Home Ұстаз үні «Жақсы болсаң келерсің судан өтіп…»

«Жақсы болсаң келерсің судан өтіп…»

0

Білім және ғылым министрі болып тағайындалған Ерлан Сағадиев қандай реформаларды қолға алуы мүмкін?

Өткен апта Үкіметтегі ауыс-түйіспен есте қалды. Елбасы Жарлығымен еліміздің бас ұстазы ауысып, Қазақстанның Білім және ғылым министрі лауазымына Ерлан Сағадиев тағайындалды. Ал бұған дейін талай дауға іліккен Аслан Сәрінжіпов Үкіметтегі орнын босатып, жаңа қызметіне кірісті. «Назарбаев қорының» президенті атанған Сәрінжіповтің атқарғаны мен жаңа министр Сағадиевтің жасайтын жұмысы қандай болмақ?

Тәуелсіздікке қол жеткізіп, ата-бабамыздың аңсаған ақ арманының орындалғанына биыл ширек ғасыр толады. Білім және ғылым министрлігінің тізгінін ұстаған Ерлан Сағадиев 25 жыл ішіндегі он төртінші министр. Білім саласы бүгінге дейін талай өзгеріске ұшырап, министрліктің сан түрлі жаңалық енгізгені әмбеге аян. Бір министрден екіншісіне «мұраға» қалатын реформалар мен жаңа лауазымға жайғасқан басшылардың тың идеялары кейде тиімділігінен кері кетуі басым түсіп жатқан сияқтанады. Әрине, әр келген министр өзінің жаңалығын енгізуге тырысады. Бұл саладағы бағыттар мен даму жолдарының сан түрлі болуы да сондықтан. Тіпті, әр жылдарда ведомствоның атауы да талай-талай өзгеріске ұшыраған. 1991 жылдан 2010 жылға дейін бүгінгі Білім және ғылым министрлігі денсаулық, туризм, мәдениет, спорт министрлігімен біріктірілді. Ал бұл саланың тізгінін ұстаздыққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жандар да қолға алды.

2013 жылдың қыркүйегінде Білім және ғылым министрі лауазымына Аслан Сәрінжіпов тағайындалып, бұрынғы 11 министр бастаған реформалардың бәрін мойнына алып қалды.

Сәрінжіповтің реформалары сәтсіз болды ма?

Жаңа қызметіне кірісісімен Сәрінжіпов мырза білім беру саласын жаңаша дамытуды көздейтіндігін хабарлады. Әрбір министр таққа жайғасқаннан кейін дәл осылай деп айтатынына бұл кезде халық та үйреніп кеткен. Аслан Сәрінжіповтің ең басты мақсаты – балабақшалардың санын арттырып, мектептерде білім берудің жаңа стандартын енгізу болды. Жаңалық енгізуден жалықпайтын министрліктің реформаларын жиі талқыға салатын жұрт министрдің жоспарымен жақсылап танысты. Әуелде Аслан Сәрінжіпов мемлекеттік университеттерді жекеменшікке көшіруді, қазақ тіліндегі білім ордаларының санын көбейтуді көздеді. «Біз қазақ тілін дамыту ісіне ерекше ден қоятын боламыз. Болашақта қазақ тілінде сабақ беретін оқу орындары көбейеді. Ондай балабақшалар 2000-ға, мектептер 4000-ға, ал колледждердің саны 150-ге дейін жететін болады», – деген еді Аслан Сәрінжіпов. Білім саласында қазақ тілінің мәртебесін көтеруге сөз берген министр мырзаның қазақша сөйлемейтіндігі БАҚ өкілдерінің назарына іліккені де әлі есте.

Өз қызметіне тағайындалысымен экс-министр «3-4 жылдың ішінде отандық білім және ғылым жүйесін құрылымды әрі мазмұнды түрде өзгертіп, оны озық дамушы елдер деңгейіне жеткіземін» деп уәде беруді де естен шығармаған. Дегенмен, Аслан Сәрінжіпов берген уәдесінің көбін орындамады. Онсыз да у-шудан арылмайтын білім саласы Сәрінжіпов мырза басқарған 2,5 жылға жуық уақыт ішінде жиі сынға ілігетін болды. Әлгі дамыған елдердің қатарына жайғасамыз деген министрлік өткен жылы мектепті «Алтын белгіге» бітірген түлектерді гранттан қағып, талапкерлердің еңбегін жоққа шығара жаздады. Есесіне, Сәрінжіповтің кезінде Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылында мемлекеттік білім гранттарының 75 пайызын қазақ бөліміне, қалған 25 пайызын орыс бөліміндегілерге бөліп, жұртшылықты бір қуантты.

Аслан Сәрінжіпов министрлік тағына жайғасқалы мектептердегі оқулық мәселесі бітпейтін жырға айналды. Оқу жылының басында оқулық тапшылығы сезілмейді деп уәдені үйіп-төккенімен, соңында ата-аналар тағы да қара базардан кітап іздеп сабылғаны талай рет айтылды. Тек 2015-2016 оқу жылының алдында Аслан Сәрінжіпов барлық мектептерді оқулықпен толық қамтамасыз етуді ерте қолға алып, 10 тамызға дейін барлық білім ордаларына оқу құралдарын жеткізуді міндеттеді. Министрдің айтқаны көңіл жадыратқанымен, оқулықтарды тасымалдау кезінде тағы да кінәраттар табылып, кей аймақтарда әдеттегідей оқулық жетіспеушілігі қайта байқалған. Сондай-ақ, жұртты сергелдеңге түсірген оқулық мәселесін жоюға тырысқан министрлік тамыз айының алғашқы күнінен бастап «Мектеп оқулығы» акциясын қолға алып, оқушыларды оқулықтармен толық қамтамасыз етуге барын салды. Ал экс-министрдің депутаттарға таныстырмақ болған оқулықтары халық қалаулыларының қолында парақ-парақ болып жыртылып, әбүйірін төккені де бар. Тіпті, қазіргі вице-премьер Дариға Назарбаева оқулықтардағы өріп жүрген қателерді министрдің бетіне басып, олардың өз жұмыстарына немқұрайлы қарайтын­дық­т­арын ашық айтқан. Оған дейін элек­тронды оқыту жүйесіне қатысты мәселе көтерілгенде де Дариға Нұр­сұл­танқызы білім жүйесіне мемлекет қа­зынасынан бөлінген 100 миллиард теңгеден астам қаржының есебін сұрап, Сәрінжіповтің есін алғаны да есте. Бірақ Сәрінжіповтің әркез сын айтушыларға айтар жауабы әзір тұратын.

Білім және ғылым министрлігін басқарған тұста Аслан Сәрінжіпов 2015 жылдан бастап бірінші сынып­тар­дың оқу бағдарламасының маз­мұны өзгертіледі деп жоспарлаған. Жаңа стандарт бойынша бастауыш сы­нып­тарға енгізбек болған оқыту жүйесі әуелі Назарбаев зият­керлік мектептерінде жүргізілді. Қазақстандық мектептерге енгізілетін жаңа стандарт бойынша шетелдердің білім беру бағдарламалары сараланып, ұлт­тық білім беру моделіне лайық­талған. Әуелде министрлік 2015 жылы 1-сыныпқа келген балалар білім берудің жаңа мемлекеттік стандарты бойынша оқитындығын айтқан. Сол жылдан бастап Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі жалпы білім беретін мектептерде кезең-кезеңімен енгізіле бастайды да, 2027 жылға дейін екі мемлекеттік стандарт қатар жүргізіледі деген болатын. Алайда Аслан Сәрінжіпов бастауыш білім берудің жаңа стандартын биылғы оқу жылының бірінші күнінен енгізуге дайын болмай шықты. Сөйтіп, экс-министр бұл стандартты 2015 жылдың соңына дейін бекітетіндігін айтқан. Дегенмен, министрдің айтқан уақыты өтті, өзі өзге қызметке ауысып кетті. Орта білім беру мазмұнын өзгертуді бастаған министрлік 30 мектепке жаңа білім беру стандартын тәжірибе ретінде енгізуді көздеп отырғандығын, келесі жылдан бастап бұл жүйені барлық мектептерге енгізетіндігін айтқан. Бірақ жаңа министр алдыңғы бас ұстаздың реформасын қаншалықты қуаттайтыны бізге беймәлім. Тіпті, бұл бағдарламаның 12 жылдық оқыту бағдарламасы тәрізді аяқсыз қалуы да әбден ықтимал. 12 жылдық білім беру жүйесіне 2015 жылдан бастап көшеміз деген Аслан Сәрінжіпов соңында жаңа жүйеге дайын емес болып шыққанын да ұмытпадық.

Бастауыш сыныптарға білім берудің жаңа стандарттарын сынақтан өткізуге бел буған Аслан Сәрінжіпов мырза өткен жылдың шілде айында тың жүйенің тағы бір жаңалығымен бөлісті. Оның айтуынша, 2016 жылдан бастап еліміздегі мектептерде 5 күндік оқыту стандарттары енгізілуі қажет. «Оқушылардың оқу көлемінің тым артып кеткендігіне қатысты пікірге келетін болсақ, ауыртпалық өзгермейді. Оқу бағдарламасы одан әрі ауырламайды. Жаңа стандарт бойынша біз 5 күндік оқу жүйесін қарастырып отырмыз. Мектептердің басым бөлігінде 5 күндік оқу болады. Оқушылар тым көп және үш ауысымда оқытатын мектептерде 6 күндік оқыту әлі сақтала бермек. Бірақ олардың саны бірен-саран», – деген Аслан Сәрінжіпов.

Биылғы оқу жылының басында Сәрінжіпов мырза тағы бір ереже енгізуге тырысып баққан. Астана қаласының мектептеріндегі сабақтарды таңғы 7.40-қа ауыстыру туралы ұсынысын білдіріп, елордалық 17 мектептің қыркүйек айының ортасынан бастап осы ережеге сай жұмыс істейтіндігі туралы хабар тараған. Алайда бұл іске Астана қаласының прокуратурасы араласып, білім ордаларында сабақ кестесінің бұлай өзгертілуі заңға қайшы екендігін ескертті. Жұмысқа кіріскен бетте мектептегі ақша жинаумен күресуді де қолға алған бұрынғы министрдің реформалары шенділердің де сынына жиі іліккені ел есінде. Еліміздің вице-премьері болып тұрған кезде Бердібек Сапарбаев та ғылыми ізденісі тек қағаз жүзінде ғана қалатын Сәрінжіповтің Астанада отырып, аймақтағы былықтарды білмейтіндігі үшін шаңын қаққан.

Аслан Сәрінжіповтің ведомство басшысы болып тұрған сәттегі соңғы уәделерінің бірі мұғалімдер жалақысына қатысты. Сәрінжіпов мырза 2016 жылдан бастап ұстаздардың жұмыс өтілі, категориясы, білім деңгейіне сай олардың жалақысы 20-50 пайыз аралығында өсетіндігін айтып, мұғалімдерді бір қуантқан. Тіпті, бұл үшін қазынадан 200 миллиард теңге қарастырылғандығын да тілге тиек етті. Ал Аслан мырзаның бастаған жаңалықтар мен реформаларды қазіргі министрдің қалай жалғастыратыны әзірге беймәлім.

Жаңа министрден не күтеміз?

Кеше ғана Білім және ғылым министрлігінің тізгінін қолға алған Ерлан Кенжеғалиұлы Сағадиев еңбек жолын 1990 жылы Сыртқы істер министрлігінің Қолданбалы экономика депар­таментінің халықаралық эко­но­микалық қатынастарды дамыту жөніндегі екінші хатшысы лауазымынан бастады. Одан кейін де түрлі қызметте болған Ерлан Сағадиев 2014 жылы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі, сол жылдың тамызында ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары қызметін атқарды. Ал үстіміздегі жылдың 10 ақпанында Мемлекет басшысының Жарлығымен Ерлан Сағадиев еліміздің бас ұстазы қызметіне кірісті. Білім саласын басқаратын жаңа министрдің қандай жаңалық енгізетіні әзірге беймәлім. Өйткені Білім және ғылым министрі өзінің жоспарлары мен жаңалықтарын жариялап үлгермеді.

Қазіргі уақытта бізге белгілі деректер мынадай. Біріншіден, Ерлан Кенжеғалиұлы 8 жылдай уақыт бойы АҚШ-та білім алып, сонда қызмет еткен. Ведомствоның жаңа басшысы әлемдік дамуға ілесу үшін және балалардың ой-өрісі кең болуы үшін оларға орыс тілінен гөрі ағылшын тілін тереңірек меңгеру қажет деп есептейді. Себебі әлемдегі жаңа ақпарат, ғылыми жаңалықтар мен техникалық даму бүгінде ағылшын тіліне тәуелді болып отыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын «TEDxAlmaty 2013» конференциясында Ерлан Сағадиев: «Қазақстандағы білім реформасы туралы айтатын болсақ, бізге мектептің бір үлгісі керек. Қазіргі мектептер сияқты емес. Бұл мектепте барлық техникалық мамандықтар ағылшын тілінде, Қазақстан тарихы мен мәдениеті қазақ тілінде, ТМД елдерінің тарихы мен мәдениеті орыс тілінде оқытылады. Үш тілде оқыту міндеттеледі. Балаларымыз да қатты қиналмайды. Алға жылжу бар. Елбасы үш тілде білім беру жүйесі туралы жариялады, барлық мектепті міндетті түрде осы жүйеге ауыстыруға нұсқау берді. Яғни, саяси шешім қабылданып қойды. Енді осы жүйені тек жылдам іске асыру қажет», – деген еді. Өз сөзінде Ерлан Сағадиев әдебиеттің басым бөлігі тек ағылшын тілінде шығарылатындығын еске салды. Министр ұсынған деректер бойынша, ағылшын тіліндегі түрлі саладағы оқулықтар саны 550 мың болса, орыс тілінде 97 мың, ал қазақ тілінде бар-жоғы 2300 ғана оқулық бар. Жаңа министрдің бұрынғы айтқан сөздеріне сүйенсек, ата-аналар мектепті таңдауда белгілі бір мәліметтерге, сандарға және трендке мән беруі тиіс. Сондай-ақ, Сағадиев мырза тәрбие мен білім берудің мақсаттары мен міндеттерін ажырата білудің қажеттілігін де ескертеді.

Он төртінші Білім және ғылым министрінің білім саласына еш қатысы жоқ дегенді жұрт көп айтқанымен, Ерлан Сағадиевтің жекеменшік екі бірдей университеттің іргетасын қалаушылардың бірі екенін көпшілік біле бермес. Аграрлық университеттің бұрынғы 2-корпусында орналасқан Халықаралық бизнес университеті мен онымен еншілес Ақпараттық технологиялық университетті аяғынан тік тұрғызып, жаңа заманға лайықтауға ат салысқан азаматтардың бірі осы Ерлан Сағадиев болатын. Ғаламтор қолданушылары қазіргі уақытта бұрынғы және бүгінгі министрді салыстырып, бірінің артықшылығын, бірінің кемшілігін жіпке тізуде. Пікірлердің басым бөлігі Ерлан Сағадиевті қолдайтын тәрізді. Жұртшылық Ерлан Сағадиевтің бизнесте де, ғылымда да ауыз толтырып айтарлықтай тәжірибесі бар екендігін алға тартуда. Оның үстіне, Аслан Сәрінжіповтің мінберлерден көркем сөйлей алмайтындығын сынға алғандар бұл тұрғыда Сағадиевтің асығы алшысынан түсетініне сенімді.

Дегенмен, ағылшын тілінде білім беруді насихаттап жүрген жаңа министрдің қазақшасына күмәнмен қараушылар да табылып жатыр. Қалай десек те, қазақтың білім жүйесі мен оқу ордаларына басшылық ететін азамат дамыған елдердің көшіне ілесуді мақсат етіп, тағы да жаңа бастамаларды ұсынатыны анық. Сағадиевтің сөздеріне қарағанда, елімізде ертеректе қолға алынып, 2023 жылдан бастап жүзеге асырылуы тиіс үш тілді білім беру жүйесіне деген дайындық қыза түсетін тәрізді.

Ал жаңа министрдің Аслан Сәрінжіпов қалдырған реформалар мен өзгерістерді қаншалықты қолдайтыны, ал бас ұстазға жұртшылықтың қалай қолдау білдіретіні уақыттың еншісінде. Әр министр ауысқан сайын бір жаңашылдықтың иісі шығатынына үйренген біздер әліптің артын бағамыз. Дегенмен, бізде алдыңғы арбалардың жүрген жолынан сабақ алып, қандай да бір жаңа жүйе мен стандартқа қадам баспас бұрын, бұл өзгеріске еліміздің білім беру жүйесінің дайындығын саралап алуды естен шығармаса екен деген тілек бар.

«Жақсы болсаң келерсің судан өтіп, Жаман болсаң қаларсың суға кетіп» деп халық әнінде айтылатындай, он төртінші министр талай аяқсыз қалған реформаларды түйіндеуді мойнына алары күмәнсіз. Мұның бәрі өткел бермес асау дария сынды. Мемлекет басшысы 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей тегін кәсіптік білім беруді қолға алу туралы тапсырма берген. Оны да жүзеге асыру оңайға тие қоймасы түсінікті. Жаңа министрдің алдында қиын асулар тұр. Ізденіс керек, жан-жақты сарапталған бағдарлама түзілуге тиіс. Әйтпеген жағдайда…

“Түркістан” газеті.

 

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version