Home Ұрпақ тәрбиесі Кеңесбеков Қожахмет. Балаңыз бақытты ма?

Кеңесбеков Қожахмет. Балаңыз бақытты ма?

0

Бір күні кезекті семинардың алдына қағаздарымды реттеп отырсам, орта бойлы бір кісі кіріп келді. Жайдары жүзінен бақыттың лебі есіп тұр. Келген бойда:

– Ұстаз, қолыңыздан сүйсем рұқсат па? – деді. Негізінде кісінің қолымнан сүйгенін бұрыннан қаламайтын едім. Бірақ, алып ұшқан көңілін жықпайын деп:
– Қаласаң қолымнан емес, бетімнен сүй. Ол қапсырып құшақтаған бойда бетімнен сүйді. 
– Ия, жігітім, не үшін қолымнан сүйгің келді?  Қонағым ағынан жарыла кетті.
– Ұстаз, осыдан нақ үш жыл бұрын сіздің семинарыңызға қатыстым. Білесіз бе? Менің өмірім тап сол күннен бастап толықтай өзгеріске ұшырады. Сол семинардан кейін бақытты отбасым бар. Сол үшін сізге алғыс айтып, қолыңызды сүйгім келді.
– Соншалықты не айтып едім сонда?
– Үш жыл бұрын жұмыс барысымен осы қалаға келіп, сіздің бір семинарыңызға қатысу нәсіп болды. Семинарыңызды қорытындылай келе: Адам өмірінің ең маңызды кезеңі – балалық шағы. Балалық шақтың қызығына тойып өспеген сәбидің алдағы өмірінде бақытты болуы екіталай. Кез келген ата-ана мейірімге қалауынша қандыра білуінде. Бұл – әрбір әкенің басты міндеті – деген болатынсыз.

Сәл үнсіз тосылып, есіне әлдеңелерді түсіргендей:

– Осы сөздеріңізді естіген сәтте терең ойға шомдым. Әке болып баламды қандай қуанышқа бөледім? Бұндай сұраққа бұрын соңды бас қатырмаппын да. Ойлап қарасам, өмірімде баламды қуантуға, ойнатуға немесе көңіл бөлуге еш әрекет жасамаппын. Тоғыз жастағы ұлым мені көре сала, ұнжырғасы түсіп, көзіме көрінбеуге тырысады. Не үшін менен құтылуға асығатынын білемісіз, ұстаз?
– Не үшін?
– Өйткені, үйге келе салысыммен баламнан: «Үй тапсырмасын орындадын ба?» – деген сұрайтынмын. Ұлым ұнжырғасы түсіп, төмен қарап орындамаған түр түр танытады. Ашуға булығып, ауыр сөздер айтып… Арғы жағын айтуға аузым да бармайды. (Терең күрсінді.) Семинар біткесін жол бойы ойландым. Автобуста мүлде ұйықтай алмадым. Содан не керек, үйге келіп, әйеліммен ақылдасуды жөн көрдім. Кешкісін балам ұйықтағасын жұбайымды үстел басына шақырып: 
– Бүгін мен керемет бір семинарға қатыстым. Бала тәрбиесіне қатысты көп пайдалы кеңестер алдым. Түсінгенім біз баламызға жақсы ата-ана бола алмай жүрген сыңайлымыз. Мейлі сабағын оқымаса, оқымай-ақ қойсын. Ең бастысы, балалық шақтың қызығынан құр қалмаса деймін. Қалай ойлайсың? – дедім. Әйелім:
– Сен не деп отырсың? Қанша уақытыңды құртып барғандағы естігенің осы бос сөздер ме? Оқымаса оқымасын, дегенің қай сасқаның? Оқиды! Оқуға міндетті! Басқа балалардан қай жері кем бұның? – деп, түсіне алмады. Алайда, әйеліме кінә тақпаймын. Қандай ана өз баласының жаман болғанын қаласын.
– Содан не болды?

– Әйелімді үш күн жүріп әзер көндірдім. Ақырында «не істесең де өзің білші» деген жауап алдым. Кешкісін жұмыстан келгесін баламнан әдеттегіден бөлек көңіл-күймен: «Бүгін достарыңмен көңілің қалағанша асыр салып ойнай алдың ба?» – деп, сұрадым. Ол да жоқ мағынасына келетін ишарат білдірді. Жылдам жұмыс киімін ауыстырып: «Олай болса, неге ойнамасқа» деп, баламды аулаға алып шықтым. Біздің сыртқа шыққанымызды көрген баламның достары да жинала кетті. Сол күні кешкі алтыдан қас қарайғанға дейін көшеде ойнадық. Жаңылмасам сегіз-тоғыздар шамасында үйге кірдік. Бір керемет күн болды. Үсті-басымыз шаңға малынған екеуміз бірге душ қабылдадық. Жуынып болғасын баламды өзім сүртіп, құрғаттым. Өмірімде бұрын соңды мұндай керемет күн өткізген емеспін. Сол күннен бастап, жұмыстан келгесін әрдайым кешкісін екеуміз ойынға шығуды әдетке айналдырдық. Бұрын балам менен қашушы еді, енді міне асыға күтіп отыратын болды. Осылай әр күніміз жалғаса берді. Жетінші немесе сегізінші күні балам екеуміз сырттан келіп, жуынып, үстін құрғатып жатқанымда, балам қолымнан қысып ұстап: «Әке, мен сізді өте қатты жақсы көремін!» – деді. Тілім байланып сөйлей алмадым. Жүзімді жас жуып кетті. Өксік көмейіме тақалып, үнсіз жылай бердім. Ұстаз білесізбе?
– Нені айналайын?
– Менің қанадай жаман әке болғанымды. Өмірімде бауыр етім баламнан әлгі сөзді алғаш рет естідім. Егер өмірден бала жүрегінен шыққан жылы сөзді ести алмағанымда қандай ғапыл күй кешер едім.
– Олай демегін! Ең бастысы дер кезінде мәселені ушықтырмай реттей алыпсың. Кей бір кісілер әлі күнге қаталдық танытып, бала көңіліне қаяу түсіреді. Сөзіңді бөліп жібердім ренжіме, әрімен қарай не болды?
– Бір күні баламның сынып жетекшісі ата-ана жиналысына шақырды. Әйелімді бірге баруға көндіруге қанша тырыссам да, онымнан ештеңе шықпады. Мұғалімдердің, одан қалса басқа ата-аналардың шағымынан әбден шаршаса керек. Жалғыз баруға тура келді. Жиналысқа кешігіп келдім. Не де болса шағымды ең соңынан естиін деп, артқы орындыққа отырдым. Жиналыс бітті, ата-аналар сынып жетекшісімен жеке-жеке жолығып жатыр. Бәрі жұмыстарын бітіріп кетті, кезек маған да келді. Алдыңғы партаға жайғастым. Сынып жетекшісі бетіме қарап жымиып:
– Айтыңызшы, сіз балаңызға не істедіңіз? – деді. Менде сасқалақтап:
– Үлгерімі мүлде жаман ба? – деппін.
– Сіз айтыңызшы, құпия болмаса, расымен, балаңызға не істедіңіз?
– Не болғанын сіз айтыңызшы, баламның үстінен шағым түсті ме? Әлде үлгерімі мүлде төмендеп кетті ме?
– Жоооқ! Мүлде олай емес. Керісінше аз уақыттың ішінде балаңыздың сабақ үлгерімі, тәртібі, тіпті мінезіне дейін күрт өзгерді. Бұрын сабағына селсоқ қарайтын, күніге сыныптағы достарын ренжітіп, ескерту алатын. Айтыңызшы қандай амалға жасадыңыз?

Мен жылаған күйі тапжылмай отырып қалдым. Қолымнан жалғыз келгені – жылау болды. Құдайым-ау, балапанымды өз қолыммен қор қылып жүрген екенмін ғой. 

– Ұстаз, сізге алғысым шексіз. Маған бақытқа жетудің жолын сіз көрсетпегенде, бүгінгі отбасымның жағдайы қалай болар еді? Сол күннен бері бақытты шаңырақ аясында өмір сүріп жатқан жайымыз бар. Осы себепті сәлем беріп, алғыс білдіріп кетуді жөн көрдім. Сізге Алла разы болғай!

muslim.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version