Home Жаңалық ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫН ПЛАГИАТИЗМ ҚҰРТЫП ЖАТЫР

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫН ПЛАГИАТИЗМ ҚҰРТЫП ЖАТЫР

0

Біздің қазақ “бәлен ғылымның кандидаты”, “түген ғылымның докторы” деген атаққа неге құмар екен? Нағыз ғалым мен жасан ғалымның айырмашылғы неде? Ғылыми атақтылардың саны көбею үстінде, бірақ республиканың ғылыми потенциалына қосылған үлес жоқ. Соңғы 20 жылда ғылыми атақ алу базардан киім сатып алумен бірдей болып кетті. Өз саласынан білімі таяз болса да, ғылым жолында жүрген болып, диссертация “жазып”, ғылыми атақты иеленіп жатқандарға кең жол ашылған. Ғылымды тоқырауға апаратын плагиатизм теңізінде теңселе жүзіп, шалқып отырғандарға тоқсауыл жоқ. Сондықтан ақшалай пайданы ғылым азабының дәмін татқан адам емес, кездейсоқ біреулер көруде.

 “Диплом сатасыз ба?”, “Курс жұмысын жазып бересіз бе?”, “Ақысын төлейін, диссертация жазып беріңізші”. Бұндай нарықтық сипаттағы коммерциялық ұсыныстар ЖОО – ның ішінде естіліп қалатыны жасырын емес. Плагиаттар қайдан шығады? Плагиатизм дертіне шалдығатын кісі студент кезінен соған бейім болады. Мұғалім тапсырған рефератты дайын кітаптан көшіріп беретін студент курс жұмысын да жазуға қабілеті бар өзге біреуге жаздыртып алады. Немесе сатып алады. Бүгінде адамның ғылымдағы  ізденісінің бастамасы болып саналатын реферат, курс жұмысы, диплом дегендер  — плагиатизмнің бастапқы арнасына айналып отыр. Сізге қажет диплом жұмысын плагиатизмнің кәнігі маманы аз уақыттың ішінде тауып береді. Ақшасын төлесеңіз болды.

Көктемде ЖОО – ның кейбір факультетіндегі сабақ кестесі ілініп тұратын тақтада “Диплом сатамын” деген хабарландыру кездеседі. Осылайша біреудің еңбегі қолдан қолға өтіп, плагиатизм базарындағы сауда айналымына түсіп отыр. Тіпті, кейбір кафедраларда дипломдар мен курс жұмыстары кәдімгі тауар ретінде сатыла бастады. Әлі есімде, бір профессор ағамыз сабаққа қатыспай, тапсырмаларды орындамай жүрген магистранттарға былай деп еді: “Сендердің бакалавр дипломын қалай алғандарың маған белгілі. Магистр дипломын  да тура солай аларсыңдар. Бәленшенің докторлық диссертациясынан көшіріп, біреулер ұялмастан кандидат атанып жүр. Сондай кандидаттардың қатарына қосылайын деп отырсыңдар ғой”.

Бірде сол ағамыз біреудің кезекті диссертациясы қорғалып жатқанда, бұның плагиаттық жұмыс екенін, бұндай диссертацияларды қорғауға жіберуге болмайтындығын, ғылымды осындай жасанды жұмыстар құртып жатқандығын айтып, Ғылыми кеңестегілердің көңіл – күйін бұзыпты. Бұндай шындықты тура айтатын, ғылымға адал, әділ жандар қазір көп емес. Сапасыз дүниелерді қорғаудан өткізіп, қабілеті мен ғылымға қосқан үлесі болмаса да докторлық атақтардың еркін таратылуына жол ашқан кім? Осындайда “тілді оқымыстылар құртады” деген Халел Досмұхамедұлының сөзі еске түседі. Ғылыми жетекші, ғылыми кеңесші болып жүрген ғалымдар кейінгі кезде көңілжықпастыққа көбірек беріліп кеткен тәрізді. Өздері қорғатады да, артынан “ғылым неге сапасыз, ғылыми атақтылар неге көп?” деп дабыл қағады.

 Жуырда бір кітапханашы апаймен әңгімелескен едік. Кітапханашылардың жалақысы аз екені белгілі. Жолдасы журналист, айлығы үш баланы асырауға жете ме? «Күйеуім біреулерге кітап жазып берумен айналысады. Осы елдің алдында тұлға боп көрініп жүрген талайлардың кітаптары менің күйеуімнің қолынан шыққан. Аттарын атамай-ақ қояйын» деді апай. Біреуге кітап жаздыртып, атақ алу барып тұрған бейшаралық емей немене? Біраз уақыт «бәленшенің кітабы бар» деп, ел қолпаштағанмен, кейін шындықтың ашылатынын сол жалған кітап иелері ойламайды, ә?

Плагиатизмнің түрлері

Қазіргі Қазақстан ғылымын жайлап алған плагиатизмді мынандай түрлерге жіктеуге болады:

1. Екі сөздің басын қоса алмайтын ғалымсымаққа диссертация, кітап жазу қол емес. Бірақ қызмет жолында өсу үшін ғылыми атақты қайтсе де алу керек. Сондықтан ондайлар жазуға қабілеті бар адамдарды пайдаланады. Ақша төлесе диссертация, кітап  жазып беретін қаламгерді табу қиын емес. Бұл — жалдамалы плагиатизм.

2. Кітапханадан шетел ғалымдарының, көбінесе Ресей зерттеушілері қорғаған жұмыстарды қазақ тіліне аударып пайдалану. Бұны аударма плагиатизм деуге болады.

3. Интернеттен алу. Бұны алу дегеннен гөрі ұрлау деген дұрыс болар. Жалпы плагиатизмнің қай түрі де ұрлыққа жатады. Интернет — плагиаттар үшін ең тиімді құрал.

4. Көшірінді плагиатизм. Бұрын қорғалған ғылыми еңбектерден, жарық көрген монографиялардан көшіріп, жамап – жасқап диссертация жасау. Бұлар — жамауы көп, құранды дүниелер. Қазіргі кезде плагиатизмнің ең көп тараған түрі осы.

Пікірлер:

Нұрболат Жуанышбеков филология ғ. д., академик: Біздің елімізде плагиаттарды табу қиын

Гуманитария ғылымдарында біреудің еңбегін пайдаланып, ғылыми атақ алу бар екендігі рас. Еуропада диссертация көшірінді ме, ұрлық дүние ме, әлде шынайы еңбекпен жазылған дүние ме, арнайы тексеруден өтеді. Егер диссертацияның ішінен қайталау табылса, ол қорғауға жіберілмейді. Ал біздің елімізде плагиаттарды бұндай тәсілдермен табу өте қиын. Бірақ біз онымен күресуіміз керек. Қазір басқа тұрмақ, магистрлік диссертациялардың деңгейі төмен.

Көшедегі жарнамалардан, газет беттерінен “диплом, диссертация жазып беремін” деушілер көп кездеседі. Бұндай нәрселерге неге жол беріліп отырғанын түсінбеймін. Арсыздыққа ашық түрде барып отырғандарға тосқауыл қою керек.

Арықбай Ағыбаев, заң ғ. д., академик:  Ғылыми атағы бар шенеуніктер ғылымды менсінбейді

 Ғылыми еңбектердің қоғамға, мемлекетке тигізетін пайдасы болуы керек. Ал кейінгі қорғалып жатқан жұмыстар көбінесе  бір тақырыптың төңірегінен шықпайды. Тіпті, қайталанатын тақырыптар да бар. Нағыз ғалым көп уақытын кітапханада,  үнемі ізденіс үстінде өктізеді. Мен кейбір ғылыми атағы бар шенеуніктердің кітапханаға баруға қалай уақыт тауып жүргеніне таң қаламын. Конституция бойынша әркімнің қалаған ісімен айналысуға хұқы бар болғандықтан, ғылыммен шұғылдануға шек қойылмаған. Дегенмен, нағыз ғылыми орталық — жоғары оқу орны болғандықтан, ғалым болу үшін университет қабырғасында жұмыс істеген жөн. Ғылыми атағы бар шенеуніктер университетте дәріс оқуы қажет. Ғалымның ғалым ретіндегі еңбегін студент, яғни аудиториядағы тыңдаушы бағалайды. Кейінгі кезде докторлық жұмыстарды қорғатуға шетелдік ғалымдарды жетекші ретінде тарту белең алған. Өзге мемлекеттен келген ғалымдар Қазақстанның заң талаптарын білмейді. Біздегі ғылыми жүйемен таныс емес. Олар диссертацияға қалай баға береді? Қазір атақ – даңққа ұмтылу басым. Мен бір мысал келтірейін. Бір қаламгер мақаласының соңына академик, доктор, құрметті профессор деген тәрізді шұбырған атақтарын қосады. Ал шын мәнінде жоғары партия мектебінде алған білімінен басқа ештеңесі жоқ. Сол партия мектебін бітірген жазушы бүгінде көп ғылыми атағы бар “ғалым” болып отыр. Оның атақтарына қарап, шын мәнінде ғылыммен айналысатын нағыз ғалым екен деп қалуға болады. Осындай ғылымды былғап жүргендер аз емес.

Нағыз ғалым кім? Ол — Қ. Сәтпаев, ол — Ә. Марғұлан. Өмірін ғылымға арнап, халыққа адал қызмет еткен, еңбегі сіңген адамдарды нағыз ғалым деуге болады. Ұлы Отан соғысының жеңісі Қ.Сәтпаев сияқты ғалымдардың ғылымдағы үлесі арқылы болды емес пе? Қ. Сәтпаев ашқан геологиялық жаңалықтар бүгінде жемісін беріп отыр.

P.S.   Ғылымның алаяқтық табыс көзіне айналғаны былай тұрсын, еңбек авторының кім екеніне плагиаттар пысқырмайды. Осындай еркін әрекеттер Республикадағы зияткерлік құқық қана емес, адам құқығының аяққа тапталғанын көрсетіп отыр. Ғылым жүйесі осылайша плагиатизм нарығына айналған соң, өзгесінен не қайыр? Ғылымның аясын тарылтып, тынысын бітеп отырған жегі құрттың көзі жойылмайынша білім – ғылым жүйесіндегі жемқорлықтың тыйылмасы анық. Плагиатизмнен ғылымды қалай тазартуға болады? Сіз не дейсіз, ағайын?

 

Шарафат Жылқыбаева

«Қамшы».кз

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version