«…Біздің кезімізде Қазақстанда жалғыз-ақ университет (Қазақ Мемлекеттік университеті) болды. Бүгінде аты бар, заты жоқ, білімі, ғылымы жоқ университеттер қаптап кетті. Олар диплом береді, жарытып білім бермейді. Соның кесірінен «жоғары білімді», бірақ білімі жоқ «мамандар» көбейді. Осы күнгі магистранттардың диссертациялық жұмысының – бұрынғы студенттердің курс жұмысынан, докторанттардың диссертациясының бұрынғы студенттердің диплом жұмысынан аса алмай отырғандығының бір себебі осыдан. Жоғары оқу орындарында шәкіртке керегі жоқ, еш пайдасы да жоқ, адамның басын ғана қатыратын терминдер көбейді. Бұрындары ғылымға бөлінетін қаражаттар бүгінде «ғылыми жобалар» деп аталып, оларға конкурс жарияланатын болды. Сол конкурстардың да денін «пысықтар» ұтып жүр. «Жобалар» конкурсқа түскелі қоғамдық ғылымдар саласына қанша қаражат бөлінгенін кім білсін, өкініші, не тарихтан, не әдебиеттен, не лингвистикадан, не философиядан мақтанатындай бір еңбекті атай алмайсың. Осындай ғылыми жобалардың тағдырын ғылымға пәлендей қатысы жоқ адамдар шешіп отырғаны өкінішті-ақ.
Қолдан жасап алған, қоғамға көк тиын пайдасы жоқ қаптаған «академияларды» былай қойғанда, бүгінде Ұлттық академияда да бұрынғыдай абырой қалған жоқ. Ғылымға қосқан үлкен жаңалығы жоқ кейбір адамдардың да Ұлттық академияның академигі болып отырғандарына қайран қаласың.
Бұрынғы академиктер – шын мәніндегі ғылымдағы тұлғалар еді, өз саласында ғылымның тізгінін ұстаған, көшін бастаған, әрқайсысы өз мектебін қалыптастырған ұлылар еді. Олардың мемлекеттегі, ел ішіндегі абыройлары да зор еді, әлем мойындаған тұлғалар еді. Бүгінде академия аяқасты болып кетті. Бұл мәселенің де байыбына баратын мезгіл жетті.
Шетелдің импакт-факторлы журналдарына (әлемдік деңгейдегі жоғары рейтингті журналдар) міндетті түрде мақала жариялайтын, оған мақалаң шықпаса, сені ғалым деп танымайтын түсінік қалыптасты бүгінде. Мүмкін ғылымның басқа салаларына бұл керек те шығар. Бірақ, қазақ тарихынан, қазақ әдебиетінен, қазақ тілінен, қазақ мәдениетінен біздің еңбегімізді сонда шетелде кім бағалайды? Мен мұны қазақ халқының ұлтына қатысты ғылым саласын қорлау, құртудың жолы деп білемін.
Филология ғылымдарының докторы,
академик-ғалым Мырзатай Жолдасбеков
ағамыздың бұл жан шырылы «Егемен Қазақстан» газетінде
жарияланған (2015 жыл, 03.13)
«Бұл сөз айтылуы керек еді» атты көлемді мақаласынан алынды.
Дайындаған Төлеген Жәкітайұлы
namys.kz
Иә, мақала дайындау барысында, интервью ұйымдастыру кезінде кездесетін “ғалымдардың” визиткаларын ұсынған сәтте ұялам, өйткені ондай ғалым естімегендігім, енбегін білмегендігім үшін. Бізде Қостанайда бір ақылды азамат бар. Сонау аласапыран, 90 -шы жылдардың басында Мәскеуге барып кандидаттық диссертациясын қорғаған, кіл еврей ұлты ғалымдарының алдында. Сол азаматтан сұраймын, неге докторлығыңызды қорғамайсыз, біліміңіз жетеді ғой десем: докторлар көбейіп барады, ұяламын, дейді. Расында да, Мырзатай аға турасын айтқан. Саны көп, сапасы жоқ ғалымдар болашаққа балта шабатын кесапат қой.