Home Ұстаз үні Әлімов Асхат. КОУЧИНГ әлде ТРЕНИНГ?

Әлімов Асхат. КОУЧИНГ әлде ТРЕНИНГ?

0

«Мұғалім – мектептің жүрегі» (Ы.Алтынсарин) екенін жақсы ұғындық. Мектепті өзгертетін де, жақсартатын да, ұшпаққа шығаратын да мұғалім. Бұл үшін мұғалімнің кәсіби біліктілігін үнемі дамытып, көтеріп отыру керек. Кәсіби деңгейді жақсартудың ең тиімді әдістерінің бірі – коучинг. Мұны да жақсы түсіндік.
Ал осы әдісті қолданудың сапасы қандай болып жатыр? Осыған тоқталайық…
Біраз мектептерді аралап, бірқатар коучингтерге қатыстым. Бұл коучингтердің тақырыптары бір-біріне ұқсас келіп, қайталанып, «Бұл не?» деген мәселе айналасында ғана болып жатыр: «Диалогтық оқыту деген не?», «Критериалды бағалау деген не?», «Сын тұрғысынан ойлау деген не?» деген сияқты. Мұнда «Не істеу керек? Не жасаймыз? Қалай жүзеге асырамыз?» деген сұрақтар негізінен қарастырылмай жатыр.
Бұл коучингтердің өтуі де бір сарынды: 1) коучинг басында әдетте жиналғандарға теориялық материал таратылып беріледі (мысалы, 3-деңгей нұсқаулығындағы Н.Мерсер мен Р.Александрдың әңгімелесудің үш түрі туралы мәтін), 2) содан кейін тыңдаушылар бұл ресурстар бойынша постер жасайды, 3) постерлер тек тақта алдында қорғалады, оларға жүргізуші тарапынан келте баға беріледі («Жақсы!», «Дұрыс!», «Жарайсыздар!»), алайда талдау жасалынбайды, 4) жүргізуші тақырыпты қорытындылап, тағы да слайд не видео арқылы материалдар ұсынады, 5) коучингті бағалау: тыңдаушылар стикерлерге әсерлерін жазып (сол баяғы жалпылама жұпыны ойлар: «Коучинг ұнады!», «Көп нәрсеге үйрендім!», «Ұйымдастырушыға рахмет!», «Осындай коучингтер жиі болса екен!», т.б. еш ой білдірмейтін, еш нәрсеге міндеттемейтін тойда айтылатын тост секілді құрғақ сөздер), ағаштың суретіне (немесе күлекеш смайликтерге, баспалдаққа, т.б.) іліп қояды.
«Коучинг» осымен аяқталды. Жүргізуші де риза, ел де ырза: «Тағы да бір жаңаша шараны атқардық!» деп.
Ал бұл «коучинг» қандай мақсатта ұйымдастырылды? Не үшін? Коучингте қандай өзекті проблема немесе маңызды мәселе шешілді? Ол қаншалықты ұстаздарға қажет еді? Коучинг мұғалімдерді дамытты ма, кәсіби шеберлігін өсірді ме? Не берді? Бұл коучингтің нәтижесі не (қандай) болды? Қандай тұжырым жасалды, қандай тоқтамға келдіңіздер? Бұл нәтижені ертеңгі күні мұғалімдер өз сабақтарында қалайша қолданады?
Мұндай сұрақтарға жауап берілмейді, өйткені мұндай коучингтердің «Жаңаша жұмыс жасамайды!» деп айтпасын!» деген сыңайда өткізіліп жатқан түрі бар. Бір мектепте мен коучингке қатысушылардан (ішінде деңгейлік курс аяқтаған мұғалімдер де бар): «Бүгін қарастырылған тақырып сіздерге таныс емес пе?» деп сұрадым. Олар «Жоқ, бұл тақырыпты біз бұрыннан білеміз!» деп жауап берді. «Олай болса, бұл тақырыпты не үшін бүгін талқыладыңыздар?» деген сұрағыма олар күмілжіп, жауап бере алмады.
Шындығында да, елге мәлім және де өте кең, құшағымыз жетпейтін тақырыптарды қайта-қайта мүжудің қажеті бар ма екен? Оның орнына неліктен коучингтерде күнделікті практикада туындаған мың проблема мен сан қиындықтың бір-екеуін ғана шешпейміз? Өзіміз үшін, тәжірибемізді жақсартуымыз үшін!
Өкінішке орай, өзім аралаған мектептердің тек біреуінде ғана мен нақты проблеманы шешуге бағытталған коучинг тақырыбын кезіктірдім: Алматы облысы, Жамбыл ауданы Ә.Жангелдин атындағы мектепте «8ә-сыныбының оқу үлгерімін алдымыздағы екі аптада жақсартудың 10 қадамы» деген тақырып талқыланды. Нақты ма? Өлшенбелі ме? Қолжетімді ме? Өзекті ме? Белгілі уақыт ауқымында ма?
Жоғарыда өткізілген шара коучинг емес, сондықтан да мен оны тырнақшаға алып отырмын. Мүмкін оны «тренинг» деп атауға болатын шығар, алайда «коучинг» деген ардақты атқа ол еш лайық емес.
Мұндай «коучингтердің» мақсаты мен тақырыбы қандай? Олар не үшін қажет? Олар мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыра ма? Олардың құндылығы қандай?
Осы мәселелер туралы ойлану қажет секілді, әріптестер!..

Әлімов Асхат. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығы Алматы қалалық филиалының аға менеджері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Exit mobile version