Алаш баласының арқа сүйер абызы, қадірменді Нұр аға!
Мемлекет басшысы әрі ұлт көшбасшысы ретінде еліміздегі халық кәдесіне жарайтын кез – келген игі іс пен тың идеялардың қолдаушысы болып келе жатқаныңызға қабырғалы жұртыңыз бен қатал уақыт куә, ол мейлі әдебиет пен өнер саласы болсын немесе ғылым – техника, я болмаса өнеркәсіп пен бизнес саласы болсын, әйтеуір тәуелсіз еліміздің қай бір кетігін бүтіндеуге керекті іс болса болды, оны қолпаштап, қолтығынан демеп жіберу сіздің жан – жүрегіңіздің қалауымен істейтін жақсы әдетіңізге айналып кеткендей. Тәй – тәй басқан талай тірліктің тірегі һəм тілеушісі болып, тізгінін қолға ұстатып, жолға салғаныңыз тәуелсіз ел тағдырындағы қолтаңбаңыз ретінде алтын әріптермен тарих беттеріне жазылып жатыр.
Нұр аға, тұсаукесер демекші, жақында біз де өзімізше жұмыс бастап, іске кіріскен едік, қазақ баласының қарыны емес, дарыныын ойлап. Макдональдс Еуропаның тамағын үйретсе, біз сол Еуропаның сабағын үйретуді мақсат тұтқан едік. Дәл қазіргі кезеңде ұлт үшін зәруге дәру боп тұрғаны да олардың сәнді киімі мен дәмді тамағы емес, озық ғылым, білімі мен технологиясы екенін өзіңіз де жиі айтып келесіз. Сіз бір сөзіңізде айтқандай, “білекпен емес, біліммен бәсекеге түсетін” қазақ баласының қатары біреуге болса да көбейсін, соған шамамыз жеткенше үлес қоссақ дедік. “Республикалық Қазбілім орталығы” деген атпен мектеп оқушыларына жан – жақтылы қосымша білім мен бағыт – бағдар беретін шағын отаудың шаңырағын көтеріп, салмақты да абыройлы аманатты арқалап, тәуекел деп атқа қонған жайымыз бар.
Жалпы, сіз назар аударған мәселеге жұрттың ықыласы артып, ынтасы оянатыны белгілі, оны осы жолғы Макдональдстың ашылуынан тағы бір байқадық, топырлаған жұрттың қаншасы “Елбасы барыпты, соған қарағанда жай нәрсе емес”, – деп баратыны анық. Сол үшін, Нұр аға, Макдональдсты қайтесіз, бізге келіңізші, бізге де ақ батаңызды беріп, болашақ ұлы мақсат – мұраттарымызға қолдау білдіріп, салмақты міндеттер тапсырыңызшы, аманат – сізден, адал қызмет ету – бізден болсын,- деген өтінішіміз бар еді. Қазақтың ұл – қыздары “өзгенің қаңсығына таңсық болмай, ғылым, білім үшін жанталасып, рухани аштыққа түспеу үшін не жеймін деп емес, нені үйренем, нені игерем,- деп білім ошақтарында осылай кезекте тұратын болса” деген ой ғой біздікі.
Құрметпен, Республикалық «Қазбілім» орталығы ұжымы