Home Ұстаз үні Ең бастысы – ынта керек

Ең бастысы – ынта керек

0

Мен әкемнің домбыраға деген ынтасы туралы әңгіме айтып кетейін…
Бірде жас кезімде Еркін деген сыныптас жолдасымның үйіне барғанда, шешесі маған көзін сығырайтып қарады да:
– Әй, бала! Баяғыда жас кезімізде басымыз жинала қалса, «Қамзаның әні» деп ән салып, «Қамзаның күйі» деп күй тыңдаушы едік! Сен соларды білесің бе? – деп сұрады.
Абдырап қалып:
– Жоқ, тәте, білмеймін! – деп жауап қаттым.
Еркіннің шешесі мені біраз жерге апарып тастады:
– Ой, шірік неме! Оны неге білмейсің, бар бәлені білгенде?! Баланың үш түрі болады: әкесінен асып туған, әкесіне жетіп туған және әкесіне жетпей туған. Сен әкеңе жетпей туған мешел екенсің ғой!..
Кемпірдің бұл күңкілі жаныма батқаны рас. Үндемей құтылдым. Алайда үйге келгеннен кейін әкеме қолқа салып, әндері мен күйлері туралы әңгімелеп беруді сұрадым…
Әкем марқұм мынандай әңгімені айтып еді…
Ашаршылықта әке-шешем, ағаларым мен әпке-қарындасымнан айрылып, аштан естері кеткен туған-туыстарға сыймай, 1933 жылының көктемі мен жазында Алматыда өзім секілді жетімдермен бірігіп, Көкбазарды жағаладық. Күндіз қайыр сұрап, ұрлық жасаймыз, тапқан-таянғанымызды қорек қыламыз, түнде базарды паналаймыз.
Күзге жақын бізді милиция ұстап, балалар үйіне зорлап жіберді. Мен Әбшәкір деген үш атадан қосылатын туыс құрдасым екеуміз Сергиопольдағы (қазіргі Аягөз қаласы) балалар үйіне жөнелтілдік. Әбшәкірдің әке-шешесі ашаршылықтан аман қалған. Бірақ өте жуас кісілерге шиеттей бала-шағасын асырауға оңай болмай, күтімі еш болмаған Әбшәкір маған ілесіп, үйінен кетіп қалған еді. Екеуміз екі жылдай сол жерде болып, итпектеп жүрсек те әйтеуір өлімнен аман шықтық…
1935 жылы Қарғалыда тұратын Секер әпкем әр жерге хат жызып жүріп, мені тауып алды. Сол кісінің хаты бойынша Әбшәкір екеуімізді өкімет балалар үйінен шығарып, мені Секер әпкеме, ал Әбшәкірді әке-шешесіне қайтарды.
Әпкемнің қолындамын. Жасым 12-де, тау бөктерінде орналасқан зауыттың мектебінде оқимын. Секер әпкем ашаршылықта күйеуінен, балаларынан айрылып, ауылдың молдасы Садық дегенге тұрмысқа шыққан. Жаңа жездем туралы ел «Аққан суды кері оқитын. Шайтанды оқып, есегінің артына байлап алатын» деп сөз айтатын. Мықты молда еді. Өзі қой аузынан шөп алмас жуас, мінезі көркем адам. Бірнеше әйел алса да, баласы жоқ болатын. «Екі жарты қосылса – бір бүтін болады» деген осы да болар. Мен соларға бала секілді болдым…
Сол жылдың жазында көңілім домбыраға ауды. Домбыраның күмбірін тыңдағым келіп тұрады, домбыра тартуды үйренгім келеді. Ауылда бір жерде домбыра үні шықса, дереу сол жерге жүгіремін. Мүмкін мұның себебі ашаршылықта көрген қасірет пен кеудемдегі у мен заһарды сыртқа домбыра үнімен шығарғым келгенімнен болар. Бұрынғыдай емес, есім кіріп, басымнан өткенді саз көмегімен түсінгім келді ме екен?..
Көрші үйде басы да, пердесі де, тиегі де жоқ, тек шанағы мен мойыны бар қап-қара болып кеткен домбыра көрген едім. Бір күні сол үйдің шалынан әлгі домбыраны сұрадым. Шал жақтырмады:
– Сол кеспелтек ағашты қайтесің? Отқа жағам оны! – деп.
Мен орнына бір құшақ отын алып беремін деп, әрең әлгі шалды көндірдім. Домбыраны үйге алып келдім. Әпке-жездем күңкілге басты: «Бұл бәлені қайтесің? Бұл бір кеспелтек ағаш: үні де жоқ, ойнай да білмейсің! Одан да кітап оқысаң қайтеді?» Елемедім. Ал кітапты өзім де көптеп оқимын: қолым қит етіп босаса болғаны – кітап оқимын.
Енді не істеймін мына домбырамен? Шешімдер көңілімнің тұңғиығынан өздігімен шығатын секілді. Ешкім айтпаса да, не істейтінімді білетін тәріздімін.
Әпке-жездем колхоздың жұмысында таң атқаннан күн батқанға дейін. Күні бойы үйде жалғызбын: менің не істеп, не қойғаныммен ешкімнің шаруасы жоқ та. Емін-еркін ғұмыр кешудемін..
Алдымен көршінің есік алдында қараусыз жатып, әбден күнге күйіп, қаңсып, қарайып кеткен домбыраны суға қайнаттым. Ол үшін үлкен қазанға су құйып, ішіне добыраны салып, қалқып су бетінде тұрмас үшін таспен бастырып, жарты күн қайнаттым. Не үшін қайнатып жатқанымды да білмеймін. Домбырам сәл болса да ағарған секілді болды.
Есіктің алдында өсетін шиенің шайырын жинап алып, табаға еріттім. Сұйыққа айналған шайырмен домбыраның барлық кеткен жерлерін бітедім.
Осыдан кейін қарағаштың жаңқасынан домбыраның басын жасауды ұйғардым. Біраз мықшыңдадым. Қолымның икемі де жоқ, пышақ та өтпейді. Қарғалы өзенінің жағасына барып, үш-төрт майда қайрақтас тауып әкелдім. Жездемнің бәкісін әлсін-әлсін қайрап тұрам. Бір рет тіпті саусағымды да кесіп алғаным бар. Дереу қолымды ошақтағы күлге аунатып алып, арықтың жағасынан иманжапырақ тауып алып, жараның бетіне басып, жейдемнің етегінен дар еткізіп шыттың бір жолағын жыртып алдым да, қаттылап байлап тастадым…
Екі күн дегенде әупірімдеп жүріп, домбыраның басын да тамамдадым. Шегемен тесіп, артынан бәкімен үңгіп, екі құлақтың орнын да тестім-ау бір кезде! Кереметтей шықпаса да, әйтеуір мен діттеген мақсатқа жарайтын секілді. Қолым ағаш оюға сәл-пәл келіп қалғандай: домбыраның құлақтары мен тиегін жасау қиынға соқпады.
Ендігі ең қиын мәселе – домбыраның қос шегін жасау еді. Оны жасау үшін көп күтуге тура келді. Ашаршылықтан кейін енді ғана есін жинап, сәл болса да еңсесін көтерген халықтың аузы азын-аулақ аққа жеткен, ахуалы ептеп түзеле бастаған. Әпке-жездем оншақты ешкі ұстайды. Ауылға жолаушылар түскенде, ел «Молданың үйіне қоныңыздар!» деп жездемнің момындығын ескере отырып, барлық қонақтарды біздің үйге бағыттайтын. Ал үйге қонақ түскенде міндетті түрде ешкінің біреуі сойылады. Қонақтың келуін армандау – баланың әдеті емес пе? Мен енді қонақтың келгенін тіпті тағатсыздана күттім…
Ол күн де жетті-ау кешікпей! Кешке қарай үйге сау етіп түскен төрт-бес аттылы құдайы қонаққа ешкінің бірі сойылды. Мен әпкемнен жалынып жүріп, сойылған ешкінің ащы ішегін сұрап алдым. «Не істейсің онымен?» деп қатқылдана сұраған әпкеме шындығымды айттым: «Домбыраның шегін жасаймын». Ол кісі жақтырмады, алайда сұрағанымды берді.
Ащы ішекті өзім сумен бірнеше мәрте жуып, қорадан үйге дейін бірнеше рет тартып, кепсін де іліп қойдым. Ет желініп, сорпа ішіліп, әңгіме сарқылып, ел ұйқыға қамдана бастағанда, мен ішекті екі қабаттап есіп, домбыраның шегін жасауға кірістім. Қонақтардың ішінен жастау біреуі менің жасап жатқаныма таңырқай қарап отыр: «Өй, мына қаршадай баланың қолынан іс келеді екен-ау!» деп анда-санда таңдай қағады. Бұл да маған демеу бергендей болды. Бір кезде шек жасауды да аяқтап, домбыраны құрастыруды ертеңге қалдырдым.
Таңертең домбыраның шегін құлағына байлап, тиегін тақтым. Бір шегін шымшылап көріп едім, домбырам кәдімгідей күмбір-күмбір үн шығарды. Құлағыма майдай жағып барады! Дегеніме жеткендеймін! Енді өз қолыммен жасаған домбырада күй тартып, ән салу ғана қалды!..
Алайда бұл бағытта менде үлке-е-ен қиындық бар еді, өйткені мен тіпті де домбыра ойнай білмейтінмін! Тіпті өмірімде бірінші рет қолға алған музыкалық аспап осы жартылай өзім жасаған домбыра еді. Домбырада ойнауды қалай және қайдан үйренемін?
Көрші Қасен деген жігіт жиын-тойларда домбырада ойнап, әдемі қоңыр даусымен ән айтушы еді. Алайда Қасен тракторшы ретінде таңның атысы-күннің батысы колхоздың егістігінде. Оны көру – мен үшін қол жеткізбес арман…
Бір күні, дұрысы: бір түні, Қасенді көруге бел будым. Кештен бастап өзімді қайрай бастадым: «Бүгін ұйықтамаймын! Шыдаймын! Мен Қасен ағаны бүгін қайткенде де көруім керек!» деп. Соның арқасында ұйықтап қалмай, түннің бір уағында жұмыстан келген Қасенді көрдім-ау!..
Жуынып-шайынып, тамағын ішіп болып, Қасен жастыққа жантайды. Әйелі Сара тәтенің үйге күйбеңмен кіріп кеткенін көріп, мен Қасенге жақын кеп:
– Аға, маған домбыра үйренуді үйретіңізші! – деп қиылдым.
Қасен басын жастықтан жұлып алып, көздерін алайтып:
– Не, қара бала, домбыраң бар ма еді?! – деп ақырды.
Балуан денелі Қасеннен қорқып отырмын. Алайда ішімді өртеп бара жатқан домбыраға деген құмарлығым басым болып, Қасеннен тайсалмай, жауап беріп отырмын:
– Бар…
– Оны қайдан алдың? Ұрлап алдың ба?..
– Е, жоға… Сәндібек ағаның есік алдында жатқан ескі домбырадан жасап алғам… – деп міңгірледім.
– Әпкел бері, көрейін! – деп Қасен қолын созды. Мен оған манадан бері тығып отырған домбырамды ұстата бердім.
Қасен домбыраны қағып-қығып жіберді де, күмбірлете жөнелді. Аспаптың ішінен, сонау бір тылсым тұңғиықтан шыққан үндер көңілімнің түкпір-түкпіріне сығалап, сондағы жатқан көмескі сезімдерге сәуле түсіргендей болды. Домбыра даусынан еріксіз балқып, еріп барамын…
Қасен ойнағанын кілт тоқтатты да:
– Домбыраң жаман емес екен, қара бала!.. – деп домбыраны қолыма ұстатты да, шаршаған кейіппен көзін жұмып, жастыққа жантайды.
Қасеннің мақтауы маған дем берсе де, әйгілі домбырашыдан жүрексініп тұрмын.
– Аға, маған үйретіңізші домбырада ойнауды, – дедім жалынғандай.
Ол көзін жұмған күйінде:
– Уақытым жоқ, қара бала! Күні бойы жұмыстамын! – деп кесті.
Біраздан соң менің кетпей отырғанымды көрді де, келте қайырды:
– Бар, қара қазан, кет үйіңе! Жөнел!.. – деді де қайтадын көзін жұмып, қор ете қалды.
Енді ештеңе өндіре алмайтынымды білдім. Домбырамды құшақтап, ілби басып есікке қарай беттеп келе жатқанымда, Қасен артымнан:
– Өзің үйрен ойнауды… Бір шекпен ойнаудан баста, қара бала… – деп ұйқыны баса алмаған күйі үзіге сыбырлады.
Домбырада ойнауға үйренудің алғашқы және соңғы сабағы осы болды мен үшін. Ешкімнен тіке үйренбедім деп айта аламын. Тек жанамалай ғана. Мысалы, ауылда домбыра үнін естісем болғаны, сол үйге екі өкпемді қолыма алып, ұшып барып, қалай ойнайтынды сыртынан бақылайтынмын. Көңіліме тоқитынмын…
Сол күннен бастап, Қасен айтқандай домбырада жалғыз шекпен ойнауды бастадым. Білетін әуендерімді бір шекке саламын. Басында қиын болғанымен, кейінірек жалғыз ішекпен кез келген әуенді теріп, тыңқылдатып келтіретін болдым. Бірге оқитын Абданбай мен Нұрғазы ондай кезде тіпті риза болатын:
– Әй, Қамза, «Шапибайды» ойнап берші! Саған қиын емес қой! – деп.
Жолдастарымның қолпаштауымен бір күні екі шекпен қалай ойнап кеткенімді өзім де білмей қалдым. Жақсы үйрендім. Тіпті 15 жасымнан бастап ауылдағы жиын-тойларға шақыра бастады мені. Мектепте де түрлі шараларға қатысамын. Даусым ащы еді. Әміре секілді айғайға басып, ән салуды сүйемін, күй де ойнаймын. Осылайша әнші деген атым шыға бастады. Әпкем мен жездем жақтырмаса да, олардың айтқанын елей қоймадым. Жуас жездем ылғи да «Әй, қарағым! Ән салып, көңіл көтеру – жынның ойнағы ғой! Оданша Құран жаттасаңшы!» деген сөзін жақтырмаймын. Домбыраға, ән мен күйге аңсарым ауады да тұратын, жиын-тойларды іздейтінмін. Өзім де бірнеше ән мен күй шығардым. Олар ауылға «Қамзаның әні», «Қамзаның күйі» деген атпен жайыла бастады.
Ауылда мені тіпті «Шапибай» деп атайтын болды, өйткені осы халық әнін құйқылжыта жырлаймын, бұдан басқа басқалардың дауысы мен демі жете бермейтін «Сұржекей», «Гауһартас», «Әудем жер», «Ағаш аяқ», «Ақбөпе», «Ардақ» әндерін орындап, елді тамсандырып отырамын. Күйлерімді тартып, талай рет кемпір мен әйелдерді жылаттым да. 1940 жылы Жамбыл ауданының ақындар слетіне қатысып, Жамбыл атаны да көріп, жырларын тыңдадым…
1941 жылдың мамыр айының аяқ шені еді. Үйге «құдайы қонақпын» деп аппақ сақалы белуарына түскен, шамамен жетпістен асып қалған бір ақсақал келді. «Алматыдан Әулие-Ата жаққа бара жатырмын. Үлкен ұлым Асы жақта қызмет жасаушы еді, соның халін білейін деп барамын». Өзін тіп-тік ұстауына, сөз саптауына қарап: «Тегін адам емес!» деп болжадым.
Кешке «қонақ кәде» деп сойылған ешкінің етін жеп болғаннан кейін, әпке-жездем әлгі шалмен бірге ақшам намазын оқып болып, ошақтан түскен оттың жарығында далада асықпай әңгіме-дүкен құрып отырды. Мен сәл әріректе күнделікті әдетім бойынша домбырамды тыңқылдатып отырғанмын. Бір кезде жаңағы ақсақал маған:
– Бала, домбырада жақсы ойнайтының көрініп тұр! Бір ойнап берсеңші! – деді.
Менің де күткенім осы еді: ойнай жөнелдім. Негізінен өзім шығарған күйлерімді орындадым. Ұзақ ойнадым. Шал мені бір бөлмеді, үндемей, ұйып тыңдап отырды…
Түннің бір уағы болғанда әрі-бері шаруаларымен шығып жүрген жездем:
– Құптан намазының уақыты болып қалды! – деп, шалды дәрет алуға шақырды. Сол кезде ғана ақсақал есін жинағандай болып, басын көтерді де маған:
– Балам, өнерің асқақ екен: домбыраның қас шебері екенсің! Құйқамды рас шымырлаттың-ақ!.. Алайда өте зарлы ойнайды екенсің! Балам, мені тыңдасаң, бұлай ойнағаныңды қой, әйтпесе өміріңнің де зарлы болады! – деді…
Әрине, оның бұл сөздерін мен қапеліме де алмадым… Бекер! Өйткені бір айға жетпей соғыс бұрқ ете қалды, бір жылдан соң мені де соғысқа алып кетті. Ол жақтан «антисоветская агитация» деген айыппен 58-бап бойынша 10 жылға сотталып, Воркута лагерлерінен бірақ шықтым. Осылайша өмірім зар мен қасіретке толды…
Түрмеде жүріп, домбыраға қол жетпек тұрмақ, оны ойлауға да еш мүмкіндік болмады, өйткені 10 жыл бойы тізеден тастай су кешіп, шахтада көмір қаздым, түкірік жерге түспей жатып мұзға айналатын 50 градус суықта қарағай құлаттым. Домбыра емес ойлағаным, бір тілім нан болды. Ән мен күй емес, жан сауға еді ғой мен секілді тұтқындарға!..
Мерзімімді өтеп, ауылға аман-есен келгенде байқағаным: домбыраға деген аптығым, құмарлығым басылған екен. Бұрынғыдай емес, домбыраны да қолға сирек аламын, анда-санда ел қиыла сұрағанда ғана ойнаймын. Бұрынғы ән мен күйлерім де ұмыт қалды…
Осылайша домбыраға деген ынтығымды соғыс пен лагерь басып тастады…
Әкемнің айтқаны осындай еді…
Мен бұл әңгімені не үшін айтты деп ойлайсыздар ма? Ынта болмаса – адамның бір нәрсеге үйренуі екіталай. Өнерге деген асқақ ынтасы бар менің әкем домбырада ойнауға үйренудің кез келген, тіпті құртақандай мүмкіндігін қалт жібермей отырып, өздігімен үйренді емес пе?! Оның бұл әрекеті «Үйрету мүмкін емес, үйрену ғана ықтимал!» деген қағиданы дәлелдейтін сияқты.
Мүмкін біз, педагогтар, алдымен бала бойында осы секілді ынтықтықты қалыптастыруға ұмтылуымыз қажет шығар…
Р.S. Домбырада ойнау не маған, не ініме, не біздің балаларымызға қонбады. Неліктен екендігін білмедім.. Нағашыларымызға тартып кеткеніміз бе?..*

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version