Петерборск императорск публичный библиотекада Росийский закондарын жинаған кітаптарды ақтарғанда, оқып қарағанда екінші Екатерина патшаның шығарған құпия указ қағазы ұшырайды. Сол указ көшіріліп алынса да бүгін де қағаздар арасынан табылмай жүр. Солай болса да 1775 һәм 1780 жылдардың арасында шыққан закондар арасынан іздеген кісіге табылса керек?!
Бұл указ өткен уақытта құпия болса да бүгінде закон болып шыққандықтан, әркімге оқуға болады. Указ Орынборск генерал-губернатор жәнәптеріне жазылған екен. Сөзі ойдан шығып ұмытылмаса, былай сықылды еді:
1) Қырғыз-қазақ халқының бір ру басшыларын екінші ру басшыларыменен араз етіп, бірі менен бірін қас етіп, бірінің етін бірін жеуге себеп болыңыз.
2) Сұлтандарын бірі менен бірін араз қылып, бірі мен бірін иттей тартыстырып, бірінің етін бірі жеуге себеп болардай іс қылыңыз.
3) Қырғыз-қазақтың басшы адамдарын сұлтандарымен араз қылып, сұлтандарын өз қоластындағы ақсақал адамдарымен араз қылыңыз. Арасына от түскен уақытта жанып кетердей көкір-сөкір даярлай беріңіз.
Осылайша арасына от тұтатып, береке-бірлігін алсақ, өзара азып, тозғандықтарынан қазақ-қырғыз жұрты бөтен патшалық қол астына көшіп кетерге дәрмені болмас. Өз-өздері қырық пышақ болып, қырылысып, жеңілген жағы жеңген жағынан өш алар үшін, күш алар үшін Россия патшалығына жақындар уа патшалыққа қорғалар. Сол уақытта Россия хүкіметі араларына төре болып, төрелеп, ретіне қарай я анасына, я мынау жағын қуаттап тұру керек. Түрлі амалменен сұлтандарының күшін кетірсек, өзімізден озып ешқайда кете алмас. Келетін, кететін жері өзіміз болып, тілегенімізше қақпалап жортармыз. Россия патшалығының бұл амалына бөтен қазақ-қырғыз алданып тұзаққа түсті, өте тез Кіші жүз алданды. Кіші жүзде үш атаның баласы бар еді. Бірісі, алты аталы Әлімұғылы, екіншісі, он екі аталы Байұғылы, үшінші жеті аталы Жетіру еді.
Бұлар құтыртушыларының, от тұтатушыларының тіліне еріп, солардың амалына түсіп, қалмақ пенен қытай сықылды бір-біріне жау болып, бастарына қара күн туғанда бір-біріне қараспайтын болды. Араларында күнде соғыс, күнде барымта, күнде тартыс болып, аттан ат, көттен көт қалмайтын болды. Пәленше-түгеншелері өлді, қырылды, жығылды деп жараның аузын ашқандай болып не ғылайын, осы күнге шейін сол үш ру араларында татулық жоқ.
Хүкімет ақылды болып надан, соқыр қазақты өзінің амалына түсіріп алды. Береке-бірлігін кетіріп әлсіретті, айтаққа жүгіріп, есі шығып бейшара қазақтарда қазақ әрі қазақ намысы қалмады, айтаққа жүгіру жарай ма, жоқ па деп ойлаушы да болмады. Бірақ хүкімет ақылды болып өз пайдасын тапқан соң Россия хүкіметіне өкпелеу, кінә қылу орынсыз болғаны сықылды надан ата-бабаларға да өкпелеп болмайды.
1898 жылда дала облысындағы қазақ жұртын басқармақ үшін уақытша положения шығарылды. Бұ положенияның мұраты жоғарыда айтылған указды орнына келтіріп, қазақтың бойына сіңіру еді. Волостной управитель, ауылнай, старшина деген түрлі лауазымдар шығарылып, қазақ жұртының береке-бірлігін кетіруге себеп болды. Бұл лауазымдарды ақшаға сатып алатын болды. Қазақтың өзара қырық пышақ болып қырылысуына себеп болды. Болыс болған кісі шығарған шығынын қайтарып алу үшін қоластындағы жұртқа артық ақша салатын болды. Артық екенін біле тұрса да жуан білек болыс бармақ сілкіп қойды, болыс үстінен арыз жүрмейтін заман болды. Бұл уақытша положения қазақты бірлестірумен қоймай, жерінен айырып, жерін патшалық қылды. Жерден айыруменен қоймады мүфтиден де айырды. Хүкімет хақиқатына түсінді, екінші Екатерина указының пайдалы екенін аңдады. Сондықтан 1891 жыл 25 хамалда уақытша положенияға «Степной положения» деп ат қойды, аз-мәз өзгертіп қазаққа закон қылып қойды. Осы күнде қолданып жүрген законымыз степной положения-дүр. Осында бірі мен бірі тату қазақ жоқ, ата баладан, іні ағадан айрылатын заман болды. Народный судьялық үшін халық партия, партия жақ-жақ болып, бірі мен бірі соттасып, хүкімет есігінен есік, тесігінен тесік қоймай таптап бітірді. Екінші Екатеринаның указы шыққалы жүз жиырма жыл болды, содан бері қазақтың бір-біріне қылған қастықтары санап бітіргісіз көбейіп кетті. Қазақтың сүйегіне сіңіп, бір-бірін аңду, біріне-бірі шұқыр қазу, ана-шеше сүтімен бірге емдірілетін болды, емшек сүтіменен сіңген бір ауру болды.
Осы күнде қазақты етіне сіңген ауырудан құтқару үшін Жиһанша мырза Сейдалин «Сияз жасау керек» деп, өзінің тапқан даруын жұрт ортасына кеңеске салып, «Айқап» журналына жазды. Бұл тапқан дару пайдалы дару болғандықтан, көп қазақ сияз болса екен деп тілеулес болып тұр.
Әлихан мырза Бөкейханов бұ сияздың пайдалы дару екеніне қарсы, орынды-орынсыз дәйек көрсеткен болады, көзге құбыжық елестетеді, құбыжықтың болатыны да рас, бірақ біз бес жасар бала емеспіз ғой. Әлихан мырзаның Сиязға қарсы келуі, пайдасы болмайтынын дәйектуге қарағанда Жиһанша мырза Сейдалинға қарсы болу жағынан қарсы келгендігін өзінің жазған сөзінен оқыған қазақ былай тұрсын, қарапайым қазақ та аңларлық. Жұрт намысы, жұрт ары қазақ үшін ондай кейкиіскенді тастап, бір ауыздан сөз шығаруға керек деп білемін. Бұлай керектігін Бөкейханов өзі білсе де, бірақ жеңіп кеткен сықылды көрінеді.
Әлихан мырза:
— Хан баласында қазақтың хақы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын, — дейді. Бірақ бұл мырзаның бұлай жалғыз шабуын жұрт ұната қоймайды, ететін қызметі қандай қызмет екендігін халық түсіне алмай тұр. Ахмет мырза Байтұрсын баласы:
— Қазақты атып жеген де, сатып жеген де төрелер еді, әлі де болса төрелер борышын өтерге тиісті, — дейді. Бас қосып кеңескенді жақтырыңқырамайды, кекесінді сөздер жазады. Байтұрсынов мырзаның екінші Екатеринаның шығарған законының бел баласы болуын жұрт жақтырыңқырамай ренжиді.
Қазақты емдеп жазады деген бақташыл арымыз ауыру болса, оған дәріні қайдан табамыз. Қазақ болған соң, қазақта қазақтың хақы жоқ дей алмаймын. Қазақ қазаққа пайда қылса көп емес, ұят-шамын құры кекесінді бос сөзімен біреуді оқтамай, қақпай, өзі адасқан қазақты онан сайын адастырмай, түзу жол салу керек деп білемін…
Сорлы қазақ жұртын оқып шыққан жас өспірімдеріміз ілгері қарап тартпаса, кім тартады? Соның үшін өспірімдеріміз бала сықылды құбыжықтан қорқып тұрмай іске кіріссе қарапайым қазақ біз де жәрдемде болар едік. «Өсер елдің жігіті бірін-бірі батыр дейді, өшер елдің жігіті бірін-бірі қатын дейді» деген сөз бар еді. Жатсақ та, тұрсақ та біздің қазақ жігіттерін өсер елдің жігіттеріндей едік деп тілеп тұрмыз. Әлихан мырзадай тауы шағылған, қаруы қайтқан кісілердің сөзі оқуға жақсы болса да, қолдануға ыңғайсыз, жайсыз болады.
Жардай Қарасарт баласы
«Айқап» №2, 1915 ж.
Кіші жүзді олай әлі күрге дейін деп жаман көрсетуіңізді доғарғаныңыз жөн!Сіз біріншіден қазаққа ұқсамайсыз.Екіншіден қазақтар жүзге болінбеген,жүзден құралған!Үшіншіден қазақ орыс патшасымен бірігіп өз жерін сақтап қалған!