Бәсекеге қабілеттілік үшін білімнің, соның ішінде сапалы білімнің алатын маңызын түсіндіріп жату артықтау болар. Әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін де ең бірінші кезекте жастардың білімнен кенде болмауы тиіс. Сондықтан да, соңғы жылдары реформадан көз ашпай келе жатқан білім беру саласы шындығында уақыт талабынан, заман ағымынан еш қалыс қалмауы шарт. Бұл Елбасының білім беру ведомствосының алдына жүктеген зор міндеттерінің бірі болып табылады.
Осыған орай, Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын дайындап, жақында осы құжатты Парламент қабылдады. Осылайша, білім саласы кезекті рет заңнамалық жаңалықтармен толығып отыр. Ендеше, еліміздің білім саласында алда қандай өзгерістер күтіп тұр? Осыған тереңірек тоқталғанды жөн санаған едік.
Ең алдымен құжат Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындауға бағытталған, сонымен бірге 2011-2020 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды көздейді. Негізгі жаңалықтарға келсек, министрлік осы арқылы білім беру саласындағы қордаланған мәселелерді шешуге ұмтылып отыр деуге келеді. Мәселен, жаңа заңда мұғалімнің, педагогтың беделін көтеруге бағытталған нормалар енгізілген. Бұл үшін министрлік ең алдымен мұғалімдерді даярлау мен жұмысқа қабылдауға қатысты талаптар күшейтуді қолға алмақ. Мысалы, педагогика мамандығына тапсыратын талапкерлер үшін 2016 жылдан бастап қосымша емтихан енгізіледі. Ал мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейін жұмысқа қабылданатын үміткерлерден бұрын сотталғандығы мен психологиялық ауруларының бар-жоғы да тексеріледі, есірткіге елікпейтіні де анықталады. Ұстаздар үшін педагогикалық этика қағидасы мен оны орындаудың міндеттілігі енгізіледі. Айта кетерлігі, мұндай міндет мұғалімге ғана емес, ата-аналар мен басқа да заңды өкілдерге де қатысты болады, мәселен, олар педагогтардың қадір-қасиеті мен ар-намысын құрметтеуге міндетті болады.
Екінші маңызды мәселе – оқулық тапшылығы мен оқулық сапасы. Бірнеше жылдар бойы қайталанып, қалыптасқан дәстүр ретінде қанға сіңе бастаған осы мәселені министрлік заң жүзінде шешуге талпынып отыр. Атап айтқанда, заңға сәйкес, енді жергілікті атқарушы билік жыл сайын 1 тамызға дейін мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беру ұйымдары үшін оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерді сатып алуға және жеткізуге міндеттеледі. Бұл ғана емес, әкімдер мұғалімдерге психологиялық, медициналық, педогогикалық, консультативтік көмектер көрсетіп тұруы тиіс, дуальды оқыту жүйесіне мамандар даярлауға да жергілікті билік өкілдері жауапкершілік алады.
«Заң жобасында қосымша нормалар енгізіліп отыр. Бұл ретте оқулықтар сапасын арттыру мақсатында білім беру саласында уәкілетті орган бастауыш, негізгі орта, жалпы орта мектептері үшін әрбір пән бойынша базалық оқулықты анықтайтын және бекітетін болады», – дейді Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов. Оның сөзіне қарағанда, білім беру деңгейлері бойынша оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің және оқу құралдарының сараптамасын жүргізу ұйымдары жөніндегі қызметке мемлекеттік монополия енгізіледі.
Заңдағы жаңалықтардың бір парасы – жоғары оқу орындарындағы білім беру, ЖОО-дан кейінгі жастарды жұмыспен қамту жайы. Бұл ретте ендігіде студенттердің міндетті өндірістік тәжірибеден өтуі, жастардың бірінші жұмысшы мамандығын тегін алуы секілді мәселелер заңнамалық тұрғыда қамтылады. Ал дуальды оқыту өндірістік оқытудың кемінде алпыс пайызын құрайды, студенттердің тікелей кәсіпорынның базасында тәжірибеден өтуі қарастырылады. Сонымен бірге, жоғары және жоғару оқу білімінен кейінгі білім бойынша, олардың техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру саласындағы қызметтерді ақылы түрде жүзеге асыру құқығы берілген. Ерекше мәртебеге ие жоғары оқу орындарына басқарудағы еркіндіктің белгілі бір деңгейі бекітіледі. Мәселен, ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындары білім беру мазмұнын дербес анықтау құқығын иеленіп, ұйымның ерекше жұмыс істеу режиміне ие болады.
«Жоғары оқу орындары үшін 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік аттестация тоқтатылып, тек қана аккредитациялау жүргізіледі. Халықаралық аккредитациядан өткен ЖОО ғана «Білім туралы» мемлекеттік үлгідегі бекітілген құжатты бере алатын болады. Қалған аккредитациядан өтпеген ЖОО-лар тек өз үлгісіндегі куәліктерді беретін болады. Мұндай нормалар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізіледі. Шетелдік немесе отандық аккредиттеу органдарында аккредитациядан өткен техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарына ғана мемлекеттік тапсырыс берілетін болады», – дейді министр Сәрінжіпов. Оның айтуынша, 2017 жылғы 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған адамдарға оқу орнын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл мамандығы бойынша міндетті жұмыспен өтеу нормасы енгізіледі.
Тұтастай алғанда, қабылданған заң еліміздің білім беру жүйесін жетілдіріп, оны бір жүйеге келтіруге ықпал етуі тиіс, бұған сенім де жоқ емес. Шындығында, Тәуелсіздіктен бері еліміздің білім беру саласында көптеген жұмыстар атқарылды, ЖОО-ларымыз халықаралық деңгейде мойындала бастады, Назарбаев Университетінің ашылуы да тарихи қадам болды.
Дегенмен, депутаттар білім сапасындағы негізгі көрсеткіш әлі де сын көтермейтінін алға тартады. Мәселен, сенатор Қуаныш Айтаханов қанша мәрте министр ауысса да, заңдарға өзгерістер енгізілсе де, реформалар жүргізілсе де білім сапасының деңгейі төмен екендігіне қынжылады. Ал бәсекеге қабілетті, дамыған отыз елдің қатарына қосылу міндеті Қазақстаннан сапалы біліммен сусындаған, жоғары мәдениетті, денсаулығы мықты белсенді қоғам мүшелерін тәрбиелеуді талап ететіні де сөзсіз. «Бұл бірінші кезекте, мектепке және оның бас тұлғасы мұғалімге байланысты. Ұстаз – тұлға болуы керек. Оқушылар мектеп бітірген соң мен мұғалім болсам деп армандайтындай дәрежеде болуы керек. Сондықтан да, мұғалімнің қоғамда алар орнын, мәртебесін көтеру, мұғалімді даярлаудың сапасын арттыру, ең бірінші мәселе болуы шарт. Бүгінгі таңда мектеп бітірген жастар заңгер, қаржыгер, мұнайшы болсам деп армандайды. Мұғалім мамандығына негізінен қыз балалар, көбінесе тесттен төмен балл алған оқушылар барып жатыр. Нәтижесінде мектеп қызметкерлерінің ішінде 85-90 пайызы қыз келіншектерді құрап отыр», – дейді Қуаныш Айтаханов. Бұл ретте сенатор балалардың білім алудан гөрі диплом алуына назар аударылып кеткеніне назар аударады.
«Әр отбасы мектеп бітірген баласының жоғары білім алуын қалайды. Ал оның білім сапасы қандай? Ол келешекте немен айналысады? Оны көпшілігі жұрт ойламайды да?! Сондықтан да мұғалім мамандығын таңдаған талапкерлерге талаптың күшейтілгені дұрыс. Мен мұны қолдаймын. Ұстаз болатын адам осы мамандықты ұнататын, мұғалімдікке өз жүрегінің қалауымен келген азаматтар болуы шарт. Педагогикалық мамандыққа гранттар санын арттырып, оларды негізінен мемлекеттік педагогикалық институттарда даярлау қажет», дейді ол. Сонымен қатар, сенатор ұстаздардың еңбекақысын көтеріп, ынталандыру жүйесін енгізу, зейнетақы жүйесін жетілдіру шаралары мұғалімнің қоғам алдындағы мәртебесін арттыратынын алға тартады.
Ал тағы бір депутат Мұрат Бақтиярұлы Тәуелсіздіктен бергі жылдарда елімізде жаңадан 1 мың 200 мектеп салынғанын, 4 мыңнан астам мектеп күрделі жөндеуден өткенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, кешегі Кеңестер Одағынан шыққан бір де бір мемлекетте мұншалықты мектептер салынбаған екен.
«Дегенмен, «білімге салынып жатқан мол қаржы, әсіресе ЖОО-да беріліп жатқан білім сапасын көтере алды ма? Еліміздегі барлық оқу орындары бәсекеге қабілетті мамандар даярлап жатыр ма?» деген сауал туындайды. Өкінішке қарай, қазіргі білім сапасы сын көтермейді. Білім саласындағы толассыз реформалар да өз нәтижесін берген емес. Қазіргі таңда еліміздегі 127 жоғары оқу орнында жарты миллион студент оқиды екен. Бұл біздің мектеп бітірген жастарымыздың 63 пайызы. Ал техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарында олардың үлес салмағы 17 пайыз ғана. Бұдан шығатын қорытынды: еліміздегі ЖОО-да өздерінің өңірлеріне қажетті мамандар даярлауды мүлдем назарға алмайды деген сөз. Жасыратын несі бар, коммерциялық оқу орындарының көпшілігі сапалы білім бере алмайтыны анық. Тек жұрттан қаржы жинау құралына айналған. Нәтижесінде жыл сайын ЖОО-ды жүз мыңнан астам студенттер бітіріп, олардың басым көпшілігі өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай келеді. Яғни, біз жыл сайын үздіксіз ағылатын қаражат есебінен қазіргі нарыққа қажет емес, он мыңдаған сапасыз мамандар даярлап, жұмыссыздар санын қолдан көбейтіп отырмыз», – дейді М. Бақтиярұлы.
Осы ретте сенатор Елбасының сапасыз білім беретін ЖОО-ды қысқарту туралы берген тапсырмаларына министрлік әлі де құлықсыздық танытып отырғанын айтып қалды. Оның сөзіне қарағанда, жыл сайын дипломы бар 40-50 мың жұмыссыз жастар дайындағанша, сапасы төмен 40-50 оқу орнын жапқан анағұрлым тиімді. «Бір мысал келтірейін. Биыл 15 мыңнан астам жастарымыз бірыңғай тестілеуден өте алмады. Өкінішке қарай, осы 50 баллдан төмен жинаған оқушылар ЖОО шығармашылық емтиханы бар мамандықтарына түсіп, сонда оқып, алты айдан немесе бір жылдан кейін басқа мамандықтарға ауысып жатыр. Нақты айтайын, еліміздің бір оқу орнында былтыр сұрау салғанымызда 117 адам дизайн мамандығына оқуға түскен екен. Биыл соның бір де біреуі қалмаған, барлығы заңгер, экономист мамандығына ауысып кеткен. Сонда кім кімді алдап отыр?», – дейді Мұрат Бақтиярұлы.
Түйіндей айтқанда, Тәуелсіздіктен бері реформадан көз ашпай келе жатқан білім саласы кезекті жаңалықтарды бастан кешпек. Ал бұның қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді. Айтпақшы, Парламент қабылдаған заң енді Мемлекет басшысы қол қоғаннан кейін күшіне енетін болады.
Қанат Мәметқазыұлы