді. Бірақ, көп адамдар тұтанып жанып, жылу да, жалын да бермей, өзімен алып кетеді. Сондықтан адамға ерте мән беріп, тәрбиелеп, бағыт бағдар берген дұрыс!
- Әр заманның өз адамы бар, бәріне ортақ қасиет адамгершілік. Бұл қасиет ғасырдан-ғасырға дамып, бекіп жетіліп келеді. Адамзат осы қасиетімен ардақты, силы.
- Адам өмірбақи біріне-бірі рухани қарыздар болып өтеді. Ал өкініші сол, рухани байлығымызды толық бірімізге-біріміз бере алмай келесі өмірге кетеміз. Адам өмірінің ғаламат қызықтығы сонда, кейбір сұрақтарға өмірбақи жауап іздеумен өтеді.
- Мансап алып, бақытты болам деме,
- Мәнін біліп, бақытты болам де.
- Мәнсабың қанша жоғарласа, адамды сонша сыйла, сонда адамгершіліктен жұрдай болмайсың.
- Өзіңді-өзің сыйламай, басқаны сыйлай алмайсың.
- Адамдарға опасыздықтан басқаның бәрін кешіруге болады.
- Кішіпейіл болмай, кішірейе алмайсың.
- Кісіні дәулетіне қарап сыйлама, ол арсыздық,
- Адамдығына қарап сыйла, ол әділеттілік.
- Ашық кемшілігіңді айтқанға өкпелеме, жасырынып айтқанға өкпеле.
- Қырсықтың ең жаманы жалқаулық. Жалқаулықтан құтылмай, өмірге талап-тілек қойып қажеті жоқ.
- Арсыз арыңды алады,
- Ауру жаныңды алады.
- Адамдың бірін-бірі түсінбеуі олардың түйсіктері мен сезінуі әр түрлі кезеңде екендігін білдіреді.
- Адам – оқылмай жатқан ғажап кітап.
- Адам аз өмірін бейнетпен өткізуге тым бейім тұрады-ақ. Бұл оның ерекше қасиеті.
- Адамның мінезі: сынауға келгенде жоғары-ақпыз, сыйлауға келгенде төмен-ақпыз.
- Аллаша бөлсем алалағаным,
- Адамша бөлсем алдағаным.
- Дәреже құған төр іздейді.
- Адам ғажап жаратылыс: қайсыбірі бөденедей жорғалайды, қайсыбірі қырғауылдай қорғалайды.
- Бірді көндіре алмаған, әлеуметті тоқтата алмайды.
- Әр адамның өз әуені бары анық, өз ырқына бейімдей берме.
- Әр пенденің «көрінетін» және «көрінбейтін» беті болады. «Көрінетін» беті шындық, «көрінбейтін» беті оның ішінде, өзі ғана көреді, сондықтан адам түсінбейтін сырға толы жаратылыс. Бірдей адам болуы мүмкін емес, бірі келсе, бірі келмейді.
- Қанша адам болса сонша мінез, сонша пікір, олар бірімен-бірі сай келмейді.
- Адам бірден өркениетті болмайды, ол үшін өзіңнің табиғи ерекшелігіңмен қоса, көптеген адам өткен асулардан өтуің міндетті.
- Адамды терең танып білген сайын, одан неғұрлым аулақтау жүргенді дұрыс көресің.
- Кемшілігіңді түсінбей, кемелдене алмайсың.
- Адамның бір артықшылығы – қажымай өлместің жолын іздейді, адам мәңгілікке құмартады.
- Біреудің істеп жүрген жұмысына қуаныш сезімін сездірмеген жанды тәуір азамат дей алмаймын.
- Адамдардың бәрі жақсы емес, ол шындықтан алшақ. Тіршілікте жақсы мен жаман ит жығыспен алпарысып келе жатыр, келе де бермек. Өмір осы ит жығысымен қызық, онысымен ұзақ.
- Әрбір адам өзін жоғары бағалайды, бірақ несін бағалайтынын өзі де білмейді.
- Адамды бір қолыңмен көтеріп, аузына ақ құйсаң, екінші қолың оны тежеуге дайын тұру керек, әйтпесе, ол адамың басыңа шығып, «ойыңда жоқты айтады», сүйтіп, «жыланды өрттен құтқарған жолаушының» кейпін көресің.
- Жарқын көңіл, таза ой, анық пікір адамның жүйкесін түзетеді.
- Кешіріпаз болмай, келісімпаз бола алмайсың.
- Үйде де, түзде де кедей болма, жомарт бол, жоқ болма, бар бол, тар болма, кең бол, кем болма, мол бол, бұл адамдықтың белгісі.
- Құпиялықты сақтау ердің ерінде ғана болатын қасиет.
- Жүрек тіршіліктің ғана тірегі емес, ерліктің де тірегі. Жүрегі бар, ерлігі жоқ адамдар бар.
- Адал болсаң, ағарып атқан таңдайсың,
- Арам болсаң, інге кірген аңдайсың.
- Адалдық пен арамдық қатар жүріп келе жатқан пойыз сияқты.
- Нағыз ер заң сақтап өмір кешпейді, өзінің адалдық заңын сақтайды.
- Қудың ақылы: сыйлау үшін өмір сүрмейсің, өмір сүру үшін сыйлайсың.
- Қол жетпеске құмартып жүреміз. Бұл адамның қызығушылық сезімінің нәтижесі. Неге болса да қызығу арқылы түбегейлі шын ізденіс жолына түскен адам қол жетпеске жақындауы ғажап емес.
- Алданбайтын адам кемде-кем, бірақ оған сонша өкініп, жүйкеңді жеп қажет емес.
- Әр адамның үні бар, ол бірде жақын, бірде алыс, өз үніңді өзің түсініп, естіп, ақылдасып жүргенге жетер жоқ.
- Адам үстемдік жүргізуге құмар, ол оның бойынан айырылмайтын қасиеті. Тіл алсаңдар, үстемдіктен безіңдер!
- Адам білмегенді білуге іңкәр болып өтеді. Бұл оның тамаша табиғи қасиеті, оны жастай тәрбиелеп, дұрыс бағыт бағдар беру керек.
- Ит үрді деп, жарыса мен де үрсем, адамдығым қайда қалады? Мен әр кез көнілге келерлік достан сөз естігенде, үндемей құылатын едім. әйелім артынан ұрсып, «неге бірдеме айтпайсын» дейтін. Мен «оған жауап беруге асықпа, өз жазасын өзі тартады» деп құтылатын едім. Әйшейін, расында жазаларын тартып жүр.
- Мінез! Ол кімде жоқ? Сәбиде де, жаста да, кәріде де бар. Мінезді ешқандай көрсеткішпен өлшей де алмайсың, ол түпсіз терең мұхиттай, өлшемсіз, тұрақсыз, бәрімізде жатқан бір құпия. Біреудің мінезін жақсы дейміз, енді біреудікін жаман дейміз. Жаман жақсының өзі салыстырмалы ұғым, неге жақсы, неге жаман? Бұл мінез! Мінез жануарларда да, жәндіктерде де бар. Алуан алуан мінезге табиғат толы десем, мұнша жұрт сенетін шығар. Сайып келгенде, «мінез» деген «көрініс» бәрінде бар ма деймін?!
- Осы мінез қай елде бірінші пайда болды деп бірнеше ұлт дауласыпты. Еврейлер айтыпты, «мінез» бірінші бізде пайда болды, себебі Жаратқан бізді жарық дүниеге бірінші әкелді, біз өмір сүргелі бес жеті алты бір жыл болды депті. Мұны естіп, құлағын түріп ұстаған қытайлық: «Әй, еврей, сендер бірінші болсаңдар, біз екіншіміз! Жаратқан сендерден соң бізді жаратты, бізде «мінездің» дамып келгеніне төрт алты тоғыз сегіз жыл болды», депті. Мұны естіген үндіс: «Біз үшіншіміз, бізге екі мың сексен жыл», депті. Бұл айқайды естіген еуропалықтар: «Бізге екі мың жыл, біз сәбиміз. Мінезімізде өрескелдік болса, кешіріңіздер», депті. «Әй, сен сәби емессің, ең соңында көңіл бөліп Жаратқан бізді жіберді бұл дүниеге, бізге бір үш жеті сегіз жыл. Мінезіміз баланың мінезіндей, Жаратқаннан басқа ешкімді білмейміз. Елдің ең кенжесі бізбіз.», депті.
- Көңілім болмаса, қиналып өлген болар едім! Көңіл шіркін арғымақ сияқты жүйрік, арманыңа жақындатады да, алыстатады да. Сөйтіп, өзіңді өзің дауылдатып, ақыры тыныш табасың. Осы тыныштықтан қорқамын!
- Әр адамның өзінің «психологиялық кітабы» болады, оны өзі де, басқа да оқып бітіре алмайды.
- Арсыз болып өмір сүру тіршіліктің тауқыметі, оны сол үшін айыптай беруге болмайды. Дүние жүзінде барлық байлардың жиырма бес пайызы арсыздардың еңбегінің нәтижесінде екендігін ұмытуға тағы болмайды. Арсыз болмай, алымпаз болмайсың.
- Көңіл мысықтың жетім баласындай, мияулап шешесінің емшегін іздейді, оны таба алмаған соң, тұмсығын жылы жерге тығып, үнсіз жатады.
- Адам Айдан да жоғары, аспаннан да биік,тек Күнге ғана жетпей тұрған жаратылыс па деймін? Қанша жасасаң, сонша өмір, адам қызыққа кеңеле береді. Адамды төмендетіп, жер ететін өлім ғана, басқа ешбір күш оны төмендете алмайды.
- Өзіңді өзің танымай, ел сені танымайды.
- Әр пенде дүниеге келген соң өз ерекшелігін көрсете білуге борышты.
- Кейбір пенделер «мансабы» жоқта бәрімізге көл болады, масабы бітсе, қайсыбірімізге көл, қайсыбірімізге шөл болады. Міне, ақымаққа мансап қонса, қандай дәрежеде болады. өз көзім көріп, құлағым естіп, бірге қызметтес болғандар еді. Адамдарға айтарым, мансапшыл болма, адамшыл бол. Тұла бойыңды адамдық сезім билесін, сонда ең бақытты жан боласың.
- Қандай дәуірде өмір сүрсе де, адамдарда жарқын болашаққа деген сенім жүрегінің бір бұрышында ұялайды, міне, арманшыл адам деген осы.
- Үш-ақ түсінік адамның қасиеті: еңбекқорлық, адалдық, қайырымдылық, басқа түсініктер осы үшеуінен тарай береді.
- Адам болған соң: арсызданасың, алданасың, иманданасың!
- Адал адам жоқ, оған ұмтылғандар бар.
- Бүкіл адамзатқа айтарым: бақытыңды да, қуанышыңды да, қайғыңды да, өкінішіңді де елмен бөліс, сонда адамдық қасиетке жетілесің.
- Кекшілдік көпке жолдас етпейді, өз басың тасқа соғылады.
- Мұңдас мұңдаспен сырласады, бірін-бірі іздемей табады.
- Адам боламын десең, өз ақыл сезіміңді дамытып, ненің болса да өз шешімін табуға талпын. Кісі ақылы көтерерде түсірер, өз ақылың өлгеніңше жетелер.
- Кешірімпаз болу адамды құрметке бөлейді.
- Адам адамға жақсылық жасау үшін келген, бірақ осы «адамгершілік заңын» тас ж.ректілер мен соқыр сезімделер бар-ақ.
- Адамның адамдығымен айуандығының арасы екі көздің ара қашықтығындай ғана, одан азайса, не көбейсе, адамның адамдық қасиеті жоғалады.
- Арсыздың дәурені көркейіп, дәулеті шарықтай береді, арлы арық қойдай жаурап ық іздейді, сонда арлыны арсыз өмірбақи теңеуде өте ме? Қандай әділетсіз өмір еді? Арсыздықты көрмей, әділетті түсіне алмайсың.
- Адамның өзім білемін деген өр көкіректігі тәжірибеде әрдайым сәтсіздікке ұшыратады.
- Адамның өзі де, бүкіл табиғаты да тұнып тұрған ғаламат «теория». Ол теорияны біреу түсінеді, енді бірі қырық жыл тұрып барып түсінеді. Міне, адам деген қандай күрделі.
- Адамда екі таразы болады: біріншісі сыртқы көз таразысы, екіншісі ішкі көңіл таразысы. Осы екінші таразыға ерекше мән беріп түсінбесең, тебіренбесең, өмірде өлшемдес әрекет жасай алмайсың, ал бірінші көз таразысынан сүріне бересің.
- Құмарлық, қызығу, қызғаныш үшеуі бірге жүретін ағайынды жандар, олар бірін бірі тудырады, сүйтіп күресе жүре біреуі жеңеді.
- Адам қайда барса да, тіршіліктің жағдайын ойлаумен болады.
- Іштарлық пен бақталастық ұлы адамдарға үйлеспейтін мінез, егеер көрініп қалса, ол тексіздігінің белгісі.
- Алаяқтылық пен өтірікшілдік бірін- бірі сүйемелдеумен күн көреді. Талай осындай адамдарды кездестірдім, олар мен осындаймын ау деп сезіктенуді білмейтін жандар.
- Ақбозат, көкбозат, адамды адам бұзады, сөзді жалаң көп тыңдасаң, өсекшіл болуың хақ.
- Мінез үш жақты пирамида: бір жағы жақсылық, екіншісі жамандық, үшінші жағы жақсы мен жаманның туындысы.
- Қасиет бәрімізде де бар, бірақ оны сақтау бәріміздің маңдайымызға жазылмаған.
- Әйелдерде үш қасиет қосарланып жүреді: ақылдылық, сәйкелдік пен сүйіспеншілік.
- Жасық деген адамың жар құлатуы мүмкін, сондықтан адамға баға беруге асықпа.
- «Көз» сөйлеп-ақ тұрады-ау, бірақ әркім түсіне бермейді.
- Адам өз ісіне, ойына қанағаттанбай өтетін тіршілік иесі.
- Өмірдің асылы да адам, жасығы да адам.
- Адам болған соң адалдықтың да, арамдықтың да тауқыметін көресің, әйтпесе адам бола алмайсың.
- Туа бітпегенді, жүре табу қиын-ақ!
- Жүгірген аң, жорғалаған жәндік, ұшқан құс тамағын іздеп жан ұшырады, ал адам одан басқа да бірдеме іздеп жан таласады?
- Адамдар қызық-ақ, қол беріп, бас иіп сәлемдессең, артынан өкпесін айтады, мүмкін осында бір терең мән бар ма деймін?
- Не ойыңды, не көңіліңді, не сезіміңді, не көркіңді, не сөзіңді елемейтін жандар таспен тең, таңырқайсың да, іштен тынасың, күйінесің, жанасың!
- Өз кемшілігіңді сезбей, елдің кемшілігін сезіп қамқорлыққа алма, ол өзіңе де, оған да істеген қианатың.
- Адам табиғатында еркін жаралған тұлпар, мойынына құрық, басына жүген салдырмауы керек.
- Әр пәнденің ең сүйікті сөзі — өз есімі, аталуын күтіп жүреді.
- Адам бір қалыпта үнемі жүруге болмайды, онда ол тез азып, тез тозып кетеді.
- «Иттің қапқанынан жеті жыл азап шегесің» деген халықта сөз бар, ендеше ит мінезді адамға әр кез жол беріңдер, сонда көрер азаптарың азаяды.
- Адамның сырты игі деп сырын білдім деме, оның көп сырының бір ақ бетін аштық.
- Өзіңе-өзің сенбесең, өзге де сенбейді.
- Адамның қызық бір қасиеті: өзінің сана сезімін нанымсыз, тыс жатқан үғымды шындық деп қабылдауында.
- Адамдар жазылған кітап сияқты, сыр алысып сөйлескен сайын, беттері көбейе береді, оқи бергің келеді.
- Барлық адамға тән бір қасиетті сезім бар: ол мені мақтаса екен дейді.
- Адам жұмбақ болып туып, жұмбақ болып өледі.
- Адамның ішіне кіре алмауың қандай ақиқат болса, оны түсініп біле алмауың да сондай ақиқат.
- Адамшылықты айтпас бұрын, арыңның тазалығын тексер.
- Адам кыран болып көкте ұшса, күн сәулесін жерге түсірмес құбыжыққа айналар еді, жаратқанға дән ризамын, қанат бермепті!
- Адамды адам ететін — адам.
- Адам үшін бәрі шекті, шексіз одан тыс.
- Адамдарға сену үшін: бірде сөзіне, бірде көңіліне, бірде көзіне, бірде өңіне, бірде ісіне қараймыз. Қайсысы дұрысырақ екені әлі жұмбақ.
- Көңілі соқыр — көрдегі адам.
- Құс қанаттары әр түрлі, бірі биікке, бірі ала, бірі самғауға, бірі қалықтауға бейімделген. Адамдар да осыған ұқсай ма деймін?
- Адамның да — адамы, Аттың да — аты бар.
- Құлақ естігенді, көз көре бермейді, көңілде жоқ нәрсе де болады.
- Мыңнан бір мылжың болса қуаныңдар.
- Сұлуға — інжу, тазыға — қарғы тағады, арсызға не тағады?
- Қайсыбір адамдардың мінезі «өткінші жаңбыр» сияқты тез ашуланады, тез жадырайды.
- Кей адамдардың ашуы қатаң, бірақ тез сабасына келеді, нөсер жаңбыр тәрізді.
- Қабағынан бұршақ атылған жандар бар, олармен ойлап сөйлеу керек.
- Үрінді қар сияқты қолы да, діні де қатты жандар кездеседі.
- Күдіктенгіш әр кісіні ұры санайды.
- Сыпайлылық адамгершіліктің бөлшегі.
- Күннің дағы сияқты, адамдарда да дақ бар, бірақ адам сол дағымен ақылды да, адал да, кішіпейіл де, бұзық та бола береді.
- Қайсыбір адамдардың бір ұрты — май, бір ұрты — бал болады- ау, ондай адамдармен жақын жүр.
- Адамдарда екі дауыс бар: бірі естіледі, бірі естілмейді, сондықтан естілмейтін дауысыңмен 77-рет келісіп барып, естілетін дауысыңды шығар, сонда әрекетің де, ісің де оңдалады.
- Маймыл қайдан тарады деген сұрақ қандай дөрекі болса, адам қайдан тарады деген де сондай дөрекі. Адам табиғатпен тұтасып,
- бірге жаратылған гажап бейне, бірақ маймылдан емес екендігі анық. Жаңа ғасыр жауабын айтар.
- Адамның ең жаманы өз пікір-ойы жоқтығы.
- Азамат есімін жоғары ұстаған ар тазалығы.
- Ар-ұятың таза болмаса, иманнан күдер үзе бер.
- Ана сүтімен қалыптасқан қасиетті оқ атып жоя алмайсың.
- Жақсыны да, жаманды да адам басынан табасың.
- Шыдамды адамның ойында ғаламат ғажап сыр мен сенім жатыр.
- Адамнан асқан жұмбақ жаратылыс жоқ. Әр адамның жүрегінде бір-бір құдай отырғандай, бірақ әркімнің «құдайы» әр түрлі, бірі момын, бірі жомарт, бірі бұзық, бірі ойшыл, бірі тапқыр, бірі қу!
- Адамдар! Өз мүмкіншілігің өзіңде, жүрегіңмен ес кіре са- лысымен сырласа білуге жастай үйрен.
- Сұрағанын бермесең де, бергендей иландыру адамдықтың шын белгісі.
- Біреудің кемшілігін көп көреміз, өз кемшілігімізді аз көреміз, сондықтан орта шамадан аспай жүрміз.
- Өз көңіліңе қонымды пікір басқаға жат болмайды.
- Біреуді ұғыну үшін, өзіңді-өзің ұғын.
- Не нәрсеге, не іске болса да сезініп барып, сабырлык жасайсың, сезім мен сабырлық бірлескен жерде жүрегің әр кез таза қалпында қалады. Жүректің бнлігі, ой мен ақылмен келіскен дұрыс.
- Ар ұят адамгершіліктің ұясы, ол әркез таза болуы керек.
- Бірсөзділік те адамгершіліктің мөрі сияқты.
- Силасу мен сырласу ұғыныстың басы.
- Адал еңбек пен ар ұят адамгершіліктің қорытындысы сияқты.
- Тілек силастықтың төлқұжаты.
- Силау адамгершіліктің әліппесі.
- Өзімшілдікке өкпе қойма, бәрімізді де бар.
- Жомарт адамның кеудесіңде көлі бар, суы мөлдір,тұщы, керегіңше сусындайсың.
- Қөңілшектің жүрегіңде кешірімпаз деген адам отырады.
- Адамгершілік тәрбиенің жемісі, бірақ ол барлық адамдарда пісіп жетіле бермейді.
- Көргенсіздік пен тұрпайылылықты, надандық пен арсыздықты көргенде өзіңнен өзің ұяласың.
- Жәдігөйлік пәнденің азғаны.
- Біреуге жамаандық ойлап тіршілік ету, адамдық атпен сыйыспайтын ұғым.
- Көңілшек жомарттықтың ісі.
- Қарапайымдылыққа шын көңіл бөлсең, көп нәрсені түсінесің.
- Адамда жауапкершілік сезімінің болуы үлкен қасиет, оған сенуге болады.
- Сенім — сапалы істің басталуының демеушісі.
- Бәріміз қыран болмаспыз, бірақ талпынып көр, қыранның бір қасиетіне ілігерсің.
- Арың — сәулетің, ақылың — дәулетің.
- Қара бұлттай түнерме, өзіңді-өзің жүдетесің.
- Адам тірі сайтан, оған сену де, сенбеу де қауыпті, сондықтан оған үстемдік пен тәрбие керек.
- Кейде адамды көріп қуанамыз, қайсы бірінің іс-әрекетін көріп шошынуға да болады.
- Тегінен артып, текті тумайды, тегіне ұқсап туады. Тектілігін көрсете жүреді.
- Өзіңді басқа адамдармен салыстыра ойлансаң, оның ойында ма, сөзінде ме, ісінде ме, әйтеуір бір артықшылығы, ерекшелігі барын сезінесің, сондықтан адамдарды өмірбақи оқып, тани да, түсіне де бересің, ол беті шексіз кітап сияқты. Адам — әлі оқылмаған кітап.
- Менің жатсам да, тұрсам да ойымнан кетпейтін бір ұғым бар, оны өзім де білмеймін. Осы керемет сикырлы, құпиялы күш пе, сезім бе, энергия ма, ол адамда ма, табиғатта ма, ғарышта ма? Ол сиқырлы зат па, материя ма?
- Зат болса аты, түсі, иісі, әсері, дәмі кандай? Әлде адамды жекеленген кеңестік қоршай ма, әр адамның өз өрісі, өз кеңестігі бар ма? Басқаны білмеймін, өзімді осындай сезім билейді. Адам танылмаған, ашылмаған, зерттелмеген әлем бөлшегі
- Жасампаз адамның табиғаты ерекшелінген өзге тіршілік сияқты.
- Қанша ашулансам, сонша өкіндім, ашудың ашудан басқа берері жоқ, одан әр кез қашып жүр.
- Адамдарга терең ойланып бақылау жасасаң, оның кейбір мінез-құлқы, іс-қимылы каскырға да, итке де, түлкіге де, жолбарысқа да, маймылға да, мысыққа да, тіпті ұшқан құсқа да ұқсайды. Бұл адамның жануарл|ар дүниесімен үйлесімді байланыста екендігін көрсетеді.
- Құстың да құсы бар,
- Адамның да адамы бар,
- Жәндіктің де жәндігі бар,
- Пайда — зиян бәрінде бар.
- Атада болмаған қасиет ұлына дарыды деген өті- рік, текті тектілігін керсетпей қоймайды, тексізден он үл туса да өзгермей қалады.
- Ақ көңілділіктен адам азапта шегуі мүмкін, чөңіліңе тор қойып шектеп жүрген дұрыс.
- Заңның қүлы болма, ардың күлы бол.
- Тексізге қызмет еткенше, тектіге қүл болып жүр, ар-үятың таза болады.
- Өз дәрежесінің төмендегенін басқадан көрген барып тұрган надандық, себебі әр адам өз жолын, өз дәрежесін, өз қабілетін, өз еңбегі негізінде жасайды.
- Тегі текті тентек болып тумайды, тегі кекті коктілігін жасамай қоймайды.
- Мәртебелі үлкендер ғана болмайды, бала да бола алады.
- Тоғыз ұгымды бойыңа құт ете біл: еңбекшілдік, ойшылдық, білімділік, сезімталдық, қиялшылдық, қажырлық, ерлік, бақылаушылық және қызығушылдық.
- Адамды ішіп-жеуге үйретпе, ішіп-жейтін өнім өндіруге үйрет.
- Адамнан адамның айырмашылығы, ақыл-ойы мен көңіл-күйінде, басқасының бәрі ортақ.
- Туа болмаған түйсіну, жүре болады деме, ол адасу.
- Талпыныс арқылы өкінішіңді жоясын, сондықтан неге де болса, талпынып қалуға дайын бол.
- Мен айтар едім, әлемде қанша адам болса, сонша роман бар деп. Оны ешкімде тауысып оқып бітіре алмайды, бірақ ақылмен шолып өтесің.
- Жаралағыш арыстан болғанша, дән жинағыш құмырсқа бол.
- Арыңды көру үшін борышыңды өте.
- Кісілікті болсаң, кішілікті де бола біл.
- Арсыз, әуелі аяғынды басады, содан соң кеудеңе шығады, ақырында басыңа отырады.
- Арсыз әкең өліп жатса да, астыңдағы атыңды сұрайды.
- Арлы арсызға жол береді, неге?
- Жүрегің кешімді, тілің шешімді, қолың шешулі болсын.
- Ар ұят дегеніміз біздің басымыздың ең жоғарғы нүктесіне жанама болып өтетін жорамал жазықтық, ол бәрімізде де бар. Ар ұят сол жазықтықта жатады, басқа іс әрекеттерің одан тыс жатады. Ар ұят жазықтығын таза ұстаңдар.
- Жомарттылықта да мән бар ма деймін: а): мақтан, ә) жағыну, б) көмек, в) тілеу, г) сұрау; Д) барлық, өзің осы-ау дегенді тұжырымдап көр.
- Адам адамға қарап тұрмыс құрады.
- Мың адамның бірі — қыдыр, бірі — бақ.
- Сабырлық сақтап, ар сақтап көп жылдар жүрдім, әлі де сол жолмен жүріп келемін, бірақ ойлап қарасам, көп сабырлықтан пайда жоқ, не де болса, жанған, ұтанған дұрыс, не шоқ, не күл боласың.
- Ар-намыс әр адамда бар дейміз, бірақ жасырары жоқ, біреуде аз маз, біреуде бар-ақ, біреуде көп-ақ, біреуде өте-мөте көп-ақ.
- Сабырлық ізденісте де, ашуда да қажет-ақ.
- Боз тұман тез тарқайды, Ақ көңіл тез жадырайды.
- Әлемнің асылы да адам, сасығы да адам.
- Адам өзіне-өзі жау, оған дәлел табуға қиналмай-ақ қой, аз ойлансаң , өзің де табасың.
- — Ар-ұят қайда?
- Базарда сатып жүр!
- Бірінен бірі үйренбесе, ақылдаспаса, пікір алыспаса, ортақ іске ат салыспаса, жетістікке ұжым болып қуанбаса, адамның айуаннан айырмашылығы аз ба деймін.
- Адамның ұлылығы сол: асқақтаған арманға, тәтті үмітке, ұшқыр қиялға тілек бұра беруінде.
- Кеудеңдегі жүрегіңде үлкен адамгершілік сезімі болмаса, кешірімпаз болуың екі талай.
- Ңұдайға сенесің бе, адамға сенесің бе, ерік өзің- оған заң ешқандай шектеу қоймайды, бірақ адам-иық атыңа лайық болуың міндет те, борыш та.
- Әр адамда ерекше бір қасиет болады, ол оның не құты, не жұты. Сол дара қасиетін ол өлгенде өзімен бірге әкетеді. Сондықтан адамды өмірбақи оқы, таны, зертте дейміз.
- Адамның кемшілігі – өз қатесін мойындап, оны жоюға бет бұрмауында.
- Ақ көңілділіктен түзетілмес қателікке кездесу әр азаматтың өмірінде кездеседі.
- Адамның көзіне қарап көп нәрсені түсінуге болады. Көңіл- күйін, денсаулығын, адамға деген қатынасын, ықыласы мен сыйластығын, тіпті қанша жыл өмір сүретінін де анықтауға болады. Адамның көзі жазулы тұрған хат, бірақ оның әрпін біреу түсінеді, біреуі түсінбейді. Сөйтіп, көз жұмылған соң көп сыр ашылмай мәңгілікке кетеді.
- Ақылды ақыл магниттің аттас полюстеріндей тепкілейді, сондықтан адамдар тіл табысуға тез көне қоймайды, бұл адамдардың ғажап қасиеттері.
- Адам көшкен бұлттай, өмір жауған қардай.
- Менмендік — ең жаман сезім.
Мағжан Биғозыұлы Бүйімбаев