Тәуелсіздік жылдарында реформадан көз ашпаса да, қарыштап дамып кете алмаған бір сала болса, соның дәл өзі жоғары білім беру мен ғылыми зерттеу жүйесі шығар. Қазіргі Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін қалай реформалауды қарастырмас бұрын алдымен елдегі аталмыш саланың тарихына бір сәт зер салуымыз керек сияқты.
Еліміздің жоғары білімі әлемдік қауымдастықтың көзқарасы бойынша, Шығыс Еуропадағы даму қарқыны төмен саналатын Ресей жүйесінің негізінде пайда болып, әлі күнге дейін солардың ықпалымен келе жатқаны баршаға мәлім. Теориялық негіздемелерге басымдық беретін профессорлық дәрісті, орыс тілінен аударылған, тікелей көшірілген немесе өңін айналдырып, қазақшалаған оқулықтарды әлі күнге дейін пайдаланып келеміз. Даму жолдарымызда өмірмен үйлесімі аздау, тәжірибеден алшақтау дәрістерді көбірек малданғанымыз да рас. Соның салдарынан Кеңес одағы тұсында мүлдем шикі болмаса да дүмбілездеу мамандарды көбірек дайындап жіберген де шығармыз. Дегенмен, сол «дүмбілездеу» мамандардың өзін кеңестік жүйе оқу бітіріп, өмірге араласа бастаған кезінде «бір қайнатып пісіріп» алатын.
Жоспарлы экономиканың заңы бойынша жоғары оқу орнын бітірген барлық түлек міндетті түрде үкімет жолдаған жерге барып, жұмысқа орналасуы кепілдендірілген болатын. Жас түлек практикалық машығын сол жұмыс орнында қалыптастырып, теориялық білімін өмірмен ұштастырып, қоғамның сұранысы мен талабына жауап беретін білдей маман болып шыға келетін. Ал, қазір ше? Жаңадан оқу бітіріп келген түлекті «стажың жоқ» деп кері итереді. Егер, оқу бітірген жастарды қамқорлыққа алудың орнына бәріміз осылай есіктен қаратпай қойсақ, ол стажы түскір қайдан болсын. Тәуелсіздік алғаннан кейін жоғары білімге еркіндік берілді. Екінің бірі қалаған жерінен университет ашып алуға мүмкіндік туғандай-ақ жекеменшік ЖОО атаулы жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптады. Оның бәсекелестік жағынан келгенде қажет тұстары бар еді. Бірақ, материалдық базасы талапқа сай келмейтін, жоғары білім беруге мүмкіндіктері аз жекеменшік университеттер кейбір аудан орталықтарының өзінде ашылғанын қайтерсің. Ірі қалаларда тұрғын үйлердің бірінші қабатын оқу орнына айналдырғандар қазірдің өзінде пайда болып жатыр. Әйтеуір, жертөледен университет ашып жібермегенімізге шүкіршілік демеске лажы жоқ. Соның салдарынан еңбек нарығында бәсекеге түсе алмайтын, қолдарында күректей дипломдары ғана бар білімі таяз, іске қабілетсіздеу түлектердің қатары көбейді. Жалпы тәуелсіздік жылдарында бұл сала білім беруден гөрі диплом мен ғылыми атақ-дәрежені үлестіруге басымдық бергендей күйде болды. Соның салдарынан дипломнан да, ғылымнан да қадір қашты. Мұндай келеңсіздік бізде ғана болған жағдай емес, әрине. Постсоциалистік және ТМД елдерінің көбінің айналып өтпеген жолы осы болды. Айталық, Грузия айналасы екі-ақ жылдың ішінде 200-ден астам жекеменшік университет ашқан көрінеді. Бәрімізде де жоғары білім беру турасындағы мемлекеттік саясат дұрыс жолға қойылмағандықтан нарықтың заңдылығына сай студенттің саны жарық жылдамдығына көшкендей-ақ күрт өсті деуге болады.
Тоқсаныншы жылдардан кейін заңгер, экономист, менеджер мамандықтары бойынша диплом алғандардың саны бұрын болмаған жоғарғы көрсеткішке жетсе, 2000 жылдан кейін ғана инженер, техникалық мамандықтарын таңдайтындардың қарасы көбейе түсті. Гуманитарлық, әлеуметтік сала мамандықтары бойынша да жоғары білім алушылардың саны толассыз өсіп, дипломды жұмыссыздардың бүкіл бүтін «армиясы» қалыптасты. Сөйте тұра мұнай, газ, құрылыс саласының мамандарын шетел инвесторлары сырттан алып келіп жатты. Бұл да өз кезегінде үкіметтік жүйелі саясат белгіленбегендігінің салдары болатын. Қазіргі таңда ЖОО студенттерінің саны елімізде арнайы кәсіптік білім беретін лицей, техникалық оқу орындарынан әлдеқайда көп. Негізі, осы сала бойынша мемлекеттік саясат әу баста дұрыс белгіленсе, кәсіптік білім беретін лицейлердің саны көбейіп, жұмыссыздардың саны азайған болар еді.
Қазақстандағы жоғары білім беру саласының дамуында Батыстың өркениетті елдеріндегіден мүлдем өзгеше ерекшелік болды. Аталмыш саланың Кеңес одағы тұсында негізі қаланған кезден бастап, ЖОО атаулы оқыту үдерісіне басымдық беру бағытта қалыптасты. Ал, ұлттық ғылым академиясын одан бөліп алып, ғылыми-зерттеу саласының дербес ұйымына айналдырды да қаржылық саясат соған негізделді. Соның салдарынан университеттерде ғылыми-зерттеудің базалары талап деңгейінде қалыптаспады. Оқытушылар азын-аулық оқулықтар жазып, қажеттілігі болсын-болмасын ғылыми жұмыстармен айналысатын. Соңғы жылдары одан да қалып барады. Өйткені, білім саласындағы ұшы-қиырсыз қағазбастылық пен ұсақ бюрократтық оларды әбден қажытқан. Ұлттық ғылым академиясы таратылып, оған қарасты институттар білім және ғылым министрлігіне қаратылғаннан бері қаржы жағынан біршама қиындықтарға тап болған жайы бар. Оның үстіне диссертациялық кеңестер жаппай таратылып, ғылыми мектептің дәстүрі үзілді. Бұрын жаман-жақсы болсын, әйтеуір, оның өзі көңілге медеу, орнында бар дүние еді. «Орнында бар оңалар» дейтін қазақпыз ғой, енді мүлде құрып кеткен дүниені не демек керек. Қазір қалай десек те ғылыми әлеуетіміз төмендемесе артып кеткен жоқ. Студенттің саны артқан сайын сапа да төмендеп барады. Университеттер педагогикалық жүктемемен оқытушы, ғалымдарын еңсе көтертпейтін жағдайға жеткізуі еліміздің экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосатындай ғылыми-зерттеулер жүргізулеріне мұрша бермей жатыр.
Тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін әлемдік стандартқа сәйкестіру, студенттердің өз бетімен ізденулеріне қолдау көрсету, пәндерді таңдауға мүмкіндік беру, білім деңгейлерін балл бойынша бағалау секілді бастамаларды қолға алуы жоғары білім беруді дамытуға бағытталған игі шаралар болатын. Алайда, ұстаздар еңбегін лайықты бағалау ісі әлі жолға қойылмай келеді. Оның үстіне алатын жалақыларының сын көтермейтіні, тіпті, «жығылғанға жұдырық». Жоғары білім беру саласына мемлекеттен қаржылық қолдау жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Обалы нешік, аянып қалып жатқан жоқ. Бірақ, сол қолдаулары нақты иесін таппай айдалаға кететіні болмаса. Ұлттық мәртебесі бар университеттерде өкінішке қарай барлық бастама атаулы артта қалған көне көзқарастағы азғана басқарушы топтардың қолына көшіп алған. Олардың рухани әлеуеті асып-тасып тұрса мақұл дерсің-ау. Өкінішке қарай, нағыз «өздері білмес, білгеннің тілін алмастардың» керін келтіріп жүрсе не шара. Соның салдарынан жас ғалымдарға қолдау табылмайды, тың идеялар мен инновациялық тәсілдер игерілмейді. Бұл дегеніміз, жоғары білім берудің сапасы төмендеп, рухани күш-қуатымыз әлсірей түседі деген сөз. Бүгінгі таңда қаласақ та, қаламасақ та жоғары білім саласын түбірімен өзгертіп, әлемдік қалыптың (стандарттың) деңгейіне жеткізу қажет. Бұл туралы ел Президенті де үнемі айтып жүр. Жалпы, бұл бағыттағы мемлекеттік саясат дұрыс. Мемлекеттен қаржыландырылатын классикалық үлгідегі ұлттық университеттің санын Қазақстанда 10-нан көп асырмаса, қалғанын әлемдік деңгейдегі ірілендірілген жоғары оқу орны етіп жекеменшік нысанда қайта құруға болатын секілді. Қалай болғанда да кеңестік кезеңдегі салалық бағытқа бейімделген институттардан бас тартатын уақыт жетті. Біріктіру, ірілендіру туралы айтып жүрген сала министрінің сөзінде де жан бар.
Көрші Ресей де қазіргі таңда бұл салада бұрынғы дәстүрінен бас тартып, ЖОО ұжымдарын біріктіруді, федералдық деңгейдегі университеттер құруды қолға ала бастағанға ұқсайды. Бізде де арнайы білім беру мектептері мен жергілікті колледждерді көбейтіп, ел экономикасының дамуына қажет мамандардың қатарын кеңейту қажеттілігі туып отыр. Қазақстанда біліктілікке негізделген экономиканы қалыптастыру үшін жалпы білім бойынша теориялық терең мағлұмат алған, қарым-қатынастың биік мәдениетін игерген, өз ұлтының дәстүрі мен ана тілін қастерлейтін, ХХІ ғасырдың технологиялық, ақпараттық талаптарына толықтай жауап бере алатын жоғары білімді маман дайындауды іс жүзінде қолға алуымыз керек. Дегенмен, белгілі бір мамандықтар бойынша түлектерді дайындап шығарғанда ең алдымен саннан бұрын сапаға ден қоятын кез келді. Ол үшін бастысы, сол маманға деген сұранысты, оны дайындап шығаратын университеттің әлеуетін, базасын негізге алуымыз қажет. Неғұрлым саны шағын, сапасы жоғары мамандарды өзімізде дайындап, ал, бізде негізі салынбаған күрделі мамандықтар бойынша ғана шетелде оқыту бағытын ұстанғанымыз абзал. Негізінен әлемде мойындалған салаларымыз бойынша маман дайындауымызға артықшылық берілсе. Айталық, бізде агро немесе тау кен, медицина саласында сапалы маман дайындайтын жақсы тәжірибеміз бар шығар. Олай болса, неге өзге елдердің жастарын біздің елдің университеттері оқытып сапалы мамандар дайындап бермеске.
Бүгінде көп елдерде университет кампусын құру туралы жиі айтылып жатыр. Жалпы жоғары оқу орындарын қаланың шетіне шығарып жеке қалашық құру мәселесі көңілге қонымды мәселе. Мұндай тәжірибенің бір мысалы ретінде Астанадағы «Назарбаев Университетін», Тұңғыш Президент атындағы Ұлттық Қорғаныс университетін және Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «КазГУград» студенттер қалашығын айтуға болады. Жарайды, оның бәрі белгілі бір оқу орнының жеке шаруасы деп қарауға болатын шығар. Ғылыми-зерттеудің белгілі бір саласы бойынша әлемде көшбасшы боларлық зертханалар ашу мәселесі қолға алынса. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан шетелге жіберіп оқытудың «Болашақ» бағдарламасын қайта қарап жетілдіру, оған тек қана шын қабілетті жастарды таңдап алып, әлемнің ең үздік ЖОО-на ғана жолдама берген абзал. Мысалы, Ресейдің университеттеріне жіберу үшін арнайы мемлекеттік бағдарламаның қажеті қанша? Мұндағы басты мақсат Оксфорд, Гарвард, Кембридж секілді әлемге әйгілі, дүниежүзіне мойындалған оқу орындары арқылы ғана елімізге қажетті ғалымдарды, зерттеушілерді дайындауымыз керек. Оның өзінде мұндай игілікті шара барынша ашық жариялы, әділ түрде жүзеге асырылуға тиіс. Сондай-ақ, университеттердің басқару жүйесін демократиялық принциптерге сай жетілдіру заман талабы. Оған бір ғана саяси партияға немесе жекелеген тұлғаға қаншалықты адал берілгендігіне қарап тағайындау қисынсыз. Керісінше, басқару ілімін жетік меңгерген, өз университетін әлемдік деңгейге көтере алатын көшбасшы жас ғалымдарды бәсекелестік негізінде ұсынып, ғылыми кеңесте әділ түрде сайлаған абзал. Университет басшыларын әр 5-6 жыл сайын ауыстырып отыратын демократиялық үрдісті қалыптастыру ауадай қажет-ақ. Шын мәнінде, оны үкіметтен бейтарап, рухани әлеуеті мықты басқару кеңесі ғана жүзеге асыруға тиіс. Дәл осындай басқару кеңесі құрылған жағдайда ғана университеттің іс-қызметіне бақылау жасап, күнделікті бағыт-бағдар сілтейтін іскер құрылым бола алады. Бізде оны қамқоршылық кеңес дей ме, әлде, құрылтайшы деп атап, кейбір ұлттық университеттер көзбояушылықпен жасаған болып жүр. Олай болмайды, негізі!
Қазақстандағы жоғарғы білім саласындағы түрлі реформалар мен іс-шараларға сын көп. Жалпы, елімізде 1990 жылдардың орта тұсынан басталған жоғары білім реформалары осы саланың менеджмент жүйесін түсініксіз жайларға душар еткені де рас. Оны әркім әртүрлі түсіндіреді. Біреулердің пайымдауынша, мәдениеті жоғары дамыған АҚШ-тың жүйесін механикалық тәсілмен көшіргендіктен, біздің жағдайымызға үйлеспей жатқан көрінеді. Ал, енді бір сарапшылардың айтуынша, Американың үлгісін қабылдағанда, кейбір маңызды процедураларын жоғалтқандықтан, шынайы мазмұнына сай келмей бұрмаланды деседі. Қалай болғанда да еліміздің жоғары білім беру ісіне жұрттың көңілі толмайтыны рас. Әлемдік қалыпты (стандартты) айтпағанның өзінде, бұрынғы барымызды жоғалтып алдық деушілер де бар. Қанша жерден өзгерттік, жаңарттық деп өзеуресек те, біздің берген дипломдарымызды әлем елдері мойындап отырған жоқ. Қазіргі таңда ғылым мен білім туралы заң бекітілгелі еліміздің ЖОО, соның ішінде ұлттық мәртебеге ие болған университеттер үшін екі мәселе аса маңызды болып отыр. Оның біріншісі – ғылыми зерттеуді басшылыққа алған университет (research university) болу, екіншісі – шынайы оқу ордасына (training center) айналу. Озық ойлы ғалымдардың пікірлеріне келсек, еліміздегі ірі университеттердің өзінде қалыптасқан жағдай сын көтермейді. Айталық, жоғарыда аталған research university-дің мәнін жетік түсінбейтіндіктен, ғылыми кеңестің өзі ректорлардың жетегіндегі аты бар да, заты жоқ ұйымға айналған. Ғылыми кеңестер шын мәнінде, профессор, оқытушылар ұжымы алдында есеп беруге құлықсыз, ректордың айдауындағы енжар құрылым болып кеткен. Осының салдарынан бүгінде университет менеджментіне профессор оқытушылардың қатысуы, олардың жұмыстық белсенділіктері іс жүзінде қысқарған.
ЖОО базасын жетілдіруге еліміздің үкіметі айтарлықтай көңіл бөліп отырғанын жоққа шығарудан аулақпыз. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, университеттердің қаржылық көздері оқу ақысынан, демеушілердің көмегінен, ғылымға бөлінетін дотациядан, патент, лицензия, роялттық төлемдерден және мемлекеттік бюджеттен құралады екен. Батыс Еуропа елдері, Жапония, Австралияға қарағанда, АҚШ-та үкімет тарапынан ЖОО-ны қаржыландыру жағы айтарлықтай аз. Алайда, соған қарамастан, соңғы жылдардағы мәліметтерге қарағанда, АҚШ бакалаврдан жоғарғы академиялық дәреже беретін университеттердің барлық кірістерінің 50,77%-ын мемлекеттік немесе жергілікті бюджет құйса, 18,06%-ын оқу ақысы, 25,32%-ын көмекші шаруашылықтар, қызмет көрсетудің өзге түрлерінен түскен табыс, қалған 5,83% -ын демеушілерден бөлінген қаржы құраған. Біздегі жағдай туралы университеттер БАҚ-ты айтпағанның өзінде, жеке веб-сайттарына да мұндай мәліметтерді ұсынбайтындықтан, алдын ала бірдеме деу қиын. Әрбір құпияланған есеп-қисап пен қаржы көздерін, табысты бүркемелеу жемқорлыққа күдік тудыратындығын ескерсек, еліміз университеттерінің бұл әрекетін түсіну оңай болмайды. Жалпы, біз өз жағдайымызды бажайлап, даму бағытымызды дұрыс белгілеу үшін, өзгелердің тәжірибесімен егжей-тегжей танысуымыз маңызды. Жоғары дамыған әлем елдеріндегі университеттерден үйрену үшін, ең алдымен оның менеджменттік құрылымын жіті зерттеуіміз керек сияқты. Әрине, әр елдің және оның университеттерінің өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Соған қарамастан, либералды демократиялық елдердің ЖОО жүйесі Америка және Еуропа үлгісіндегі деген екі басты топқа бөлінеді екен. Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония секілді жоғары дамыған елдерде университеттердің өзін-өзі басқару менеджменті жетілдірілгендіктен, барлығын оқу орнының ішкі мәселесі ретінде қарастырады. Нақтырақ айтсақ, университетті басқарудағы негізгі тетік – оқытушы, профессорлардың, ғылыми қызметкерлердің, қатардағы жұмыскерлер мен студенттердің қолында. Аталмыш елдер университеттерінің басқарушы ұйымдарының құрылымына келсек, ректордың өзі де, оның жасақтаған командасы – ректорат та оқытушы ғалымдар арасынан сайланған басқарушы кеңес пен одан дербес құрылатын бақылаушы комитетке бағынады. Айталық, осындай құрылымы ең күшті дамыған Жапонияға келсек, елдің ЖОО-лары (Цукуба университетінен басқасы) өзін-өзі басқару жүйесіне көшкен. Университеттің штатындағы оқытушылар, қызметкерлер, студенттердің өкілдері қатыстырылған сайлаудың нәтижесінде ректор тағайындалады. Ал, Батыс Еуропа елдеріндегі жағдай сәл өзгешелеу. Онда университет ұжымынан сайланған «парламенті» іспетті басқарушы органы бар. Сол өкілетті орган арқылы ректорды сайлайды және отставкаға кетіреді.
АҚШ университеттерінің жүйесі мүлде өзгеше. Ондағы барлық университеттің билігі басқару кеңесі (board of trustees, regents), әкімшілік (administration), ғылыми кеңес (senate, council, house) деген үш институттан тұрады. Олардың әрбірінің өкілеттік субъектісі, құрылу ережелері, атқаратын міндеттері мен құқықтары әр бөлек. Ондағы басқару кеңесінің орны ерекше. Олар университеттің күнделікті жұмысына тікелей араласпайды. Керісінше, ғылыми кеңестің нұсқауымен ректор мен проректорларды тағайындап, ағымдағы жұмысты жүргіздіреді. Ал, өздері ректораттың жұмысына бақылау жасайды. Университет менеджментіндегі тағы бір маңызды институт – ғылыми кеңес екені белгілі. Оны білім ордасы ұжымы сайлайтындықтан барлық мүше тең құқылы. Басқару кеңесі құрылтайшы өкілеттілігін білдірсе, ғылыми кеңес оқытушы, ғалымдар, яғни, университеттің академиялық ядросының өкілдері болмақ. Сондықтан, кеңестің төрағалығын біздегідей ректорге беріп қоймайды. Сондай-ақ, ғылыми кеңес өзінің ережесі бойынша белгілі мерзімге сайланатын басшысы, орынбасары, өзге қызмет штаттарымен қатар тұрақты және уақытша комитеттер арқылы өз ісін ұйымдастырады. Академиялық мәселелерді шешумен қатар университет өмірінің өзге де проблемалары жайында ректоратпен мәмілеге келіп отырады. Сондықтан да, аталмыш құрылым университетте ұжымдық басқарудың принциптерін жүзеге асырады. Американдық үрдісті толық түсіну үшін Калифорния университетін мысалға алайық. Атқару кеңесі (Board of Regents) 25 мүшеден тұрады. Оның 18-ін штат губернаторы тағайындайтын көрінеді. Университетті басқаратындар да, осылар. Қалған 7 мүшенің 4-ін үкіметтегі лауазымды тұлғалардан таңдаса, 2-і түлектер одағынан сайланса, 7-ші – мүше ректордың өзі. 18 мүшені бірден жергілікті үкімет тағайындауының себебіне келсек, оқу орны жергілікті үкіметтің мүлкі, әрі халыққа қызмет көрсететін маңызды нысан ретінде қарастырылатындығында. Сонымен қатар, университетті жергілікті биліктен, саясаттан бейтарап етіп, оның академиялық еркіндігін қамтамасыз етуде оның маңыздылығы жатыр. Университетті саяси алаң, партиялық идеологияның нысаны деп қарау тым аңғалдық болар еді. Керісінше, ол біліктілік пен қабілеттілікті (merit) қастерлеп, алға тартатын принципті (meritocracy) ұстанатын білім ордасы болып табылады. Сондықтан, алаулатқан-жалаулатқан «Жас Отаннан» бастап, саяси ұйым атаулының бәрі одан тыс тұруға тиіс. Тіпті, жастардың арасында «ҚДМ» деп аталатын көпшілік ұйымдардың өзін ешбір саяси партиялардың меншіктеуге құқы жоқ. Ал, біздегі заңдар мен заңдылықтарға сай ұлттық университеттер принциптік те, практикалық та тұрғыдан келгенде, іс жүзінде Білім және ғылым министрлігінің бюрократиялық бір баспалдағы болып шығады және саяси машинаға тәуелді, қағазбастылықтан көз ашпайтын енжар ұйым ретінде көрініс табады. Американың жүйесіне көзсіз еліктеген кезде, оның ішкі қыр-сырын жетік түсінбей, механикалық тәсілмен көшірудің салдарын, міне, осыдан аңғаруға болады. Принциптік тұрғыдан келсек, ұлттық университеттердің шынайы құрылтайшысы Білім және ғылым министрлігі емес, шын мәнінде, Қазақстан халқы (public) деп түсінуіміз қажет және солай болуға тиіс те. Себебі, сол оқу ордаларын салып, тұрғызуға жұмсалған қаржы-қаражат халықтың қалтасынан өтелді. Сонысымен де ол ұлттық университет. Олай болса, Қазақстандағы барлық ұлттық университеттердің мақсаты ұлтымызға адал қызмет көрсетіп, халқымызға жоғары білімді мамандар даярлап беру. Оны халықтың атынан ұйымдастырып, үйлестіріп отырған «команда» ол – қазақ үкіметі. Сондықтан, Әл-Фараби, Қаныш Сәтбаев, Лев Гумилевтің атымен аталатыны бар, өзге ірілі-ұсақты барлық университеттер – қазақстандықтардың иелігінде және халыққа қызмет көрсету міндеті жүктелетіндіктен, олар бір ғана министрлік аппаратының «қолбаласы» емес, болмайды да. Осы себептен ұлттық университеттердің басқару кеңесі дейтінді құратын болсақ, ол құрылым Қазақстан халқының өкілетті ұйымы ретінде ел азаматтарының атынан ортақ мүлікті қорғап, оған жұмсалып жатқан әр тиынды қадағалауға міндетті болмақ.
Мәселенің келесі жағына келсек, ұлттық университеттер – Қазақстан халқының мүлкі. Ол санаткерлік бола ма, тікелей мағынада заттық бола ма бәрібір. Сонымен бірге ол ғылыми-зерттеу әрі білім беру мекемелері болғандықтан, қандай бір саяси ықпалдан тыс, дербес тұруға тиіс. Өкінішке қарай, біздегі заңдарға, қаулы-қарарларға жүгінер болсақ, көп жағынан бір ғана министрліктің «ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында». Оның өзінде ректорлер неше жылға тағайындалады, оның өзін неше рет қайта тағайындауға болады – ол жағы әлі анықталмаған. Университет ректорлері проректорлерін өзі тағайындап, босататындықтан, оның жанындағы ғылыми кеңестің, тіпті, рөлі жоққа тән. Сонысымен ғылыми кеңестер өзінің негізгі міндетін атқаруға да дәрменсіз рәміздік дәрежедегі бюрократиялық бір баспалдаққа айналған. Қысқасы, қазіргі таңда ұлттық университеттер жанындағы басқару дейсіз бе, ғылыми дейсіз бе, қай кеңесте де, өз аппаратын бақылауға қабілетсіз, ондай құзыры да, тәжірибесі де жоқ. Оған ешбір негіздің болмасы да айдан анық. Ректорлар университетке келеді, кетеді. Ал, ғылыми кеңес деген тетік университетпен мәңгі жасайтындықтан, ректормен бірге проректорлерді де шынайы түрде бекітетін билікке ие болса, өзінің негізгі миссиясын атқарған болар еді.
Университеттерге қатысты мәселелер қарастырылғанда, әртүрлі шешімдер ұстаз-ғалымдардың қатысуынсыз тек қана ректордің жеке қалауымен тағайындалған ат төбеліндей лауазымдылардың бас шұлғуымен қабылданатын жағдайға жеттік. Сол ләппайшылар мәселенің мәнін терең талдап түсіндірудің орнына ректорді жер-көкке сыйғызбай мақтаумен, турасын айтқанда, жағымпазданумен күнелтіп жүрген жайлары бар. Ондай ғылыми кеңестерде қандай бедел болсын. Сайып келгенде, еліміздегі ұлттық университеттердің басқару жүйесін жетілдіру, оған шұғыл бетбұрыс жасау қажеттілігі өмірден туып отыр. Оны жасауға жоғарыда атап өткен АҚШ университеттерінің ұжымдық басқару тәсілдері тәжірибе болар деп үміттенеміз.
Бүгінде бізге үлгі болып отырған Америкада ХІХ ғасырда университет деп атауға тұрарлықтай оқу орны болмаған екен. Ал, бүгінде әлемдегі ең ұлы мәртебелі 30 университетті ата десе, оның 20-сы осы елден табылатындығына Гарвардта көп жыл декан болған Генри Росовскидің кепілдік беруге бар екенін мәлімдеуі тегін емес болар. Мұндай ірі жетістіктің кілті университеттердің басқару құрылымын жетілдіруде болса керек.
Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ,
ҚР мәдениет қайраткері,
халықаралық журналист