Home Жаңалық 13-ші министр… дилетант па, кәсіпқой ма?

13-ші министр… дилетант па, кәсіпқой ма?

0

Қызық, соңғы жылдарда  Үкіметте «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» шенеуніктер қаптап кетті. Жұрт сынайды,  наразылық танытады, жұмысында  жіберілген кемшіліктерін әшкере етеді. Ал лауазымды шенеунік түк болмағандай жүре береді. Билікте «суға салса батпайтын» екі министр бар болса, солардың бірі – ауыл шаруашылығының министрі Асылжан Мамытбеков, ал екіншісі, біздіңше, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов шығар.  Неге екенін түсіндіре кетейік.

Осы Сәрінжіпов-ақ тыныш жүрмейді.  Әрдайым министрдің айналасы айқай-шу, талас-тартыс пен кінәлауға толы. Былай қарасаң, Білім және ғылым министрі  дау-дамайға ұрынбай, бар күш-қуатын отандық білімнің сапасын арттыруға жұмсауы қажет-ақ. «Ел болашағы – жастар» десек, сол жастарыңыз сауатсыз болса не істейсіз? Қазақстанның келешегі қандай болмақ? Міне, осы мәселені сала басшысы күндіз-түні ұйықтамай ойланып, жұмыс істеуге тиіс. Қазақстандағы 7465 мектепте тәлім алатын  2,5 миллионнан астам мектеп оқушысы мен  133 жоғары оқу орнындағы 477 мыңға жуық студенттің сапалы білім алуына барынша жағдай жасау – бірінші кезекте Сәрінжіповтің міндеті. Министрге бұдан артық талап қойылмайды. Оны Асланның өзі де жақсы түсінетін шығар. Бірақ, түсінігі мен әрекеті біріне-бірі қайшы болып жатса ше? 

Аслан Бәкенұлы – тәуелсіз ел тарихында білім және ғылым саласының 13-ші министрі екен. Сарапшылар Сәрінжіповты алдыңғы  министр – Бақытжан Жұмағұловпен жиі салыстырады. Бұл салыстыруда қазіргі министр үнемі жеңіліске ұшырайтынын қайтерсіз. «Жұмағұлов – нағыз педагог, ғалым, қазақ және орыс тілдеріне өте сауатты, жоғары деңгейлі кәсібилігі, мықты интеллектуалдық әлеуетімен танылған адам. Оның қасында Сәрінжіповтің жетістіктері түкке де тұрмайды» деген пікір көп естіледі. Аудитория алдында сөйлеуде де Жұмағұлов алдына жан салмайды, сөз жоқ оратор. Ал Сәрінжіповтің күмілжіп, сөйлей алмай қалатын сәттері жетіп артылады.

Өмірбаянына қарасаңыз, Аслан Бәкенұлы – нағыз кәсіпқой маман ба деп қаласыз. Экономика ғылымдарының кандидаты, жоғары білім беруді  әкімшілендіру ісі бойынша  Пенсильвания университетінің докторы, Америкадағы Оклахома университетін, Австриядағы Вена дипломатиялық академиясын бітірген. Оны аз көріп, Гарвард университетінің жанындағы Кеннеди атындағы Мемлекеттік саясат мектебінде тағылымдамадан өтіп алған. Қысқасы, Сәрінжіповтің  атақ-даңқын естігенде еріксіз құрметтей бастайсың.

Бірақ, мақала кейіпкерінің шетелді шарлап жүріп жинаған осыншама «абыройын» бар-жоғы 8 сөйлем сызып тастады. Осыдан біраз бұрын министрдің сауатсыздығын ел-жұрт бетіне басып үлгерді.  Әлеуметтік желідегі жеке парақшасында ол «Аулдағы атамыз 100 жылға толды. Ұстаз, мектептін директоры болған» деп жазыпты. «8 сөзден үш қате жіберген адам кімді оқытпақ? Мұндай масқарадан соң қатесіз оқулықтар қайдан болсын?» деп артынша жұрт шулады. Әлбетте, министр кешірім сұрады. «Оны мен емес, қарамағымдағы қызметшілердің бірі жазған» деп ақталды. Фейсбуктегі жазуы да «Ауылдағы атамыз 100 жасқа толды. Ұстаз, мектептің директоры болған» деп түзуленіп шыға келді.  Дегенмен, көпшіліктің көкейінде «министріміз  сауатсыз екен» декен ой сақталып қалды.

 Мейлі, түптеп келгенде бізді қызықтыратыны оның жазуы мен сызуы емес, атқарған жұмысы. Білім және ғылым министрлігі – қаржы ең көп бөлінетін бес министрліктің бірі. Алдағы үш жылдың бюджеті 1 триллион 796 миллиард теңгені құрайтын салаға мықты басшы қажет екені талас тудырмайды. Аслан Бәкенұлын қызметке тағайындаларда жұртшылыққа «мықты менеджер» деп таныстырғаны әлі есімізде. Алайда, мемлекеттің ақшасын жұмсауда дәл осы Сәрінжіпов келгелі істің насырға шаба бастағанын Республикалық бюджеттің орындалуын қадағалау жөніндегі есеп комитетіндегілер анықтапты. «Мықты менеджер» болса, 38 миллиард теңге көлеміндегі қаржыны жұмсауда бюджет заңнамасының  өрескел бұзылуына, 16,5 миллиард  теңгені тиімсіз түрде пайдаланғанына қалайша жол берді дейсіз? Бұл сұрақ төтесінен қойылғанымен, жауапсыз қалды. 

 Сәрінжіповті сынайтындар министрліктің жұмысында нақтылы бағыт-бағдардың жоқтығын да алға тартады. Түсініксіз шешімдер, сәт сайын өзгеріп отыратын ережелер… Жылда жұртшылық «білім саласының басшылары тағы не ойлап шығарады екен?» деп іштен тынып отырады.

Министрдің «көкесі» кім?

Сәрінжіповтің миллиардтаған қаржыны уысында ұстап отыратын қызметке баруы да тегін емес секілді. «Білім саласы – ақша жинайтын орын» деген тіркестің қалыптасқанына нешеме жыл болды. «Мектепте ақша жинауға тыйым салынады» делінген сайын қайта керісінше, жиналатын ақша көлемі де ұлғайып бара жатқандай. «Майлы жілікке» ие болып, министр атанғысы келетіндер көп-ақ. Бірақ, неге таңдау Сәрінжіповке түсті?

Ақорда мен Парламент депутаттары үшін күні кешеге дейін Сәрінжіпов нағыз жұмбақ адам болып келді. Бұрын қайда жұмыс атқарғаны, қандай жетістікке жетіп, нендей кемшілікке бой алдырғаны – барлығы да беймәлім болды. Соған қарап, «министр – дилетант екен» деген де  пікір қалыптаса бастады. Белгілісі, бұған дейін «Назарбаев университетінің» басшылығында қызмет атқарған. Әрине, Сәрінжіповтің өмірбаянын, карьералық баспалдақтарын табу аса қиын емес. Алайда, күні кеше «көптің бірі» болып жүргендіктен, оған ешкім назар аудармаған еді.

Жалпы, сарапшылардың пайымдауынша, Сәрінжіповтің министр креслосына отыруы өздігінен бола салған жайт емес. Ол – бұрыннан дайындалып келе жатқан кадр.  Пенсильванияға арнайы жіберілуі де содан. Әйтпесе, экономист мамандығының иесі  жоғары білім  беруді әкімшілендіруді меңгеру үшін Америкаға тегіннен-тегін аттанбайды ғой. Оның алдына қойылған басты мақсат – отандық білім деңгейін батыс елдерінің дәрежесіне көтеру. Алайда, бір жарым жылдан бері бұл бағытта дұрыс қадам жасалмай жатқанын аңғару қиын емес. 

Сарапшылар Сәрінжіповті негізінен екі ауыр салмақты саясаткермен – Ербол Орынбаев және Марат Тәжинмен  тығыз байланыстырады. Яғни, Аслан Бәкенұлын министр қызметіне осы екеуінің бірі сүйреп келген көрінеді. Алайда, Орынбаевтың да, Тәжиннің де ықпалы бұрынғыдай емес, әлсіреген. Осыдан болар, білім министріне көрінген адам тиісетінді шығарды. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековке депутаттар команда бойынша жабылып, артынша команда бойынша мақтай жөнелгені есіңізде ме? Міне, мұның барлығы Мамытбековты қорғайтын «қамқоршысының» мықтылығын білдіреді.  Сәрінжіповті дәл қазір ешкім қорғап жүрген жоқ. Жиі «таяқ жейтіні» де сондықтан. 

 Осыдан біраз уақыт бұрын білім министріне Мәжілістің вице-спикері, белсенді депутаттың бірі Дариға Назарбаева шүйлікті. Ол Сәрінжіповтің «әлемдік деңгейдегі колледж ашу» идеясының тас-талқанын шығарды. «Бұл әйгілі Остап Бендердің «Нью-Васюки» атты атышулы жобасын еске салады екен. Шындығын айтқанда,  «әлемдік деңгейдегі» деген сөздің өзі «колхоз бен мамбетизм», – деп  министрді  жағасынан алды. Бірақ, Сәрінжіпов саспады. Салқынқандылық танытқан ол «бұл халықаралық «Кәсіпқор» колледжінің жобасы. Оны канадалықтармен бірге іске асырудамыз. Бұл  Назарбаев мектебі, Назарбаев университеті секілді пилоттық жоба. Ал  Дариға Назарбаеваның сөзіне келсек, «ноу комментс». Біздің жобамыз дұрыс деп есептейміз. Оны қорғаймыз, әрі қарай дамыта береміз» деп позициясынан бас тартпады.

Алайда, мақала кейіпкері Азат Перуашевтың сынына төзе алмады. Жалпы, парламенттегі «Ақжол» депутаттық фракциясы мен министрдің арасы тым нашар. Шабуылды бірінші болып осы фракцияның мүшесі Меруерт Қазбекова бастап берді. Ақпан айындағы отырыстардың бірінде ол Сәрінжіповтің сын-ескертпелерге мүлдем құлақ аспайтынын, алты ай бойы азаматтарды жеке мәселемен мүлдем қабылдамағанын айтып шағымданды. «Тіпті өзіміз де оның қабылдауына кіре алмадық» деп бұлқан-талқан болған Қазбекованы көп ұзамай фракция жетекшісінің өзі қолдай түсіп, Сәрінжіповті ашық түрде сынады.  Азат Перуашев жекеменшік университеттерді аттестациялаудың орнына енгізілгелі жатқан аккредитациялау жүйесі бойынша пікірін білдіріп, министр тарапына бірқатар сыни пікірлерін жеткізді. Артынша Сәрінжіповтің өзі журналистерге «Перуашев бар болғаны жекеменшік университеттердің мүддесіне лобби жасап жүр» деп мәлімдеді.  Бұған қызуқанды Перуашев қайдан шыдасын. Осы сәттен екі арада ақпараттық соғыс басталды.

Азат Перуашев өзінің әлеуметтік желілерде «тролльдар», яғни интернет-бүлікшілердің шабуылына ұшырағанын алға тартты. «Қызметкерлерге тапсырма берілгені түсінікті ғой, министрліктің миллиардтаған қаржысы бар. Ал олар жұмыс істеудің орнына осындай лас әрекетпен шұғылданып отыр», деген Перуашев Сәрінжіповтің қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап еткен болатын.  Депутаттың имиджіне қол сұғу, абыройын айрандай төгу «ауыр қылмыс қой». Әйтеуір, соңғы апталарда екі жақ та  ымыраға келген секілді. Тіпті қол алысып, достасқан да шығар. Әзірше Азат та, Аслан да тыныш.

Жалпы, жұмысындағы өріп жатқан кемшіліктеріне қарамастан, сарапшылар Сәрінжіповтің болашақта тәп-тәуір карьера жасайтынына кәміл сенімді. Себебін әлгінде айттық, ол – бұрыннан әзірленіп келген кадр. Бірақ, мойындау керек, әлі «шала кадр» болып тұр.  Әлде де ысылып, тәжірибе жинақтауы қажет. Болашақта бұдан да зор қызметтерге баруы да мүмкін, сүрінсе – оңбай құлауы да ықтимал. Күтейік…

Жәнібек ТАРХАН.

rgmedia.kz

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version